Список литературы
1.
Minorsky V.Hudud al-Alam. The regions of world. A. Persian geography 372
A.H.-982 A.D.-London 1937.
2.
Clauson J.A. Propos du manusckript Peliot tibetain 1238//JA 1957.-T.255.№1.
3.
Бартольд В.В. Извлечение из сочинения Гардизи Заин ал-Акбар. Приложение
к «Отчету о поездке в Среднюю Азию с научной целью 1893-1894 гг.». М.
1978. Т.8.
4.
Худуд ал-Алам. Рукопись А. Туманского. М., 1930.
5.
Материалы по истории Туркмен и Туркмении. М-Л. 1939. Т.1.
6.
Minorsky V.Hudud al-Alam. The regions of world. A. Persian geography 372
A.H.-982 A.D.-London 1937.
7.
Гаркави А.Я. Сказания мусульманских писателей о славянах и русских (с
половины УП до конца Х века по Р.Х.). СПб., 1870.
8.
Абду-л-Фазл-Бейхаки. История Масуда 1030-1041. Ташкент 1962.
9.
Там же.
10.
Махмуд ибн ал-Кашгари. Девону лугатит-турк. Ташкент. 1960-1963. Т. 1-Ш.
11.
Там же.
12.
Там же.
13.
Храковский В. Шарав ал-Заман Тахир-Марвази //ТСВ АН КазССР. Алма-
Ата, 1959. Т.1.
14.
Ахинжанов С.М. Кыпчаки в средневековой истории Казахстана. Алма-Ата,
Наука. 1989.
15.
Новгородова Э.А. Кыпчакские святилища на юге Казахстана (Сандыкский
перевал г. Мерке). М., 1989.
16.
Махмуд ибн ал-Кашгари. Девону лугатит-турк. Ташкент. 1960-1963. Т. 1-Ш.
17.
Садр ад-Дин Али ал-Хусаини. Сообщение о Сельджукском государстве.
Сливки летописей, сообщающих о сельджукских эмирах и государях. М.,
1980.
18.
Агаджанов С.Г. Очерки истории огузов и туркмен Средней Азии 1Х-ХШ вв.
Ашхабад, 1969.
19.
Материалы по истории Туркмен и Туркмении. М-Л. 1939. Т.1.
20.
Махмуд ибн ал-Кашгари. Девону лугатит-турк. Ташкент. 1960-1963. Т. 1-Ш.
21.
Агаджанов С.Г. Очерки истории огузов и туркмен Средней Азии 1Х-ХШ вв.
Ашхабад, 1969.
22.
Радзивиловская летопись //ПСРЛ,Л., 1989. Т.38.
ҚЫПШАҚ ЕСКЕРТКІШТЕРІНДЕГІ КЕЗДЕСЕТІН ЖАЗБА
ДЕРЕКТЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Әлменбетова У.А.
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті,
«Еуразия» ғылыми зерттеу
орталығы, Астана қаласы
Орта ғасыр жазба ескерткіштері – түркі халықтарының өткен тарихы,
мәдениеті, әдебиеті, тілі, тұрмыс-тіршілігі, дінінің өткен тарихынан мәлімет
алуға мүмкіндік беретін асыл мұрасы. Халқымыздың өткен тарихын, тілін,
мәдениетін білуде, атап өткеніміздей, бұл мұралардың маңызы өте жоғары.
Замандар бойы сақталып, бүгінгі күні халқымыздың асыл қазынасына
айналған мұраларды халқымызға жеткізу мақсатында қыруар еңбектер
атқарылды.
Орыстың белгілі жазушысы М. Горький өз заманында былай деген екен:
«Халық әдебиетін білмейінше, халықтың нағыз тарихын білу мүмкін емес».
Сондықтан да қазіргі кезеңде қазақ тарихын қайта жазу, зерттеу, оны
дәуірлеу мәселесі күні бүгінге дейін ғылыми шешімін таппай, өзінің ғылым
ретінде табиғи даму-марқаю дәрежесінен көтеру басты мәселенің біріне
айналып отыр.
Оның басты себептерінің бірі - көне тарихымыз туралы өз тіліміздегі
жазба деректердің аздығы тарихшыларымызға қол байлау болды.
Тарихымызға қатысты деректердің көбі көрші елдердің жазбаларында
сақталып, сол елдің зерттеушілерінің ұлттық және саяси мүдделеріне орай
өзгертулер мен « түзетулерге» ұшырағандығы ескерілмей, шала қорытылды.
Қазақтың шежіре деректері алып қашты сенімсіз нәрсе ретінде қаралып,
тарихи дәлел ретінде пайдаланылмады.
Кеңестік
идеологияның темір тегеуіріні, қазақ зиялыларының
халқымыздың рухани мұраларына халықтық талғаммен қарап, баға беруіне
мүмкіндік бермеді. Өйткені, халықтың өз болмыс-бітімін тура тануға
ұмтылуы – бағынышты халықтың тарихи жадын үзіп, өткенін ұмыттырып
отыруды мақсат тұтқан кеңес билеушілерінің түп мүддесіне қайшы еді.
Ұзақ уақыт дәурендеген отаршылдық езгі мен үстем саясат халқымыздың
ұлттық ойлау жүйесін орасан талқандап, жасқаншақ, құлдық психологияны
ұлт санасына терең сіңірді. Ол ата-бабаларымыздан қалған, кейінгі ұрпаққа
қалдырар рухани мұраны, ұлттық тұрғыдан, халық тарихымен бірлестіре
зерделегенде ғана өз еліміздің тарихы мен табиғатын тануда шындыққа
жақындай түсетіндігімізді ойлатпады. Дегенмен де бұл түйін жалпылық мән
алатын, баршаға ортақ шындық емес. Халқымыздың төл тарихымен
сабақтастыра отырып зерттеп, әр дәуірдегі жазба және шежірек деректерді
оқып тани бастасақ, сол дәуірдегі барлық немесе басым көп санды деректік
нұсқалардағы ортақ «сарынды» тауып, оны сол заманның үстемдігін,
ағымдық сипатын анықтаудың өлшемі ету керек деп пікір білдірген
ғалымдарымыз болды. Алайда бұл ізденістер өзінің заңды жалғасын таба
алмады. Қаншалықты құнды болуына қарамай, бытыранды пікір күйінде
қалып, ортақ теорияның тууына, дұрыс тұжырымның жасалуына қызмет ете
алмады.
Ал бүгінгі күні сол өзекті тақырыптың бірі - кешегі Алтын Орда дәуірінде
өшпестей құнды дерек қалдырған қыпшақ ескерткіштері болып табылады.
Қыпшақ ескерткіштеріндегі жазулар жайлы деректерді біз алтын Орта
дәуірінен қалған жазба мұралардан қарастырылуы өте құнды. Деректердің
біраз бөлігі кезінде зерттеліп, өз бағасын бергенмен, оған тереңнен зерттеу
жүргізіп, деректердегі ұшырасатын көптеген мәліметтерді жүйелеу, бір
сарынға келтіру, тарихымызға нақты мәлімет беретіне баса көңіл
аударуымыз қажет. Абдукамалова Э.С. өзінің ғылыми еңбегінде Көне
қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштер негізінен ХІ-ХҮІІ ғасырлар
аралығын қамтиды деп тоқталып, оларды жазу үлгісіне қарай бес топқа
бөлінеді деп көрсеткен:
1.Готикалық көне шрифтімен жазылған ескерткіштер (ХІІІ – ХІҮ ғасырлар).
2.Араб әрпімен жазылған мұралар (ХІ – ХІҮ ғасырлар).
3.Армян жазуымен берілген мұралар ( ХҮ – ХҮІ ғасырлар).
4.Орыс әліпбиімен жазылып қалған деректер (ХІ – ХІІІ ғасырлар).
5. Шығыс Европа аймағын мекендейтін кейбір халықтардың тілінде сақталып
қалған және сол елдердің өзіндік жазу үлгілерімен берілген сөздер (адам
аттары мен жер-су аттары т.б.) [1;2-б].
Сонымен қатар ескерткіштер белгілі бір саяси-әкімшілік орталықтарда
туып, солардың талап-тілектеріне сай жазылып отырғандықтан, қазақ
ғалымдары (Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М.) оларды шартты түрде
мынадай топтарға бөліп қарастырады: куман қыпшақтарының тілінде
жазылған ескерткіштер, половец қыпшақтарының тілінде жазылған
ескерткіштер, Орта Азия қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер,
Алтын Орда қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Мамлюк
қыпшақтарының тілінде жазылған ескерткіштер, Армян колониясының
тілінде жазылған ескерткіштер [2;10-16-б].Орта ғасырларда жазылған
ескерткіштерді зерттеп, құнды пікірлер айтқан ғалымдардың тұжырымдарын
басшылыққа алған М. Сабыр мынадай екі үлкен топқа бөліп қарастырады:
1.Көне қыпшақ ауызекі сөйлеу тілінде жазылған ескерткіштер.
2.Көне қыпшақ жазба ескерткіштері [3; 6-б].
Қыпшақ жазба ескерткіштерінің көбі қыпшақ тілінде жазылып, оғыз
тілі әсер еткен (Мәмлүк, Орта Азия мұралары), оғыз тілінде жазылып,
қыпшақ тілінің ықпалына түскендері аз (Хорезм нұсқалары)» [4; 45-46-б].
Бұл орта ғасырлық дереккөздері қазіргі заманғы кешенді зерттеушіден үлкен
жауапкершілікпен жүзеге асырылатын деректану жұмыстарын жүргізуді
талап етеді.
Қыпшақ ескерткіштері негізінен қыпшақ тіліндегі және армян жазулы
ескерткіштерді қамтиды. Мысалы, Қыпшақ атауы «қыпчак», «коман»
(куман), «половец», «мамүлік» болып, әр елдің деректерінде әр түрлі
атаумен кездеседі. Қанаттас қағанаттар дәуірінде, қыпшақтар Қазақстанның
солтүстік батыс өлкелерінде, Қара теңіз атырабында, Каспийдің
солтүстігінде, ХІІ ғасыр басында Кавказ жерінде болады. ХІІІ ғасырда
Шыңғыс ханнан ығысып, украин жеріне келген армяндар ХV ғасырдың
соңында қыпшақтарға бағынады. Ғ. Айдаровтың мәліметі бойынша, олар
«қыпшақтардың тілін үйреніп, күнделікті іс- қағаздары армян, поляк
тілдерімен қатар, қыпшақ тілінде де жүргізіледі». Т. И. Грунин: «жылдар
бойы половецтерге саяси тәуелді болған армяндар олардың тілін үйренді,
половецтер саяси дербес мемлекет болудан қалған соң да, ұзақ уақыттар
бойы сол тілді пайдаланды дейді [5;58-б].
Б.Кенжебаев: «Қыпшақтар араб әліппесін қолданған», десе, «Араб
жазуымен жазылған қыпшақ ескерткіштерінің барлығын» Ғ. Айдаров та
айтады [5; 4-б]. Қыпшақтар араб жазуын пайдаланып, ойшыл жазушылары
араб жазуымен шығармалар жазған. Мамүліктер мемлекеті заманында
арабша-қыпшақша сөздік жасалған. «ХІІІ ғасырда Байлағ-әл-Қыпшақи деген
кісінің «Қымбат металдарды түсінудегі саудагер байлығы» және «әл-Ануар
әл-Мудин» атты араб тілінде жазылған еңбектері болған» , алдыңғысы
Парижде сақтаулы, соңғысын А. Зайончковский атағаны болмаса, онан басқа
ешкім көрмеген екен [6;552-б].
Қыпшақ ескерткіштері бірнеше топқа бөлінеді. Бірінші, «Готикалық көне
жазумен» жазылған ескерткіштер. Ғ. Айдаров «Кодекс Куманикусты» осы
жазу негізінде жазылған деп қарайды. Екінші, армян алфавитімен жазылған
тарихи деректер, іс-қағаздар. Үшінші, діни әдебиеттер, естеліктер мен әдеби
аудармалар. Армян жазуымен, қыпшақ тілінде жазылған 27 сот актісі (15254
бет) бар. Осылардың ішінен бір міндеттеме, бір сенімхат, бес акті кітабын
Т. И. Грунин «ХVІ ғасырдағы половецтер тіліндегі документтер» атты
еңбегінде жариялаған. «Львов қаласының 1583-1661 жылдар арасындағы
оқиғаларын қамтитын сот жазбалары Львов қаласындағы мемелекеттік
архивте, Львов рухани соттар жазбаларының қыпшақтарға қатысты 1572-
1667 жылдар арасын қамтитын материалдары Венада мхитеристер
кітапханасында (папка № 441– 447), 1669-1672 жылдар арасындағы
Қыпшақтардың өмірін суреттейтін материалдар Львов қаласындағы ғылыми
кітапханада (папка №1485), соттар жинағының 1519 жылғы оқиғалар
баяндалатын жазбалары Брослав қаласындағы ұлттық институттың ғылыми
кітапханасында (папка № 1916) сақтаулы дейді. Осы документтердің
Венеция хроникасында христиан дініне қатысты деректер, Польша ұлысы
хроникасында қыпшақтарға қатысты деректер кездесетіні айтылады. Армян
жазулы ескерткіштер арасында дінге қатысты 20 - дан артық жазба, 610
беттік естелік, үш метрлік таяқшаға қыпшақ тілінде армян жазуымен
жазылған эпиграфиялық ескерткіштер бар екен.
Бұлардан басқа Лусик Саргабақтың «Қыпшақ тілінің грамматикасы»
(1581 ж) Ереван қаласында Моштоң атындағы қолжазбалар институтында
(папка №2267) әлі тұрған көрінеді. Онда 500 - ге тарта есім сөздерге, 180
етістікке талдау жасалған. Ең қызығы, қазіргі қазақ тіліндегі «ағаш» сөзі
«агач», «аз» сөзі «аз», «ай» сөзі «ай», «алтын» сөзі «алтын», «ана» сөзі «ана»,
«аң» сөзі «аң», «әуелгі» сөзі «әуелгі», «ауырлық» сөзі «ағырлық», «атты»
сөзі «атлы», «борышты» сөзі «борышлы», «біз» сөзі «біз», «сен» сөзі «сен»,
«ол» сөзі «ол», «бұ (бұл)» сөзі «бу», «кім» сөзі «кім», «кесу» сөзі «кес»,
«төле» сөзі «төле», «таны» сөзі «таны» болып келеді екен. Тіпті кейбір
сөздердің синонимдері де, қазіргі қазақ тіліндегідей («әуелгі» сөзінің
синонимі «алғашқы») болып келетін көрінеді.
Тілге қатысты екінші бір еңбек «Қыпшақ тілі грамматикасы» (1613 ж).
Көлемі 178 бет, Венадағы мхитаристер кітапханасында (папка № 84)
сақталыпты.
Ереван
қаласында
Моштоц
атындағы
қолжазбалар
институтында да бір нұсқасы болса керек. Армян жазуымен жазылған
қыпшақ тілінің үш сөздігі бар: «Армян-қыпшақ сөздігі» (1628 ж), «Армян
қыпшақ сөздігі» (1540 ж), «Армян-қыпшақ польша тілдер сөздігі» (1634 ж).
Оларды зерттеген В. В. Радлов, Г. Кун, Б. Дорн, А. Фон, Габен, Р. Рахим,
Г. Ғазиз, А. Н. Самойлович, М. Рясенен, К. Менгес, Дж. Клусондар
ескерткіштердің тілдік ерекшелігіне баса мән берген екен. «Соттар жинағын»
1950 жылдарда М. Лебицки, Р. Кононовтар зерттеген. Бұл ескерткіштердің
Алтын Орда-Оғыз-Қыпшақ дәуірін зерттеудегі маңызы ерекше. Алайда
олардың тарихқа қатысы әлі де толық зерттелген жоқ.
Армян жазулы қыпшақ ескерткіштерінің ішінде «Дана Хиқар» кітабы
біздің тарихымыз үшін ерекше мәнге ие. Кітап армян тілінен қыпшақ тіліне
аударылған деген мәлімет бар. Шығарманың түпнұсқасы Вена қаласындағы
мхитаристер қорында (папка № 468) сақтаулы көрінеді. 1964 жылы оны Ж.
Дни, Э. Триарскийлер «Дана Хиқар тарихының армиян-қыпшақ нұсқасы»
деген атпен бастырып, фотокөшірмесін жариялапты. С. Ж. Құдасов осы
фото көшірмені қазақ тіліне аударып, «Армиян жазулы қыпшақ ескерткіші
Дана Хиқар сөзінің тілі», - деген атпен 1990 жылы бастырып шығарған. Х.
Сүйіншәлиев «Ғасырлар поэзиясында» қыпшақтар кітабы туралы [7;93-б]
мәлімет беріп пікір қозғаса, Ш. Сәтбаева «Қазақ әдебиетінің тарихында»
«Дана Хиқар сөзінің тарихы мен бейнелілігіне» арнаулы тоқталады [8;566-
б]. «Дана Хиқар сөзі» әуелде Ассирияда, Вавилонияда туып, кейін
қыпшақтарға тараған деп шамалайды.
«Дана Хиқар сөзі» әуелгі нұсқасында басқа елде, басқа тілде туса да,
Алтын Орда кезеңінің деректік қорына қосылады. Бұл шығарма қазақ
арасында ертеректе кең тарап, талай аңыздың тууына бастама болған сияқты.
Оның бір сарыны әріден басталса керек. Қазақтың ескі аңызында: бір патша
алпыстан асқан қарттарды өлтіруге бұйрық береді. Елдің бәрі әкесін өлтіріп
жатқанда, бір жігіт әкесін өлтірмей, сандыққа жасырып, алып қалады.
Күндердің бірінде ел шөлге тап болып, сусырап қырылу қаупі төнеді. Сонда
әлгі қарт баласына, тал түсте сиыр қайда жиналса, сол жерден су шығады
дейді. Бала әкесінің айтуы бойынша, сиыр жиналған жерді қазса, сол жерден
су шығыпты. Тағы бірде судың түбінен алтын шаңырақ көрген патша, сол
алтын шаңырақты алып беріңдер деп елге жарлық салады. Жарлыққа қарсы
келгендердің басы алынады. Алтын шаңырақты аламын деп суға түскендер
суға батып өледі. Сонда әлгі қарт баласына, ол шаңырақ судың түбінде емес,
таудың басында тұр дейді. Бала әкесінің айтуы бойынша, суға төніп тұрған
қара жартастың басынан шаңырақты алып түседі. Разы болған патша, сен,
осындай данышпандықты қайдан үйрендің деп сұрайды. Бала мен әкемді
өлтірмей сақтап қалған едім, сол кісінің ақылы бойынша істедім деген екен.
Сонан бастап патша қарттарды өлтіруге берген жарлығының күшін
жойыпты дейді. Аңыздың мазмұны «Дана Хиқар сөзіне» өте жақын. Аяз би
аңызы да «Дана Хиқар сөзімен» тектес келетіні белгілі.
Алтын Орда дәуіріндегі дерекке қатысты тамаша жәдігерлік «Кодекс
Куманикус». «ХІІІ ғасырдың соңғы жарымында басталып, ХІV ғасырдың
басында – 1303 жылы шілде айында Қара теңіздің шығыс солтүстік
жағалауының бір жерінде аяқталған» [9; 4-б]. Қолжазба латын-парсы-
қыпшақ тілдерінің сөздігі. Сөздер алдымен латынша – парсыша –
қыпшақша, онан соң қыпшақша – немісше – латынша берілген. Соңғы
бөлімінде қыпшақ тілі грамматикасы жөнінде түсіндірмелер жасалып,
христиан дінінің дұғалары мен инжіл кітабынан ішінара үзінділер аударылып
берілген. «Қыпшақтар ислам дінін бұрынғы қонысында, ІХ ғасырда-ақ
қолдана бастағанын» [10;4-б] ескерсек, бұл кітап таза ғылыми мақсатта
жазылған ескерткіш екені даусыз. Сөздікте қыпшақтардың жұмбақтары, ай
аттары кездеседі. Қазақ әдебиетін зерттеуші белгілі ғалымдар Ә. Нәжип пен
Ә. Құрышжанов бұл сөздікті тіл білімі тұрғысынан зерттеген.
Бұл кітапты жай ғана сөздік ретінде қарауға болмайды. Мұндағы (Ке) һе
барыр қара қулақ, «Ерте келір қара қулақ (түңлік). «Олтырғаным – оба йер,
басқаным бағыр шанақ (үзеңгі)» болып келетін жұмбақтар, көшпелі өмірді,
ұлттың болмыс бітімін, тұрмыс-салтын, сол кездегі халықтың өмір сүру
кезеңін бейнелейтін, сөздіктің әдеби құнының ғана емес тарихи жағынан
жоғарылығын танытатын тамаша дәлелдер. Бұл сөздік «Қазақ тілінің
ертедегі сөздігі, қазақ халқының тілі мен әдебиеті, тарихында маңызды орын
алады». Сөздікте кездесетін сөздердің құрамына талдау жасаған Б.
Кенжебаев, онда қазіргі қазақ тіліндегі көптеген сөздер мағыналық, тұлғалық
жақтан сол қалпында: «Азамат, аяз, айна, айран, ағыс, ақымақ, ұлы ата»
болып, қазіргі тілімізде кездесетін, араб, парсы тілдерінен кірген, «шариғат,
сұлтан, харам, мүлік, садақа, ғашық, ғаріп, ғұмыр, ләззат, ғақыл» сөздері де
ұшырасатынын айтады.
Орта ғасырларда қолымызға жеткен бұл жазба еңбектердің өзіндік
ерекшелігі бар. Алтын Орда дәуірінде көшпенді түрктерде ислам діні үстем
орынды иелесе, осыған орай мәдениетте де бір ыңғайлану пайда болды. Бұл
дәуір жазба деректерде ислам дінінің ықпалы күшейген дәуір болды.
Қорыта айтқанда, жеке ескерткіштердің тілін арнайы зерттеумен
айналысып, монографиялық еңбек жазған ғалымдар көп емес. Ескерткіштер
арнайы зерттелмегендіктен, ескерткіштердің тілі жөнінде айтылған пікірлер
де сан алуан. Орта ғасырдағы тәңірлік діннің де, манихей дінінің де, будда
дінінің де, ислам дінінің де белгісі сақталып отырады. Бұл әлі де болса
қыпшақтану саласындағы зерттелмеген, Алтын Орда дәуіріндегі қыпшақ
ескерткіштеріндегі кездесетін құнды жазба деректердің тарихқа тиесілі
сапалық ерекшелік тұрғыдан талдауды қажет ететінін көрсетеді. Ал сыртта
қалған мұраларымызды қолға алып, кадеге жарату бүгінгі күннің басты
талабы екені айқын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Абдукамалова Э.С. Орта ғасыр жазба ескерткіштер тілінің зерттелуі.
Халықаралық Түркология академиясының журналы. Астана, 2013 ж, 6-б
2.Сабыр М.Б. Көне қыпшақ жазба ескерткіштерінің тілі. – Орал, 2009 10-
16-б.
3. Құрысжанов Ә Ескі қыпшақ тілі. Алматы, 2007. 316- б.
4. «ХVІ ғасырдағы половецтер тіліндегі құжаттар», Москва, 1967, 58-б
5. Кенжебаев Б. Кодекс куманикус. Қазақ әдебиеті, 1968. 14 қаңтар. 4-б.
6. Қазақ әдебиетінің тарихы. ІІІ кітап. Редаксиясын басқарған Сәтбаева Ш.
Алматы: Ғылым, 2000. 566 - б.
7. Х. Сүйіншәлиев «Ғасырлар поэзиясы» Алматы: Жазушы, 1987. 216- б.
8. Кенжебаев Б. Кодекс куманикус. Қазақ әдебиеті, 1968. 14 қаңтар. 4-б.
9. Кенжебаев Б. Кодекс куманикус. Қазақ әдебиеті, 1968. 14 қаңтар. 4-б.
10. Кенжебаев Б. Қазақ әдебиет тарихының мәселелері. Алматы: Қазақ
ССР-ының ғылым баспасы, 1973. 165-б.
ҚЫПШАҚ ТIЛIНIҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
Айткожина Ш.М.,
Қарағанды, №34 жалпы білім
беретін орта мектеп
VII–IX ғасыр көне түркі жазбалары жайлы қысқаша мәлімет беріліп,
ескерткіштердің лингвистикалық тұрғыдан зерттелу деңгейі анықталады.
Орхон, Енисей, Талас жазбалары тілін қазіргі қыпшақ тілдерімен
сабақтастыра қарастырудың тарихи – лингвистикалық негізі дәйектеліп,
түркілік түбіртанудың теориялық – методологиялық негіздері сараланады.
Орхон-Енисей, Талас жазба ескерткіштерін зерттеудің бастапқы кезеңі
негізінен рунологиялық, текстологиялық мақсаттарға, мәтіндерді оқып,
транслитерациялау, аудару жазудың генезисi мәселелеріне арналса, таза
лингвистикалық тұрғыдан зерделеу ХХ ғасырдың алғашқы жылдарынан
басталады. Көне түркі жазба мұраларының тілін зерттеудің көш басшысы
В.В.Радловтың ескерткіштер тілінің фонетикалық жүйесі, морфологиялық
құрылымы жайлы, көне түркі тілі мен қазіргі түркі тілдерінің
агглютинациялық табиғаты, аффикстердің шығу тарихы туралы құнды
пікірлері түркітану ғылымының ғылыми қағидаларына айналып, кейінгі
зерттеушілердің бағдаршамы қызметін атқаруда. П П.М.Мелиоранскийдің
көне түркі жазбалары тілінің фонетикалық жүйесі, лексика-грамматикалық
құрылымы
жайлы
зерттеулері
қазіргі
түркі
тілдерінің
тарихи
грамматикасының қалыптасуына негіз болды, ескерткіштер тіліндегі
синкретикалық жұптардың күрделі табиғаты туралы алғаш пікір білдірген
ғалым түркі түбірлерінің полисемялық сапасы жайлы тұжырымдардың
теориялық негізін қалады. А.Н.Самойлович түркі тілдерін жіктеуде негіз тіл
ретінде Орхон-Енисей жазбаларының тілін алып, ескерткiштер тiлiнiң
фонетикалық белгілерін жіктеудің басты критерийі ретінде қолданды. Осы
тұрғыдан алып қарағанда А.Н.Самойлович Орхон-Енисей жазбаларының
тілін түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы грамматикасында қолданудың
методологиялық қырларын жетілдіруге үлес қосқан ғалым.
С.Е.Маловтың қажырлы еңбегінің нәтижесінде көне түркі тілінің
теориялық іргетасы қаланды. Ғалым ескерткіштер тілінің фонетикалық
жүйесіне талдаулар жасау негізінде түркі тілдерінің тарихи–хронологиялық
жіктемесін ұсынып, lt, nt, nč үнді–қатаң дауыссыздар тіркесін, γ, g
дыбыстарының сақталуын көне құбылыстар ретінде қарастырса [1, 5-7],
1958, 1959 жылдары жазылған кейінгі еңбектерінде көне түркі тілінің
диалектілік ерекшеліктеріне сараптама жасайды И.А.Батмановтың көне
түркі жазба ескерткіштерінің тілі жайлы зерттеулері көне түркi ескерткіштері
тілі деректерін жинақтап, жүйеге түсіруімен ,сөздiгiн түзуiмен,дыбыстардың
комбинаторлық өзгерістерін, лексикалық сәйкестіктерді, лексикалық–
тақырыптардың ортақтығы мен айырмашылықтарын саралап беруімен
құнды болса [2.13], В.М. Насиловтың еңбектері өзіне дейінгі зерттеушілер
көп бара бермеген ескерткіштер тілінің синтаксистік құрылымы, сөздердің
байланысу тәртібі, сөз тіркестерінің жасалуы, сөйлем мүшелерінің орын
тәртібі мен ойды жеткізудегі қызметіне айрықша мән беруімен ерекшеленеді
[3.49]. ҮІІ-ІХ ғасырдағы көне түркі жазба ескерткіштерінің тілін оғыз, ұйғыр,
қырғыз, қыпшақ басқа да көне түркі тайпалары бірдей қолданған әдеби
қалыпқа түскен тіл ретінде қарастырған Э.Р.Тенишевтің «у огузов и кипчаков
эти были j – языки, у уйгуров d – язык, у киргизов z – язык» [4,165] деген
пікірі аса маңызды. Ескерткiштер тiлiнiң грамматикасын түзу барысында
көне түркi тiлiндегi түбiрлердiң фонетикалық құрылымы, бiр буынды етiстiк
– есiм омонимиясы, сөзжасамның фонетикалық тәсiлi тәрiздi түркiлiк
түбiртанудың маңызды мәселелерiне арнайы тоқталған зерттеушi көне түркi
түбiрiнiң ең шағын тұлғасы дауысты, дауыссыз – дауысты, дауысты –
дауыссыз құрылымды түбiрлерден тұратындығын көрсетеді, қазiргi түркi
тiлдерiне кеңiнен таралған дауыссыз – дауысты – дауыссыз дыбыстардан
тұратын үш құрамды моносиллабтарды Э.В.Севортян, Б.М.Юнусалиев
тәрiздi белгiлi түркологтар негiзiн қалаған грамматикалық синкретизм немесе
етiстiк – есiм мәндi түбiр-негiздер мәселесiне қатысты қарастыруды
қолдайтынын бiлдiредi [5,76]. Көне түркі жазба ескерткіштері тілінде көне
оғыз, көне ұйғыр тілдерінің ықпалы сақталғанын көрсеткен Н.А.Баскаков
Орхон, Енисей жазбаларын көне оғыз және көне қырғыз тілдерімен
байланыстырса, манихей жазбаларынан көрініс беретін көне ұйғыр тілін п
диалектісіне және j диалектісіне жіктейді [6,165-166]. В.Г.Кондратьев көне
оғыз ескерткіштерінде де, көне ұйғыр ескерткіштерінде де Орта Азияда
жүздеген жыл бойы қолданылған біртұтас түркі тілі сақталған деп санайды.
[7,26].
Көне түркі мұраларының тілі жайлы алғаш пікір айтқан қазақ
ғалымдарының бірі – С. Аманжолов ҮII-ІХ ғасыр ескерткіштер тiлi негіз тіл
ретінде барлық түркі тілдері жайлы тарихи-салыстырмалы зерттеулердің тіні,
арқауы қызметін атқаруы қажеттігін көрсетеді [8, 131-133]. Көрнекті
түрколог-лингвист Ғ.Айдаров көне түркі жазбалары мәтінінің қазақ тіліндегi
лингвистикалық аудармасын жасаған әрі көне түркі тілі мен қазақ тілінің
сөздігін түзген, көне түркі тілінің грамматикасын қазақ тілінде жазған
тұңғыш ғалым. Түркі рунологиясында өзіндік орны бар А.Аманжоловтың
еңбектері тек рунолог ретінде көне мәтіндерді оқып, транслитерациялау,
аудару, жазудың генезисін зерттеу ісінде сіңірген қажырлы еңбегімен ғана
емес, көне түркі тілі деректері негізінде жалпы түркі тілдерінің тарихи
грамматикасының күрделі теориялық мәселелері жайлы, көне түркі тілінің
диалектілік ерекшеліктері туралы тұжырымдарымен, сөз этимологиясын
ашудағы дәйекті ой-пікірлерімен де құнды. Қазақ тіл біліміндегі
А.Есенқұлов, Е.Ағыманов, Қ.Өмірәлиев, М.Томанов, Ә.Құрышжанов,
Т.Қордабаев т.б. сынды белгілі ғалымдардың көне түркі жазба мұраларының
тілі жайлы әр жылдары айтқан ой-пікірлері ескерткiштер тiлi мен қазақ тiлiн
салыстыра зерттеудiң теориялық-әдiснамалық негiзiн қалыптастырып,
түркiтану ғылымына қосылған қомақты үлес болды. Жалпы көне түркi
ескерткiштерiнiң лингвистикалық тұрғыдан кеңiнен зерттелуi өткен
ғасырдың 50-90 жылдары аралығына сәйкес келедi. Осы кезеңде Орхон,
Енисей, Талас ескерткiштерiнiң жекелеген мәселелерi жөнiнде, қазiргi түркi
тiлдерiне қатыс-дәрежесi, сабақтастығы жайлы бiрнеше диссертациялар
қорғалып, көптеген мақалалар мен iрi монографиялар жазылды.
ҮІІІ ғасырдың мұрасы Мойун-Чур ескерткішінде түрік-қыпшақтардың
елу жыл қағанат басында отырғаны жайлы деректің сақталуы қазіргі қыпшақ
тілдерін көне мұралар тілімен сабақтастықта қарастырудың тарихи негізін
көрсетеді, осы дерек негізінде қыпшақтар ҮІІ ғасырдың соңында-ақ көне
түркі тайпалары ішіндегі дербес те беделді ірі тайпалардың бірі болғанын
байқаймыз.
ХI-ХҮ ғасыр аралығындағы қыпшақ тiлiнiң деректерiнен мәлiмет беретiн
мол жазба ескерткiштер қоры жинақталып отыр, олардың iшiнде қыпшақ
тiлiнiң табиғатын терең танытатын грамматикалық, лексика-грамматикалық,
лексикографиялық-грамматикалық еңбектер де бар. Орта ғасыр түркi
ескерткiштерiн жинау, жариялау, оқу, аудару, тiлiн зерттеу мәселелерiнiң
көш
басында
Г.Ю.Клапрот,
В.В.Радлов,
П.М.Мелиоранский,
А.Н.Самойлович т.б. тәрiздi ұлы тұлғалар тұрса, кеңестiк дәуiрде, одан
кейiнгi кезеңде орта ғасыр ескерткiштерiнiң лингвистикалық тұрғыдан жан-
жақты зерттелуi Э.Н.Наджип, А.К.Боровков, Э.Фазылов, А.М.Щербак,
Ә.Құрышжанов. Б.Сағындықұлы, А.Ибатов, Р. Сыздық, Ә.Керiмов,
Т.И.Грунин, А.Н.Гарковец сынды т.б. зерттеушiлердiң есiмдерiмен
байланысты. Аталған мәселе бойынша еңбек етiп жүрген кейiнгi буын
өкiлдерiнен С.Құдасов, М.Сабыр, С.Дүйсенов т.б. зерттеушiлердiң еңбегiн
атауға болады. Орта түркi жазба мұраларының тiлiн талдау нәтижелері оғыз,
қыпшақ тілдері сараланып шыққанға дейін жалпытүркілік қыпшақ-оғыздық,
оғыз-қыпшақтық жағдайдың орныққанын көрсетіп бергені белгілі. Орта түркi
дәуiрiнiң алдындағы көне түркi жазба ескерткiштерi тiлi мен орта түркi
дәуiрiнен кейiнгi дәуiрде қолданылып жүрген қазiргi қыпшақ, оғыз тiлдерi
деректерi де қыпшақ оғыз тiл бiрлестiгiнiң iздерi сақталғанын көрсетедi.
Қыпшақ тобына кіретін тілде сөйлейтін түркі халықтары тіліндегі ортақ
белгілердің біразы қыпшақ бірлестігі кезінде қалыптасса, енді біразы Алтын
Орда дәуірінде қалыптасып, көне түркі дәуірінде-ақ өзіндік ерекшеліктері
аңғарыла бастаған қыпшақтық белгілер тереңдей түсті. Қазақ, ноғай,
қарақалпақ халықтарының тарихи тамырластығына олардың этникалық
құрамындағы ортақ ру-тайпалар, салт-дәстүріндегі, ауыз әдебиеті
үлгілеріндегі, жалпы мәдениетіндегі ортақтықтар дәлел бола алады. Әуел
баста қыпшақ тілінің диалектілерінде сөйлеген қазіргі қыпшақ-ноғай
топшасына енетін тілдерді Алтын Орда, Ноғай ордасы кезіндегі лингво-
этникалық процестер жақындата түсті. Ал қыпшақ-бұлғар, қыпшақ-половец
топшаларындағы тілдерде сөйлейтін халықтардың этногенездік тарихында
біраз өзгешеліктер бар. Татар, башқұрт, қарашай-балқар, қырым татарлары өз
тарихын негiзiнен Ғұн мемлекеті ыдырағаннан кейін қалыптасқан Бұлғар
мемлекетімен байланыстырады. Кезінде Н.И. Ашмарин ұсынған «бұлғар-
чуваш» теориясына қарсы М.З. Закиев көне бұлғар тілінің жазба мұралары
тілінің деректері негізінде бұлғарлар о бастан-ақ қазіргі татар тілінің кейбір
белгілері бар z тілінде сөйлеген, ешқандай ротацизм, ламдаизм белгілері
болмаған деген қорытындыға келеді. Ғалым пікірі бұлғар тілі z тілді оғыз-
қыпшақ тілінен жаңа z тілді қыпшақ-оғыз тіліне ауысып, кейіннен
қыпшақтық сипат алған дегенге саяды. [9,110]. Башқұрттардың этникалық
құрамындағы
угро-финдердің,
мадьярлардың
үлесіне
байланысты
қалыптасқан «мадьяр-башқұрт» теориясы әлi шешiмiн таппай келе жатқан
мәселе. Башқұрттардың венгерлiк тегiне негiзделетiн «мадьяр-башқұрт»
теориясын этногенетикалық зерттеулер толық қуаттап отырған жоқ, сондай-
ақ башқұрттар құрамындағы мадьяр/мажар компонентін де жоққа
шығармайды.
Зерттеушілер
Орал
бойы
башқұрттарының,
Волга
бұлғарларының, ІХ—Х ғасырдағы венгрлердің ортақ этникалық компоненті–
түркі тілді мажар-мишарлардың тілі деп таниды [10,139-140]. Тарихи
әдебиеттерде қарашай-балқарлардың этногенезі, глоттогенезі жайлы түрлі
теориялар ұсынылып жүргенімен, олардың көне бұлғарлармен генетикалық
байланысын қолдаушылар басым. Қарашайлар мен балқарлардың
қыпшақтану процесі кумандардың біраз бөлігі қарашай-балқарлардың
арасына сіңіп кетуімен түсіндіріледі [11,16-19]. Батыс қыпшақ тобына
жататын қырым татарлары тілі оғыз ықпалына ұшыраған тілдер қатарында
қарастырылады. Қырымды билеген қыпшақтардың ұрпағы саналатын қырым
татарлары тіліне оғыз тілдерінің ықпалы Қырым өлкесінің Түркияға қосылу
кезеңінен басталып (1475 жылдары), Қырымды Ресей патшалығының
отарлауынан кейін де үзілмеген [12,26-30]. Шағын этнос – қарайымдар да
хун тайпаларының құрамында, кейін бұлғар-хазарлар тобында болып, соңғы
кездерде қыпшақтық сипатқа ие болған тілдерге жатады. Құмық тiлiнiң
табиғаты жайлы да көзқарастар екi бағытта өрбидi, бiрiншi бағыттағы
зерттеушiлер ХIII ғасырға дейiн-ақ қалыптасқан қыпшақ тiлi ретiнде таныса,
екiншi топтың пiкiрi монғол шапқыншылығынан кейін қыпшақтық сипаты
басымдыққа ие болды дегенге саяды [13,119]. Түркі тілдеріне қатысты
барлық жіктемелерді салыстыра қарағанда, қазіргі қыпшақ тобына жататын
тілдердің фонетикалық жүйесі мен морфологиялық құрылымының ұқсастығы
сол тілде сөйлеуші этностардың генетикалық немесе тарихи жақындығы
ғалымдар тарапынан принципті түрде ажыратылатын пікір қайшылығын
тудырмайтынын байқауға болады. Жалпы бір негізден тараған тілдердің өзі
де түрлі ішкі, сыртқы факторларға байланысты негіз тілдің белгілерін бірдей
дәрежеде сақтай алмауы лигво-эволюцияның заңдылығы. Қазіргі қыпшақ
тобына енетін тілдердің бір бөлігінің негізінде оғыздық сипаты бар көне
бұлғар тілінің жатуы, қыпшақтану процессінен кейін де басқа туыстас
тілдермен қатынаста болуы олардың лексикалық қорындағы қыпшақтық
қабаттың өзгерістерге түсуіне алып келді. Мұндай өзгерістер негізінен сөз
тұлғаларындағы дыбыс сәйкестіктері арқылы айқындалады. Қазіргі қыпшақ
тілдерінің ішінде қыпшақтық белгі қазақ, ноғай, қарақалпақ тілдерінде, татар
диалектілерінде басым екенін зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр (С.Е.Малов,
Қ. Жұбанов, Н.Сауранбаев, т.б.).
Оғыз және қыпшақ тілдерінің дербестік сипатқа ие болуы тұстас бір
тілдің екіге жарылуы нәтижесінде емес, бұрыннан өздеріне тән мүддесін
қорғау ыңғайында, яғни өздеріне тән белгілерді сақтап қалу ыңғайында
қалыптасқанын байқаймыз. Орта ғасырдағы оғыз-қыпшақтық аралас тілдік
жүйедегі қыпшақ тілдерінің дербестік сапасының айқындала бастауы бір
ғасыр шеңберінде ғана қалыптасқан құбылыс емес түркi тiлдерi дамуының
алғашқы кезеңдерiнде-ақ оғыздық немесе қыпшақтық белгiлердiң сiлемдерi
қолданыста болуы әрi олардың арасында дифференциациялық және
интеграциялық процестердiң кезең-кезеңiмен бiрнеше мәрте қайталануы да
мүмкiн. Сондықтан көне түркi дәуiрi мен орта ғасыр дәуiрiндегi түркi жазба
әдеби тiлi арасындағы сабақтастық та аралас тiлдiк жүйе арқылы
айқындалады.
Түркітану ғылымындағы түбір сөз проблемасының зерттелуі өзіндік
дәстүрі мен қағидалары қалыптасқан, мақсат-мүддесі айқындалған
классикалық сала болып табылады десек те, тілдің негізін құрайтын бір
буынды сөздердің табиғаты толық ашылып болмағаны белгілі. Түбір
проблемасының күн тәртібінен түспей отыруы алғашқы дыбыстық тілдің
сұлбасы байқала бастаған кезден бастау алатын түркі түбірінің бірнеше
сатылы даму жолы мен қайшылыққа толы қат-қабат күрделі табиғатына
байланысты. Түркі сөздері тұлғасының қарапайымнан күрделіге қарай дамуы
басты ерекшелік болғанымен, фонетикалық заңдылықтарға орай кезең-
кезеңімен кері процестерді де (ықшамдалу, редукция, элизия т.б.) басынан
өткізуі, одан қайта күрделенуі тәрізді мәселелер де түбір табиғатын
айқындауда қиындықтар туғызады. Фонетикалық құбылыстар гаплалогия
мен редукция, үнемдеу принципi жаңа дыбыс тiркесiмiн, жаңа фонологиялық
жағдайды тудырады. Фонетикалық жүйедегi өзгерiстер моносиллабтардың
тұлғасына әсер етiп, семантикалық даму барысында қарапайым фонетикалық
өзгерiстер фонологиялық құрылымға да ықпал етуi мүмкiн. Осы процестiң
нәтижесiнде дыбыс сәйкестiктерiнiң екiншi дәрежелi фоно-морфо-
семантикалық қырлары қалыптасады. Сөздің шынайы болмысын танып-білу
әрдайым тұлға мен мазмұнды бірлікте қарауды талап ететіндіктен жалпы
түркі
лексикалық
қорының
негізін
құрайтын
моносиллабтардың
семантикалық дамуы да адам санасымен, дүниетанымымен тікелей
байланысты құбылыс ретінде семасиологиялық жүйенің сан қырлы
заңдылықтарына
орай
психо-физиологиялық
процестермен
өзара
сабақтастықта жүріп отыруы мәселені одан әрі күрделендіре түседі.
Кез келген тілдің лексикалық жүйесінің даму жолын, басқа тілдермен
туыстық деңгейін анықтау ең алдымен түбір құрылымын айқындап алуға
негізделетіндіктен түркі түбірлері жайлы алғашқы пікірлер де түбір
құрылымын анықтауға бағытталып, моносиллабтық, дисиллабтық бағыттар
қалыптасты.
Түркі
тілдеріндегі
дисиллабтар
мен
полисиллабтар
құрамындағы алғашқы буынды бастапқы тұлға ретінде қарауға теориялық
негіз бар. Сондықтан моносиллабтық бағыт көптеген ғалымдар тарапынан
(Н.Сауранбаев, Б.Юнусалиев, Н.А.Баскаков, А.М.Щербак, Э.В.Севортян,
А.Н.Кононов, Ә.Т.Қайдар, Ә.Ибатов, М.Томанов, Б.Сағындықұлы, Ж.
Манкеева, Е. Қажыбек т.б.) қолдау тауып, зерттеу нәтижелері түркі тілдері
бойынша түбір және түбір-негіздер жүйесін құрайтын 6 құрылымдық
модельді – V, VC, VCC, CV, CVC, CVCC – негізгі тұлғалар деп танығанмен,
осы модельдердің қайсысы алғашқы (этимон түбір, этимологиялық түбiр,
архетүбір, өлі түбір, ілкі түбір, бастапқы түбір, т.б.) деген мәселе үлкен
пікірталас өзегі болып отырғаны белгілі.
Түркi тiлдерiндегi түбiр морфемалардың фонетикалық құрылымын әр
қырынан қарастырған Н.А.Баскаков түркi түбiрiнiң CVC тұлғалы болып
келетiнi жайлы алғашқы ойын қарақалпақ тiлi деректерi негiзiнде көрсетiп,
В.Котвичтің «Исследования по алтайским языкам» (1981) еңбегіне жазған
алғы сөзінде түркi түбiрiнiң екi дыбыстан тұратын ашық буынды болып
келетiнiн негiздеген В.Котвич теориясына қарсы аргумент ретiнде
созылыңқы дауыстыларды мысалға келтіру түркі түбірінің шынайы
табиғатын ашып бере алмайтынын айтады. Н.А.Баскаковтың көзқарасына
қарсы А.Зайончковский орта ғасыр ескерткiштерi тiлiнде CV тұлғалы
модельдердiң көп мөлшерде кездесетiнiн, тарихи түркi түбiрi V, VC, CV,
CVC тұлғаларында қолданылғанын көрсетеді [14,28-29]. Бұл пікір Б. М.
Юнусалиев, А.Н.Кононов, Э.В.Севортян, А.А. Юлдашев т.б. ғалымдардан
қолдау тауып, тереңдетіле түсті. СVС тұлғалы моносиллабтар құрамындағы
соңғы дауыссызды аффикстiк деңгейде қарастырған А.Н.Кононов түркi
түбiрiнiң ең шағын тұлғасы V, СV, VС модельдерi екенiн морфологиялық
талдау нәтижелерi көрсетiп отырғанын айтады. Э.А.Макаев түркiлiк түбiр
құрылымы жөнiндегi даулы пiкiрлердi шешудiң жолы ретiнде хронологиялық
стратиграфия әдiсiн қолданудың қажеттiгiн ұсынса [15,108], И.В.Кормушин
СV тұлғасын тектiл дамуының алғашқы кезеңiне, (СV + С >) СVС екiншi
кезеңiне сәйкес келсе, келесi кезеңiнде кейбiр түбiр құрамындағы соңғы
дауыссыздар қайта түсiп қалуы мүмкiн деген болжам ұсынады [16,11-13].
Қазақ тiлiндегi қарт, қария, кәрi; айт, айтыс, айқай т.б. сөздерiнiң
құрамынан қар, ай тұлғаларын түбiр морфема ретiнде ажыратып, -т, -йа, -i, -
т, -ыс, -қай тұлғаларын түбiр құрамына қатысы жоқ элементтер ретiнде
таныған М. Томанов «осы азғана фактілер тобына жасалған талдаудың өзі де
қазіргі тіл нормалары бойынша бөліп-жаруға келмейтін жалаң түбір деп
қаралатын сөздердің недәуір тобы «мағынасыз» түбірлер мен белгісіз
қосымшаларға ажырайтынын көрсетеді» деп қорытады [17,140]. Түркілік
түбір табиғатын қазақ тілі аясында әр қырынан жан-жақты қарастырған
академик Ә.Т. Қайдар ұзақ жылдар бойы түркі тілдеріндегі түбір, негіз
терминдерінің ара-жігі толық ажыратылмай келгеніне ерекше мән беріп,
аталған ұғымдардың өзіндік ерекшеліктерімен сараланатын ғылыми
анықтамасын ұсынады. Нақты тілдік деректер мен В.В.Радлов бастаған
белгілі лингвист-түрколог ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, «...
разложимость односложных корней-основ в тюркских языках ... вполне
реальный факт» [18, 28] деген қорытындыға келеді. Түркі тілдері бойынша
ғалым пікірінің негізділігіне дәлел бола алатын, дисиллабтармен қатар
моносиллабтардың да біразы тіл дамуындағы ұзақ мерзімді қамтитын
агглютинативтік процестің жемісі екенін көрсететін тілдік деректер қоры
жинақталып, маңызды теориялық тұжырымдар жасалды. Е.Қажыбек түркі
тілдеріндегі гомогенді моносиллабтарды етіс-есім омонимиясы тұрғысынан
зерттеп, синкретизм құбылысының теориялық сипаттамасын ауқымды тілдік
дерек негізінде дәйектеп берсе, қазақ тіліндегі етістік негіздерді морфемдiк-
компоненттiк талдау барысында тілімізде қолданылып жүрген етiстiктер
құрамындағы өлі түбірлердің мол қорын анықтаған ғалым Ж.Манкеева қазақ
тіліндегі айт, арт, кет императивтерінің құрамындағы т етістік тудырушы
тарихи жұрнақ екенін көрсетеді. Аса ежелгi дәуiрлерде қолданылған түбiрлер
мен қосымшаларды мүмкiндiгiнше бастапқы қалпына келтiрудi өз
зерттеуiнiң басты мақсаты етiп алған Б.Сағындықұлы қазiргi түркi сөздерiнiң
ежелгi тұлғасын реконструкциялауда дәстүрлi салыстырмалы-тарихи әдiстер
жиынтығымен қатар математикалық амал-тәсiлдерге де, атап айтқанда
теңдеу теориясына жүгiнедi. Жалғамалылыққа дейінгі флекциялық
құрылымның басты ерекшелігі ретінде түркі түбірлерінің бір ғана дауысты
мен бір ғана дауыссыздан тұратынын дәйектеп көрсеткен ғалым, жеке
дауыссыздар заттардың, қимыл-қозғалыстың, сын-сапа, қасиеттердің атауы
болса, дауысты дыбыстар әртүрлі семантикалық өзгерістерді, реңктерді
жеткізгенін айтады. [19, 5]. Б.Сағындықұлының көзқарастары жалпылама
алғанда
лингвистикадағы
фонология
теориясының
қағидаларымен,
императив теориясындағы идеяфондық идеялармен үндесiп, жалпы
лексикадағы фоно-семантикалық құбылыстарды нақтылай түседi. Түркi
тiлдерi түбiртану мәселесiн зерттеуде дәстүрлi әдiс-тәсiлдермен қатар тың
теориялық-методологиялық қағидаларды да ұстанудың қажеттiгiн көтерiп
жүрген башқұрт ғалымы А.Шайхулов түркi түбiрлерiнiң құрылымдық
сипаттамасын жасау үш деңгейлi (фонологиялық, морфологиялық,
семантикалық) зерттеу аясында жүргiзiлгенде ғана нәтижелi болатынын баса
көрсетеді. Ғалым тұжырымдарынан түбiр табиғатын зерттеуде теориялық-
танымдық
бағытты
да
ұстанатынын,
имманенттiк
талдау
мен
когнитологиялық
талдауды
ұштастыра
қарастыруды
қолдайтынын
байқаймыз [20,8]. Қазақ тiл бiлiмiнде түбiртану жайлы соңғы жылдары
айтылған маңызды ой-пiкiрлер мен тұжырымдарды А.Салқынбайдың,
Ш.Жалмахановтың, М.Сабырдың, Ұ.Исабекованың т.б. еңбектерiнен
кездестiремiз.
Түркi лингвистикасындағы түбiртану мәселесi бойынша айтылған ой-
пiкiрлер, түбiрлер мен түбiр-негiздердiң жекелеген аспектiлерiн қарастырған
зерттеу нәтижелерi де, кешендi түрде жүгiзiлген зерттеулер де тiлдегi
түбiрлiк деңгейдiң қалыптасуы мен дамуы фонетика-фонологиялық,
морфологиялық, семантикалық, ономасиологиялық құбылыстардың өзара
тығыз байланысына негiзделетiнiн, түбiр табиғатын тереңiрек тани түсу үшiн
моносиллабтардың сыртқы тұлғасы мен iшкi мазмұнын сабақтастыра
қарастырудың қажеттiлiгiн көрсетiп отыр. Себебi, жалпы лексикалық
байлықтың өзегiн құрайтын моносиллабтар адамзат өмiрiндегi тiлдiң
маңызын айқындайтын сан қырлы рухани-функционалдық сапаны
қамтамасыз ететiн лингво-онтологиялық құрылым. Үнемi даму үстiнде
болатын тiлдiк жүйенiң өзгермелi, икемдi табиғаты моносиллабтардың
құрылымдық модельдерiнiң даму бағытымен, оның құрамындағы фоно-
корреляттардың өзара сәйкестiк түзу мүмкiндiгiмен, таралу аясымен, фоно-
морфологиялық,
фоно-семантикалық,
идеофондық,
идеосегменттiк
қырларымен сипатталады.
Достарыңызбен бөлісу: |