Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет6/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27
ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ 
«Қожаның бір қызы бар аты Балқаш 
Лебізі кейде шекер, кейде орғаш. 
Жігіттер қатын алсаң осындай ал, 
Бота көз, оймақ ауыз, қиылған қас. 
Ақау Балқаш, Әрида, қалқаш - ай!» 
(Балуан Шолақтың өлеңінен) 
Ақбоз ат айта қалғандай болды. Семізден жарап, бауыры тартылғаннан кейін, 
маңайынан өткен кісі оның сұлулығына тоқтап қарамай кете алмады. Аяңдаса да, желсе 
де, шапса да ол алдына жылқы түсірмеді. Бірақ Шолақ оны «бір мінгенім — бір дәурен 
емес пе?» деп бәйгеге қоспады. 
Ақбоз өте мінезді болды: Шолақтан басқаға атпаса ұстатпады, Шолақтың қолына 
құрықсыз тұрды, ерттеулі қалпында қаңтарусыз қойса қозғалмады, бос жіберсе қашпады, 
бейбіт оттамады, ішін жинақ қалпынан түсірмеді, «жат, кел, бар, отта, жуса!» деген 
сияқты сөздерді ұғып, бұлжытпай орындады. 
Ақбозды Шолақ аса еркелетеді: мезгілінде оттатты, суарды, тамағын тәтті ғып берді, 
денесін кірлетпей күн сайын жуды, жал-құйрығын төгілдіре күн сайын тарады, атасынан 
қалған күмісті қалмақы ер - тоқымнан басқа тұрманды денесіне жолатпады, кекіліне үкі, 
құйрығына шолпы тақты, мінгенде денесіне қамшы тигізбеді. Солайша мәпелеген иесінің 
«аяңда, жел, жорт, шап!»—дегенін Ақбоз тізгінді ұстаудан аңғарды да, бұйрығын қалт 
етпеді. 
Әсем Ақбозбен ел аралап думан-сауықпен күн кешірген Шолақ, бір күні бір ауылда 
қыз ұзататын тойға кез келді. Ауылдың әдетімен, кешкі ойында қыз - бозбала аралас 
отырғанда Шолаққа ұзататын қыздың қасынан орын тиді. Бұл кезде Шолақ 23 те еді. 
Қасына отырған қызға қараса: аршыған жұмыртқадай аппақ жүзді, мөлдір көзді, мінезі 
ойнақы біреу екен. 
Қызға қылықты Шолақ, шүйіркелесіп отырып сырын біліп алды: ұзатқалы отырған 
күйеуін менсінбейді екен, амалсыз барғалы отыр екен. Аты — Балқаш, әкесінің аты — 
Қожа. 
Балуанның бала жасынан бойына біткен бір мінезі — аяғыштық еді. Сол қалпына бүгін 
де бағып, сырласқан қызының қақпанына қалай түскенін аңғарған да жоқ. 


Күйеуіне наразылық зарын айтқан қыз, көз жасын көптен жасыра, Балуанға көрсете 
маржандай төгіп отырды да, «бүгіндік қана емес, өмірлік панаңа ал!» деген өтінішін 
айтты. Ұзақ сырдың аяғы серт байлаумен тынды. Уәде — ертең түнде қыз үйінен ұрланып 
шығады да, екеуі Балуан Шолақтың еліне аттанады. 
Осыған уәде байлаған Шолақ, күтіп алмақ болған сайға ертеңіне ымырт жабыла келді 
де, қаңтарған атын тізгінінен ұстап, жамбастай жатты. Қыздың, уәделі кезде келуіне күдігі 
жоқ ол: 
— «Апыр-ау, мен енді үйленем - ау!» деді күліп. 
Ілезде ол күлкіні басқа бір ой басып, Балуан Шолақ тұнжырай қалды. 
Ол кездегі ауылдың әдетінде ең алдымен үлкен ұл үйлену керек. Ендеше, Балуаннан 
бұрын, ағасы Төлебай үйлену керек қой. Ол әлі үйленген жоқ. Барлық бөгет — қалыңмал. 
Балуан орыс селосында жұмыста жүргенде мал басы біраз құралып, Төлебайдың қалыңын 
төлеу үміті бұл үйдің басына орала қалған еді. Қазір ол үміт бұлдырлана бастады — 
Балуан жұмыстан амалсыздықтың күніне қол үзген соң, үйінің тоғы қайта шайқалып, 
қалың төлеу былай тұрсын, күн көрістің өзі тағы да тақыл - тұқылға айналды... 
Сайда, түнде, Балқашты күтіп отырып осы ойға шомған Балуанның басына үш сұрау 
туды: 
Бірінші сұрау — «Төлебайдан бұрын қатын алғаным ұят емес пе? Әке - шешем не 
дейді? Ел не айтады?» 
Екінші сұрау — «Әйел жігіттің аяғына тұсау дейтін еді, сол тұсауға өз еркіммен 
түскенім бе бұл?» 
Үшінші сұрау — «Ол біреудің, біреу болғанда, дүмді байдың жесірі, ертең дау болады, 
мүмкін барымта алуы. Сол дауға қарсы тұрар менде күш бар ма, дауды көтерер мал бар 
ма?» 
Осы ойлардан көңілі толқыған соң оның аттанып кеткісі келді. 
Бірақ, серт қайда? Есін білгелі екі сөйлеп көрмеуінен, бір беттілігінен бүгін тая ма? 
«Ер жігіттің екі сөйлегені — өлгені» емес пе? Бір бұзылып дағды алған серт қайтып түзеле 
ме? Бір өлген ұят қайтып тіріле ме? 
— «Бақ түссе маңдайымнан, тас түссе таланымнан, — деді Балуан Шолақ ойының 
солқылдақ буынын бекітіп — тәуекел, шыдадым, жеттім сертіме! 
Бойын бекіткен Балуан Шолақ, Балқашты асыға күтіп еді, келе қоймады... Шыдамы 
тозған оған мерзімді уақыт алдақашан өтіп кеткен сияқтанды... 
Асыққан Балуанға, жаздың қысқа түнінің өзі жылдай болды. Егер бір қырдың 
астындағы қопалы көлден шулап қасқырлар ұлымаса, не бұны, я басқа бірдемені бүрмек 


боп әуреленген жапалақ біраз уақыт үстін көлбей жалп - жалп ұшпаса, я әлдене бір қауіпті 
сезгендей, Ақбоз пысқырып елеңдей бермесе, — бұл түнге шыдау аса қиын еді... 
...Бір кезде, «бақыт жұлдызыңмын», дегендей жарқырап шолпан туды. Таңнан тіл 
әкелгендей самал жел жұмсақ алақанымен Балуанды бетке сипап, құлағына әлденелерді 
күбірледі. Біз де хабаршыңбыз, күткенің кешікпей келеді — дегендей, қараңғы аспанда 
елестеп, сымпылдаған үйректер, қаңқылдаған қаздар ұшты. 
Түн салмағы басып ауырлатқан денесі сергіп, ұйқысы қанып тұрғандай болған Балуан 
Шолақ отырған жерінен түрегелді де, атын маңдайдан, сауырдан сипап, қасындағы 
жылжыма бұлақтан суарды. Содан кейін, аздап шалсын деп тұсады да, «мұнша кешіккені 
несі?!» дегендей, бір биікке өрмелеп шығып ауыл жаққа көз тікті. Іле оның көзіне ұшқан 
құс, жортқан аң екені белгісіз, — жер бауырлай зымыраған бірдеме ұшырай кетті... 
Күңгірт сәуледен көзі еркін жете алмай қадала қарап тұрған Шолақтың құлағына 
аттың дүбірі шалынған сияқтанды. Көп уақыт өткен жоқ, біреу ызғытып келе жатыр. 
«Осы болу керек!» — деп ол төмен түсіп атын тез ерттеді де, жетектеп, қайта әлгі 
жотаға шықты. Күткені келіп қалды, — Балқаш!.. Қыз екпінімен өтіп бара жатып, 
Балуанды көрді де, қайырылып тұра қалды. 
— Сертіңде тұрған екенсің, — деді, сайға төмендей атынан түсе қалған қыз Балуанды 
құшақтай ап, — ризамын. Кешіккеніме ренжіме, — деді қыз жаутаңдап, — себебі болды, 
кейін айтам... Тез жөнелейік, қуғыншы келіп қалуы мүмкін... 
— Осындай ерте шақта ма?! 
— Кеше күдікті боп қалса керек, аңду көбейіп, әрең дегенде ұрланып шықтым... 
Бұл кезде бозара бастаған таңның етегі жоғары көтеріліп, төңірек қылаңдана көрініп 
қалған еді. Балуан мен Балқаштың елеңдеген құлағына дүсір естілген сияқтанды. 
Елегізген олар, биіктен бастарын қылтитып қараса, ұбақ - шұбақ қалың қол шауып келеді. 
Қыз құп - қу боп кетті. 
— Сен сайға түс те, көрінбей тұр, — деді сұрланыңқыраған Шолақ Балқашқа — мен 
жауға қарсы шабайын! 
— Қой, ойбай!—деді кескініндегі қорқыныш үдей түскен қыз, — топырақ шашамысың 
көпке? Қолыңда қамшыдан басқа қаруыңда жоқ!.. Одан да, ат жараса қашып құтылайық! 
— Оның жігіті мен емен!—деді Балуан күліп,— ертедегі батырлар айтады дейтін еді 
— «құрулы мылтық, құрсаулы жауға кезіктір» деп. Олар да періштеден емес, мені тапқан 
анадай әйелден туған шығар. Өзім «Балуан Шолақ болам да, өзім жаудан қашам!.. Кім 
болғаным, сонда менің?.. Одан артық өлім бар ма, маған? Әйтеуір өлу керек болса, қашып 
өлгеннен қашпай өлген артық емес пе? Жоқ, Балқаш, мен қашсам өлем де, қашпасам 
өлмеймін. Қызығыма қара да тұр сен, жаумен қалай сайысар екем мен!.. Қалыңмал 


төлеген жоқпын саған. Тегіннен тегін алғаным ұят болар. Малымды салмағанмен, күшімді 
салайын!.. 
Бұл сөздер көкейіне қонған, жауға қарсы аттануына көнген Балқаштың өтініші — 
«бетін қайтарам десең қайтар, бірақ кісі шығынын жасай көрме, пәлесінен құтыла 
алмассың!» болды. 
— Құп болады, — деді Балуан. 
Қызды сайда тұруға көндірген Балуан Шолақ, Ақбозын ойнақтатып төбенің басына 
шыға келді. Бұл кезде таң аппақ боп, аспанның шығыс жақ жиегі сарғылттана бастап еді. 
Шапқыншылардың алдында оғашырақ біреу далақтап келеді. Зады Шолақты танып 
келе жатқан сияқты,— сойылын көлденең ұстап: 
— «Аттан түс!.. Түс аттан»—деп қиқулайды. 
Шолақ оған қарсы ұмтылды. Екеуі айқаса бергенде, жігіттің сілтеген сойылын Шолақ 
жұлып алып, аттың екпінімен ағып өтіп кетті де, іле қайта бұрылып, жігіттің түп етегінен 
қапсыра алды. Жігіт қиялай тартып, беріспеуге тырмысып еді, Шолақтың қуатты қол күші 
еркіне жібермей, тартқан жағына еңсере аударып әкетті де, өңгеріп апарып жерге тастап 
кетті. Аты ойнақшып бетімен шыға берді... 
Кейіннен жеткендерін де осы әдіспен аттарынан аударып, біраз сайысқаннан кейін 
қуғыншыдан ат үстінде ешкім қалмады. 
Ойнақтаған бос аттардың бәрін Шолақ сайға айдап түсірсе, қайратына сүйінген қыз, 
атына мініп бері келе жатыр екен. 
— Сен мынау дөңге шық та, аттарды иіре тұр, — деді ол қызға, — мен жігіттерге 
барып келейін. 
— Неге?!.. 
— Кеше ойнап тарқасқан жігіттермен, бүгін араздасып айрылам ба? Барып кешірім 
сұрайын. 
— Ойбай, ұстап алады. Аттыдан жаяу мықты деседі ғой, қолдарына бір іліксең 
жібермейді... 
— Көр, қалай жібергенін!.. 
— Өтінем, Балуан!—деп қыз тізгініне жармаса беріп еді: 
— Босат тізгінді! — деді Балуан дауысын көтеріп. Қаймыққан қыз жаутаңдаған 
көзбенен тізгінін босатқанда: 


— Мен сені ерге — ер, серіге — сері десем, сен осылай ма едің? — деді Шолақ,— Ер 
жігіт қайралған қылыш емес пе еді? Оның жүзіне неге қол апарасың? 
Қыз тұрып қалды. Шолақ құйындатып тартты да кетті. Бұл кезде аттан түскен жігіттер 
де бір жерге жиналған еді. 
— Салт тұрып сөйлессем сөгерсіңдер, құрбылар!—деді жігіттерге жақындағасын 
Балуан атынан қарғып түсіп, жаяу барып, — ал ұстаймын десеңдер, мен міне, келіңдер! 
— Жаяуда да әліміз келмес деймісің, — ұстаңдар! — деп манағы ең алғаш сайысқан 
жігіт қоразданып еді: 
— Шіркіннің ерін - ай!—деді біреуі оны кекетіп,— бар байлап ала ғой, мықты неме! 
Өзгеміз аттан осалдықпен түскен болармыз. Сенің қапың бар шығар! 
Ана жігіттің қарығы басылып қалғандай болды. 
— Мұнымыз той тарқардағы аударыспақ сияқты ойынымыз емес пе? — деді Шолақ, 
— айтыңдаршы, қайсыңның тұщы етіңе ащы таяқ тигіздім. 
Таяқ тигізбегені құрысын, бұдан да ұрып өлтіріп кеткені жақсы еді, — десті 
біреулер. 
— Ал, жігіттер, құдай ойын - күлкіден айырмасын. Қыз шіркіннің көңілін қимайтын 
әдетім болушы еді, соным ұстап, бір қыздарыңды алып қашқаным рас, бірақ, құрбы 
замандасым, сен — маған қыздан қымбатсың. Алып қалам десең қыздың серті менің 
мойнымда болсын, әне, сайда тұр, барыңдар да қайтарыңдар!.. 
— Әу, жігіттер, — деді біреуі сол кезде, — түкке тұрмайтын намыстың керегі не? 
Балуан Шолақ боп тусаңдар кім қой деді сендерге? Бір қызды Балуан Шолаққа қимаймыз 
ба? Қалған қыз да жетпей ме қалыңға сатуға? Қызды қайтарып апарғанда не дейсің? 
Тартып алдым дейсің бе? Одан да, Балуанды осынша дарақыланып қуған айып бойымызға 
құт, соны жүктейік те қайтайық! 
Бұған ешкім қарсы бола алған жоқ. Жол айтқан жігіт Шолақтың Ақбозын мініп барып 
қызды ертіп, аттарын айдап келді. Бірен - саран болмаса, жігіттердің көпшілігі Шолақ пен 
Балқашқа ризалық тілектерін айтып, жөнелуіне рұқсат етті. 
Күн ол кезде жаңа ғана шашырап шығып келе жатыр еді. Күннен тармақтанған алтын 
сәулеге бөленген екі жас «Әрида қалқаш» әніне қосылып жортып кетті. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет