Саяси элиталар және саяси көшбасшылық. Қоғамның саяси жүйесі. Мемлекет және азаматтық қоғам. Саяси режимдер



бет9/9
Дата13.03.2023
өлшемі156 Kb.
#73725
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9
10.Саяси элита ұғымы.
«Элита» термині француздың «еlite» деген сөзінен шыққан, яғни сұрыпталған, таңдалған, іріктелген деген мағынаны білдіреді. XVIII ғасырдан бастап ол сөзбен жоғары сапалы тауарларды атады. XX ғасырдан бастап саясаттану мен әлеуметтануда білімі, байлығы, беделі, билігі жоғары адамдардың азғантай әлеуметтік тобын білдіреді. Қарапайым мағынада «элита» ұғымы жақсы, таңдаулы, іріктелген нәрсеге берілетін оң бағалау сипатына ие. Бірақ қоғамтану ғылымдарында бұл ұғым бағалау мағынасынан айырылады және әлеуметтік иерархиядағы жоғары қабаттарды білдіреді. Элитаға жататын адамдар ең жақсы адами қасиеттерге ие болуы міндетті емес (тіптен, көбінесе бұл керісінше), ал әлеуметтік иерархияда кейбір адамдар ерекше таланттарының арқасында ғана емес, сонымен бірге мұрагерлік немесе кездейсоқ жағдайларға байланысты элита қатарына ене алады.
Элитаға түрлі анықтамалар беріледі:
- өздерінің қызмет ету саласында ең жоғары индекс алған тұлғалар (В.Парето).
- билікке бағытталған, саяси тұрғыдан ең белсенді адамдар (Г.Моска)
- қоғамда үлкен беделге, байлыққа, мәртебеге ие тұлғалар (Г. Лассуэлл)
- өз мәртебесіне қарамастан, көпшілікке қарағанда интеллектуалды және моральдық артықшылығы бар адамдар (Л. Боден)
- жауапкершілік сезімі жоғары адамдар (Х. Ортега-и-Гассет)
- шығармашылықпен айналыспайтын көпшілікке қарсы салмақ боларлық шығармашылық азшылық (А. Тойнби) және т.б.
Элитаға тән сипаттар:
- Шағын, жеткілікті дәрежеде дербес әлеуметтік топ;
- Жоғары әлеуметтік мәртебеге ие;
- Қолдарында мемлекеттік және ақпараттық биліктің елеулі көлемі бар;
- Билікті жүзеге асыруға тікелей қатыса алады;
- Ұйымдастырушылық қабілеті мен таланты бар.
Осыған орай әрбір қоғамдағы саяси элитаның өз ерекшеліктері болатынын айтуымыз керек. Элитаның қандай болуы ең алдымен қоғамның сипатына, оның әл-ауқатының мөлшеріне, мүшелерінің білім деңгейіне, тарихи салт-дәстүріне, мәдениетіне және т.б. байланысты. Өз кезегінде саяси элитаның сипаты қоғамның қалпына және оның динамикасына мейлінше үлкен ықпал етеді.
Әкімшілік элита – билеуші элитаның бөлігі, министрліктер, департаменттер және мемлекеттік басқарудың басқа да органдарының мемлекеттік қызметшілері.
Экономикалық немесе бизнес элита – бұл меншік ресурстарының негізінде билік құрылымына өзінің қатынасуын іске асыратын билеуші элитаның бөлігі. Экономикалық элитаға өз қолдарында материалдық және қаржы ресурстарын шоғырландырған: ірі корпорациялар, банктердің иелері және олардың менеджерлері, бизнесмендер және т.б. адамдар кіреді.
Әскери және полициялық элита – билеуші элитаның маңызды бөлігі. Олар қоғам өмірінде, саяси үрдістерде үлкен рөл атқарады, әскери, полициялық элитаны көбінесе саясаттың шешуші құралы ретінде пайдаланады. Әскери және полициялық элитаның құрамына елдің жоғары әскери басшылары, генералитет, ішкі істер министрлігінің басшылары, мемлекеттік қауіпсіздік, арнайы қызмет және т.б. басшылары кіреді.
Рухани-мәдени элита – бұл рухани билікті алып жүрушілер. Ол аса беделді әрі ықпалды өнер, оқу-ағарту, әдебиет қайраткерлерінен және басқа да шығармашылық интеллигенция өкілдерінен тұрады.
Ғылыми элитаның қоғамның қоғамдық-саяси өмірінде маңызды позициясы бар. Ол интеллектуальды элитаның аса дарынды бөлігінен тұрады. Оның рөлі – ғылым мен техниканың дамуына, ғылым мен техникалық прогреске және т.б. ықпал жасау деңгейімен анықталады. Осы элиталық топтар ішкі жағынан біртектес, жеңілдікті, бүкіл қоғамның өкілдігіне ұмтылатын саяси үстем етуші топты құрай отырып, бәрі бір-бірімен өзара тығыз байланыста әрекет етеді.
Саяси элита – бұл билік құрылымдарында жетекші орын алатын, билікті пайдаланып, маңызды саяси шешімдер қабылдауға тікелей қатысатын мәртебелі топ. Саяси элитаға жоғары тап деп аталатын және қоғамда билік жүргізетін адамдар кіреді. Саяси элитаның құрамына мемлекеттік және партиялық институттарда жоғарғы саяси билігі бар адамдар кіреді. Олар, әдетте, өздері басқаратын институттардың қызмет стратегиясын жасаумен айналысады, оларды басқарады.
Элиталардың барлық түрлерінің ішінде саяси элита ерекше орын алады, өйткені ол мемлекеттік билікті пайдалануға қатысады және белгілі бір өкілеттіктерге ие. Жоғарыда аталған элиталық топтар мемлекеттің саясатына айтарлықтай әсер ете алады, кейбір жағдайларда тіпті саяси элитамен бірігіп те кетеді. Мысалы, экономикалық элитаның саяси элитамен сыбайласуы олигархиялық биліктің қалыптасуына, әскери және саяси элитаның бірігуі – мемлекеттің милитаристік ұстанымдарға өтуіне, діни және саяси элитаның бірігуі –теократия элементтерінің туындауына әкеледі.
Саяси элитаның туындау себептері:
1. Адамдардың жеке ерекшеліктерімен анықталатын психологиялық және әлеуметтік теңсіздігі;
2. Мемлекеттік биліктің қалыптасуы;
3. Адамдардың өздерінің әлеуметтік мәртебесін арттыруға ұмтылысы;
4. Адамдардың өздерінің әлеуметтік мәртебесін жеке пайда табу үшін пайдалануға деген ұмтылысы.
Саяси элита – бұл аз санды, қоғамдағы басқа адамдарды басқару үшін қажетті белгілі бір психологиялық, әлеуметтік және саяси қасиеттерге ие, мемлекеттік билікті жүзеге асыруға тікелей қатысатын шағын, жоғары мәртебелі, жеткілікті дәрежеде тәуелсіз, жоғары топ (немесе топтар жиынтығы). Саяси элитаға кіретін адамдар, әдетте, кәсіби негізде саясатпен айналысады. Элигизм тұтас жүйе ретінде ХХ ғасырдың бірінші жартысында В. Парето, Г. Моска мен Р. Михельстің зерттеулері арқасында қалыптасты.
Саяси элита - бұл қоғамды басқаруда билеуші қызметін атқаратын және мемлекеттік билікті қолына шоғырландырған, маңызды саяси шешімдер қабылдауға қатысатын кәсіби әлеуметтік топ. Қоғамның саяси элитасының құрамына биліктік функиияны және уәкілдік құқтыиеленген лауазымды саясаткерлер, стратегиялық мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу мен жүзеге асыруға қатынасуға кәсіби дайындығы бар жоғары мемлекеттік қызметкерлер кіреді.
Сонымен, саяси элита – қоғамдағы саяси ықпалға және артықшылық жағдайға ие адамдардың жиынтығы. Саяси элитаға, сонымен бірге, әкімшілік, экономикалық, әскери, полициялық, идеологиялық-ақпараттық, рухани-мәдени және ғылыми мамандандырылған кіші әлеуметтік топтар да жатады.
Элиталар теориясын жасаушылардың бірі, итальяндық әлеуметтанушы Гаэтано Моска (1858-1941) демократиялық қоғамдардың өзінде нақты билік ешқашан көпшілікке тиесілі емес екеніне, бірақ әрқашан да сайланған азшылықтың қолында болатынына назар аударды.
Саяси билікке қол жеткізу тұрғысынан қоғам екіге бөлінеді – басқарушылар (шағын элита) және бағыныштылар (адамдардың басым көпшілігі). Демек, саяси элитаны қолында билігі бар, ұйымдасқан азшылық деп атауға болады. Элитаның өкілдері саяси белсенді және бүкіл саяси жүйе үшін маңызды шешімдер қабылдай алады, бұйрықтар береді және олардың орындалуын бақылайды.
Әдетте саяси элитаға мемлекет басшысы, премьер-министр және министрлер, парламент палаталарының басшылары, парламенттік фракциялар, партиялар мен қоғамдық-саяси қозғалыстар жетекшілері, аймақтық басшылар, сондай-ақ ірі басқарушы шенеуніктер (әкімшілік элита) кіреді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет