формативное оценивание, суммативное оценивание, новые технологии, методика преподавания
399
КРИТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАУДАҒЫ ҮШТІК ОДАҚТЫҢ (МҰҒАЛІМ, ОҚУШЫ, АТА-АНА) РӨЛІ
С.О. Байкеева
Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы
samal_asa1987@mail.ru
Адамзат баласы қай заманда да баланы ертеңі, келешегі деп үлкен армандар белесіне
шығарған. Осы белестерді, халқымыздың болашағын Елбасының мемлекеттік бағыттары
айқындайды. ХХІ ғасырдағы білім беру жүйесінің ең басты мәселесі – мектеп түлегінің білім
сапасының деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізу, олардың білімі мен тәрбиесіне ерекше
көңіл аудара отырып, сапалы білім беру. Бүгінде білім беру жүйесіндегі ең басты бағыт –
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2016 жылдың 1 наурызындағы №205
Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың
2016 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» екендігі бәрімізге белгілі. Аталған
құжатта мектепке дейінгі сапалы тәрбие мен оқытуға тең қол жеткізуді қамтамасыз ету; сапалы
орта білім беруге тең қол жеткізуді қамтамасыз ету, зияткер, дене бітімі және рухани жағынан
дамыған, табысты азаматты қалыптастыру секілді басым бағыттар бағдарламаның негізгі
мақсаттарын айқындауда[1]. Бұл құжат Қазақстанның әлеуметтік – экономикалық және қоғамдық
– саяси дамуының келешегіне айқын жол ашқан осынау саяси үдеріс екені барша педагог
қауымына белгілі. Сондықтан, қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін
технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып,
жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибесі зерттеліп, шет елдердің білім беру саласындағы озық
жетістіктері мектеп өміріне кезең-кезеңмен енгізілуде.
А.Қ.Құсаиновтың «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» атты кітабында
салыстырмалы халықаралық зерттеулердегі жүлдегер елдердің ұлттық білім беру жүйесінің
тиімділігі мен оқушылардың жоғарғы білім жетістігін көрсеткен елдер арасынан атап көрсеткенде:
«Зерттеудің 4 кезеңінде(1995,1999,2003,2007 жылдар)қатысушы елдердің Сингапур, Гонконг,
Жапония, Оңтүстік Корея, Тайванның оқушылары алда екендігін дәлелдеді. Олардың өзара
салыстырмалы нәтижелері өзгеріп тұрғанымен, олар басқа елдермен салыстырғанда
едәуір жоғары орындарды иеленеді» деп жазылған[5]. Біздің әлемнің озық елдеріндегі білім
жетістіктерінен алшақтап отырғанымыздың бірнеше себептері ғылыми тұрғыдан зерттеліп,
дәлелденген. Солардың бірі – оқушы білімін бағалау, мұғалім-оқушы-ата-ана арасындағы
байланыстың төмендігі. Көп уақыт аралығында бағалау оқушылардың жетістіктерін басқа
оқушылармен салыстырудан тұрды және бұл тәсіл келесі кемшіліктерден тұрды:
- оқушыларға, мұғалімдерге және ата-аналарға түсінікті оқыту жетістіктерін бағалаудың
нақты критерийлер болған жоқ;
- мұғалімдер оқушыларды сыныптың орташа білімін ескере отырып бағалады;
- қойылған бағалар оқушылардың пән бойынша оқу бағдарламаның әр бір бөлімдері бойын-
ша алған білім, білік, икем мен дағдыларын айқындап көрсетпеді, яғни әрбір оқушының оқу
траекториясын анықтауға мүмкіндік бермеді;
- қорытынды бағаны қою барысында ағымдағы бағалар ескерілді, яғни оқытудың соңғы
нәтижесін бағалау объективті боламайды;
- оқушылардың оқуға деген уәждемесін тудыратын мұғаліммен олардың ата-анасының
арасында байланыс болған жоқ.
Бұл мәселелерді шешу үшін «Назарбаев зияткерлік мектептер» дербес білім беру ұйымы
оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа отандық жүйесін әзірлеп енгізіп отыр. Бұл
білім беру бағдарламасының оқыту жүйесі білім алушылармен бірге олардың ата-аналарының
оқу үдерісіне белсенді қатысуын талап етеді. Жалпы білім беретін мектептер, өз кезегінде,
ұрпаққа тәлім беруде білім сапасын жақсарту жолында, мұғалім, ата-ана және оқушы үштік
одақ болып жұмыла белсенділік танытса, оң нәтижеге қол жеткізу аса қиынға соқпайтыны анық.
Сол себепті өз баяндамамда білім берудегі үштік одақ (мұғалім-оқушы-ата-ана) арасында
өзара түсіністік және ынтымақтастық қарым-қатынасты орнатып, оқушылардың сенімсіздіктерін
жойып, мүмкіндіктерін арттыруға жол ашатын негізгі жүйе - критериалды бағалау болып
табылатынына тоқталғым келіп отыр. Білім алушылардың оқу жетістігін критериалды бағалау
Қазақстан Республикасы мектептерінде жаңартылған білім беру мазмұнының ажырамас
бөлігі болып табылады. Критериалды бағалау – бұл білім берудің мақсаты мен мазмұнына
400
негізделген оқушының оқу-танымдық құзырлығын қалыптастыруда алдын –ала белгіленген
жетістіктер мен салыстыру үрдісі [2]. Критериалды бағалаудың негізгі міндеттерінің бірі сабақ
үдерісі мен білімнің меңгерілуі туралы оқушы мен мұғалім және ата-ана арасындағы кері
байланысты қамтамасыз етуге бағытталады. Критериалды бағалаудың ерекшелігі – алдын ала
ұсынылған бағалау шкаласы, тапсырманың анық-айқындылығы, бағаның әділдігі, өзін бағалауға
мүмкіндік берілуі. Бүгінде оқу жетістігін критериалды бағалау арқылы мұғалім әр оқушыға жеке
бағалау бойынша ақпараттарды электрондық күнделіке ұсына алады, ата-ана өз баласының
оқу сапасын, ілгерілеуін, нәтижелерін қадағалай алады, мұғалімге пікірін де қалдыра алады.
Критериалды бағалау мұғалімдер үшін сапалы нәтижелер әкелетін критерийлер құрастыруға,
өз іс-әрекетін саралап және болашаққа жоспарлай алатын мәліметтер алуға, сабақ берудің
сапасын арттыруға білім алушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқытудың әр
тұлғаға арналған ауқымын жоспарлауға, бағалаудың әр түрлі әдістерін пайдалануға; білім
алушылар үшін танымдық қабілеті мен ойлау деңгейін арттыратын оқытудың әр түрлі әдістерін
пайдалануға, табысқа жетелейтін бағалау критерийлерін түсінуге, өзін және өзгелерді бағалау
арқылы кері байланысқа түсуге, сыни ойлауына, ойын еркін айтуына, өзінің білімін көрсетуге;
ата-аналар үшін баласының білім сапасының дәлелдемелерімен танысуға, оның оқуындағы
табыстылықты бақылауға, оқуына қолдау көрсету үшін бағыт алуына мүмкіндік туғызады.
Бағалау критерийлерінің көмегімен мұғалім де, оқушы да, ата-ана да:білім алушы оқытудың
қай сатысында; олар білім алуда неге талпынады; бұған жетуге көмектесу үшін не істеу керек
екенін түсінеді. Бұл бағалау түрі оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға
жетелейтін, білімдерін айқындауға толық мүмкіндік береді. Осы арқылы біз жоғарыда атап
өткен бағдарламаның басым бағыттарына қол жеткізетін боламыз.Сонымен қатар критериалды
бағалау жүйесіндегі жаңа электронды журнал мен күнделік оқу нәтижелерін тіркеуге ата-
аналармен тез арада байланысқа шығуды жүзеге асыруға талдау үшін статистикалық мәлімет
жинауға, шешім қабылдауға білім беру үдерісіне қатысушыларға ІТ құзыреттілігін арттыруға
мүмкіндік береді[3]. Өкінішке орай, көптеген ата-аналар критериалды бағалау үдерісін әлі
де болса түсіне алмай, дәстүрлі оқыту бойынша бағалау күнделікті оқыту және оқудан кейін
болатын үрдіс ретінде қарастырып келеді. Мектептен келген баланың (әсіресе бастауыш сынып
оқушысы) ата-анасының «бүгін неше алдың?» деген сұрақтарына жауап беруге қиналуы, оның
«ата-ана көңілін қанағаттандыра алмай жүрмін» деген секілді көзқарастар қалыптастыруы
мүмкін. Ата-ананың бойындағы осындай түсініктерді едәуір өзгерту үшін республика деңгейінде
ұйымдастырылып отырған ата-аналар жиналыстары мен конференцияларында бағалаудың
бұл түрінің жүргізілуін және тиімді тұстарын жете түсіндіру қажет және мұғалім, оқушы, ата-ана
арасындағы кері байланысты ұдайы жетілдіріп отыру керек. Ескіше дәстүрлі бағалаудың бүгінгі
күн талабына сай келмейтіндігін дәлелдеп, жаңаша бағалаудың артықшылығына оқушы мен
ата-аналардың да көздерін жеткізу керек. Сонда ғана өзгеріс енгізуді жүзеге асыруда, ата-аналар
мен педагогтар арасында дәстүрлі оқытуға деген көзқарастың орнықты қалыптасуы, ұжымның,
оқушылардың өзгерістерге бейімделу жағдайында туындайтын қиыншылықтар кедергі болуы
мүмкін деген ойлар жаңа бетбұрыстардың басталуымен біртіндеп сейіле бастайды.
Қорыта айтқанда, критериалды бағалау жүйесін қолдану арқылы мұғалім оқушының
тұлғалық бағытын белсенді позицияға бағыттай отырып, тұлғаны өзіндік жауапершілікке,
тұлғалы нәтижеге, белгілі бір бағытқа жеткізеді, білім алушылардың дайындық деңгейі мен өсу
динамикасын кез келген кезеңде анықтайды, ал ата-ана өз баласының оқытылу деңгейі туралы
объективті дәлеледер алып, баланың оқу прогресін қадағалайды, мектеппен кері байланысы
нығая түседі. Дәл осындай мұғалім – оқушы – ата-ана одағының рөлін оқушының білім
сапасын критериалды бағалау жүйесі арқылы жетілдіруге болатынына күнделікті оқу үдерісінде
қолдануымыздан көз жеткізуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: