Түйін сөздер: Рухани құндылық, шығармашылық, жаңа технологиялар, сапалы білім, әдіс-
тәсілдер, жеке тұлға , тіл мәдениеті.
Ключевые слова: Духовные ценности, творчество, новые технологии, качественное
образование, формы и методы, личность, культура речи.
Key words: Spiritual values, creativity, new technologies, high qualified education, forms and
methods, personality, speech culture.
527
БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ
А.Т. Қайыпбаева
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы
Орта білім орталығының аға ғылыми қызметкері
Г.А. Шайжанова
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы
Орта білім орталығының аға ғылыми қызметкері
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарламасында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында
проблемаларды шешу дағдылары, сыни ойлау, креативтілік, эмоционалдық интеллект басты
қасиеттер болады. Сондай-ақ функционалдық, ІТ сауаттылық, ағылшын тілін білу, адамгершілігі
мол азаматтық кемелдену де маңызды» - деп атап көрсетілген [1]. Бұл білім алушылардың
шынайы өмір жағдайларында алған білімін практикада түбегейлі қолдана білуін, яғни
функционалды сауатты болуын қажет етеді. Өйткені қазіргі өмір талабына сай функционалдық
сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді
қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін негізгі факторлардың біріне
айналуда.
Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы негізгі бағыттың бірі оқушылардың жеке
тұлғасын дамытуға және қоғам өміріне пайдалы үлес қосуы үшін ақпаратты өздігінен алу, талдау,
құрылымдау және тиімді пайдалануға үйрету болып табылады. Білім беру ұйымдарындағы
оқыту процесі оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталуы қажет,
сондықтан білім беру мазмұнын жаңғырту жағдайында мектеп оқушыларының функционалдық
сауаттылығын, яғни білім берудің көп жоспарлы адамзат қызметімен байланысын біріктіретін
тұлғаның әлеуметтік бағдарлануын дамыту маңызды.
Осыған сәйкес, «Қазақстан тарихы» пәнінен әзірленген жаңартылған мазмұндағы оқу
бағдарламалары оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға негізделген.
Жаңартылған оқу бағдарламасының мақсаты оқушыларда тарихи сананы, қазақстандық
патриотизмді, өз елінің тарихына құрмет көрсетуді, ата-бабаларының жетістіктері үшін мақтаныш
сезімін қалыптастыру, ұлттық және жалпыадами құндылықтарды қалыптастыруға баулу, ойлау,
коммуникативтік және зерттеу дағдыларын дамыту болып табылады.
Қазақстан тарихын оқытудағы жаңартылған білім мазмұны білім алушылардың тарихи
оқиғаларды, құбылыстар мен процестерді және тарихи тұлғалардың қызметін Отандық тарих
контекстінде сын тұрғысынан талдау және баға беру дағдыларын қалыптастыруға; тарихи
деректердің негізінде дәлелді пайымдау дағдыларын дамыту; тарихи зерттеу жүргізу дағдыларын
қалыптастыру және дамытуға (гипотезаларды ұсыну, зерттеу сұрақтарын құрастыру, деректерді
талдау, әртүрлі көзқарастарды салыстыру, нәтижелер мен қорытындыларды шығару, өзінің
ұстанымын анықтау) бағытталған [2].
Сонымен жаңартылған білім мазмұны негізінде Қазақстан тарихы пәнін оқытуда оқиғаларды,
деректерді егжей-тегжейлі оқуға емес, олардың мәнін түсінуге, талдау жасап, содан нәтиже
шығаруға, тарихи мәліметті жинақтауға, оқу мақсаттарын анықтап, сол мақсатқа жету жолын таба
білуге, тарихи ойлау дағдыларын дамытуға, алған білімін өмірде қолдана білуге ерекше назар
аударылуына, яғни функционалдық сауаттылық дағдыларын қалыптастыруға негізделгенін
көруге болады.
«Қазақстан тарихы» пәнінен жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім, білік, дағдылар
жиынтығы, яғни күтілетін нәтижелер оқу мақсаттары ретінде көрсетілген, ол оқу мақсаттарының
тақырыптық мазмұнға сәйкес нақтылануы оқушыларда пәндік білім мен дағыдыларды нақты
оқу материалы негізінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Қазақстан тарихы» пәні бойынша тарихи ойлау дағдыларын қалыптастыру және оқу
мақсаттарын тиімді жүзеге асыру мына тарихи концептілерге негізделеді: өзгеріс және
сабақтастық (мысалы, белгілі тарихи кезеңде қоғам қаншалықты өзгеріске ұшырады); себеп-
салдар (мысалы, белгілі тарихи кезеңде қандай маңызды факторлар саяси үдерістерге әсер
етті); дәйек (белгілі тарихи кезеңнің өнері бізге құндылықтар, наным-сенімдер мен техноло-
гиялар туралы қандай мәлімет бере алады); ұқсастық пен айырмашылық (мысалы, XIII-XV
ғғ. Қазақстан территориясындағы мемлекеттердің саяси құрылысындағы ұқсастықтар мен
528
айырмашылықтар); маңыздылық (мысалы, Қазақ хандығының құрылуының тарихи маңызы
неде); интерпретация (мысалы, белгілі бір тарихи оқиғаны түрлі зерттеушілер қалай сипаттай-
ды).
Жаңартылған білім мазмұны жағдайында осы аталған түсініктер негізінде оқытуды қазіргі
оқыту технологияларымен іске асыру тарих пәндері бойынша оқушылардың функционалдық
сауаттылығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Тарихи концептілер негізінде оқытудан
қүтілетін нәтижелер, яғни оқушының білімі мен дағдысы келесідей сипат алады:
«Өзгеріс пен сабақтастық» бойынша білім алушылар: сабақтастық пен өзгеріске қатысты
тарихи мысалдарды уақыт пен кеңістікте талдайды және бағалайды, сабақтастық пен өзгеріске
қатысты тарихи мысалдарды ұзақ уақыт бойы ауқымды тарихи процестер мен тақырыптарға
дейін біріктіреді, тарихи оқиғалар мен процестердің белгілі бір уақыт межесінде жүйеленуі мен
ұйымдасуының негізін түсіндіреді.
«Себеп және салдар» бойынша білім алушылар: бір немесе бірнеше себептердің және/не-
месе ықпалдардың өзара әрекеттесуін талдайды және бағалайды; ұқсастықтарды, себеп-сал-
дарды, өзара байланысты көрсете отырып тарихи себептілікті түсінеді, тарихи құбылыс, оқиға
немесе процесті басқа ұқсас тарихи құбылыстармен уақыт пен кеңістікте байланыстырудың
әдістерін түсіндіреді және бағалайды.
«Дәлел» бойынша білім алушылар: қарастырылып отырған дәлелге қатысты: аудитория,
мақсаттар, көзқарастар, формат, аргумент, шектеулер және контекст сынды тарихи айғақтың
ерекшеліктерін талдайды, тарихи айғақтарды талдау және бағалау негізінде дәйекті қорытынды
жасайды, өткен заман туралы объективті түсінік қалыптастыру мақсатында түпнұсқалық және
қосалқы деректерден әртүрлі, қарама-қайшы айғақтарды талдайды;
«Ұқсастық пен айырмашылық» бойынша білім алушылар: белгілі бір жерде, белгіленген
бір уақыт кезеңінде және/немесе әртүрлі қоғамдарда, немесе бір қоғамның ішіндегі өзара
байланысқан тарихи оқиғаларды салыстырады.
«Маңыздылық» бойынша білім алушылар: қоғамның дамуы үшін тарихи оқиғаның,
құбылыстың, процестің маңыздылығын анықтайды;
«Интерпретация» бойынша білім алушылар: белгілі бір тарихи оқиғаға, құбылысқа, проце-
ске қатысты әртүрлі көзқарастарды түсіндіреді және бағалайды.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға
арналған ұлттық іс-қимыл жоспарында атап көрсетілгендей, функционалдық сауаттылықты
дамыту нәтижесі білім алушылардың алған білімдерін практикалық жағдайларда тиімді және
әлеуметтік бейімделу процесінде сәтті пайдалануға мүмкіндік беретін түйінді құзыреттер
жүйесін меңгеруі болып табылады [3].
Түйінді құзыреттер білім алушылардың адамгершілік және этикалық нормаларға қайшы
келмейтін жетістікті шешім қабылдау үшін танымдық және практикалық біліктері мен дағдыларын
кіріктіруге дайындығын байқататын білім салалары аралығындағы қабілеттер болып табылады.
Түйінді құзыреттер адамның адамгершілік құндылықтары мен ынталарын қалыптастыруға,
сондай-ақ әлеуметтік және мінез-құлықтық әрекеттерінің дамуына алғышарт болады, әрбір
білім салалары бойынша күтілетін нәтижелерді анықтауға қызмет етеді.
Түйінді құзыреттерге:
– ақпараттық құзырет;
– коммуникативтік құзырет;
– проблемалардың шешімін табу құзыреттері жатады [4].
Түйінді құзыреттермен қатар «Қазақстан тарихы» пәні шеңберінде пәндік құзыреттер – оқу
пәні шеңберінде меңгерілген ерекше біліммен және дағдылармен ерекшеленеді. Сонымен,
тарих пәнін оқытуда оқушыны қажетті түйінді құзыреттерге ие болуға, алынған білім мен
дағдылардың сапасын арттыруға: тапсырмалар мен іс-әрекет түрлері арқылы білім алушыларды
ынталандыра және дамыта оқыту, зерттеу және зерттеушілік жұмыстарын жүргізуге негізделген
белсенді оқыту, сыни ойлау дағдыларын дамыту, жеке, жұптық, топтық, сыныптық жұмыс
түрлерін ұйымдастыру, оқу процесінде тарихи құжаттардың фрагменттерін талдау әдістерін
қолдану көмектеседі.
Соның бірі өзіндік жұмыс істеу дағдыларын дамыту да маңызды. Ол түсінікті, тәжірибеде
сынақтан өтіп, дағдылы әрекетке жеткенде ғана оқушының құзыреттері санатына ауысады.
Осыған байланысты сабақта оқушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыру, оған жетекшілік
ету – әр мұғалім үшін жауапты да күрделі жұмыс. Бұл мұғалімге тек бағыт беруші ретінде
529
оқушыларды белсенілік пен дербестікке тәрбиелеуді олардың әлеуметтенуінің ажырамас бөлігі
ретінде қарастыруын және олардың түйінді құзыреттерін тәрбиелеуді қажет етеді.
Тарихты оқытуда оқушыларда дербестікті қалыптастыру туралы айтатын болсақ, бір-бірімен
тығыз байланыста болатын екі міндетті есте ұстау қажет. Біріншіден, оқушылардың танымдық
қызметтегі дербестігін дамыту, оларды тарихи білімді өз бетінше меңгеруге үйрету, тарихи
оқиғалар бойынша өзіндік көзқарасын қалыптастыру; екіншіден алған білімін практикалық
қызметте, өмірде өз бетімен қолдана білуге үйрету болып табылады. Өзіндік жұмыс, бұл
оқушылардың терең және мықты білімі, олардың іс-әрекетін қалыптастыру құралы және жеке
басының тәуелсіздігі, олардың ақыл-ой қабілеттерін дамыту үшін күрес құралы. Сондықтан
тарих сабақтарындағы оқушылардың өзіндік жұмысы оқу қызметінің ерекше түрін құрайды,
ол мұғалімнің жетекшілігімен, бірақ мұғалімнің тікелей араласуынсыз жүзеге асады. Себебі,
осындай жұмыс бүгінгі күнгі оқушылардың қажеттілігіне сай келеді, яғни өз бетімен білімін
қолданып жұмыс істеуге бағыттайды.
Сонымен қатар өзіндік жұмыс – бұл ең алдымен шеберлік, қажетті уәждеме және күшті ерік
жігердің болуы. Бұл әр балаға тән шығармашылық бастауының, жаңалықтар тауып ашудағы
қуанышы. Осыдан оқушының өзін толық танытуы үшін ақпаратты өз бетімен алуға, талдауға,
құрылымдауға және тиімді қолдануға және қоғамдық өмірде пайдалы қатысуға үйрету білім
жүйесін жаңғыртудың жетекші бағыты екенін көруге болады.
Қорытындылай келе, «Қазақстан тарихы» пәнін оқытуда білім алушылардың функционалдық
сауаттылығын дамыту процесі пәндік білімге, дағдыға және қабілеттерге негізделген оқу пәндері
арқылы тарихи ойлау дағдыларын қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады. Ол тарихи білім
мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әр түрлі құралдарын қолданудың
тиімділігін арттырғанда ғана жүзеге асатынын көруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |