ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ әдебиетінің тарихы зерттеп – зерделенген сайын жаңа дерек – дәйектермен, байлам –байыптамаларыман толыға түспек. Соның нәтижесінде белгілі бір тақырып төңірегіндегі тұжырымдарға өзгеше қырынан келіп, ізденіс танытуға мүмкіндік туады. Әдебиеттанудың негізін қалаған ғұлама ғалымдар бағыт – бағдарын көрсеткен, зерттеу ауқымын аңғартқан түйінді мәселелер жеткілікті. Соның бірі қазақ поэзиясындағы зар заман құбылысы екені дау тудырмайды. Бұрын біржақты бағаланып, әдебиет тарихын баяндайтын оқулықтарда зарланып –жылаудың, торығып – түңілудің мысалы ретінде қарастырылған бұл шығармалардың өзара үндестігі, идеялық мазмұндастығы өз алдына, кей тұста ақындардың ой орамдары, өлең өрімдері де сабақтасып жатады.
Зар заман тақырыбы кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік туы көтерілген соң да талдап – талқылаудан, зерттеп – зерделеуден кенде болған жоқ.
Отаршылдық кезеңде айқын көрінген зар заман ағымының бастау көздері ескі дәуірлерден басталады. Ежелгі әдебиет нұсқаларының өзінде жаугершілік пен шапқыншылықтан, зорлық пен зомбылықтан қажып – қалжыраған халықтың көңіл – күйі нақты көрініс тапқан. Елді өзге жұрттың билеп – төстеуін халықтың байырғы ұғымдары мен наным – сенімдері тұрғысынан қабылдау нышандары байқалды. Зар заман өлеңдерінде дәуір сипатының өзгерісі түрліше түсіндірілді. Бұл өлеңдерде ыза мен кек, күмән мен күдік айқын көрінеді. Осының бәрі қилы кезең құбылыстарына бой үйрете алмаған арпалыстың, болжаусыз болашаққа алаңдаушылықтың, жұрт санасындағы сапырылыстың әсері екені анық. Осы кезде қыр–сырын өзінше түсініп–түйсінуге ұмтылған ақындар тарих сахнасына шықты.
Зар заман ағымы – отаршылдық дәуірдегі елдің әлеуметтік ахуалының көркем бейнелеуінің көрінісі. Сондықтан бұл құбылыс басталар жері, тамамдалар тұсы айқындалған, тарихи өзгерістер аясында жетіліп – жаңаланған, өрлеп - өркендеген, тұйықталып – түйінделген ағым ретінде қарастырылады. Зар заман – алдымен отаршылдыққа қарсы саяси ағым. Қазақ халқының мақсат – мұраты, арман – аңсары, сондай – ақ, жоқ – жітігі, өкініш - өксігі осы ағымның аясына сыйғызылды.
Қазақ әдебиетінде зар заман деп аталғанымен, отаршылдықтың езгісін көрген бірқатар елдің поэзиясында кездесетін құбылыс. Көбіне жат жұрттың билігіне мойынсұнған көшпенді халықтардың әдебиетінде айқын байқалады.
Өткен дәуренді романтикалық сарынмен жырлаған, алдағы кезеңде антиутопиялық әуенмен бедерленген зар заман өлеңдері түрлі сезім – түйсіктерді тоғыстырады. Келешектен жақсылық күткенде алдымен жаманшылықты ойға алатын ежелгі түсінік осы адамға да өзек болған.
Зар заман өлеңдерін қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қара сөздің хас шеберлері туғызған. Бұл шығармалар көркемдік өрнектері, әсемдік айшықтары, көріктеу тәсілдері жағынан поэзияның озық үлгілері саналады.
Бұл шығармалар өз ұлтына жаны ашитын ақындардың қайраткерлік тұлғасын да танытады. Зар заман жырлары отарлаушылықтың бүкіл саяси әдіс – тәсілдерін әшкерелейді, мақсат – мүддесін толық аңғартады, қазақты күйреп – күйзелуге ұшыратқан қайғылы шежіреге қанықтырады.
Зар заман ақындары атанған топ өкілдерінің өлеңдерін тек пессимистік көңіл – күй ауқымында ғана қарастыруға болмайды. Зар заман поэзиясының өзегіндегі ой – пікірлер тәуелсіздік идеясымен сабақтас. “Ел азды”, “Жер азды”, “Ұрпақ азды”, “Табиғат тозды” тұжырымдары – аспан асты, жер үстіндегі дүниенің бәрі түгел құрып – бітті, бұзылып – бүлінді, төгіліп – таусылды, деген сөз емес, жалпы халықтық дабыл көтерудің өлеңмен өрілген түрі. Бұл – бодандық бұғауындағы елдің санасын сілкінтуге, азаттыққа ұмтылдыруға үндеген Мұраттың жыр түріндегі жан – айқайы.
Ежелден ақынның міндеті елдің көзіндегіні ғана емес, көңілдегіні де сараптап айта білу, жақсылықты дәріптеу, жылағанды жұбатып, шерлінің дертіне дауа іздеу, ел жоғын жоқтап, мүддесін көздеу болатын болса, бұл міндетті ұлы ақын Мұрат адал атқарған. Ол замандастарын қандай қиын жағдайда да адамшылық, тазалық жолын сақтауға шақырады. Суреткердің мағынасы терең, тағылымды сөздері кеудесінде намысы бар, ұлтын сүйе білер әрбір адамға ой саларлықтай. Ақын мұрасының өзегі болып жатқан, берік қазығы – ұлттық мүдде мәселесі. Әдебиеттің басты мақсаты дәуір, қоғам, адам, шындықты нақты, тартымды, көркем бейнелеу болса, осы талапқа сай өміршең туындыларын кейінгіге мұра еткен Мұрат ақынды қалай ардақтап қадір тұтсақ та артық етпейді.
Зар заман жырлары өзіндік дәстүрі бар, ерекшелігі мол күрделі құбылыстың көрінісі ретінде әдебиеттануғылымының нысанасы болып қала бермек. Бұл халық тарихына қайта үңіліп, елдің шерлі шежіресінен сабақ алу үшін де қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |