— Балуан Шолақпын. Есікті мен ашып берейін.
— Ал, аш!—деп есік жақтағылар сырыла бастады.
Қараңғы жолында әркімге соқтығып, жығыла – сүріне есікке жеткен Балуан, қолымен
толғап еді, есік болар емес! Өкшемен теуіп еді қозғалмайды. «Мынау қайтеді?» деп
ерегіскен ол, шегіне беріп, төбесімен сүзіп қалды. Есік жалп етіп шалқасынан құлады.
Содан кейін от та жанды, лампы да тұтанды. Жұрт далаға шығып қараса есіктің топса
темірі омырылып кеткен екен!..
Абақтының тар, күңгірт бөлмесінде отырып осы оқиға есіне түскен ол, жұдырығын
түйіп алып есікті қойып кеп жіберді.
Қалың қарағай есік, екпінді күштің тегеурініне
шыдамай, орта тақтайлары омырылып, шалқасынан түсті.
Торды үзген арыстандай ол сынған есіктен сып беріп шыға келсе, кең коридордың екі
жағынан да мылтықты күзетшілер жүгіріп келеді екен.
Таныс мылтық!.. «Батыр — бір оқтық!».
Балуан Шолақ қарсыласпады. Күзетшілер оған сөзі жеткенше ұрысты да, басқа бір
бөлмеге тағы кіргізді. Ол кең бөлме екен. Іші лық толған адам: біреулер отыр,
біреулер
жатыр, біреулері түрегеп жүр... Бәрінің кескін – кейіптері абақты бөлмесінің
қабырғасындай қарасұр, бәрінің де көздері абақты бөлмесіндей күңгірт.
Балуан Шолақ кең бөлмеге кіргенде, оны бір топ адам қоршап алды. Бәрінің сұрауы
біреу: «Кімсің? Жазығың не?»
Сазарған Балуан жауап бермей, жаңа ұсталған жолбарыстай жан - жағына қабағын
түйе,
тесірейе қараса, қоршағандар — түгелімен арық, түгелімен желқом — жыртық
киімді. Бұның үстінде ылғи жаңа және жақсы киімдер...
Жыртықтардың бір тобы бұған қадала қарап қоршай қалғанда, еңгезердей біреуі
таянып келді де:
— Шеш, киімдеріңді!—деді.
— Неге?!—деді Балуан таңданған кескінмен...
— Біз киеміз.
— Өзім қайтем?..
— Сен мына, біздің киімді аласын!..
— Иә, біздің киімді аласын!—деп ду ете күлді қоршағандар, құрсауын тарылта
жақындап.
«Мыналар қайтеді?!» деп сескене бастаған Балуан, ығысыңқыраған бейнемен:
— Әй, естерің дұрыс па, өздеріңнің?!.. Жыным бар ма менің жақсы киімдерімді
сендерге беріп, өзім сендердің құрымдарыңды ілетін?
— Шешемісің жоқ па? — десті қамағандар, енді түстерін суытып, өздері шешіп алуға
ыңғайланып.
— Жоқ! — деді Балуан, ақырған қатты дауыспен...
Көп адам оған жабыла кетті... Ол алыса кетті!.. Күшінің көптігінен бе, әлде аналар
шетінен әлсіз бе, — жабылған адамдарды Балуан шопақ құрлы көрмей,
жұлып алған
тымақтай жан - жағына шашырата лақтырып - лақтырып жіберді!.. Маңында адам сиреп
қап, бірен - саран жақын тұрған адамдар ұстауға бата алмаған кезде:
— Кәне, қайсының барсың тағы да! — деді Балуан алысуға ыңғайланып, — келіңдер,
алысуға ойласаңдар!..
Әлгі арпалыста қолының тегеуріні қаттырақ батты ма, немесе, әлдері келмеуіне
көздері жетті ме — ұмтылушылар болғанмен, ешкім жақындап кеп ұстаса қоймады.
— Бұл не қылған балуан? Кім өзі, мұнша күшті?! — деп шулағандарға:
— Мен, Баймұрзин Нұрмағамбет!.. Халқым қойған атым — Балуан Шолақ!— деді ол
енді еркінсіп ап.
— Нұрмағамбет! — деген сөз сап ете түсті оның құлағына.
«Бұл кім?» деп ойлауға үлгертпей, әлдекім оны құшақтай алды.
«Алысқысы келген біреу ме?» дегендей, Балуан оны денесінен итермелейін деп еді.
— Нұрмағамбет!.. Мен!.. Андрей!.. — деді құшақтаған адам.
Андрей Кургановтың даусы!.. Бірақ, кескін - кейіп оныкі емес, — бет - аузын қауғадай
сақал жапқан біреу!.. Үсті - басы далба - дұлба!..
Ол расында да Андрей болып шықты. Досын тар жерде тапқан Балуан баладан жаман
егіліп жылады, оны ұзақ уақыт уату қиын болды...
Уанғаннан кейін сұрастырса, алыстағы Сібірге айдауға кеткен Андрей жуық арада
қашып келген екен де, қолға қайта түскен екен. Ол абақтыдағыларға қысқаша Балуанның
кім екенін таныстырды. Одан әрі шүңкілдесіп сырласулар кетті...