3. Материализм
Платон академиясының ең үздік шәкірті, философ-энциклопедист, ғылым мен философиялық ойдың дамуында өзіндік жүйесін қалыптастырған ұлы тұлға, адамзаттың алғашқы ұстазы атанған – Аристотель Стагирит ( б.з.д. 384-322 жж.). аристотель философияда материализмнің негізін салды. Аристотелдің философиялық ілімі онтология, гносеология, логика, методология, социология, этика сияқты философиялық білімнің барлық құрылымдық элементтерін қамтыған күрделі жүйе. «Философия таң қалудан басталады» - деп тұжырымдаған Аристотель философияны үш түрге бөледі:
теоретикалық философия, болмыс туралы ілім;
практикалық философия, адамның іс-әрекеті мен оны моралдық жетілдіруге бағытталған философия;
поэтикалық философия, белгілі бір құндылықтар мен шығармашылыққа бағытталған философия.
Теоретикалық философияға материя мен үздіксіз қозғалыста және өзгерісте болатын нақты, шынайы заттарды зерттейтін физикалық философия немесе екінші философияны, абстракцияны зерттеуге бағытталған математиканы және физикалықтың ар жағында жатқан шынайылықты, яғни табиғи құбылыстардан тыс жатқан, өзгермейтін, мәңгі, қозғалмайтын мәнділікті зерттеуге бағытталған метафизиканы немесе «бірінші философияны» жатқызады. Метафизиканың мәселелері біз танып-біле алатын табиғи құбылыстардан да күрделі нағыз философиялық мәселелер, сондықтан ол физикадан да жоғары тұрған нағыз философия. Метафизика дүниенің түпнегізі, болмысы, субстанциясы, Құдай және сезімдік сезімнен жоғары тұрған субстанциялар сияқты рухани қажеттіліктерді зерттейтін ілім. Болмыс мәселесін зерттей отырып, Аристотель ұстазы Платонның «идеялар әлеміне» қарсы шықты. Өмірде идеялар емес, жекелеген нақты заттар- индивидуумдар өмір сүреді. «Үйдің идеясы» емес, белгілі бір жерде тұрған, нақты материядан жасалған үй бар. Ендеше дүниенің болмысы, түпнегізі - материя. Материя болашақ қандай да бір заттың потенциясы (мүмкіндігі), ол қандай да бір форманы иеленгенде шындыққа айналады. Ал барлық тіршіліктің ең жоғарғы формасы –Құдай болып табылады. Платон сияқты емес Аристотель, керісінше, материалдылық пен руханилықты, макро және микрокосмосты біріктіруге ұмтылады. Жалпы болмыс – сан, сапа, заттар арасындағы қатынас, уақыт, орын немесе кеңістік, заттардың жағдайы, іс-әрекет сияқты қасиеттері бар мәнділік.
Достарыңызбен бөлісу: |