Серік Мырзалы философия оқу құралы


§ 1. А.Шопенгауердiң әлемдiк еркi



Pdf көрінісі
бет164/422
Дата11.11.2022
өлшемі3,76 Mb.
#49318
1   ...   160   161   162   163   164   165   166   167   ...   422
Байланысты:
2 (1)

§ 1. А.Шопенгауердiң әлемдiк еркi
Артур Шопенгауер (1788-1860 жж.) Данциг қаласында бай 
саудагердiң отбасында дүниеге келедi. Геттинген мен Берлин 
қалаларында философиялық бiлiм алады. Негiзгi еңбегi «Дүние ерiк 
пен елестету ретiнде» деген атпен 1844 ж. жарық көредi. Берлин 
университетiнде 1819 ж. оқыған лекциялары ешкiмдi қызықтырмайды. 
Сондықтан ол өмiр бойы әкесiнен қалған капиталдың жылдық пайыз-
дарын жұмсап, өз замандастарынан оқшау да жалғызiлiктi өмiр сүредi. 
Өмiрiнiң соңғы 10 жылында ол даңқтың шапағатына да ие болады. 
Бiрақ нағыз атақ оған ХХ ғ. келедi.
Шопенгауердiң ойынша, дүниенiң негiзiнде өмiр сүруге деген 
бiтпейтiн құштарлығы бар Әлемдiк Ерiк жатыр. Сөйтіп, материя, 
табиғат заты, атом, сана, рух т.с.с. бұрынғы философтар жатқызған 
дүниенiң негiздерiн ысырып тастап, ойшыл «ерiк» ұғымын дүниенi 
түсiнудегi негiзгi санатқа айналдырады.
Бұл ұғымның тарихына көз жүгiртсек, көне заманда «сана» мен 
«ерiк» санаттары әлi бiр-бiрiнен бөлiнiп алынған жоқ-ты. Мысалы, 
Сократ адамдардың жүрiс-тұрысы мен iс-әрекеттерiндегi келеңсiз 
жайттар оларды бiлмегендерiнде деген пiкiр айтқан болатын. Егер 
адам жамандықты бiлетiн болса, онда ол оған бармайды. Алайда 
Ортағасырда өмiр сүрген ұлы христиан философы Августин мұндай 
көзқарасты толығынан терiске шығарады. «Жамандықтың не екенiн 
бiлсем де, соған қарай менi тартады, мен соны iске асыруға ынтық-
пын», – дейдi ұлы ойшыл. Өйткенi ақыл-ой бiледi, ал ерiк таңдайды. 
Мiне, осы сәтте Августин сана мен ерiктiң екiтүрлiлiгiн айқын 
көрсетедi. Дiни ойшыл адамның Құдай алдындағы күнәкәрлiгiнiң 


241
негiзгi себебiн ерiктiң алғашқы көрсе-тiлген түзу жолдан ауытқуынан 
табады. 
Жаңа дәуiрде немiс философиясының шеңберiнде Кант практикалық 
зерденiң үстемдiгiн көрсете келiп, оның негiзiн ерiктiң бостандығынан 
көредi. Канттың бұл идеясын Фихте ары қарай дамытып, «Меннiң» 
ерiктi iс-әрекетiнен дүниенiң пайда болуының рухани қайнар көзiн 
көредi. Қалай айтқанда да, Шопенгауерге дейiн ерiк санаты ерекше 
түрде алынып, дүниенiң негiзiне жатқызылған жоқ-ты.
Сонымен, Шопенгауердiң ойынша, дүниенiң негiзiнде жатқан 
ерiк – ол бiреу және одан басқа еш нәрсе жоқ, бiрақ ол өзiнiң өмiрдегi 
құбылуында шексiз сан алуан болып көрiнедi. Ол – өзiнiң толық 
еркiмен теңелетiн бейтұлғалық орасан зор құдiреттi күш. Ол бейсаналы 
болғаннан кейiн, өзiнiң мәңгiлiк қалыптасу, мақсат-мұратсыз өмiрге 
ынтық болу барысында неше түрлi зұлымдықты тудыруы мүмкiн. 
Әлемдiк ерiктiң ешқандай себебi, белгiлi бiр негiзi болмағаннан кейiн, 
ол ешқандай заңдылықтарға бағынбайды. Өзiнiң өмiрде болуға деген 
ынтасының негiзiнде ол бүкiл дүниенi тудырса да, оған ешқандай 
тәртiп, жоспар сияқты нәрселердi әкеле алмайды, керiсiнше, ол заттарды 
бiр-бiрiнен бөлiп, қиратып, қарсы қойып, оған тағы да қанағаттанбай, 
өзiнiң шексiз iзденiсiн, күресiн жалғастыра бередi. Ол ызаға толы, не 
iстеу керектiгiн бiлмегеннен кейiн, өзiн-өзi тырнап, жыртып жатқан 
жануарға ұқсайды. 
Ендi әлемдiк ерiктiң тудырған дүниесiндегi оның көрiнiстерiне 
назар аударсақ, олар – өлi табиғаттағы дүниежүзiлiк тартылыс, маг-
нетизм, химиялық қосындылар т.с.с. табиғат күштерi. Тiрi таби-
ғатта – тiршiлiктер формаларының өмiрге деген еркi, сол үшiн өзара 
бiр-бiрiмен күресi, өмiрдi жалғастыруға бағытталған жыныстық 
түйсіктер, адам өмiрiндегi ешқашанда ойдағы нәтижелерге әкелмейтiн 
саналы талпыныстар, бейсаналық түрде пайда болатын әртүрлi сезiм 
толқындары т.с.с.
Бiрақ қандай да болмасын өмiрдегi құбылыстарды тудырса да, 
олар күрделенiп, саналы түрде сезiлген сайын, әлемдiк ерiк оларға 
қанағаттанбай, өзiн зардап шегiп, азапқа толы, бақытсыз ретiнде 
сезiнедi. Мысалы, адам өмiрiнiң деңгейiндегi ерiктiң көрiнiсiне 
келер болсақ, онда мынаны байқауға болады: егер адам ой өрiсi мен 
адамгершiлiк тұрғысынан қатты дамыса, соғұрлым оның өмiрде неше 
түрлi қайшылықтарға келуi көбейiп, зардап шегуi де өседi, әлеуметтiк 
өмiрде көреалмаушылық, надандық пен екiжүздiлiк жиi кездеседi. 
Адамдардың өмiрi жетiспеушiлiк пен үрейге, қайғы мен қасiреттерге 
толы. Өмiрге келген жаңа ұрпақтар өткендердiң қателіктерін тағы да 
қайталайды, адамгершiлiгi жоқ адамдар қоғамды билейдi, ғылыми 
жетiстiктер зұлымдық жолында жұмсалады. Ал моральдық салаға 


242
келер болсақ, соңғы ғасырларда онда ешқандай алға жылжушылық 
болған жоқ – езiлу, зардап шегу, қантөгiс, қатыгездiк осы уақытқа 
шейiн азаюдың орнына көбейiп келедi. Мәңгiлiк алаңдаушылық пен 
адамдардың бiр-бiрiне деген орныққансенбеушiлiгi өмiрдi шырмап 
алған. 
Әрине, Шопенгауердiң жоғарыда көрсетiлген қоғам өмiрiндегi 
келеңсiз жайттар туралы ойларын бiз сырттата алмаймыз. Керiсiнше, 
оның санын бүгiнгi өмiрге қарап өсiруге де болар едi. Өмiр алдына 
үлкен мақсат-мұраттар қойып, соған жету жолында неше түрлi «тар 
жол, тайғақ кешуден» өтпеген адам кемде-кем болса керек. Бұл өмiрдiң 
трагедиялық диалектикасын өмiрден әсiресе көп зардап шеккен қазақ 
халқы «орындалмайтын арман», «жалған», «дүниенiң төрт құбыласы 
ешқашанда бiр-бiрiне тең емес» т.с.с. ойлармен берiп, нағыз бақытты 
өмiрдi о дүниедегi жұмақтан iздеген болатын.
Сонымен, Шопенгауердiң ойынша, зардапқа толы дүниенiң негiзгi 
күнәкары – әлемдiк Ерiктiң өзi. Бiрақ оның санасы болмағаннан кейiн, 
ол өз iстерiне жауап бере алмайды, тек қана мәңгiлiк бiр трагедиядан 
өтiп, екiншiсіне т.с.с. ауыса бередi. Бұл арадағы бiр үмiт – әлемдiк ерiк 
сананы тудырған ғарышты дүниеге әкелдi. Мiне, дүниенiң ажырамас 
бiр бөлiгi ретiнде адамдардың өздері ғана сол әлемдiк ерiкке қарсы 
шығып, оны таратуы керек, сонда ғана дүниенiң зардабы тоқтатылады. 
Ол үшiн адам өзiнiң өмiрлiк күш-қуатын, өз бойындағы еркiн сол 
дүниенi тудырған әлемдiк ерiкке қарсы қоюы қажет. Ал мұның өзi ең 
алдымен адамдардың философиялық таным арқылы әлемдiк ерiктiң 
терең мәнiн зерттеп-бiлуiмен тығыз байланысты. Содан кейiн адам 
екi сатыдан өтуi керек. Алғашқысы – эстетикалық аңдау, соңғысы – 
моральдық жолмен жетiлу.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   160   161   162   163   164   165   166   167   ...   422




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет