Серік Мырзалы философия оқу құралы



Pdf көрінісі
бет155/422
Дата11.11.2022
өлшемі3,76 Mb.
#49318
1   ...   151   152   153   154   155   156   157   158   ...   422
Байланысты:
2 (1)

Субъективтi рухты Гегель үш ғылымның шеңберiнде қарайды. 
Олар: антропология, феноменология және психология. Антропология 
iлiмiнде ол жеке адамның тұлғалық қасиеттерiнiң қалыптасуына, дене 
мен жанның арақатынасына, адамзаттың нәсiлдiк айырмашылықтарына, 
мiнез-құлық пен темпераментiне, адамдардың өмiр кезеңдерiндегi 
айырмашылықтарға т.с.с. көңiл бөлiп талдайды. Гегельдiң ойынша, 
адамның басқа тiршiлiктен бiрден-бiр айырмашылығы – оның тiк 
жүруiнде. Ашық нәсiлшiлдiктi қолдамағанмен, Гегель нәсiлдер мен 
ұлттардың арасындағы айырмашылықтарды «абсолюттi рухтың» 
әртүрлi сатыларындағы өз-өзiн анықтауымен теңеп, олардың 
арасындағы мәдени айырмашылықтар ешқашанда жойылмайды деген 
кертартпа пiкiр айтады. Адамның өмiр кезеңдерiндегi айырмашы-
лықтарды қарап, ойшыл қоғамдық қатынастардағы тәртiпке адам-
дар тек қана жастық шағында ғана қарсы шығады, есейе келе, 
пiсiп-жетiлген шағында олар қирату мен бүлдiруден гөрi, тәртiптi 
сақтауды, жасампаздық еңбектi қалайды. 
Субъективтiк сананың дамуының екiншi сатысы «Рух феноменоло-
гиясында» қаралады. Онда, негiзiнен, адамның санасы сезiмдiк сатысы-
нан ақыл-ойға, одан ары зердеге қарай көтерiледi.
«Психология» тарауында Гегель адамның танымдық қабiлеттерiне 
көңiл бөлiп, рухтың теориялық, практикалық және ерiктi сатыларын 
талдайды. Адам теориялық сана шеңберiнде қалып қоймай, әрқашан 
оны өзiнiң еңбек үдерісiмен ұштастырып, жасампаздық сатысына 


223
көтерiледi. Мiне, осы теориялық және практикалық рухтың бiрлiгi 
ерiктi рухты тудырады. Ал соңғы өзiнiң мазмұнын, iшкi сырын дереу 
объективациялауға (сыртқы дүниеге таңуға) тырысады. Осы сатыға 
жеткен кезде субъективтiк рух секiрiс арқылы объективтiк рухқа айна-
лады.
Объективтiк рух, Гегельдiң түсiнiгi бойынша, қоғам өмiрiндегi 
құқықтық және адамгершiлiк қатынастарды қамтиды. Рухтың терең 
мәнi ерiктiкте болғаннан кейiн, құқықтық қатынастардың өзi тiкелей 
шынайы өмiрге енген ерiктiктiң болмысы болып есептеледi. Осы 
тұрғыдан ол – қайсыбiр озбырлыққа, тәртiпсiздiкке қарсы жатқан 
құбылыс. Құқық иеленген адам өзiнiң еркiн сыртқы дүниедегi заттарға 
таңып, оларды иеленiп, «Менiкi» дейдi. Жеке меншiк Гегельдiң ойынша, 
ерiктiктiң қажеттi де субстанциалды өмiрге енуi. Тек жеке меншiкте 
адамның еркi өз-өзiне тұлғалық ерiк ретiнде қалыптасады. Соның 
арқасында адамның еркiнiң субъективтiгi жойылып, ол зерделi тұлғаға 
айналады. Олай болса, тарихи жерге деген жеке меншiктiң ұзақ күрес 
жолында қоғамдық меншiктi жеңуi – заңды нәрсе, ол – зерденiң жеңiсi.
Мораль құқықтық сатыға қарсы тұрып, оны ауыстырады. Ол – 
саналы ерiктiң субъективтiк құқы. Үшiншi сатыда құқық пен мораль-
дық саты өнегелілiкке, адамгершiлiкке айналады. Ол отбасында, 
азаматтық қоғамда, мемлекетте iске асады.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, адамзат тарихы – халықтар рухының 
дамуымен тең. Бiрақ ол – тек қана объективтiк рухтың өзiндiк санасы 
ғана. Шынайы өмiрде адамдар өз алдына әртүрлi мақсаттар қойып, 
соған жетуге тырысса да, нәтижесiнде басқаша бiр биiк, алыстағы, 
өздерi түсiне алмайтын нәрсенiң атқарушыларына ғана айналады. Оны 
Гегель «дүниежүзiлiк рухтың қулығы» дейдi. Демек, Гегельдiң фило-
софиясында адамдар мен халықтар – дүниежүзiлiк рухтың пайдала-
натын құралы ғана. Қоғам тарихының мақсаты бар. Ол – жер бетiнде 
идеалдық мемлекеттi орнату. Ендi объективтiк рух өзiнiң абсолюттiк 
сатысына көтерiледi.
Тарихи абсолюттiк идея өзiнiң абсолюттiк рух сатысына 
көтерiлген кезiнде, өзiн-өзi түбегейлi танып-бiлiп, қанағаттанады. Өнер 
саласында ол өзiнiң толық ерiктiгiн сезiнедi, дiнде өзiн мархабатты 
түрде қабылдайды, ал философияда өзiнiң мәнiн санаттық (ұғымдық) 
дәрежеде түсiнiп, таниды. Олай болса, философия дiннен жоғары, 
өйткенi дiндегi қабылдау философиядағы ұғымнан төмен. Соны-
мен, философиямен рухтың дамуы бiтедi, өйткенi ол өзiн-өзi түсiнiп, 
тынышталады.
Бiздi бүгiнгi таңда Гегельдiң жасаған философиялық жүйесi 
қанағаттандырмауы мүмкiн. Алайда осы жүйенi жасау жолында ол 
көне заманда негiзi қаланған диалектикалық iлiмдi пайдаланып, бүкiл 


224
табиғат, тарих және рухани өмiрдi белгiлi бiр үдеріс, яғни тоқтаусыз 
қозғалыс, өзгерiс, қайта құрылу, даму ретiнде қарап, олардың iшкi 
қайшылықтары мен байланыстарын зерттедi. Ал мұның өзi диалек-
тика iлiмiн жаңа сатыға көтерiп, дүниеге деген жаңа таным теория-
сын тудырды. Негiзiнен алғанда, Гегельдiң философия саласындағы 
қалдырған өшпес iзiн көп ғалымдар осыдан көредi. Бұл пiкiрге 
толығынан қосылуға болады.
Гегельдiң ойынша, диалектика шынайы танымның iшкi қозғаушы 
күшi, ол қайсыбiр ғылымның мазмұнына iшкi байланыс пен қажеттiлiктi 
енгiзедi, соның арқасында бiлiм теориялық сатыға көтерiледi. Гегельдiң 
өшпес еңбегi – ол диалектикалық тұрғыдан бүкiл философия саласында 
қорытылған ұғымдарды сараптап шықты. Соның iшiнде ол алғашқы 
рет диалектиканың үш негiзгi заңын ашып, сонымен қатар барлық 
барлық санаттарды белгiлi бiр жүйеге келтiрiп, олардың өзара бiр-бiрiне 
өтетiндiгiн, iшкi байланыстарын көрсете бiлдi. Сонымен қатар Гегель 
адамның дүниетанымын терең зерттеп, оның да диалектикалық жол-
мен жүретiнiн көрсеттi.
Гегельдiң ойынша, адамдар өздерiнiң күнбе-күнгi өмiрiнде ақыл-ой 
арқылы заттар мен құбылыстарды талдап, олардың бiр-бiрiнен 
айырмашылығын анықтайды. Тiкелей заттарды аңдауға қарағанда, 
ақыл-ой оларды бiр-бiрiнен абстракциялау арқылы бөлiп алып қарайды. 
Ол – шынайы адамдардың күнбе-күнгi өмiрiнде де, таным үдерісiнде 
де қажеттi нәрсе. Мысалы, қоғам өмiрiндегi адамдардың өзара бай-
ланыстары мен iс-әрекеттерi жемiстi болуы үшiн, олардың алдына 
қойған мақсаттары айқын да анықталған болуы керек. Немiстiң ұлы 
ойшылы Гете айтқандай, ұлылыққа жеткiң келсе, өзiңдi-өзiң шектей 
бiл. Кiмде-кiм бәрiне жеткiсi келсе, ол оның, шынында да, ештеңеге 
құштарлығының жоқ екенiн көрсетедi.
Өнер саласына келер болсақ, ондағы ұлы туындылардың да 
құндылығы әсемдiктiң айқын да айрықша бiтiмiн көрсетуде болса 
керек. Қайсыбiр ғылым саласында, тiптi философияның өзiнде де, ойлау 
барысында қолданылатын ұғымдар айқын, сонымен қатар тұрақты 
мағыналы болуы қажет. Егер олар бұлдыр және тұрақсыз болса, онда 
бiз ешқандай нәтижеге жете алмай, бiр-бiрiмiздi түсiнуден қаламыз. 
Ендi сол бiздiң жан-дүниемiзде бейнеленетiн дүниенiң өзiн алып 
қарасақ, онда да бiз заттардың өзгеруiмен қатар, белгiлi бiр жағдайдағы 
тұрақтылығын байқаймыз.
Алайда бiз осы ұғымдардың тұрақтылығын шегiне шейiн жеткiзсек, 
онда олар өзiнiң қарама-қарсылығына айналып, абстрактілі ойлауды
тудырады. Гегельдiң ойынша, ол қуыс кеуделiктi, мәселеге үстiрт 
қарауды туғызады. Мысалы, дарға асуға қылмыскерді әкеле жатыр. 
Оны қарапайым жұрт тек қылмыскер ретiнде қарауда. Бiрақ кейбiр 


225
әйелдер оған қарап: «Ол қандай сұлу, қайратты, тартымды едi», – деп 
қалуы мүмкiн. Сол сәтте-ақ басқа адамдар оларға бас салып: «Қалай? 
Қылмыскер сұлу ма? Қалайша бұлай ойлауға болады?! Шамасы, 
өздерi де сол қылмыскерден артық емес шығар», – деп қорытады. Осы 
мысалды келтiрiп, Гегель оны абстрактілі ойлау түрiне жатқызады. 
Өйткенi алаңдағы жиналған адамдар қылмыскерден оның тек қылмыс 
жасағанынан басқа ешқандай қасиеттердi көрмейдi. Мұндай ойлау 
бiтiмiн Гегель метафизикалық ойлау әдiсi деп қорытады.
Алайда абстрактілік – таным үдерісiндегi бiр сәт қана. Таным ол 
сатыда тоқтап қалмай, одан ары жылжып, нақтылыққа жетуi керек. 
Бiздi айнала қоршаған ортаның өзiн-ақ диалектиканың үлгiсi ретiнде 
қарауға болады. Өйткенi дүниедегi қай зат болмасын шектелген, ол 
тұрақтылығымен қатар өне бойы өзгерiсте, өтпелi. Оның iшiндегi 
жатқан өзiнiң қарама-қарсы өзгеше болмысының ұрықтары сол заттың 
iшкi қайшылықтарын тудырып, нақтылы қазiргi өмiр сүрiп жатқан 
болмысының шеңберiнен тайдырып, оны ертелi-кеш басқаға айналды-
рады. Олай болса, диалектика – тек ойлау жолында ғана емес, ол бүкiл 
объективтiк дүниеге тән нәрсе. Мысалы, шегiне жеткен абстрактілік
құқық әдiлетсiздiкке әкелiп соғады. Мораль саласынан Гегель мына 
нақыл сөздердi келтiредi: «Тәкаппарлық құлдыраудың алдында 
жүредi», «Өте өткiр нәрсе тез мұқалады» т.с.с. 
Диалектика жөнiндегi өзiнiң терең ойларын Гегель былайша 
қорытады: «Еш жерде – аспанда, жерде, рухани өмiрде, табиғатта бол-
масын, ешқандай ақыл-ойдың белгiлейтiн абстрактілі «немесе бұлай – 
немесе олайы» жоқ. Қай жерде болмасын өмiр сүрiп жатқан барлық – ол 
нақтылы, олай болса, өз iшiнде белгiлi бiр айырмашылық пен қарама-
қарсылықты қамтиды. Заттың өтпелiлігiнiң өзi оның iшкiсiне сыртқы 
нақты болмысының сай келмеуiнде... Қайшылық – мiне, бұл дүниенiң 
шынайы қозғаушысы, ал қайшылықты ойлауға болмайды деген пiкiр 
тек күлкi туғызады».
Сонымен, Гегель диалектикалық таным әдiстемесiн жасап, филосо-
фияның ғылымдық абыройын бұрын болмаған дәрежеге көтердi. Оның 
философиясының осы құнды жағы болашақ марксизмнiң қалыптасуына 
зор әсерiн тигiздi. Бiз оны алдағы тарауда талдайтын боламыз. Ал ендi 
немiс философиясының осы замандағы көрнектi ойшылы Л.Фейербахқа 
келiп тоқтайық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   151   152   153   154   155   156   157   158   ...   422




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет