Жай сөйлемнің үйірлі мүшелері
Үйірлі мүшелері бар сөйлем типтері түркітануда төңкеріске дейін де ғалымдар назарын аударған-ды. Орыс түркітанушылары М.А.Казембек пен В.А.Гордиелевский өз еңбектерінде үйірлі мүшелі сөйлемдерді қысқарған бағыныңқы сөйлемдер деп қарастырған (Х.М.Есенов. Синтаксис осложненного предложения в казахском языке.А-ты, 1992 ж.15 б.). Қазіргі кезеңде де үйірлі мүшелі сөйлем түрлерін А.Н.Баскаков заттанған және анықтауыштық қатынастағы сөйлемдер деп қарастырады (Көрсетілген еңбек.1992 ж.15 б.) . Қазіргі өзбек тілінде сөйлемнің құрылымдық түрлерін – жай сөйлем, күрделенген сөйлем деп, үйірлі мүшелі жай сөйлемдерді осындағы екінші топта қарастырып жүр (Көрсетілген еңбек.1992 ж.15 б.).
Бұндай сөйлем типтерін Қ.Жұбанов тек құрмалас сөйлем (ол құрмалас сөйлемді күрделі деп атауды ұсынған болатын) ретінде ғана таниды. Мәселен ол: «Ал, жұрт мақтайтын жырау - осы» десек, күрделі сөйлем болады, күрделінің сабақтасы болады. Неге десең, мұнда анықтауыш емес, өзі бір сөйлем, «жұрт мақтайтын» солайымен тұрып бір-ақ анықтауыш. Бірақ ішін жарып қарасаң, өзара бір сөйлем, «жұрт» - бастауыш, «мақтайтын» - баяндауыш, екеуі қосылып барып «жыраудың» анықтауышы болады. Өйткені, «мақтайтының» тек өзі бұл арада анықтауыш емес, «мақтайтын жырау» десек, мағынасы өзгеріп өзін өзгелер мақтайтын емес, өзін-өзі мақтайтын Науаи сияқты құдай ұрған болып шығады» -деп үйірлі мүшелерді құрмалас сөйлемнің компонентті ретінде қарастырған(Қ.Жұбанов. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. 1966ж., 230 б.).
Жоғарыдағы «Жұрт мақтайтын» типтес өз ішінде бастауышы бар үйірлі мүшелі сөйлемдерді Н.К.Дмитриев көшпелі типті бағыныңқы сөйлем деп, мұндай үйірлі мұндай үйірлі мүшелерді сөйлем тектес (предложениеподобные) мүшелер деп атайды (Русско-чувашский словарь. М.,1951 г., 895).
Н.К.Дмитриевтің бұл тұжырымын қазақ тіл білімінде Қ.Жұбановтан басқа – ғалымдарымыз С.Жиенбаев пен Н.Т.Сауранбаевтардың қолдағаны ғылымда мәлім нәрсе (Ә.Құрышжанов. Н.Т.Сауранбаев. А-ты. 1974 ж.,86 б.). 60-жылдары өзбек ғалымы Г.А.Абдурахманов та үйірлі мүшелерді бағыныңқы компонент ретінде қарастырған. Мәселен, ол «Карим таниган»-ды «Салим» бастауышты анықтайтын бағыныңқы компонент дейді (Г.А.Абдурахманов. Основы синтаксиса сложного предложения современного узбекского литературного языка. АДД, Ташкент. 1960 г. стр 81.). Бұнысы, әрине, Н.Т.Сауранбаев еңбектерімен сабақтас.
Үірлі мүшелі сөйлем түрлеріне қазақ тіл білімінде алғаш зерттеу нысаны етіп алып зерттеген, «үйірлі мүше» деген терминді қазақ тіл білімінде алғаш енгізген (Ауыл мұғалімі. 1935 ж.. N7-8), осы жұмысымызға негіз болған – С.Жиенбаевтың бұл туралы пікірлеріне кейінірек тоқталамыз. Және де, мақсатымыз етіп, осы ағымның (Н.К.Дмитриев, Қ.Жұбанов, Н.Т.Сауранбаев), оның ішінде С.Жиебаевтың аталған құрылымдар туралы ойларының мәнін ашуды алдық.
Ал, енді жоғарыда аталған топқа, яғни үйірлі мүшені «сөйлем мүше» (С.Жиенбаев бағыныңқы компонентті осылай атаған) (С.Жиенбаев.Синтаксис мәселелері.1941 ж. 36 б.) деп танушыларға қарама-қарсы бағытты ұстанушыларға түркітанушылар Н.А.Баскаков, Б.А.Серебренников, Г.Д.Санжеев, Т.А.Бертагаев, М.Ш.Ширалиевтермен қатар қазақ тіл танушылары С.Аманжолов, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Қ.Шәукеновтер жатады.
Үйірлі мүшелі сөйлем - жай сөйлем деген принципті ұстанатын бұл топтың қағидалары, жалпы, қазіргі түркі тілдерінде қалыптасқан. Ал оладың негізгі ойларын Н.А.Баскаковтың мына сөздерінен ұғыну қиын емес: «... все предложения с развернутыми членами не выходят из состава простых предложений. Они, как и простые предложения, имеют в своей структуре только одно грамматическое подлежащее и одно грамматическое сказуемое , выраженные личной формы глагола, хотя каждый из развернутых членов предложения и может логически соответстовать придаточному-сложного предложения (придоточному-подлежащему, придаточному-дополнению, придаточному обстоятельству и придаточном определению) (Исследование по сравнительной грамматике тюрских языков. ІІІ Синтаксис. М.,1961 г.,стр.121).
Бұл екі ағым арасында әр тектес тоқтамды тұжырым болса, «оралымды конструкциялар жайындағы дифференциальды ілім» деп аталатын түркітанудағы жаңа бағыт қазір кең өріс алып келеді. Ол бағыттың түркітанудағы басты өкілдері – К.К.Сартбаев. Г.А.Абдурахманов, К.М.Есенов, Маданов т.б. Мәселен, Қ.М.Есенов үйірлі мүшелі құрылымдарды жай сөйлем құрамындағы кұрделенген (осложненные) сөйлемдердің оралымды түрі, оның ішінде қабыспалы оралым ретінде қарастырады (Көрсетілген еңбек.1992 ж.64 б.). Түркітануда, оның ішінде қазақ тілінде де қазір көптің назарын аударған, жалғасын тауып отырған бұл бағыттың ерекшелігі күрделенген сөйлемдерді жеке зерттеу обьектісіне айналдыруында емес, сабақтас құрмалас мен жай сөйлемдердің (күрделенген сөйлемдердің) ара жігін айқынырақ ажыратуға ұмтылуында деп білеміз. Қ.Есенов «Баласының қолынан етікті жұлып алып, есікке қарай лақтырды» сияқты сөйлемдерді жай сөйлем ретінде таниды (Қ.Есенов. Құрмалас сөйлем синтаксисі.1995 ж.4 б.). Бір субьектінің (бастауыштың) әр түрлі іс-әрекеті (кейде мазмұны) бір ғана предикативтілік қатынас көрсеткіші деуі қазір қолдау тауып жүр. Біз қарастырып отырған үйірлі мүше бұнда оралымның бір түрі ретінде ғана орын алған.
Енді С.Жиенбаевтың үйірлі мүшелер туралы пікірлеріне келейік. ҮМ (Үйірлі мүшелер бұдан әрі ҮМ түрінде қысқартылып беріледі) туралы мәселенің зерттелу тарихына келгенде, ғалымдарымыз С.Жиенбаевтың «үйірлі мүше» деген терминді алғаш енгізуші, ҮМ туралы ұғымның сыр-сипатына алғашқы ғылыми анықтама беруші ретінде танығанымен , оның ҮМ жөніндегі зерттеулеріне атүсті баға беретін сияқты. Олай дейтін себебіміз, бұл жөнінде С.Жиенбаевқа тоқталғандардың бәрінде де ғалымның «Синтаксис мәселелері» атты кітабындағы : «Біздің үйірлі мүшеміз – бәз-баяғы бағыныңқы сөйлем» (Көрсетілген еңбек .1947 ж.,17б.) дегені негізге алынып, ғалымның ҮМ туралы айтқандары, негізінен, осы пікір көлеңкесінде қалады. Сөзіміз дәлелді болу үшін ғалымның ҮМ-ге байланысты еңбектеріне сын айтқан жекелеген ғаымдар пікірлеріне тоқтала кетейік.
Профессор Т.Қордабаев «Мен барған сайын, Сәлім кітап оқып отырады» , «Октябрь тойы болғанда, біз Алматыда едік» деген мезгіл бағыныңқылы сабақастарды үйірлі пысықтауышқа жатқызғанын дұрыс сынаған. Ал, «Қаланы Асқардың күйдіртпегенін Итбай жақсы біледі» , «Сол даудан Кошкин алты қасқыр, жүз сом, бір алтын жүзік алғанын Амантай жақсы білетін еді» деген сөйлемдердегі асты сызылған ҮМ-ді (Үйірлі толықтауыштарды) бастауышсыз келуіне қарай (екеуі де жақсыз сөйлем) ҮМ емес, күрделі толықтауыштар деуіне (Көрсетілген еңбек. Т. Қордабаев. 150-157 б.) әрине келісуге болмайды. Жақсыз тұлғадағы (безличная форма) ҮМ-ді күрделі мүше ретінде қарау Н.А.Баскаковта да бар (Көрсетілген еңбек. 1961 ж., М., 121 б.).
Мәселен, қарақалпақ тіліндегі «Жаңағы үлкен айалдың баласын арқалап қашқан көк қошқар» деген тіркестегі асты сызылған сөзді ҮМ емес, күрделі анықтауыш деп таниды.
Ал Санжеев болса, ҮМ құрамында бастауыштың болу –болмауы міндетті емес деп табады (Вопросы узбекского языкознания. Ташкент. 1954г., стр. 56).
Сонымен қатар Т. Қордабаевтың «Үйірлі мүшелі сөйлем мен сабақтас сөйлем арасында мағыналық жағынан да, интонация жағынан да елеулі ерекшеліктері бар» деуіне толықтырулар енгізген дұрыс сияқты. Үйірлі пысықтауыштардың кейбір формаларының сабақтастармен интонациялық ұқсастықтары барын С. Жиенбаев дұрыс ескерткен болатын (Ауыл мұғалімі. 1935 ж., №7-8,8 б.). Мысал ретінде ҮМ туралы арнайы еңбек жазған филология ғылымдарының кандидаты Қ. Шәукеновтің үйірлі пысықтауышқа келтірілген мына сөйлемін алып қарайық: «Майбасар үп-үлкен басымен балаша қылжақтап отырғанына Абай қызығып күле бастады» (Қ. Шәукенов. Үйірлі мүшелер, оларды оқыту методикасы. 1991 ж., 83 б.). Осындағы асты сызылған үйірлі пысықтауыш интонациясы жөнінен ҮМ-нен ерекшеленеді. ҮМ-дер интонациясы жағынан жігі білінбейді, ал келтірілген мысалдағы ҮМ-нің интонациялық жігі сабақтастардағыдай. Себеп бағыныңқылы сабақтас құрмаластармен үйірлі себеп пысықтауыштардың шатастырылып жүргенінің мәні де осыдан деп ойлаймыз.
С. Жиенбаевтың үйірлі мүшелі сөйлемдерді бағыныңқы сөйлемдер қатарында танығаны жөнінде жоғарыда ғалымдар пікірлерінен келтірдік. Сонда да солса, жалпы ҮМ туралы сөз өткенде, ешкім де С. Жиенбаевқа соқпай кете алмайды. Неліктен, не себепті? Оның қателіктерінен басқа жаңалықтары болды ма? Болса қандай? Міне, ендігі сөзді осы сұрақтар төңірегінде өрбітейік. С.Жиенбаевтың алғашқы «Сөйлемнің үйірлі мүшелері туралы» атты мақаласы 1935 жылы екі рет жарық көрді де (Ауыл мұғалімі. 1935 ж., №7-8, 6б., Қазақ әдебиеті. 31.12.1935 ж.), солардағы ойларын толықтырып, сол атпен 1936 жылы қайта жариялады (Труды КазНИИ нацкультуры. №7. Лингвистический сборник. Вып. 2-ой. 1935 г.). ҮМ мәселелеріне кандидаттық диссертацияның негізінде жазылған монографиясында да (С. Жиенбаев. Синтаксис мәселелері. 1941 ж.) кеңінен тоқталады. Осы ыңғайда ҮМ туралы С. Жиенбаев ойларының дамуын екі сатыға бөлуге болады. Біріншісі – алғашқы жазылған мақалаларындағы үйірлі мүшелі сөйлемдерді құрмаластардың үшінші – ерекше түріне жатқызуы да, екінші сатысы «Синтаксис мәселелеріндегі» аталмыш құрылымдарды сабақтас құрмалас сөйлемдер деп тануы. Солай бола тұрса да, ҮМ-нің түркі тілдері, оның ішінде қазақ тіліндегі ерекшелігін дөп басуын орыс тіліндегі «развернутые члены предложения» деген терминді тіліміздің ерекшеліктеріне сәйкес «сөйлемнің үйірлі мүшелері» деп ұтымды аударынан-ақ байқауға болады. Түркітануда ҮМ жөнінде С. Жиенбаевқа дейінгі пікір айтқандар көбіне-көп анықтауыш қызметіне келетін ҮМ формаларына тоқталады да, қалған сөйлем мүшелерінің қызметіндегі ҮМ, көп жағдайда, ескерілмейді десе де болады. Шын мәнінде, ҮМ-нің ішінде көп қолданылатына да үйірлі анықтауыштар болып табылады. С. Жиенбаев та өз еңбектерінде осындай құрылымдарды бірінші кезекте талдайды, үйірліліктің пайда болуын, негізінен, осыларға сүйеніп айқындайды.
Алғашқы мақалалар тобында анықтауыштың негізгі екі қасиеті бар дейді: «бірі –септелмейтіндігі мен жіктелмейтіндігі, екіншісі –ылғи бір орында, анықтап тұрған сөзінің алдында ғана келетіндігі» (Ауыл мұғалімі. 1935 ж., 6 б.). Мәселен: «Қара құс – қарақұс, бел бау – белбау, қол қап – қолғап, т.б. Бұндай ерекшеліктерді тереңірек зерттеп, ғылыми қорытынды жасау керектігін осы еңбегінде дұрыс ескерткен. Ғалымның бұл пікірінің дұрыстығына дәлел ретінде мынадай мысал келтіруге болады: «Бәйгеқұм деген жер атын (Қызылорда облысы) халықтық этимология Досбол бидің асында бәйге өткен құм, бәйге өткен құм, Бәйгеқұм ыңғайында түсіндіреді.
Үйірлі анықтауыштарға мынадай мысалдар келтіреді:
1.)Төкен ауылының қой аузынан шөп алмайды деген момыны – Сақарбай еді (Б.М.).
2.)Он екі қазанның қақпағындай қалпағы бар қарт қытай аяғынан шарығын сілкіп шешіп тастап, сәкіге отыра кетті (С.С.).
3.) Өзен бойында отырған қалың елге келіп қондық.
4.) Бұрын боранда ұлыған бөріден басқа тірлігі жоқ боз дала – бүгін еңбек ойнағы (Ғ.М.).
Осы мысалдар негізінде ҮМ былай құрылады:
1.)Идиомалы сөздерден құрылады (қой аузынан шөп алмайтын).
2.) Жеке сөйлем болып тұрғанда сөз тізбегінде баяндауыш есімшеге айналса, сол сөйлем үйірлі анықтауыш болып кетеді: «ауыл өзен бойында отыр» -«өзен бойында отырған ауыл.» Бірінші тізбекте «отыр» - баяндауыш, екіншіде «отырған» жанындағы «өзен бойындағыны» қосып алып, анықтауыш болып кетеді. Осы ретпен басқа да ҮМ шығуы мүмкін.
3.) Енді бір жолы мынау болуы керек: анықтауыш болып тұрған сөз орнынан ауысып, өзінен соң келетін бастауыш пен баяндауыштан кейін барып тұрғанда, сол арқылы бастауышқа айналып кетеді, ал екі сөз түрлі анықтауыш болып қалады: “Қытайдың қалпағы бар” - “қалпағы бар қытай”, “колхоздың малы көп” – “малы көп колхоз”, т.б. (Көрсетілген еңбек. № 7-8, 7 б.).
Бұндағы ҮМ-нің жасалуы жөніндегі С.Жиенбаев пікірлерінің ерекшелігі мынада: Аталмыш құрылымдардың жасалу жөніндегі қазақ тілі мамандарының пікірлерінде (Көрсетілген еңбек. Т.Қордабаев, Қ.Шәукенов.) олардың формалық жақтарына көп тоқталады да, құрылымдық ерекшеліктері елеусіз қалатын сияқты. С.Жиенбаев көрсеткен бірінші жол түсінікті болар. Екінші мен үшінші жолдары М.Балақаевтың: «Үйірлі анықтауыштар сөздердің кері тәртіппен орналасқан күрделі анықтауыштың стилистикалық варианты»-деген пікіріне қарағанда өзгешелеу(М.Балақаев. Современный казахский язык. 1959 г., стр. 180). С.Жиенбаев мұнда сөздердің тек орын тәртіптерінің өзгеруі ыңғайында ғана емес, құрамындағы сөздердің трансформациялануы (тұлғалық өзгеріске түсуі) ыңғайында ҮМ-нің құрылымдық табиғатын ашуға тырысқан. ҮМ-нің бұл жолмен пайда болатынын Н.А.Баскаков та негізгі факторлардың бірі ретінде атайды: «Сөйлем анықтауыштық қатынасқа көшкенде, сөйлем мүшелері тұлғалық өзгеріске ұшырайды» (Көрсетілген еңбек. 1961 ж., 121 б.).
Сонымен С.Жиенбаев ҮМ-нің пайда болуын «сөйлем мүшелерінің орнынан ауысуына, екінші жағынан, етістік баяндауыштың есімшеге айналуына байланыстыра» (Көрсетілген еңбек. 1936 ж., 17 б.) қарайды.
ҮМ-нің негізгі белгілеріне мыналарды жатқызады:
1)ҮМ-дің тобымен жүріп, бір ғана сұрауға жауап беруі;
2) Жай сөйлем мүшелерінен ҮМ-нің интонациялық ерекшеліктерінің болмауы (Көрсетілген еңбек. 1935 ж., № 7-8).
Бұл ерекшеліктер ҮМ-нің сабақтастардан ара жігін ажырататын негізгі белгілері деп, сол ыңғайда оларды құрмалас сөйлемдердің үшінші түріне жатқызады (Көрсетілген еңбек. 31.12.1935 ж.).
1935 жылы жарияланған мақалаларынан 1936 жылғы жарияланған мақаласының мынандай ерекшеліктерін байқадық: екеуіндегі пікірлер бір түйінді болғанымен, кейбір үйірлі пысықтауыштардың интонациялық ерекшеліктерін соңғы мақалада байқағанға ұқсайды. Сондықтан болар, «үйірлі пысықтауыштары бар сөйлемдерді сонда (келесі еңбегімізде дегені – Б.Б.) әңігімелейік» - дейді.
ҮМ-ді «Синтаксис мәселелерінде» сабақтас құрмалас сөйлемдер құрамында қарастырғанын жоғарыда айттық. Ал оларда сабақтастарға, сабақтастардың бағыныңқы компоненттерінің қатарына жатқызу себептеріне құрмалас сөйлемдерге талдау жасағанда тоқталатын боламыз. Өйткені, С.Жиенбаев ҮМ-ді бағыныңқы сөйлемдердің ерекше бір түрі ретінде жеке қарастырады.
Ол ҮМ баяндауыштарының негізгі формалары: 1). Есімше, 2) көсемше, 3) есім сөздер екендіктерін дұрыс көрсеткен.
«Есімше мен есім баяндауыштар атау формасында да, тәуелдеулі, септеулі түрде де және шылау сөз ертіп те келе алады. Көсемшелер өздерінің негізгі сипатына лайық ешбір жалғау да, шылау да ертпейді» (Көрсетілген еңбек. 1941 ж., 22 б.) – дегенінің бірінші бөлігіне Т.Қордабаев «автор ҮМ баяндауышының формасы болып қолданылмайтын формаларды да талғаусыз ҮМ-ге әкеп қосады» (Көрсетілген еңбек. 1960 ж. 160 б.) – деп біршама дұрыс сын айтқан. Бұның мәнін С.Жиенбаевтың формаларға байланысты келтірген мысалдарын талдау барысында көрсетеміз.
Есімше баяндауышты ҮМ:
Райхан әйелдер оқып жатқан курсқа кірді. (Сәбит).
Ботакөз ... май тауып әкелді де, ақтық жалыны әлсіз ғана лапылдап тұрған пілтеге майды тамызды. (Сәбит).
Бұлардағы асты сызылғандар есімше формасын қабылдап, бағыныңқыға (ҮМ-ге - Б.Б) айналған дейді. ҮМ құрамына қарай күрделі сөйлемдерден де болатынына мынандай мысалдар келтіреб\ді: «Бұл – сансыз елді өзіне бағындырып,айбатынан ай жасырынған Темір (Ғабит)». «-ған формалы есімшеден болған анықтауыштардың бәрін ҮМ деп тануға болмайды», «түрік системалы тілдерде жеке есімше жалаң мүше (жалаң анықтауыш) бола береді» деген пікірлерін дұрыс деп танысақ, мысалдағы «сансыз елді өзіне бағындырған деген сөйлемде сөйлем составы жоқ» деуімен келісуге болмайды.
Есім баяндауышты ҮМ (есімнің атау түрі).
Қарайтын кісісі жоқ инвалидтерге страхкасса үй салдырып берді (Дмитриев мысалы).
«Өрнек» колхозы – мыңдаған малы бар , үлгілі фермалары бар бай колхоз.
Баяндауышы шылаулы, жұрнақты және жалғаулы есімшелерге біткен ҮМ. Мысалдары: сен айтқанның, сен айтқанды, сен айтқанға, сен айтқаннан, сен айтқан соң/ сен айтқансын, сен айтқасын/, т.б. Бұл айтылған формалар арқылы жасалатын ҮМ-ді Т.Қордабаевтан да, Қ.Шәукеновтен де көптеп кездестіруге болады (Көрсетілген еңбектері).
Баяндауышы көсемшеге біткен ҮМ.
Көсемше тұлғалы ҮМ-ге ешбір қосымша да, шылау да (сен келіп, сен келмей, сен келе, сен келгелі) қосылмайды. Көсемше арқылы жасалатын ҮМ-ді Н.Т.Сауранбаев «Екі қолдарына екі-екі үлкен жасаулы табақты алып, Бурахан, Төлепберді, Жұмағұл, Қарабастар да келеді екен» деген сөйлемдегі ортақ бастауыштарын алдыңғы сыңарға көшіру арқылы ҮМ жасалады дейді. Мысалы: «Бурахан, Төлепберді, Жұмағқл, Қарабастар да екі қолдарына екі-екіден жасаулы табақты алып келеді екен» (Көрсетілген еңбек. Н.Т.Сауранбаев . 85 б.). Яғни, С.Жиенбаевтың көсемше формасы ҮМ жасайтын формалардың бірі деуі негізсіз емес.
ҮМ мағыналары жағынан «сөйлем мүшелерінің қай-қайсысында да ұшырайтынын» (Көрсетілген еңбек. 31.12.1935 ж.) айтып, алдыңғы мақалаларында бұлардың анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш түрлерін ғана талдап көрсетсе (Көрсетілген еңбек. 31.12.1935 ж.), «Синтаксис мәселелерінде» бастауыш, баяндауыш түрлерінің жасалу жолдарына тоқталып өткен (Көрсетілген еңбек. 1941 ж. 23-25 бб).
Енді ғалымның ҮМ-нің мағыналарына, сөйлем мүшелік қызметіне қарай келтірген мысалдарына қарап көрейік.
Үйірлі анықтауыштар: Үрлеген желден бетіне ирек түскен, даланы жапқан тұтас қар ол күні жерді бауырына басып жатқан аққудың қанатына ұқсайтын (Сәбит). Боран мен аяз кезектесіп, бірінің артынан бірі басатын Сібірдің қаһарлы қысында «майтоңғысыз» атанатын кейбір күндер болады (Сәбит). Бақытты өмір кезінде Бар әлемде теңі жоқ Бақытты бала туады. (Жамбыл). Амантай қабырғаласып соғысып барады деген хабар шықты.
Бұндағы ҮМ-нің есімше (жап-қан, баса-тын), сын есім (кең), есім (жоқ) және есімше тұлғалы көмекші етістіктерден (деген) жасалғанын көрсеткен.
Үйірлі толықтауыштар: Бағанағы майыр да, енді тіпті Алшынбай да, Құнанбай, Бөжей тартысының түбі бас араздық екенін тұспалдады (Мұқтар). Құйрық тістесе қыс келетінін, Есрафил сорын үрерін, алай-түлей боран боларын, қабағын түйсе қар төккен ақпан мен қаңтар барын айтпай кеткен (Ғабит). Бұларда жоғарыдағы анықтауыштар жасайтын формаларға (есімшеге) табыс септігі жалғануын ғана көрсеткен.
Үйірлі пысықтауыштар. ҮМ-ді сабақтастың құрамында қарау ыңғайында себеп бағыныңқыны (Қоңырау соғылған соң, біз класқа кірдік), мезгіл бағыныңқыны (Мен барған сайын, Сәлім кітап оқып отырады. Поезд келген бойда, пассажирлер перронға шықты. Октябрь тойы болғанда, біз Алматыда едік.) үйірлі пысықтауыштар деп қате қарастырған. Қ.Шәукеновтің осындағы «Поезд келген бойға» дегенді үйірлі пысықтауышқа жатқызуын (Көрсетілген еңбек. Қ.Шәукенов. 82 б.) біз қате деп түсінеміз. Біріншіден, «Поезд келген бойға» сол кезеңге тән грамматикалық форма болса, оның мағынасы қазіргі қолданыс бойынша «Поезд келген кезде», «келгенде» немесе белгілерінің бірі субъект – предикаттылық қатынас немесе бастауыш-баяндауыштық қатынас болса, онда мұндағы компоненттердің жеке-жеке бастауыштары мен баяндауыштары бар (бастауыштары – поезд, пассажирлер; баяндауыштары - келген бойға, шықты). С.Жиенбаевтың жоғарыдағыша қарастыруы, әрине, тіл білімі тарихында болған функциональді принциптің (бағыныңқының сөйлемдегі қызметін басшылыққа алу) негізінде пысықтауыштық қатынастағы бағыныңқыларды үйірлі пысықтауыштармен шатастыруға әкеліп соқтырған. Қ.М.Есенов «Қазақ тіліндегі бағыныңқы сөйлемдердің дені қарым-қатынасына орай (өз басыңқыларымен) пысықтауыштық ыңғайда жұмсалады» (Көрсетілген еңбек. Қ.Есенов. 73 б.) - деген пікірі бағыныңқы мен үйірлі мүшелердің арасына шек қоймау сырын ұғындыратын сияқты.
Мысал ретінде келтірілген мына сөйлемдердегі асты сызылған пысықтауыштар сабақтастың бағыныңқы сыңарлары болып табылады: Көзіңді көзіне беттетпейтін күннің өткір сәулесі аппақ қарға шағылысқанда, күртіктің бетіндегі ұлпа, жұмсақ қардың әр түрлі жұлдыздары көпірте шашқан күмістің шаңындай жылт-жылт, жарқ-жұрқ етеді (Сәбит).
Заманнан заман өткенде, жас жетпіске жеткенде, Лениндей ер көрдім (Жамбыл).
Тұяқбай Итбай аулына көшкелі, Амантай хабарласқан жоқ (Сәбит).
Көсе қой айдап келе жатса, бір адам пар өгізбен жер жыртып жүр екен.
Ойы ұнамды шыққан соң, Ботакөз қуанып кетті. (Сәбит).
Күн кешкіріп қалғандықтан, командир қарсы болған хоқ (Сәбит).
Тағы да солай тістей ме деп, Ботагөз ұмтылған қаздан қаша жөнелді (Сәбит).
Осылардағы «Күн жоқта күлімсірер жұлдыз бен ай», «Андрейдің өз үйінің іші тамағын ымырт жабылмай ішті» - деген сөйлемдердегі «күн жоқта», «ымырт жабылмай» тіркестері – бағыныңқы емес, үйірлі пысықтауыштар. Өйткені, бұл тіркестер сөйлемдік қасиеттерін жойып, интонациялық тәуелсіздігінен айрылған, бұнда іс-әрекеттің қашан, қай мезгілде болып тұрғанын көрсетіп тұр. Сонымен қатар, «Қоңырау соғылған соң, класқа кірдік» дегендегі басыңқының бастауышын (біз) бағыныңқының алдына қойсақ (Біз қоңырау соғылған соң класқа кірдік), онда «қоңырау соғылған соң» үйірлі пысықтауышқа айналады.
«Синтаксис мәселелеріндегі» «Үйірлі мүшелердің кейбір формалары туралы» деген бөлімінде айтқан мына ойлары қазіргі кезеңде де маңызын жойған жоқ: «Сабақтастың составында екі жай сөйлем болып, олар өзара сабақтасу процесінде бағыныңқының баяндауышы тәуелдік формасына түссе, оның баяндауыштық функциясы жойылады деп есептемеу керек. Ол баяндауыштың бастауышы атауда тұра ма, ілік жалғауда тұра ма, бәрі бір. Мұндай мүше үйірлі мүше болып, былайша айтқанда, бағыныңқы сөйлем болып табылады. «Қаланы Асқардың күйдіртпегенін Итбай жақсы білетін» деген сөйлемдегі жай сөйлемге есептеп, күйдіртпегенін деген тәуелдік сөзді жалаң анықтауыш деп талдамау керек, бүкіл сөйлем сабақтас деп есептейміз, «Итбай жақсы білетін» деген бөлім басыңқы деп есептелу керек те , «қаланы Асқардың күйдірпегенін» деген бөлім бағыныңқы толықтауыш деп ықшамдап айтқанда, үйірлі толықтауыш деп есептелу керек» (Көрсетілген еңбек. 1941 ж ., 27 б.). Изафеттік құрылыс арқылы берілген сөйлемдердің (жақсыз сөйлем) жақты вариантын жасау мүмкіндіктерінің болатынын (Қазір менің Ванядан айырылғым келмейді –Қазір мен Ванядан айырылғым келмейді) филология ғылымының докторы Ж. Сәдуақасұлы еңбектерінен (Ж.Сәдуақасұлы. Етістіктің жақ категориясы. 1994 ж., 111 б.) көруге болатын болса, «менің барғым келеді, сенің баруың керек, оның кеткісі келді» сияқты сөйлемдерді А. Әбілқаев еңбектерінде жақсыз сөйлемдер деп көрсетіп ( А.Әбілқаев. Қазақ тіліндегі жай сөйлем түрлері. 1963 ж., 25 б.), М.Балақаев пен Ғ.Мадина мұндай сөйлемдерді жақты сөйлемдер қатарына қосады (Балақаев ... Қазіргі қазақ тілі. 1966 ж., 27 б., Мадина. Қазіргі қазақ тіліндегі жақсыз сөйлемдер. 1959 ж., 78 б.). Бұдан шығатын қорытынды, С.Жиенбаев сөзімен айтқанда, «есім баяндауышты үйірлі мүшелерде осындай құбылыстар көп. Ондайда бастауыш кейде ілік септеуде тұра береді, бірақ олардың субъектілік мәні жойылмайды. Мысалы: «Мен оның Ленин екенін білмей қалдым» дегендегі толықтауыш – жалаң толықтауыш емес, сөйлемді толықтауыш. Оның бастауышы – ол, баяндауышы – Ленин, дәнекер сөз –екенін» (Көрсетілген кеңбек. 1941 ж., 29 б.). С. Жиенбаев субъектіні логикалық тұрғыдан танып, изафеттік құрылыстағы жақсыз сөйлемнің ҮМ ретіндегі қолданысын сол ыңғайда талдайды.
С. Жиенбаев үйірлі бастауыш пен үйірлі баяндауыш туралы: «Сабақтастың әдепкі құрылысында ... басыңқыға бағынатын ҮМ тек тұрлаусыз мүше бола алады», «онымен қатар, үйірлі бастауыштар мен үйірлі баяндауыштар да болады. Бұл – өзгешелеу структура. Мұнда ... тұтас сабақтас сөйлемнің екі бас мүшесінің бірі жай мүше түрінде айтылады да, екіншісі ҮМ түрінде айтылады. Сөйтіп, мұнда басыңқы сөйлем мен ҮМ-нің шегі болмайды, екеуі тұтасып кетеді» (Көрсетілген кеңбек. 1941 ж., 29 б.) – деп, ҮМ-ді бағыныңқы сөйлем деп тануға болмайтындай пікір айтса да, үйірлі бастауышты, үйірлі баяндауышты сөйлемдерді де апарып сабақтастарға қосады (Көрсетілген кеңбек. 1941 ж., 29 б.).
Сонымен, С.С. Жиенбаевтың үйірлі мүшелер туралы айтқан пікірлерінен мынадай қорытындылар шығаруға болады:
1)Үйірлі мүшелерді сабақтастың бағыныңқысы (үйірлісі) деп танығанымен, оларды айырудың негізгі критерийлерін біршама дұрыс көрсеткен, осы категорияны тануға негіз салған.
2) Үйірлі мүшелер жөнінде соны пікірлер айтқан және де ол пікірлері сын көзбен қараған кісіге қазір де маңызын жойған жоқ. Мәселен, сөйлем мүшелерінің тұлғалық өзгеріске түсіп, сөйлем мүшелік қызметінің ауысуы арқылы, сөйлем мүшелерінің орын тәртібінің ауысуы арқылы үйірлі мүшелердің жасалуы, т.б.
3) Үйірлі мүшелердің мағыналарын, кей ғалымдар атап көрсеткендей, сөйлем мүшелерінің үш түріне ғана емес, барлық сөйлем мүшелеріне қатысты қарап, олардың тұлғалық, мағыналық ерекшеліктерін және синтаксистік қызметтерін айқындаған.
5
Достарыңызбен бөлісу: |