Дыбыстық- талдау жинақтау әдісі Сауат ашудың негізгі объектісі – сөз. Сөзбен жүргізілетін жұмыс түрлері мыналар: сөзді ауызша айту, сөзді жазу және оқу. Сөзді ауызша айту әдетте естуге негізделеді. Жаңа сөз біреуден естілген күйінде қабылданып, есте сақталады, сөйлеу кезінде пайдаланылады. Сөйлеу практикасында сөз жеке дыбыстарға бөлініп айтылмайды, тұтас дыбысталып айтылады. Бірақ сөздегі әрбір дыбысты қалдырып кетпей, түгел және дұрыс дыбыстауды, сондай-ақ сөздегі басқа дыбыстармен байланысты қолдануды керек етеді. Сөзді жазу мен оқу көру арқылы орындалады. Басқаша айтқанда, сөз әріптер арқылы жазылып, әріптер арқылы оқылады. Сөз дыбыстары әріптермен таңбаланбаса, сөзді оқу да, жазу жда мүмкін болмас еді. Демек, әріптерді таныту – сауат ашудың өзекті мәселесі. Алайда, әріптер өздігінен жалаң таныла қоймайды, сөздегі дыбыстардың негізінде меңгеріледі. Ол үшін сөз құрамындағы дыбыстарды даралап, бөліп алу қажет болады. Жеке дыбысты сөзден бөліп алған соң ғана, оны әріппен белгілеуге болады. Өйткені, сөз дыбысы өз алдына жеке-дара, бөлек-бөлек дыбысталмайды, ондағы басқа дыбысты ғана таңбалайды. Осыған орай, сауат ашу жұмысы сөздегі жеке дыбыстарды бөліп алып қарастырудан басталады. Солндықтан сауат ашу әдісі «дыбыстық» әдіс болып есептеледі. Сөзді оқу мен жазу жұмысы (мұның өзі – сауат ашудың негізгі мақсаты) сөзге дыбыстық талдау жасаумен тоқталмайды, талданған дыбыстарды жинақтау арқылы қайтадан тұтас сөз жасауға әкеледі. Сондықтан да бұл әдіс «дыбыстық талдау-жинақтау әдісі» деп аталады. Талдау тәсілі бойынша сөйлеуден - сөйлемді, сөйлемнен - сөзді, сөзден – буынды, буыннан – дыбысты бөліп алуға, жеке дыбыстарды әріптермен таңбалауға мүмкіндік жасалып, оқуға негіз қаланады. Жинақтау тәсілі бойынша дыбыстардан – буын, буындардан – сөз, сөздерден – сөйлем, сөйлемдерден – сөйлеу құрастырылып, оқу машығы қалыптастырылады; оқушылар сөзді алдымен – буындап, соңынан тұтас оқуға үйренеді, сол сияқты, әуелі – жеке бөлшектерден әріптерді шығарып, одан кейін тұтас сөздерді жаза білуге машықтанады; соның нәтижесінде, сөйлемді, тексті оқуға, көшіріп не тыңдап жазуға, сондай-ақ өз ойын байланыстырып сөйлеуге, жазуға біртіндеп төселеді. Талдау тәсілінің негізгі түріне сөзді дыбысқа ажырату, яғни «дыбыстық талдау» жатады.