ДОСТЫМА ҰМЫТПАСТЫҚ ҮШІН ХАТ
(Көңілдегі махаббатым)
Шын достым шыбынымдай Шаһибайжан,
Болғанда біріміз - жан, біріміз - тəн.
Болса да қырық жыл қырғын ұмытпаспыз,
Сонда да, біраз сөздің реті бар.
Жібердім "Зарландымның" жеті бөлімін,
Жазуға одан артық келмеді хал.
Көңілге қиял қадар ала көрме,
Болады достың суы - достына бал.
...Дəрі...болып дарияға барғаным жоқ:
Əр түрлі себептермен уақытым тар,
Шалқыды шартарапқа сорлы көңіл,
Қайткенде ериді деп іштегі қар.
Сандалып жөн таба алмай зарығады.
"Құдайым атыра ма, - деп, - біздерге таң?"
Əрнешік халдарымның бəрі мəлім,
Достыңа хал-қадарша жəрдемің сал.
"Дүние бос, махаббатсыз мал секілді", —
Деген сөзін Абайдың есіңізге ал.
Жер шетінде жүрсең де ықылас сізде,
Үнемі бірге жүру болмас бізде.
Қайнасқан жүректегі махаббатты,
Ойыңнан тастай көрме əрбір кезде.
Жеткізбей мұратыңа қадір ием!
Жанумен отқа түспей ойға күйем.
Жан достым, бір-екі ауыз назым жаздым,
Көргенде босасын деп жүйе-жүйең.
Жүргейсің хат жазысып, хабар алып,
Жоғарғы сөз мазмұнын қарап алып.
"Жуан етік қазақта жұмыс аз" деп,
Жүрмеңіз тіліңізді қадап алып.
Жақсы, жаман болса да қаның бірге,
Өлсең де, тірілсең да тəнің бірге.
"Əркімнің өз аузына қолы жуық",
Егер де өлшестіріп салсаң кірге.
Бұл сөзді қыстамаймын жалғыз саған,
Мысалы қурап қалған қазақ сабан.
Өзімшіл, өзге үшін жəрдемі жоқ,
Жақынын жат көретін жаудан жаман.
1912
ТҮСІМДЕ КӨРГЕН БІР АЯНЫШ ХАЛ
Мен көрдім қызыл гүлді түсі кеткен,
Тəнінен əлсізденіп күші кеткен.
Мағлұм бір түйткіл болып көптен,
Сол түйткіл қазір оған келіп жеткен.
Толып тұрған кеуделері от пен жалын:
Есітіп тұра алмастай айтқан зарын.
Аңғарттым бір-екі ауыз сөз мазмұнын,
Білдіріп зарлаған соң маған халін.
Түскендей бастарына қалың тұман,
Тағдырда жазылған соң осы... план.
"Жазмыштан озмыш болмас" деген сөзге,
Болса да түседі екен сайыпқыран.
Толтырған қанды жасқа екі көзін,
Аядым ішім еріп оның өзін.
Бір-екі назымменен мен өтейін,
Жанымның жан досты деп айтқан сөзін.
Келместей түндегі ұйқы, батпастай ас,
Тағдырға бас иген соң шын гауһар тас.
Көп жазып көңіліңді ауыртпайын,
Сонда да достың сыры достына паш.
Қазақты намыс деген тентіреткен,
Партия, дау мен жанжал түпке жеткен:
Намыспенен жанына қайғы шашып,
Егінін орсын енді, қолдан еккен.
Түсер деп сізге қапа, көп жазбадым,
Сонда да, тіпті, босқа тек жазбадым.
Дəрмен жоқ іс өткен соң не шара бар,
Құр ойбай пайда бермес деп жазбадым.
1912
|