«ЕР ҚАНАТЫ — АТ»
Бөгеті жоқ маған жау қамалының,
Дүниенің бір ерке қонағымын.
Сүйіктім деп, ардақтап, еркелетіп,
Мен халқымның Балуан Шолағымын.
(Балуан Шолақтың өлеңінен)
Балуан Шолақ оянса, терезеден қараған күн түстен ауып барады екен.
Ауыз бөлмеде адам дауысы естілгенде, ол киінбестен түрегеп, есікке барып сығаласа,
серіктері шай ішіп отыр. Балуан Шолақ орнына кеп киінді де, ауыз бөлмеге шықты.
— Ұйқың қансын деп шайға оятпап ек, — деді оған серіктері.
— Мені сұрап ешкім келді ме?
— Сүтемген дейтін ояздың почтабайы бар еді ғой, сол кеп кетті.
— Неге кепті?
— Ояз сені көрем деп айтады, дейді.
— Қайтеді мені көріп.
— Қайдан білейік қайтетінін. Расымызды айтайық, өзіміздің жүрегіміз сескеніп отыр.
Осы торулары жай болса игі еді...
Балуан Шолақ қауіп айтқан сөздерге құлақ аспай, шайын ішіп тысқа шықса, Сүтемген
почтабай, салт атпен келіп тұр екен.
— Сүтеке, не білдің? Балуанды бұлар неге қолқалап кетті? — деп көпшілік сұрап еді:
— Түкте білген жоқпын, — деді ол, — неге үрейленесіңдер? Менімше, аты шыққан
адамды көру оязға таңсық. Одан басқа ештеңе де жоқ...
Сүтемген мен Балуан Шолақ, қаланың орта кезіндегі ояздың ақ тас үйінің биік
қорғанмен қоршаған қақпасына салт кірді, қақпа жабылды.
«Балуанды ояз шақырып әкетті» деген хабар қалаға да, далаға да тез тарады. Базарды
сылтауратқан жұрт, ояз есігінің алдынан ерсілі - қарсылы өтіп, істің арты неге соғарын
бақылаумен болды. Жұртта зәре жоқ. «Ең болмағанда көзі тимесе жарар еді!»—деп
қорықты, ырымға сенетіндер.
Ояз қорасының қақпасы жабылған кезде, Балуан Шолақтың өз жүрегі де дірілдей
қалды. «Қайтеді мыналар?І»—деп ойлады ол.
Сүтемген бастаған ол, ояздың үйіне кірсе, ұзын қара сақалын мұртына қоса, екі
иығына қарай айырған, қалың қабақ, қою қас, қасқа бас, жуан денелі, ұзын бойлы еркек;
ақсары өңді, тапал бойлы, кеуделі, бұғақты, толық семіз әйел; талдырмаш бойлы, көк
көзді, қара -сарғылт бұйра шашты, өңі әкесі мен шешесінің сапырылған бояуынан
жасалған, он бес, он алты жасар қыз; цирк директоры, — бәрі столды айнала шәй ішіп
отыр екен.
Осы! деді директор Балуан Шолақты оязға қолымен нұсқап.
Аман? - деп ояз, семіз саусақты, жуан, жүндес білегін Балуанға ұсынды да,
қолдасқаннан кейін «отыр» дегендей орын көрсетті.
— Молодец! — деді ояз, отырған Балуанның денесін көзімен шолып, — әдемі жігіт!
Орысша білесің бе?
— Мала - мала! — деді Балуан.
Ояздың сұрауларына шамасынша жауап берген ол, ұсынған тамағын татпады. «Ұу
береді» деген ой, столдағы тәуір тамақтарды көргенде құмартқан нәпсінің бетін тойтарып
тастады.
— Сен оған неге шақырылғанын айттың ба? — деді ояз Сүтемгенге Балуанмен аз
уақыт қысқаша қажақтасқаннан кейін.
— Жоқ, — деді Сүтемген.
— Неге?
— Маған ондай тапсырма берген жоқсыз.
— Манағы сөз есіңізде болар?
— Есімде.
— Ендеше, айт соны!
«Манағы сөз» дегені, — Балуан Шолақ циркте Карон балуанды жыққан хабарын
естіген соң, мәлімсіз балуанның күшіне ояз таң қалған да, «тез тауып әкел!» деп
Сүтемгенге іздеткен Балуанды сұрастырып далаға кеткенін білген Сүтемген, естіген
жайын айтқанда:
— Ендеше, ертемен жеткіз!—деген ояз.
Не себепті шақыруын сұрағанда:
— Мүмкін, циркке алармыз, — деген ояз, — ол үшін, әуелі өзімен сөйлесіп көрейін.
Циркке алынса қандай жағдайда болатынын, ояз Сүтемгенге айтып берген. Оған қазір
«неге шақырылғанын айттың ба?» деп отырған себебі сол.
Сүтемген Балуанға ояздың алдында, неге шақырылғанын қазақ тілінде қысқаша айтып
берді де, ақырында:
— «Сөздің қысқасы, — деді ол Балуанға, — бұлар сенің күшіңе қызығады. Бес - алты
ай цирк балуандарынан күрес әдісін оқисың дейді, содан кейін циркке балуан боласың
дейді, жер жүзін аралайсың дейді, алтынға бөленесің дейді...».
— Қанша алтын екен?—деп сұрады Балуан әдейі.
— Оның несін сұрайсың, — деді Сүтемген,— тегін алтын. Кешегі сен жыққан Карон
айына он бес сом алады екен. Не деген ақша! Жылына 180 сом!.. Дыңдай алты аттың
құны. Ауылда жүріп сен жылына бір аттық пұл да табамысың. Шатақты қой, ризалас!
Ояздың ұсынысы, Сүтемгеннің ол ұсынысты балын тамыза айтуы, — Балуан Шолақты
еліктірді.
— Ойланайын. Жауабын ертең айтайын, — деді ол.
Ояз «бүгін айт, қазір айт» деп қыстап еді, «ойлансын, — деді әйелі,— көнбей кетер
деймісің? Көнеді! Ақымақ па ол, сонша алтыннан, сонша атақтан, сонша карьерадан
безетін?.. Меніңше бұл ақылды жігіт!»
— Рас, Мамуля, ол ақылды жігіт! Кескіні қандай ақылды оның!.. Көзі қандай
ақылды!..—деді манадан Балуанға таңдана қарап отырған қыз ұшқалақтанып.
Балуан қызға күлімсірей қарап қойды.
— Ойлансаң, ойлан! — деді ояз Балуанға, — бірақ, жауабыңды ертең бер. Ақымақ
болма. Келген бақытты басқа теппе. Сенен дүниежүзілік чемпион шығуы мүмкін.
Ойыншық емес ол!..
Ояздан рұқсат ап Балуан Шолақ тысқа шықты. Сүтемген ере шықты. Екеуі атқа қонып
қақпаға қарай жөнеле беріп еді, Балуанның көзі крыльцода тұрған әлгіндегі жас қызға
түсті. Бұл жолы қыздың көзі оған қызыға қараған сияқтанды.
— Аты кім?—деп сұрады Балуан Сүтемгеннен қыздың қасынан өте бере.
— Татьяна.
«Жақсы қыз екен!» деп қойды Балуан ішінен.
Көшеде күткен жұрт Балуанды қоршай кетті. «Ойлан! Көн!» деп Сүтемген өз жөніне
бұрылды.
«Неге шақырыпты?» деген жұртқа Балуан Шолақ шынын айтты.
Сен не дедің?—десті жұрт.
Ойланайын» дедім. Өзің біл!— десті, араларынан кеткенін ұнатпаған көпшілік, —
кісіден ақыл сұрайтын жігіт емессің. Мынау еліңнің саған берген атақ - абройы да
сыбағаңа жетер. Дүние не жүзінің бақыт - дәрежесі бір адамның уысына симайтын.
«Көптен безген көмусіз қалады» дегенді де ойлан!
...Ертеңіне сәскелік асын ішкеннен кейін, атын ерттеп мінген Балуан Шолақ, ояздың
үйіне қарай аяңдай жөнелді. Жолшыбай ол ақыл таразысының екі басында екі ойдың
салмағын өлшеп көрді.
Бір ойы — алтын!.. Көп алтын!.. Баю!.. Атақ!.. Дәреже!
Бір ойы – ауыл!.. Туған халқы!.. Бойына біткен өнері мен қызық қызметін соған
көрсету,... атақ, дәрежені содан алу!..
Қайсысын алу керек?
Осындай ойда келе жатқан Балуан Шолақтың көзіне туған жердің бейнесі елестеп
кетті.
Әне, ашық күнде басына бұлт оралып, алыстан көк гәуһар тас сияқты мөлдіреген
Бурабай тауы!.. Оның ар жағы дала!.. Бұйратты дала!.. Кең дала!.. Ол далада қаптай
қонған ауыл!.. Туған ауыл!.. Өскен ауыл!.. Ол ауылда әке - шеше!.. Аға –іні!.. Апа -
қарындас!.. Құрбы -құрдас!.. Балуан Шолақтың олар, олардың Балуан Шолақ қат - қабат
думаны!.. Олар Балуан Шолақты, Балуан Шолақ оларды шын жүректен сүйеді...
Ал, ояздың «бар» деген сапары, ауылынан ұзап шықпаған Балуан Шолаққа, аржағында
не бары мәлімсіз қараңғы үңгір сияқтанды. «Сондай белгісіз үңгірден алтын іздегенде,
атақ іздегенде не болмақ? — деп ойлады ол, — іздегенім табыла қойса жақсы. Егер
табылмаса, босқа әуре болу ғой ол. Ендеше, өмірдің ащысын да, тұщысын да туған
халықпен неге бірге татпаймын?»
Қараңғы ойы осыдан ұзаққа бара алмаған ол,— «белгісіз үңгірден бақ іздеуден, бақ
тапсам да, сор тапсам да туған жерде табайын!» деп бекінді.
Ойының бұлай бұрылуы, — атының да басын кейін бұрғызды оған. Ол, Көкшетау
қаласының түбіндегі шалқар көлінің арғы жағасында қыбырлаған қалың базаршыларға
қарай шаба жөнелді...
Балуанның бұл шабуы не шабу екенін айтпай - ақ түсінгендей, біраз адам жолдан
қосыла, жанамайлай шапты, құрғақ жердің шаңы бұрқырай аспанға көтерілді...
Тұмандай тұнжырап, борандай сапырылған қою шаңның арасында шауып келе жатқан
Балуан Шолақ: «Апыр - ау, дүбір күшейді ғой, жарысқан адам көбейді білем — деп жан -
жағына қараса, қою шаңды бұрқыратқан адам, илеуінде қайнаған құмырысқадай!..
Көптің дүрмегімен шауып келе жатқан Балуан Шолақ бір кезде жан - жағына қараса,
әркімдер басып - озып барады! Өз атына қараса, қарқындап, жайылып қалған сияқты...
Аздан кейін ол, құнан - тай, байтал - сайтал, арық - тұрақ сияқты кәкір - шүкір жабайы
аттардың арасында қалып қойды.
«Шапқанда байдың ұлы, тоқтағанда еске түседі» деген мақалдың шындық екенін ол
осы арада ғана білді. «Ә-ә-ә,... — деп ойлады, ол, атының басын тежеп — рас сөз екен.
Қай кедейдің баймен жарысқысы келмейді дейсің? Баймен талай кедей жарысады екен де,
осы мен сияқты аты болдырып, тоқтап қалады екен ғой! Мына мақал содан шыққан екен
ғой!»
Балуан Шолақ атын тежеп аяңдатқанда, одан жұрттың бәрі озып кетті. Қошеметтеп
ортаға ала шапқан көпшілік, енді оған табалаушы сияқтанып кетті. «Қайтем, ілгері
барып?.. Қайтсам қайтеді осы арадан?» деген ой кеп кетті оған. Егер, біреулер алдынан
оралып кеп, «неге кейін қалдың?» деп, тағы да, ортаға алмағанда, ол кейін қайтып та
кететін еді.
Қоршаған көпшілік Балуан Шолақтың неге тоқтағанын білген жоқ, сондықтан, тағы да
анау - мынау деп қошемет сөздер айта бастап еді, Балуан қабақ шытып, ажарын бермеді,
сұрауларына қысқа жауап қайырғаннан басқа кеңеске аузы бармады. Сөздің көбін оның
құлағы естімеді. Оны саңырауландырған ой — ат.
Оның есі - дерті жақсы атта болды. «Ер қанаты — ат» деген мақал түсті оның ойына.
Аздаған сауаты бар ол, — батырлар жырын жақсы көріп оқитын еді. Сонда,—
Қобыландының — Тайбуырылы, Алпамыстың — Байшұбары, Қамбардың —
Қарақасқасы, шапса құстан озатын, болдыруды білмейтін, кезеңді жерде иесіне адамнан
артық серік болатын, иесінің қуанышына қуанып, қайғысына қайғыратын аттарға ол аса
қызығатын еді.
«Шіркін, сондай аты бар батырда арман бар ма екен!» деп ойлайтын еді Балуан Шолақ.
«Құдай - ау! — деп тілейтін еді, дінге сенетін ол,— сенен байлық сұрамайын, тақымыма
басатын солардай бір ат бер!»
Miнe енді, жарысқан көптің артында қалғанда, сол қынжылуға Балуан Шолақ тағы да
түсті. «Ер қанаты ат» деген бұрынғылар - ай!—деді ол ауыр ойда, топтың арасында аяңдап
келе жатып, — аузыңнан айналсам болмас па!.. Жүйрік көңілді — жаман ат тұсады!..
Атсыз кісі — қанатсыз құс екен!..»
Ендігі оның, бар арманы, өзіне қанат боларлық бір ат тауып міну болды...
|