Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет12/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   27
Байланысты:
Сәбит Мұқанов Балуан Шолақ

КЕПІЛДІК ЖӘНЕ СОТ 
«Айналайын Ғалия сен бір тоты
Сені айтпасам келмейді, көңіл хошы, 
Сен есіме түскенде Ғалияжан, 
Бір тиындай болмайды өгіз соты». 
(Балуан Шолақ өлеңінен) 
Балуан Шолақтың бір досы Ыбырай — бастап және тағы бірнеше досы қостап Балуан 
Шолақты сотына шейін кепілдікке алуға Көкшетауға барды. 
Көкшетаудың ұлықтарына олар жалынды да, пара да ұсынды, бірақ, өзге қылмыстың 
бәріне «мейірімді» ұлықтар, Балуан Шолаққа қатайып, маңына жолатпады. Параға 
қызыққан судья, «кепілдікке берсек қайтеді?» деп оязға ақылдасқан еді: 
— Қазақ даласына өрт тұтатайын деп пе ең? — деп ақырды ояз оған,— Балуан Шолақ 
— сереңкесі емес пе даланың?.. 
Балуан Шолақтың достары судьядан күдер үзген соң, оязға жолықпақ боп арыз 
ұсынып еді, ол айтар жауабын Сүтемген арқылы қайырды. 
— Ояздың көзіне көрінбеңдер! — деп қорқытты Сүтемген арызшыларды, — Егер 
көрінсеңдер, бәріңді де жауып қояды. 
— Неге жабады? Шағым берген кісіні жаба берсе, ұлық бола ма? — деп дауласты 
қазақтар. 
— Ендеше, — деді Сүтемген, — «әкесі өлгенді де естіртеді», — турасын естігілерің 
келсе, «Балуан Шолақ үкіметтің дұшпаны, — дейді ояз. — Оны қорғаған кісі де үкімет 
дұшпаны. Арызшылар бұл қылықтарын қоймаса, Балуанға қоса сотталады...» 
Ояздан, басқа ұлықтардан тауалы шағылған Балуан Шолақтың достары Омбыға, 
губернаторлық мекемелерге ізденуге кетті. 
Омбыда айдан артық жатқан олар, адвокаттың жәрдемімен, прокурордан «Балуан 
Шолақты кепілге жібер», деген қағаз ап қайтты. Өзге шығыннан басқа, жалғыз осы 
қағаздың өзі оларға мың сомға түсті. Балуанның күші келмейтін бұл ауыртпалықты ел боп 
көтеріп кетті... 
Балуан Шолақ кепілге босанып үйіне келді. Балқаштың қылығына қатты ренжігенмен, 
Баймырза мен Қалампыр, Балуанның былай да жүдеу көңілін одан жаман жүдетерміз деп, 
Балқашқа деген өкпесін Балуанға білдірмеді. 


Бірақ, «ел құлағы елу», «отыз тістен шыққан сөз — отыз ру елге жетеді». 
Балуан Шолақ Балқаштың қылығын жата - жастана елден естіді. Бұл жайда ерекше 
ынта көрсеткендер Тоқсанбайдың Сыздығы жұмсаған адамдар. Солардың айтуынан, 
Балқаштың неге іздеп келмеу себебін өсірген түрде естіген Балуан өкпе мен ашудан 
жарылып өле жаздады. Оның ойына Балқашты өлтіріп тастау ниеті де келіп кетті. «Бәрібір 
сотталған бас, құнын бір - ақ берейін?» — деп ойлады ол. 
Бұл ойын ол іске де асырар ма еді, қайтер еді, егер өткен көктемде Балқашпен 
арасынан бала тумаса. «Бәтен» қойған бұл қыз, Балуан, сергелдең жолда жүргенде 
бүлдіршіндей боп өсіп қалған екен. Баланы жанындай жақсы көріп кетті ол. Ашу алғаш 
қысқанда, үйінде оңаша отырған Балқашты бассалып сабауға, тіпті өлтіріп жіберуге бел 
байлаған Балуан үйіне кірсе, семіз, әдемі баланы Балқаш емізіп отыр екен. 
Балуанның алдында кешірілмес күнә жасауына алдақашан мойындаған Балқаштың бұл 
қылмысын Балуанның білген - білмегеніне көзі жетпейтін еді де, «білсе қайттым?!» деп 
іштей қысылатын еді, білген сағатын қорқынышпен күтетін еді, сондықтан, Балуан, 
даладан әрбір келген сайын кескініне абайсыз көз тігіп, жан - жүйесінің не халде екенін 
білуге тырысатын еді. 
Мына жолы, Балуан, ашудан түтеп келгенін кескінінен аңғарған Балқаштың жүрегі су 
ете түсті де, жанталасқан ақылы айла тауып, орнынан көтеріле, емізіп отырған баланы 
алдына тоса қойды. 
Еркінен тыс көтеріп алған баланың көйлекшең семіз денесі, әкенің бойдағы ашу отын 
түгел сорып ап, қашқан ақылын бойына қондырып берген сияқтанды. Баласының ыстық 
денесін бауырына баса отыра кеткен Балуан, бетіне бетін тақап, өксіп қоя берді... Балқаш 
не дерге білмей сазарып тұрғанда, біраз жылап мауқын басқандай болған Балуан басын 
көтерді де, жас толған көзін өлусірете қарап: 
— Бәрін де естідім, — деді Балқашқа. — Бәтен үшін бәрін де кештім... 
Балуан Балқашқа бұрын да не қатты сөз айтып, не қол тигізіп көрген жоқ еді, күнәсін 
Бәтен үшін кешкеннен кейін де сөйтті. Бірақ, оған енді әйелім деп жоламады. «Ұрғаннан 
шымшыған батады» дегендей, Балуанның бұнысы Балқашқа қатты батты. Ол еріне 
шынынан ақтарылып жалынды да, жалбарынды да, бірақ, Балуан, қатқан қалпынан 
қайыспады. 
Кепілде Балуан айға жақын тұрды. Бірақ, ол бұрынғыдай жайраңдамады, өз бетімен ел 
қыдыруды қойды. Шақырған ойын - сауыққа бармады. Арнап шақырғандардың дәміне де 
таңдап баратын болды. 
«Көңілін көтерейік», деп құрбы - замандасы, дос - жарандары ағылып келіп жатты. 
Олар айтқан жұбату сөзге Балуан жұбанған жоқ. 


— Несіне жұбанам, — дейді ол сыр айтатын жігіттеріне, — «әділет» деген бұл заманда 
жоқ екен. Күштілерден зорлық - зомбылық көріп жүрген мен ғана екем десем, ондайлар 
көп екен. Көптігін абақтыға түскенде көрдім. Орыс та бар онда, ноғай да бар, естек те бар, 
біз білмейтін талай елдің ер азаматтары да бар. Солардың көбі күштілерге қарсы шығам 
деп қор болып отыр. Патша дегенің, ұлық дегенің, заң дегенің күштілердің жағында екен. 
Олардың жайған торына түспейтін адам жоқ екен. Абақтыда, нелер білегі күштілерді де, 
білімі күштілерді де көрдім. Көбі патшаға қарсы. Патшаға қарсы — біздің қазақтар ғана 
екен деп жүрсем, орыстың өзі бізден де артық қарсы екен. Сол үшін де талайлары 
абақтыда отыр... 
— Сонда, сол патшаға келер кер бар дей ме, сол қарсылар, болмаса, босқа сандалу ма, 
айтып жүргендері!.. 
— Бар дейді... 
— Мысалы, — қандай? 
— Олардың еркіне салсаң патшаны құлататын. 
— Қашан, қалай құлатпақ сонда? 
— Оны өздері де білмейді... Айтатындары — патшаға қарсы көтерілу керек дейді... 
— Кім көтеріледі, сонда? 
— Елді көтеру керек дейді... 
— Ел оған көтерілсе... Және көтерілгенмен, патша шыдата ма оны?.. Қаруға қарсы өзің 
не істей алып отырсың?.. Өзгелер де өзіңдей емес пе?.. 
Абақтыда туып, жауабын ешкім таба алмаған бұл сұраудың жауабын Балуан елде де 
таба алмайды, сондықтан, абақтыдағылардай ол да күрсініп: 
— Иә, ол қиын сұрау!—деп ауыр күрсінеді де қояды... 
Бір күні Балуан Шолақ ағайын - туған, дос - жаранын жинатты: 
— Ал, ағайын! — деді ол, — аз күн көп қонақ болдым. Кепілдікке әкеп күтулеріңе 
ризамын. Маған енді ұлықсат етіңдер, — мекеніме барайын!.. 
— Қайдағы?—деп ду ете түсті көпшілік. 
— Көкшетауға!.. Абақтыға!.. 
— Оның қалай, Балуан?!—деді жұрт шулап, — әлде елге өкпең бар ма? 


— Ешбір өкпем жоқ. Абақтыдан шыққанмен, бұғалығынан босанған жоқпын. Одан 
ұзаған сайын, тұзағы тарыла түскендей қылғынып барам. Тынысым жеңілденер ме екен, 
тартпайын бұғалықты, барайын абақтының өзіне, бұлқынбайын ұстаушының қолында!.. 
Балуан Шолақ елдің, ата - ананың сөзіне көнбей, ақыры бәрінен де рұқсат алып, 
Көкшетау абақтысына қайта жатты. 
Кешікпей сот құрылды. Сот алдында Балуан Шолақ баяғы бала кезінде Қайрақты 
қаласын күйдіруден бастап, сексен өгізді ұрлағанын, казачий сотнямен төбелескенін қоса, 
бар айыпты мойнына алды. 
Айыпкер танбаған соң, сот мәжілісі ұзақ созылған жоқ. Бұдан кейінгі сөзді Балуан 
Шолақтың өзіне берейік: 
— «Атадан ұл тумайды мендей сабаз! 
Түрмеде жатыр екен өңкей маңғаз. 
Алты күн ақ түрмеге қамалған соң, 
Түсірді мировойдан маған қағаз. 
Ақылым бір басыма емес арзан, 
Тауалым шағылған жоқ бұл қағаздан. 
Қағаздың мен түріне қарап тұрсам, 
Жеті жыл каторгаға мені жазған. 
Мировой айдайтынын жаңа білдім, 
Ішімнен шығарар деп ойлап жүрдім. 
Айдайды деген хабар естіген соң, 
Қажымас өзіме өзім қайрат бердім. 
Бозбала мықты болсаң қасты жемір, 
Тісіңде қайрат болса тасты кемір. 
Жүрегі қамалғанның шайқалсын деп, 
Сегіз көз қабат қылып қаққан темір. 
Мен Шолақ осында да көрдім жайды, 


Туғалы көрдім бе мен осындайды? 
Темірді тіземе сап қозғап көрсем
Секілді қоғажайдай былқылдайды. 
Бойыма күш біткенге еттім шүкір, 
Қажысам абақтыға, бетке түкір. 
Темірін екі итеріп тартқанымда, 
Кірпіші жерге түсті күтір - күтір. 
Асты ғой бұл арада менің айлам. 
Құрғаным бала жастан бәрі сайран. 
Япырым - ай, бұл не қылған зор дажал деп, 
Сол жерде орыс, қазақ болды қайран. 
Жігітпін тәңірі басқа жаққан шырақ, 
Күшіме не тұрады менің шыдап! 
Аяқ пен қолымдағы бұғаулардың 
Шынжырын сол арада үздім бұрап. 
Түрмені бұзғанымды етті ғажап, 
Пендеге өзім өлмей болман мазақ. 
Қиратып «терезеден шық» дегенде 
Шықпады қорғалақтап орыс, қазақ. 
Сұрасаң Қотыр, Шортан біздің болыс, 
Алты күн - ақ түрмеде қылдым қоныс. 
Қарғып кеп терезеден қақпа барсам, 
Күзетші қалғып отыр екі орыс. 
Қасқиып қалғығанға күліп тұрдым, 
Оларға күш жетерін біліп тұрдым. 


Екеуін екі қойып талдырдым да
Ілгері одан әрі жүріп бердім. 
Тәуекел алсын ерді панасына, 
Ақылдың қараңдаршы данасына. 
Қалдырып кетем бе деп Ақбоз атты, 
Мировой келіп кірдім қорасына... 
Ақбоз ат білінбейді біздің сорға, 
Жануар түстің бе әлде, жайған торға! 
Есігін конюшнаның бұзып кіріп, 
Шығардым бірі — рысак, бірі — жорға. 
Ашумен еріндерім күбірледі, 
Тыңдаймын, басқа дыбыс білінбеді. 
Бір қақпа қара тастан жымдасып тұр, 
Ішінде бір зор қабан күрілдейді. 
Ойласам мына дүние жалған екен, 
Іздеген мақсатына барған екен. 
Ақбоз ат келгенімді менің біліп, 
Аузына шойын кілтті салған екен. 
Оңдалған бала жастан менің жолым, 
Білмедім дүниенің оңын - солын. 
Бойыма осы күшім қалай сиған, 
Кілтті жұлып алды шолақ қолым. 
Ақбоз ат алған атым топтан сайлап, 
Көп дұшпан соңға түсті одағайлап. 
Есігін тас сарайдың бұзып кірсем, 


Ішіне қойған екен панар байлап. 
Ақбоз ат, айналайын менің қалқам! 
Сен үшін талай тасты қылдым талқан. 
Жетектеп шылбырынан шығарғанда, 
Аяғын басты атым алшаң - алшаң. 
Жылқыны неге керек босқа мақтап, 
Атты айт, мінген ерін жүрген сақтап. 
Тоғыз жыл топқа мінген жануарым, 
Иегін салды иығыма екі жақтап. 
Ақбоз ат бұл өнерің болды басым, 
Домалар өрге қарай тепкен тасым. 
Жасыңнан тіл үйренген тұлпарым - ай! 
Көзімнің тия алмадым аққан жасын. 
Атадан ұл тумайды мендей сабаз, 
Түрмеде қалды, шіркін талай маңғаз. 
Мировой қорлығына шыдай алмай
Түбіне панарының жаздым қағаз: 
— «Түрмеде алты күндей болдым қонақ 
Сөйлеуге мизамыңды тілім олақ. 
Жорға, рысак Ақбозды алып кеткен, 
Сұрасаң менің атым — Балуан Шолақ!» 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет