МАҢАЙЫМНАН ƏРМЕН КЕТ
Маңайымнан өрмен кет,
Жанды қуыршақ, арам ет.
Білдірместен астыртын
Алдап едің көз құртын,
Құр бояма қызыл бет.
Анадай тұрып қарасам,
Жанды ерітер жандайсың:
Жуып кетсем маңына
Екі аяқты малдайсың.
Сондай бола тұрып та
Өз-өзіңе қандайсың.
Бір көрмеге асылсың,
Көп көрмеге масылсың.
Тек ішіп-жеп жүк тартар,
Сарттар мінген қашырсың.
Не сөйлерге тілің жоқ,
Не сөз ұғар білім жоқ,
Саған кімдер бас ұрсын?
Бір-ақ жазық қазақта:
Ұлы-қызы мазақта.
1915
* * *
Жүрегім тулап шабасың,
Жоқты қайдан табасың.
Уытын жайған сыртыңа
Оны қайтіп жабасың?
Өртедің десем, отың жоқ,
Баяғы күш, қуатың жоқ.
Келтірмейтін жігерге
Тағдырдан басқа сотың жоқ.
Дүниеде жоқ сүйгенің
Қасірет, қайғы үйгенің.
Көрініп тұрған нəрсе жоқ,
Не қылғаның күйгенің?
Не түсіңе енген жоқ,
Не қасыңа келген жоқ.
Емексіді ез көңіл,
Бірақ əлі сенген жоқ.
Емексіме, теңің жоқ,
Аузыңа татыр жемің жоқ.
Мыңнан бірі жиһанның
Мұң ғып шағар жерің жоқ.
Басыңа тас тиген жоқ,
Көзің перде киген жоқ.
Қанша күйіп жансаң да,
Сүйгенің бой иген жоқ.
Өзім сүйсем, кімде айып?!
Күн өткізем мұңайып.
Ондай жарды дүниеден,
Таба алмадым қол жайып.
Кім таныды өзіңді,
Кім білдірді сөзіңді?
Желе жортып, жел қуып,
Құр шаршатпа өзіңді.
Ашсаң — қалдың бəлеге,
Жұмып кір көрге кезіңді.
Тағдырыңа бойсұнып,
Салып көр енді төзімді.
Жібегің тұрсын, оларға,
Ұстатпа кірлер, безіңді!
Бағалау, тану болар ма,
Айырып алтын, жезіңді?!
1915
МЕЙІРІМСІЗ АЖАЛ
Көңілге қайғы у салып,
Көзден жасты парлатқан,
Жүрекке жара дақ салып,
Жанды ашытып зарлатқан
Уытың күшті, ажал-ай!
Дегеніне жеткізбей,
Қанатын ұзын қайырған
Ойдағысын еткізбей,
Бірді бірден айырған
Мейірімсіз, шіркін, ажал-ай!
Көңілін жастың мұқатып,
Қайғыға ойын толтырған.
Тамырына оқ атып,
Қызыл гүлді солдырған
Түсің суық, ажал-ай!
Бақытын жастың ашқызбай,
Қапыда алдың, не түсті?
Көңілін жастың басқызбай,
Арманда алдың, не түсті?
Тапқаныңды айтшы, ажал-ай!
1915
* * *
Бұл памятым, ал еске:
Жүрегім сізден көшпеске,
Достық жібін шешпеске,
Күннің нұры сөнгенше,
Қараңғылық көмгенше,
Махаббат оты өшпеске.
1915
* * *
Қызық қандай адамды қыздыратын,
Қайғы қандай қаныңды бұздыратын.
Қанды кек, намысты өштік неден тумақ,
Жібітпей жүрегіңді мұз қылатын.
Ер бар ма елі үшін жан қиятын,
Басшы бар ма етегіне ел сиятын.
Жанның бəрі өз ісін мақұлдайды,
Адам қайда сезетін ар-ұятын.
1916
|