АҚБОЗ AT
«Мен Шолақ он сегізде өнер тапқан,
Үкілеп Ақбоз атқа тұмар таққан.
Басымда пұшпақ бөрік, шекемде үкі,
Үстіме кидім жібек шымқай ақтан»
(Балуан Шолақтың өлеңінен)
Шалқар көлінің Қылшақты өзені құятын тұсында «Қарауыл» аталатын шоқы бар,
көктемде су жайылатын маңайы — қалың шабындық. Ол арадан мыңдаған мая тұрады
десе де болатын-ды. Биылғы сентябрь базарының алдында сол маяларды базаршылар
малына жегізеді деп, нелері маяларын күн бұрын тартып алып, тақырланған кең алқап бос
тұрды, шабылмаған шырмауық пен жоңышқа талдардың арасындағы оймыш - оймыш
алаптарда ғана қалды. Балуан Шолақ ерген топ осы талдардың арасына жеткенде, әр
жерде шоғырланған базаршылардың Балуанды танығандары тоқтатып, қосынан дәм
татырды.
Базаршыларды бір топ серіктерімен осылай аралап келе жатқан Балуан Шолақтың
алдынан, тоғай арасына тіккен ақ шатыр кездесті. Шатырдың алдында, бірнеше кісінің
ортасында, шоқтығына адамның созған қолы әрең жететін қара арғымақ тұр. Балуан
жақындап кеп қараса — айғыр. Біреуден «не қылған айғыр?» деп сұрап еді, «сатылатын»
деп жауап берді ол. Сатушы — орыс, саудалаушы — Көкшетау елінің атақты байы
Неғметжан. Жабайы жылқы базарда жиырма бес, отыз сом, айғыр иесінің сұрауы үш жүз
сом.
— Айғырға қызығам!—деді Неғметжан көпке, — бағасын да ауырсынып тұрғам жоқ.
Базарға сатуға елу ат әкелдім. Азар болса, солардың он бесін алар. Үйдегі үш мың
жылқым аман болсын. Бір жылғы төлімнің жүзден бірі емес пе ол?
— Ендеше неге алмайсың?—деді Балуан Шолақ Нығметжанға.
— Таңдамалы биелеріме үйірге салайын деп, осы айғырды айналдырғаныма екі күн, —
деді Неғметжан, — алғым келеді, бірақ, жақсы айғырды иесі, ақауы болған соң сата ма деп
ойлаймын. Ал, аяғында, не тісінде ақауы бар ма деп, байқайын десем, алпарысқан бір
жануар, — алдына барса тістеп, артына барса теуіп, маңына жолатпайды. Тіпті ақауы
болмаған күнде де кескекті аюдай мұны қалай малданам деп ойлаймын.
Неғметжан мен Балуан Шолақ құрдас еді. Соны пайдаланған боп:
— «Түк жаңылып көкке бітеді, мал жаңылып итке бітеді» деген мақал рас - ау, — деді
ол,— мал сендей иттерге бітеді де, қорықпай басынады. «Аюға намаз үйреткен таяқ»
демей ме атаң қазақ? Мал аюдан асау боп па? Тізгінін менің қолыма бір тигізші, қайтып
тентектік мінез көрсетер ме екен?
— Ендеше, тізгінінен ұста да жуасыт!
Балуан Шолақ тізгінді иесінің қолынан алды да, айғырға жақындады. Басқа кісіге
құлағын жымпитып, аузын ашып ұмтылатын айғыр, Балуан Шолақтың зор денесінен, я
оқтай шаншылған көзқарасынан сескенгендей тарпа бассала алған жоқ. Айғырға
Балуанның өзі соқтықты. Ол ноқтаның үш дөңгелек темір шығыршықпен қосқан тұсын
бұрап, айғырдың аузын аша алмастай тас қып бекітіп тастады. Содан кейін ернін
саусағымен ашайын деп еді, тістеуге шамасы жоқ айғыр, басын бұлғаңдатып, ырыққа
көнген жоқ.
— Ім-м-м, ерегісемісің?—деді Шолақ айғырдың аузын босатып, — сенің жыныңды өз
еркіңе жіберіп басайын. Ал, екеуміз ерегістік!..
Басы босаған соң, «мені басынамысың» дегендей, Балуан Шолаққа қайрат көрсетпек
боп, айғыр аспанға тік шапшыды. Тізгінді ұшынан ғана ұстаған Балуан шапшыған
айғырдың бауырына кіре беріп еді:
— Тарпиды!.. — десті қарап тұрғандар шулап — кейін шегін!..
— Адам баласын жығып болған соң, енді хайуанды да жыққысы келген екен, көрейік
әуселесін, — десті біреулер.
Сақтандырушының сөзіне құлақ аспаған Балуан Шолақ, тарпымақ болған айғырдың
алдыңғы екі аяғын жуан бақай тұсынан шап беріп ұстай алды да, кең кеудесін иығына
мінгізіп, оң жаққа қарай сілтеп кеп қалды, айғыр оң қабырғасына құлап түсті. Айғырдың
тұруға жанталасып көтере берген басын Балуан құлағынан басып жерге қайта жастады да,
дәл сағалдырық тұсынан тізерлей қойды. Бүркіт басқан түлкідей, мойыны жерге жабысқан
айғырдың бөксесі шоршаң - шоршаң етті...
Балуан Шолақ айғырдың ұртына бармағын батырып, аузын аштырды да:
— Міне, қараңдар, тістерін! — деді көпке.
— Құлын күнінде сақау шыққан мал екен, — деді Шолақ, айғырдың аузына үңілген
көпке — күрек тісінде дағы қалыпты. Бірақ, мал екен, жануар! Қасқыр азу жылқы екен.
Өзі жүйрік жылқы. Бірақ, ұзаққа шаба қоймас, — тісінің сыздығы қысқа. Ал, бұдан туған
қарабайыр құлыннан талай тұлпар шығуы керек. Аяғында ақау жоқ.
Шолақ айғырды босатты. Түрегелген айғырға: «Тісіңді енді көрсетші», — деп қол
созып еді, беті қайтқан адамға жылқының бағыныштылығы қандай, — жай ғана кекжигені
болмаса, бұрынғыдай шапшымады.
Айғырды 300 сомға Неғметжан алды. Сатып алған жылқының «құйрығын майлау»
әдеті бар.
— Ал, Балуан, — деді Неғметжан сол әдетпен, — бір тоқтының еті біздің шатырдың
алдында асулы тұр еді, бүгін соны жейік. Өз сыбағаң басқа.
Серіктерімен Балуан Шолақ Неғметжанның шатырына кіріп қымыз ішіп отырғанда,
есік арқылы, бұйра талдардың арасынан көзіне шымқай боз жылқы шалынды. «Бұндай да
боз жылқы болады екен!» деп таңданған Балуан Шолақ, әлденені сылтау қып тысқа
шығып үйездеген бір топ аттың ортасында басын түйістіре тұрған боз жылқыға
жақындаса, талай сұлу жылқыны көре - жүре, көзіне бұрын түсіп көрмеген тамаша ақбоз
ат!.. Бұл топтағы жылқының бәрі де құр ат болу керек, — еттері тым семіз...
Ақбоз атқа қызыққан Балуан, анықтап көруге, мүмкін болса ұстап көруге таяна беріп
еді, аттар да, ақбоз ат та жақындатпай, ығыса жөнелді. «Міне, ат!» деп ойлады Балуан. Ол
қосқа қайта кіргенде, аттар нақ қостың аузына қарсы үйездеп тұра қалды.
— Неғметжан! — деді Балуан Шолақ, — анау Ақбоз сенікі ме?
— Менікі.
— Асау ма, өзі?
— Жүген - құрық тимеген.
— Сатуға әкелдің бе?
— Әрине.
— Сол сияқты атты сата ма кісі?
— Өзім де қимаймын. Бірақ — ит мал!.. Биыл тоғызға шығады. Үйрете алмай - ақ
қойдық. Далада асау айғырды ұстап мінетін жылқышылар да үйрете алмады. Ең алдымен
шығаннан шыққан қашаған, атпасаң ұстатпайды, екінші — бұғалыққа бойлауық, — он
жігіт тартып тоқтата алмайды; үшінші — төрт аяғын буып, аузын тұмшаламасаң
ерттетпейді, — тебеді, тістейді; төртінші — үстіне адам мінсе, басын билетпей, тұмсығын
төсіне тұқыра тығып алады да, орғып тулай береді, мінген адамды жықпай қоймайды.
Қанша жыл азаптанып, үйрете алмаған соң, амал жоқ, сатпақшымын. Әйтпесе, сатуға адам
қияр жылқы емес.
Балуан «маған сат!» дей алмады. Бұндай аттың бағасы кем дегенде 40—50 сом. Балуан
Шолақта ондай ақша жоқ. Сондықтан Неғметжанды сөзбен торлап:
— Егер біреу осы атыңды үйрете қалса қайтер ең? — деді.
— Қалағанын берер ем, — деді Неғметжан.
— Егер аттың өзін қаласа ше?.
Неғметжан күмілжіп қалды.
— Біреуге сататын атын қимай ма? — десті тыңдаушылар. Неғметжанның, аузына сөз
сап, — жай бермес, бұлын алып берер.
— Сөзіңнің сарынын аңғарып отырмын, — деді Неғметжан Балуан Шолаққа, —
көңілің кетіп отыр екен. Әйтеуір сататын атым, саған - ақ берейін. Ойдағы бағамды да
сұрамайын. Менің қолқам — осыны өз көзімше үйретіп мін! Мұның ең кем дегенде екі
жуан аттық құны бар. Егер үйретсең — бір аттың ғана ақшасын төле, екінші аттың ақшасы
— үйреткен еңбегің болсын. Осы атта кетіп баратқан кегімді әперсең болғаны. Расымды
айтайын: тұлғасына қызыққанмен, мінезінен қорқып базарда ешкім алмады. Осымен
базарға үшінші рет әкелдім. Егер сен алмасаң, амал жоқ, биыл соғымға сойып басын
мүжимін.
— Бұл сияқты аттың басын мүжігенше өз басыңды неге мүжімейсіц? — деді Балуан
Шолақ қалжыңдаған боп, — мен саған мүжітпейін ол басты. Кәне, бұғалық қылатын арқан
әкел!
Арқан берілді. Балуан дамбалдан басқа киімін түгел шешті де, балағын ышқырына
түріп, бұғалық таққан құйрықты сүйрете ұстап, қабанға шабатын жолбарыстай аяғын
еппен басып, үйездеп тұрған аттардың Ақбоз жағынан барды. Оң жақ қолының білегіне
бүлдіргесінен ілген он сегіз таспа жуан қамшы.
Аттар оны абайламай қалды. Жақындаған кезде аттарды ол дыбыс беріп үркітті де,
қаша жөнелген Ақбозға бұғалық тастап кеп жіберді. Мойнына бұғалық түскенін сезген
Ақбоз қарғи кеп жөнелгенде, Балуан Шолақ жерге отыра қап, жұлқи тартты. Шапшыған ат
тегеуірінді қолдың екпінімен шалқасынан түсті. Ат түрегелгенше Шолақ сап етіп
құлағынан ұстай алды. Ақбоз алдыңғы екі аяғын ербитіп, көзі шатынап тұра бергенде,
Шолақ құлағынан төмен қарай тұқырта басып қалып еді, ат етбетінен түсті.
Ақбоз жанталасып екінші рет тұра бергенде, Шолақ оның құлағын босатып, тізесіне
төгіле өскен шоқтығына сол қолын орап алды да, жұқа шаптан дырау қамшымен тартып
кеп жіберді. Бұрын етіне бұндай таяқ тиіп көрмеген Ақбоздың жаны ышқынып, орнынан
тұра, ыта жөнелгенде, Шолақ үстіне қарғып шығып кетті.
Ақбоздың мөңкігісі келді. Бірақ аттың еркіне Шолақтың тегеуірінді қолы жібермеді,
— бауырын ала дыраумен тартып - тартып жіберіп еді, денесін пышақпен тілгендей
болған ат, беталды құла дүзге көсіле жөнелді. Үстіне жабысқан «пәлені» түсіре
алмайтынын сезген Ақбоз, жан сауғалап өзенге қорғалайын деп еді, жақты қамти мойынға
соққан қамшы жазық жаққа бұрып әкетті. Ол маңда Шолақ пен Ақбозға қарамаған жан
жоқ. Әне жерде де шоғыр, міне жерде де шоғыр, бәрінің аузында:
— «Апыр - ай, мынадай да ат үйретімпаз жан болады екен!»
Аздан кейін Балуан Шолақ атты билеп алды. Ол қамшымен қалай жасқаса, жүгенсіз ат
солай қарай шапты. Бар шабысымен көсіле сілтеп жүрген аттың үстінде Шолақ ойнауға
айналды: ол біресе аттың оң жағынан, біресе сол жағынан қарғып түсіп қайта үстіне
шықты, арқасына алақанын тіреп, төбесімен тік тұрды, кейде арқаға аяғын басып түрегеп
шапты, кейде жаядан сыпырылып түсіп, қыл құйрығына жабыса, үстіне қайтадан қарғып
мінді.
Тоғыз жылғы ту аттың өкпесі ентікті, жүрегі алқынды. Бар денесі отқа қақталған мұз
сияқты еріп кеткендей, қара тер шашасы мен иегінен судай сорғалады. Сөйтіп жүріп ат
болдырып, шабыстан желіске, одан аяңға түсті, аздан кейін сенделіп тұрды да қалды.
Балуан Шолақ шатырға жақындаған жерде аттан түсті. «Шідер!..» деп айқайлады ол
атты мойнынан құшақтап, жағынан сипап тұрып. Бір жігіт жүген мен шідер апарып берді.
Шолақ атты жүгендеп, аяғына өре салды да, басын кекжите тізгінді шоқтығына қақтарып,
өзі ентелей басып Неғметжанның қосына келді. Ақбозды беруін берем десе де, ішінен
қимаған, бірақ уәдені бұзудың орқанын табалмаған Неғметжан бұрынғыдай
жайраңдамады, өзге көпшілік айтып жатқан мақтау сөздерді айтпады.
— Ал, мырза! — деді Шолақ, шатырға кеп сусындаған соң, — «уәде құдай аты» деген
сөзге тоқтаймыз ғой?
— Солай болады да, — дей салды Неғметжан.
— Неге күмілжіп айттың? Әлде қимаймысың?
— Айтқаным айтқан, ат сенікі, егер сыйлаймын десең өзің біл!
— Сен олай солқылдама! Қимасаң тартып алмаймын. Не деп сыйлаймын, саған? Атың
аз деп пе? Әлде мұндай ат менің тақымыма жақпайды деп пе? Уәде қылған өзің, сөзіңді
жұтам десең мейлің!
— Ашуланғаның ба, бұл?
— «Ер жігіттің екі сөйлегені — өлгені»— дейді атаң қазақ. Ашуланып мен сенімен
төбелеседі деп отырмысың? Әлде, жалынады деймісің? Арымның садағасы кетсін!
— Бердім, атты! Уәдем уәде!
— Тәңір жарылқасын!—деді Шолақ,— мен құнерездік қылмаймын. Қайыр сұрайтын
дәрежеге жеткенім жоқ. Қолқамды алдым. Ал, енді, менен атыңның толық бағасын ал.
Қалағаның сенікі болсын: не астымдағы атыммен 25 сом, не 50 сом сап ақша!..
Неғметжан ақшаны алмақ болды. Балуан Шолақта 50 сом түгіл 50 тиын да жоғын
білетін серіктері, атаулы ақшаны сол арада қалталарынан суырды да берді.
Ac ішкен соң Шолақ көп кідірген жоқ. Астындағы атының ноқтасын Ақбозға кигізіп,
Ақбозды жетекке алып жүріп кетті.
|