СОҚЫР СОПЫ
Көп дəрет борбай жағын ақ жем еткен,
Намаздың бір шарты жоқ түгел біткен.
Жарылқар ол дүниеге барғанда деп,
Елес көзге иланып, ұжмақ күткен.
Міндеті ораза ұстап, намаз оқу,
Молда айтқанын талғамай ойға тоқу.
Мүлəйім, құдай деген сопы жан боп,
Момындарды алдаумен жемтік шоқу.
Парыздың не екенін өзі білмес,
Өзі айтқан жолыменен өзі жүрмес.
Дейді сөзге нанады қашан болсын,
Өзі таңдап алуға көзі көрмес.
Басқаға жөн айтады білген болып,
Анау теріс деп сынап күлген болып.
Неше түрлі күнəдəн бой тартпайды,
Көп көзінше сопы боп жүрген болып.
1911
ТӨРЕ КӨРСЕ, ЖАЛАҢБАС ШҰЛҒЫП, БИЛЕП
Төре көрсе, жалаңбас шұлғып, билеп,
Бəйек болып əулиедей ізін сүймек.
Елге келсе, өтірік мақтанатын:
"Қорқайын ба, ұлыққа айттым сүйдеп".
1911
ҚИСЫҚ ҚАБЫРҒА
Машхадтың
1
шариғаты, сөзі қалай,
Өрескел көп сөздерді айтқан талай.
Хадис сөзі дегенін былай қойып,
Ойға салсаң шындығы екі талай.
Əйелді "қисық" дейді қабырғадай,
Еркектен кем жаратқан оны құдай.
Күштесең, зорласаң да ерік өзіңде,
Ол үшін періштелер келмес сұрай.
Əйелді "күнəлі" деп байы айтса,
Ол үшін екі кісі куə тапса.
Күнəлі екендігі рас болар,
Ықтияр "талақ" етіп, теңін тапса.
Еркекті əйел сүйтіп кінəласа,
Ердің ісі əйелге ұнамаса,
Жүз куə қойса-дағы іс болмайды,
Обал жоқ ұрса-соқса, шыдамаса.
1911
НЕКЕ ҚИЯР
Зорлық іс əйел үшін неке қияр,
Неке қиған молдалар теңге жияр.
Сатылған мал орнына сорлы қыздар,
Көз жасын теңін тауып, қашан тыяр.
Сүймесе де сүйдіріп куə сайлар,
Сүймегеннің еркін жіпсіз байлар.
Сиырдай ғып молданың телігенін,
Көргенде өштік өсіп, қаның қайнар.
Куəға екі жігіт жұмсап жаяу,
Көз жұмған сопы молда ұйқылы-ояу.
"Разы" деп, өтірік куə болу,
Заң да емес, дін де емес, көзді бояу.
"Сүймеймін" сөз шықса да шымылдықтан,
Болады өтірік-ақ теріс ұққан.
Ашынған ащы сөзді айтысады,
Молда естімес, құлаққа мақта тыққан.
Зарлатар жас əйелді зорлап байға,
Əмеңгер, қатын үсті, кəрі байға.
Зорлықшылды дозаққа салар болса,
Молдеке-ау, тəңірі алдында бұл оңай ма?
Зорлықпен неке оқысаң жыламай ма,
Күйген жан неге болса шыдамай ма?
Құдайдағы кедейді қағыстырып,
Барғанда анау жайға сұрамай ма?
ОҚУ
Бүгіндегі жастарға оқу міндет,
Тек қана оқуменен өнер білмек,
Өнер-білім, адалдық, ар-намысты
Жоятын надандық қой емсіз індет.
Бар қиынды тек қана ғылым жеңбек,
Оқыса басқа елдердей қатарға еңбек.
Білімге ел боп аңсап құмарланса,
Жетілмек аз-ақ жылда жоғары өрлеп.
Көрші елдер өнерсізді қорлап күлмек,
Оқу мен бірлік болса, көзіне ілмек,
Қараңғы Қарынбайдай надан болсаң,
Байлығыңа иелік бермес күндеп.
Өнерлі ел бар мұқтажын жерден ембек.
Өнермен техникалы жұмсап еңбек.
"А, құдай, өзің берден" түк шықпайды,
Талаптанып, талпынсаң сонда бермек.
Алдыңғы ел малға емес, жерге сенбек,
Бар мұқтажы адамның жерден өнбек.
Басқаға малайлыққа жеккен күшті,
Жұмсасаң өзің үшін шыдап терлеп.
Өнерге сай боп келсін бірлік, ерлік,
Сонда ғана аларсың сен де теңдік.
Надандықтан екенін білесіз бе,
Көрінгенге болғаның семіз жемдік.
Ел болуға алдымен білім тірек,
Бір сөзді, бір ауызды намыс керек.
Жалғыз ғана оқумен теңелмейсің,
Алты ауыз азғын болсаң қоян жүрек.
Қажырлы ел жаннан арын артық көрмек,
Өнерге ұмтылатын аңсап-шөлдеп.
Қорғайды елін, жерін қаныменен,
Болмайды жаннан қорқып басын имек.
Наданды əркім жейді нандай илеп,
Жыртқыш ілген үйректей тірі жүндеп.
Өгей бала секілді тесік өкпе,
Жалғанда теңдік көрмей жаны күймек.
"Ел" дейтін адал басшы əзір сирек,
Көпшілігі табансыз, қорқақ, күйрек.
Елі үшін құрбанға шалса разы,
Кім бар еді ту ұстаған елін сүйреп?!
Ел үшін еңбек етсең, халқың сүймек,
"Біз үшін отқа, суға түсіп жүр" деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өшірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек!
1912
|