ЕЛІМІЗДЕГІ ДІНИ АХУАЛЫ ЖӨНІНДЕГІ МӘСЕЛЕСІ ТУРАЛЫ.
А.А. Көлбаев - Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
«Халықаралық қатынастар» кафедрасының аға оқытушысы
Ежелгi қазақ жерiнде халықтардың, өркениеттердiң, мәдениеттер мен алуан дiни сенiмдердiң бiр
мемлекетте бейбiт қатар өмiр сүруiнiң бай да бiрегей тәжiрибесi жинақталған. Бұл тәжiрибе бiздiң
бiрлiгiмiздiң түп-тамырын айқындайды және болашағымызды айқынырақ көруге жәрдемдеседi.
Қазақстандағы iшкi саяси жағдай бүгiнгi таңда тұтас алғанда тұрлаулылығымен сипатталады. Түрлi
этникалық топтар өздерi тұратын аймақтардағы ұлтаралық қатынастарды қанағаттанарлық әрi
жарасымды деп бағалайды.
Қазақстан қоғамының өзi тәрiздi елдегi ұлтаралық қатынастар да соңғы жылдары айтарлықтай
өзгерiстерге ұшырады. Экономикалық және саяси реформаларды жүргiзу барысында жаңа әлеуметтiк
топтар түзiлдi, қоғамда ой еркiндiгi мен төзiмдiлiк орнығу үстiнде. Қоғамды демократияландыру
Қазақстан халықтарының мәдениетi мен тiлдерiнiң қайта түлеуi және дамуы үшiн жағдайды
қамтамасыз еттi. Бұл даму күллi Қазақстан этностарының азаматтық бiртұтастығы негiзiнде жүрiп
жатыр, мұның өзi ұлтаралық қатынастардың үйлесiмдiлiгiне ықпал етедi.
Сонымен қатар, біз әлемдегі жаңа геосаяси жағдайларға тап болғанымызды да жасыра алмаймыз.
Мысалы, ғасырлар тоғысында әлеуметтанушы америкалық ғалымдар Дж. Нейсбит пен П.Абурдин 2000
жылы ХХI ғасырдың алғашқы жылдарындағы әлемдегі ең басты, ықпалды, жаһандық сипаттағы он
бағыттың (мегатенденциялар) ішінде тілдік патриотизм мен діни қайта жаңару үрдістерін атады. Ал
БҰҰ қолдауымен 2003 жылы дайындалған «Әлем болашағы пішіні» атты еңбекте де он төрт басты
үрдістердің екеуі діни және ұлттық жағдайларға байланысты: радикалды ислам идеологиясының дамуы
және этностық өзін өзі тану саясатының күш алуы /1.
Ұлттық және діни мәселелердің ықпалының өсуін сарапшылар XXI ғасырда отаршылдыққа қарсы
күрестің жаңа толқынының басталуымен түсіндіреді. Егер бірінші толқын экономикалық және саяси
тәуелсіздікке қол жеткізу болса, отарсыздану зымыранының екінші сатысы мәдени және әлеуметтік
тәуелсіздіктен арылу болып отыр. Осы мүмкіндік пен қатерлер төңірегінде бұрынғы отарланған елдер
мен отарлаушы елдер терең ойлануда.
Ішкі діни ахуал о баста кеңес заманының дөрекі атеистік саясаты, дінге қарсы жүргізілген зорлық-
зомбылық, діни ғибадатханалардың жабылуы, діни қызметкерлерін қудалаумен де байланысты.
Тәуелсіздікпен бірге діни еркіндік алған дәстүрлі дінімізге оралуды мақсат еттік те, оны нақтылап
анықтауға біліміміз де, тәжірибеміз де жеткіліксіз болды, ислам дініндеміз, мұсылманбыз дедік.
Сырттан келгендердің барлық уағыздарын жоғары ақиқат деп қана қабылдап қойған жоқпыз,
басшылыққа алдық. Осылай әртүрлі жат ағымдарға икемді орта қалыптаса бастады. Олар әлемдік
тәжірибеден өткен әккі жолдарын Қазақстанда да пайдаланды: мешіт, медресе, шіркеу салуға сырттан
қаржылай көмек көрсету, бірақ жетекшілері шетелдіктер болуын басты талап ету, әртүрлі
қайырымдылық қорларын құру, жастарды араб және басқа елдерде діни білім алуға жіберу, олар
оралғаннан кейін ұстаздарының идеялық уағыздарын насихаттауға тиісті болу. Осы қауіпті ескеріп,
Ресейдің 1997 жылы қабылданған «Ар-ождан бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы шет ел
діни ұйымдары өкілдіктерінің діни қызметпен айналысуына тыйым салды.
Елдегі тыныштықты, тұрақтылықты мылтықпен орната алмаймыз. Көршіміз Ресей тәжірибесі қаза
болғандардың орнын туыстары, жерлестері, ниеттестері толтырып өш алу, арандату жалғаса беретінін
көрсетіп отыр. Ел тұрғындарынан азамат тәрбиелеу, ымырашылдық, іштей жек көретіндермен де
сырттай сыйласа білу, жұғысу, келісіп отыру да аз, өз пікірінде қалу, елді ұйымдастырып, дінаралық,
ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу маңызды болып табылады. Ең бастысы - адамдарға әділ қарап,
тілектестік, жарастық табу, бірбеткейлікке жол бермеу.
Бүгін әлемде, әсіресе, Батыста еуропоцентризм идеологиясына негізделген ислам дініне,
мұсылмандарға деген қарсылық басым. Мысалы, Ресейде, әсіресе, Солтүстік Кавказдағы соғыс
жылдары ислам дінін шеттету орын алды. Ішкі істер министрлігі мен орыс православие шіркеуінің
ынтымақтастық туралы мұсылмандардан оңаша қабылдаған келісімі «азаматтарды рухани
арандатушылықтан қорғау» деп аталды. Ресейдің қауіпсіздік кеңесі мен православие діни
бірлестіктерімен өткен келісім де осы пішінде өтті. Бүгінгі Патриарх Кирилл Ресейдегі
мұсылмандардың санын кемітіп көрсетіп,
30
20 млн.-ға жеткен, халқының 15%-дан астамын құрайтын мұсылмандарды нәбәрі 4-5% деп, Ресейдің
православие елі екендігіне басымдық беруге тырысса, кезінде патриарх Алексий II де «Ресейдің
идеологиясы парвославие» деген болатын. Ресейдің бірқатар өңірлерінде мешіттер салуға қарсылық әлі
көп /2.
Бүгін ислам дінін құбыжық етіп көрсетіп, экстремизм қаупін тек исламнан көру етек алған. Соңғы
кезде Норвегияда болған жантүршігерлік террористік оқиға ақылынан адасқан біреудің әрекеті емес.
Андрес Брейвик өзінің қылмысын қоғамның көңілін аударатын «қажетті айуандық» деп есептейді, ол
мұсылмандардың Норвегияны отарлауына қарсылық деп бағалайды. Мұсылмандарды еуропалықтар
ислам діні мен салтынан бас тартпайды деп айыптайды.
Біздің елімізде ислам дінінің орны бөлек. Қазақ сияқты отарланған ұлттар үшін дәстүрлі
құндылықтарды, ұлт мәдениетін, дәстүрлі дінін қолдау өте маңызды. Ислам діні - ғасырлар бойы
ұлтымызға тірек, өркениетіміздің қазығы болған және бола беретін мәдениет құрушы, орны бөлек
рухани күш. Дегенмен, біз өз ұстанымымызды толық анықтай алмай келдік. Батыс пен Ресейдің ислам
дініне деген салқындығы Қазақстанда да сезіледі. Ол - бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ағылып
келіп жатқан әдебиеттердің, оның ішінде ғылыми деп аталатын еңбектердің де ықпалы. Бір сөзбен
айтқанда, ақпараттық экспансия ислам дініне салқынын тигізуде.
«Діни экстремизм», «ислам экстремизмі», «ислам фундаментализмі» ұғымдарын біз ойланбастан
қабылдап, оқулықтарға енгіздік және онда исламға көлеңке түсіру ниеті жатқанына мән бермедік.
«Экстремизм» (фр. тілінен extremisme, лат. extremus) - шектен шығу деген мағынаны білдіреді. Бірақ
«шектен шыққан» көзқарас, «әрекет» деп нақты нені айтамыз деген сауалға жауап алуан түрлі. Негізі ол
тек Конституцияның, заңның талабымен өлшенсе керек. Әртүрлі лаңкестік әрекеттерді дінмен, әсіресе,
ислам дінімен байланыстыру қате пікір: шынайы ислам экстремизмге, экстремизм исламға жат.
Ғасырлар бойы мәдениеттің, өркениеттің негізі болған исламды түрлі жағымсыз істермен, қантөгіс
уақиғалармен байланыстырудың астарында басқа діндерді тықпалау ниеті жатыр.
Төркініміз Кеңес өкіметі ұлт десе ұлтшыл деп айыптауға дайын тұратын еді. Енді бүгін дін десе,
әсіресе ислам діні туралы сөз бола қалса, ол дінді ұстанушыларға «экстремист», «террорист»,
«вахабист» дейтіндер көбейді. Шындығында, мұндай анықтаманы тек сот бере алады. Әлі де дінді жау
көрмесе де, идеология саласында бәсекелес көретіндер бар. Жастардың көбірек мешітке баратынынан,
болмаса ерекше киінгенінен зайырлы мемлекетке жасырын қауіп іздеушілер жоқ емес.
Діндарлықты - «фанатизм», радикалдық іс әрекеттермен байланыстыратын психология өз ішімізде
әлі де көрініс алып отыр. Дін ата-бабаларымыздың құндылығының негізі дегенімізбен, әлі оның
парқына бара алмай жүрміз. Орыс ақыны А.Вознесенский айтқандай, «мы некрещенные дети советской
империи» деп, бүгінгі қазақтардың да кіндігін негізінен атеистер кескен, рухани тәрбие алмай, енді көп
дүниені ой елегінен өткізудеміз. Сондықтан да зайырлы мемлекеттің не екенін біреу біліп, біреуі
білмей, атеистік мемлекетке теңейді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев: «Мен
еліміздегі діни істер туралы ерекше айтқым келеді» - деді. Елбасының дін жағдайына аса назар
аударуының терең себептері бар. Еліміздегі діни ахуалды жаһандану үрдістерінен, әлемдік
қайшылықтардан, ислам дінінің әлемдегі орны, ықпалынан бөліп қарау мүмкін емес. Мысалы,
Палестина проблемасы - ислам үшін қасиетті жерде Израиль мемлекетінің пайда болуы, еврей
мемлекетінің Палестина территориясын басып алуы араб әлемін есінен тандыратындай етті. Батыстың
еврейлерді қолдауы араб ұлтының намысына тиді. 2003 жылы Қазақстан Парламенті Мәжілісі
делегациясының Сирияға сапарында президент Башар Асадтың: «Біз Израильмен емес, АҚШ-пен
Батыспен соғысып жатырмыз, әйтпесе бір топ еврейге тойтарыс беру бізге қиын емес. Кезінде
арабтарды шапқыншылардан қорғаған Бейбарыс ұрпақтары - қазақтардан қару-жарақ емес, моральдық
қолдау күтеміз», - дегені есімде /3.
АҚШ-тағы еврей лоббиі жағдайында Палестина мәселесінің шешімін табуы қиын. Дегенмен, бүгін
күдіктен үміт басым. Ал егер күштілер осылай араб елдеріне, палестиналықтарға ойына келгенін істей
берсе, онда әлсіздер тарапынан лаңкестік әрекеттер де жалғаса бермек. АҚШ-тың мүддесі бар әлемнің
кез келген елінде сыртқы күштер әртүрлі жолдармен ел ішіне іріткі салуға ұмтыла беретін болады.
Бүгін елімізде ислам дінінің Қазақстанға тарауы, дін мен ұлттық салт-дәстүріміздің үйлесімі мен
ерекшеліктері, Әбу Ханифа мазхабы, салафия бағыты туралы мазмұнды, терең насихат жүргізілуде.
Елді тәрбиелейтін ағартушылық іс діни ахуалға оңды ықпал ететіні сөзсіз. Бірақ оның да шегі бар. Бұл
істе науқаншылдық тиімсіз. Ақтөбе облысының Темір ауданы, әсіресе, Шұбаршы, Кеңқияқ ауыл-
31
дарында діни насихат жалықтырған да тәрізді. Уағыз, насихат саяси - әлеуметтік, мәдени өмірмен
үйлесіп жатқанда ғана тиімді. Мемлекет пен дін бірлігі, халықтың мемлекетке де, дінге де сенімі діни
ахуалды тұрақтандырады.
Діни ахуалға, әсіресе, радикалдық көңіл-күйге, экономикалық, нарықтық қатынастарға бет алу,
елдің бай мен жарлыларға жіктелуі, діні бөлек шет ел жұмыс күшінің таралуы әсер етпей қоймайды. Бір
жағынан, әлеуметтік қиындықтар, социалистік құндылықтардың күйреуі, наным-сенімдердің өзгеруі,
екінші жағынан, еркіндік жеке адамдарды жаңа іс әрекеттерге, әртүрлі ағымдарды таңдауына мүмкіндік
туғызды, итермеледі, олардың арасында радикалды пікірлер де аз болмады. Әлі де ысылмаған, оңын-
солын танымағандар жетекке ере берді.
Діни ахуалға ұлттық факторлардың тікелей ықпалы барлығы белгілі. Қазақстанда қазақ тілінің
мемлекеттік тіл ретінде әлсіздігі, Ресей телеарналарының үстемдігі, теледидардағы ислам дәстүріне жат
зорлық-зомбылықтың, порнографияның кең тарауы бөтен тілдің, мәдениеттің өктемдігі ғана емес, бөтен
діннің де мұсылмандарға шабуылы деп қабылданатыны анық. Мемлекеттік басқару органдары мен өзін
өзі басқару органдарының елдегі ахуалға жағымды ықпал ету, кесепаттың алдын алу жолдары мол.
Олардың ішінде:
- елді мекендердегі, аудандардағы жағдай туралы құқық қорғау органдарымен әрдайым өзара
ықыласты байланыста болу;
- қалаларда мәслихаттардың пәтер иелері кооперативтерімен сенімді қарым-қатынаста болуы,
тұрғындар тынысы жайлы хабардар болу;
- қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялармен байсалды пікір алмасу;
- кейбір жағдайда сенім телефоны арқылы жалпы өрескел іс-қимылдар туралы мәлімет алып отыру;
- азаматтардың әр салада да белсенділігін қолдау, оларға ықылас-пейіл таныту, менмендікке жол
бермеу;
- мемлекеттік басқару органдарында кіші ассамблеялармен қатар этномәдени бірлестіктермен,
басқа да орталықтармен байланысқа жауапты адамдарды бекіту;
- діни, ұлтаралық, әлеуметтік ахуал жөнінде тәжірибені мезгіл-мезгіл саралап, жергілікті облыстық,
мемлекеттік деңгейде ұсыныстар дайындау;
- әлеуметтік зерттеулер негізінде жоғары оқу орындары колледждер мен мектеп оқушыларының
көңіл-күйін, рухани ұстанымдарын анықтау;
- жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару органдарының елді мекендер аумағындағы
базарлар, сауда орындары, мейрамханалар, демалыс орындары, спорттық секциялар, парктер мен зират
орындары төңірегіндегі ахуалды қадағалап отыру;
- бұқаралық ақпарат құралдарын рухани, байыпты, кісілік қасиетке бейімдеу.
Сонымен, дінге бетбұрыс, дінге сенушілердің, діни бірлестіктердің, ұйымдардың, діни оқу
орындарының санының тез өсуі елімізде күрделі, қайшылыққа толы діни ахуал қалыптастырды, еліміз
алуан түрлі діндердің араласатын алаңына айналды. Бір жағынан, демократиялық ахуал жаңа
мүмкіндіктер туғызды, адам тәрбиесіне жаңа қырынан келіп, рухани-психологиялық тәрбиеге мүмкіндік
берді, дін мұсылман ағайынның басын біріктіретін, рушылдық, жүзшілдіктен жоғары тұратын
патриоттық идеологияның бір негізіне айналып барады. Екінші жағынан, діни ағымдар мен
конфессиялар арасында бәсекелестік күшейді. Абай айтпақшы, «кеселді кісі еркін келетұғыны несі?»
деп, діни сенім бостандығын әртүрлі секталар, жат ілімдер көбірек пайдаланып кетті. Бұл бұрын-соңды
болмаған діни ахуал еді. Кешегі атеистік қоғамнан шыққан біздің қоғам мейірімді дін мен дінді
бүркемелеп жүрген әртүрлі іріткі салушы топтарды ажырата алмай, кауіп-қатерді талай ғасырлар бойы
елімізді тәрбиелеп келген ислам дінінен көретіндер де бой көрсетті.
Бүгін жаңарған діни сананы елдің басын біріктіріп, мәдениетінің, дәстүрінің тірегіне айналдыру,
дін мен мемлекет, дін мен тәрбие үйлесіміне қол жеткізе білу - ел дамуының ізгілігі мол шапағатты
жолы.
1. «Социально-гуманитарные науки» №3, 2011 жыл, 4-5-беттер.
2. Э.Абдулагатов. Российские православные и мусульмане: общие проблемы - разные взгляды. //
«Общественные науки и современность», 2004, №2
3. А.Айталы. Жаңа діни ахуал: Мүмкіндіктер мен қатерлер / Егемен Қазақстан. 4 Қараша, 2011
32
Түйін
Бұл мақалада автор қазіргі таңда еліміздегі мемлекет пен дін арасындағы өзара әрекет жасаудың
оңтайлы механизмін құру туралы ең өзекті мәселесін қозғайды және бұл үрдіске біршама талдау
жасайды.
Резюме
В этой статье автор затрагивает самую острую и наболевшую тему создания наиболее четкого
продуманного механизма взаимодействия государства и религии и дает некоторый анализ этому
процессу.
Summary
In this article the author mentions the sharpest and sore theme of creation of the most accurate thought
over mechanism of interaction of the state and religion and gives some analysis to this process.
УДК -94-327.504 (1575)
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІМЕН
ЫҚПАЛДАСУЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ.
Джолдыбаева Ұ.М., тар. ғыл. к.,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың академик Т.С.Садықов атындағы
Қазақстан тарихы кафедрасының доценті
Қазіргі халықаралық қатынастар жаһандануға және өңірлік интеграцияға негізделіп отыр. Себебі
бүгінгі таңда дүние жүзі аймақтық және жаһандық блоктар жиынтығына айналуда. Алайда, қазіргі
әлемнің құрылымдық бөліну процесі барысында өркениеттердің өзара әрекеттестігіне қарағанда бір
өркениеттің екіншісіне қаржы-экономикалық, нарықтық, әскери механизмдер және технотрондық
құралдармен ықпал жасауы көрініс табуда. Әлем болмысының болашағын айқындауда дүние жүзінің
барлық мемлекеттері арасындағы диалог пен ұдайы ықпалдастықтың орны айрықша. Сондықтан да
әлемдік шаруашылықтан тыс қалмау үшін, Орталық Азия мемлекеттері жаңа геосаяси және
экономикалық жағдайдағы өз мүмкіндіктерін барынша объективті түрде бағалап, жалпы дамудағы өз
резервтеріне баса назар аудара бастады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылғы «Қазақстан 2030»
Қазақстан халқына жолдауы ұзақ мерзімді басымдықтарды іске асыруға арналған. Олар: ұлттық
қауіпсіздік; ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы; экономикалық өсу; Қазақстан
азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты; энергетика ресурстары; инфрақұрылым, әсіресе көлік
және байланыс; кәсіби мемлекет; Жолдауда аталып өткен ұзақ мерзімді басымдықтардың ішінде
Қазақстанның орталық-азиялық мемлекеттермен біріге отырып атқаратын іс-қимылдарына да баса
назар аударылған. Сонымен қатар стратегиялық бағдарламада ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев: «2030
жылға қарай Қазақстан Орталық Азия барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болады
деп сенемін. Ол өзінің талпыныс-ұмтылыстарында, жеңістері мен сәтсіздіктерінде бір ананың сүтін тел
емген өзінің бауырлары – Өзбек, Қырғыз және басқа да Орталық Азия барыстарымен дәйім бірлікте
болып, олардың өрлеуі мен жетістіктерін мақтаныш тұтатын болады», – деп, мемлекеттер арасындағы
ықпалдастық пен ынтымақтастыққа зор үміт артты [1]. Тәуелсіздік алған мемлекеттер үшін әлемдік
саясаттағы өз орнын тауып, өзекті мәселелерін шешу мақсатында өзара интеграциялану процесін
күшейту қажеттілігі туындап отыр.Ұйымдасқан қылмыс, лаңкестік, экологиялық апаттар, жаппай көші-
қон, есірткі тасымалдау сияқты күрделі де көлемді проблемаларды бақылап, қадағалап отыруда және
шешуде жекелеген мемлекеттерге қарағанда халықаралық ұйымдар, трансұлттық компаниялар,
аймақтық бірлестіктер сияқты ауқымды құрылымдардың мүмкіндігі мол.
Бүгінгі таңда Орталық Азия мемлекеттерінің саяси-экономикалық тұрғыда өзара ықпалдасып
дамуы, мәдени-тарихи құндылықтарын ортақ игілікке айналдыру қажеттілігінің маңызы арта түсуде.
Себебі тілі мен ділі ғана емес, аумақтық кеңістігі де ортақ, қарым-қатынастары баяғы заманнан үзілмей
келе жатқан тәуелсіз мемлекеттердің бірлесіп отырып шешетін мәселелер шеңбері де
33
ауқымды. Саяси-экономикалық және экологиялық мәселелер кешеніне: қоршаған ортаны қорғау, тауар
айналымы, көлік және кеден, шекара, мәдениет т. б. проблемалар жатады.
Орталық Азия елдері тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап мәңгілік достық қарым-қатынас
туралы келісім-шарттар жасасқан болатын. Бүгінде географиялық және демографиялық қорға бай бұл
аймақ геосаяси артықшылықтарға ие болып отыр. Сонымен қатар өңірдің геосаяси маңыздылығы оның
Еуразияның ең басты геосаяси орталықтарымен шекараластығымен де айқындалуда. «Әлемдік саясат
тұрғысынан жаһандану және интеграция процестері елдер мен аймақтардың жан-жақты жақындасуын,
мемлекеттердің өзара тәуелділігін арттырады. Жалпы алғанда, жаһандану мен мемлекеттердің ұлттық
мүдделері қалыптасып жатқан әлемдік тәртіптің бір-біріне қарсы емес, керісінше, бір-бірін толықтырып
отыратын элементтері болып табылады. Қазір қалыптасып жатқан жаһандық жүйе ұлттық мүдделерге
сай келмей, мемлекеттердің өзара әрекеттестігінен тыс құрылған жағдайда өміршең болмақ емес. Ал ол
үшін мемлекет жаңадан туындап жатқан әр түрлі қауіп-қатерлерге тиісті жауап беруге қабілетті болуы
тиіс, яғни ол «мықты» болуы керек» [2].
Шығысында Қытай Халық Республикасы және Азия-Тынық мұхит аймағы елдерімен, оңтүстігінде
Ауғанстанмен және бірқатар ислам мемлекеттерімен, батысы және солтүстігінде Ресей, Түркия және
Кавказ елдерімен шекаралас бұл өңір республикаларының саяси-экономикалық болашағының жарқын
болуының бірден-бір шарты – ықпалдаса әрекет етуі. Себебі қарым-қатынастары тарихы ғасырлар
тереңінде жатқан ортақ кеңістікте орналасқан Орталық Азия республикалары тәуелсіздік алған кезден
әлемдік жаһандану процесіне белсенді түрде қатысып, халықаралық және аймақтық деңгейде өздеріне
бірқатар міндеттемелерді жүктеуде. Бірлесе іс-қимыл жасап, әлеуметтік-экономикалық және саяси
жағдайын тұрақтандыру үшін, бұл аумақта кедендік одақ, бірыңғай көлік, энергетикалық және
ақпараттық жүйелерді қалыптастыру арқылы Шығыс пен Батыс арасындағы байланысты нығайтудағы
[3] рөлін арттырумен қатар аймақтық және жаһандық сипатқа ие болып отырған су қорын ұтымды
пайдалану, биологиялық әралуандылықты сақтау, озон қабаты жұқаруының, шөлейттенудің
салдарларын жойып, алдын алу және басқа да өзекті мәселелерді шешу мақсатында мемлекеттердің
өзара серіктестік пен ықпалдастық жағдайында тығыз байланыс құруының маңызы зор.
Бұл орайда «жаһандану» терминіне анықтама бере кеткен жөн. Қазіргі кезеңдегі жаһандану
процестеріне қатысты бұл ұғым адамзат қоғамының біртұтас жүйе ретінде қалыптасуын бейнелейтін
өзара байланыстар мен өзара әрекеттестіктерді білдіреді. ХХ ғасырда туындаған бұл құбылыс ХХІ
ғасырда қарқынды түрде дамып келеді. Өткен ғасырдағы ірі саяси-экономикалық оқиғалар, атап
айтқанда, дүниежүзілік отарлық жүйенің күйреуі, КСРО-ның ыдырауы, сонымен қатар ғылыми-
техникалық прогресс интеграциялық процестерді жеделдетіп, күшейте түсті. Планетадағы халық
санының өсуі, әлеуметтік өмірдің күрделеніп, әр түрлі әлеуметтік жүйелердің бір-біріне қарсы тұруы,
табиғи ортаға жасалған техногендік әсер жаһандық проблемаларды туындатты. Интеграциялық
процестердің дамуы жаһандануды да қарқындата түсті. Алайда, әрбір елдің осы процестегі алатын орны
экономикалық, әскери және ғылыми-техникалық ықпалы деңгейімен айқындалатындықтан, олардың
жаһанданудағы басымдықтары да әртүрлі болды [4]. Жаһандану процесін экономика мамандары мен
қаржыгерлер дүниежүзілік нарықтың, әлемдік экономиканың, біртұтас қаржы-экономикалық кеңістіктің
қалыптасуы деп, ал саясаттанушылар мен саясаткерлер оны ұлттық шекараларды қалыптастыру деп
түсінеді, демографтарды әлем халқы санының өсуі проблемасы толғандырса, экологтарды экологиялық
дағдарыстарды болдырмау мәселесі алаңдатады. Бұл мәселелерді ескерсек, жаһанданудың бүкіл әлемді
біртұтас жүйеге айналдырып, жалпы өркениеттің келешек дамуын айқындайтын жан-жақты әрі
көпқырлы процесс екендігін анықтауға болады.
Ал халықаралық қатынастарда: «Жаһандану – халықаралық қатынастардағы қоғамдық өмір мен іс-
әрекеттердің әр түрлі салаларындағы өзара тәуелділік пен өзара әсер етудің нығаюы» [5], – деген
көзқарас кеңінен қолданылады Яғни, жоғарыда аталып өткен салалар бір-бірімен тығыз байланысты
болып табылады. Жаһандану бүкіл планетадағы интеграциялық процестерді қамтитын және әлеуметтік-
мәдени құрылымдар мен институттарды біртұтас жүйеге айналдыратын интернационализацияның ең
жоғарғы дәрежесі. Елбасының пікірімен айтсақ: «әлем қоғамдастығының мүшелерімен тең құқылы әрі
паритетті қарым-қатынастар дүниежүзілік интеграция процесіндегі жарқын жол болуы тиіс» [6], –
екендігін және Интеграциялық өркениет дәуірі басталғандығын жадында ұстап, Орталық Азия өңірі
мемлекеттері бір-бірімен жан-жақты тығыз ынтымақтастық құруда. Сонымен қатар энциклопедиялық
сөздікте «Интеграция» ұғымы қайта құру, қосылуды білдіретін «integratio» деген латын сөзінен шыққан
[7]. Бұл термин ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында неміс
34
және швед ғалымдары еңбектерінде алғаш рет қолданған болатын. Ал қазіргі кезеңде «интеграция»
термині әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени тағы басқа да салаларда орын алатын құбылыстар мен
процестерді қамти отырып, тар мағынада қолданыс табуда. Ал «аймақ» ұғымын анықтауда оның екі
белгісі болуы қажет: біріншісі – халықаралық қатынастардың бөлектенуі (яғни белгілі бір мәселелер
шеңберінің орын алуы) екіншісі – сол қатынастардың белгілі бір географиялық аумақ шеңберімен
шектелуі [8]. Жалпы алғанда кең мағынада аймақ дегеніміз – географиялық, табиғи, экономикалық,
әлеуметтік-тарихи және ұлттық-мәдени жағдайлардың өзіндік біркелкілігінен көрініс табатын
құбылыстардың болуы, олардың қарқындылығы, көптүрлілігі және өзара байланыстылығы белгілерімен
ерекшеленетін күрделі аумақтық-экономикалық және ұлттық-мәдени кешен болып табылатын белгілі
бір аумақ деген анықтамамен келісуге болады [9].
«Орталық Азия ынтымақтастығы (ОАЫ)» ұйымын құру туралы келісім-шартқа 2002 жылы Алматы
қаласында қол қойылды. Бұл ұйымға бастапқыда Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы,
Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы мүше болған, кейіннен, 2004 жылдан бастап Ресей
Федерациясы да кірді. Бұрынғысына қарағанда, бұл ұйымның мақсат-міндет-терінің шеңбері едәуір
ауқымды. Олар саяси-экономикалық қана емес, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық
мәселелерді, сонымен қатар қауіпсіздік пен тұрақтылық және табиғатты қорғау мәселелерін қамтиды.
Халықаралық ауқымдағы ұлттық мүдделерімізді нұқсансыз қамтамасыз ету үшін, біз әлеуметтік-
экономикалық даму бағытында тиісті табыстарға қол жеткізуге тиіспіз. Біздің мүдделеріміздің
түпкілікті мәні – халыққа төнуі мүмкін қандай да болсын сыртқы қауіптердің алдын алып,
мемлекеттілігімізді сақтап қалу, себебі бұл болашақ үшін маңызы зор мәселелердің бірі. Қазақстанның
АӨСШК төрағасы болып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолында бар мүмкіндіктерді әрі қарай
жүзеге асыру ұстанымы барынша айқындалып, әлем қоғамдастығының қолдауын тауып отыр. Бұл
орайда Қазақстан Республикасының Елбасы және Үкімет басшыларының көршілес елдердің
басшыларымен дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайту жолындағы қазір жүзеге асырып отырған
бірқатар кездесулері, келіссөздері, жасаған келісім-шарттары және оларды іске асыру мақсатындағы іс-
шараларының қомақтылығын атап өткен жөн. Жалпы алғанда, 60 млн-нан астам халқы бар бұл елдерді
көршілес орналасқан аумақтары ғана емес, ортақ тарихы да, яғни бағзы заманнан келе жатқан
экономикалық-саяси, мәдени-адами қарым-қатынастары байланыстыратындықтан, осы өңірдегі
мемлекеттердің интеграциялануы заңды құбылыс. Ұлан-ғайыр аумағы, энергия көздері мен өзге де
стратегиялық сипатқа ие Орталық Азия аймағы ресурстарының өте мол қоры, қуатты ауылшаруашылық
потенциалы бұл өңірдің әлемдік геосаясаттағы рөлінің ерекше екендігін айқындайды. Қ.К. Тоқаев атап
көрсеткендей, «континенталды интеграция – дүниежүзілік интеграцияға апаратын жол, өзара тәуелді
интеграция адамзатқа әлемдік және аймақтық даму мәселелерін шешуге көмектеседі» [10].
Еуразия құрылығының ортасында орналасқан Орталық Азия мемлекеттерінің бір-біріне
жақындығы мен ортақ шекаралары, көліктік, коммуникациялық тағы басқа да байланыстарының
тығыздығы, табиғи минерал-шикізатты, отын-энергетикалық, жер-су қоры мен адам-еңбек
потенциалының молдығы сияқты ортақ белгілері әрі бұл елдерді толғандырып отырған сыртқы және
ішкі саяси, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мәселелер мен міндеттерінің ұқсастығы осы
салалардағы проблемаларды бірлесе шешу мақсатында ынтымақтастық құру мен интеграциялану
процесін тереңдетуді талап етіп отыр.Елбасы атап өткен Еуропа мен Азияның интеграциясына қатысты
айырмашылықтарға назар аударсақ: «Көп ретте өңірдің ерекшеліктерін түсінбестен, бізді Шығыс
Еуропамен салыстырып жатады және бұдан алысты көздейтін тұжырымдар жасайды. Алайда Шығыс
Еуропа мүлдем басқа мәдени, экономикалық және геосаяси ортада дамыды. Шығыс Еуропада нарық,
ұлттық мемлекеттілік, демократиялық мінез-құлық үлгілерінің дәстүрлері үш-төрт онжылдыққа ғана
үзілді. Содан да бұл өңір геосаяси күйреулерден кейін өзінің тарихи мәдени-өркениеттілік ареалына тез
интеграцияланды. Орталық Азиядағы ахуал мүлдем басқаша.
Біріншіден, біз дәстүршіл қоғамнан осы заманғы, ырықтандырылған принципке негізделген
қоғамға өтіп жатырмыз.
Біз үшін әрқилы мәдени тұғырнамалардың қақтығысына жол бермеу, қоғамдық санада адамдар
үшін жаңа құндылықтар мен қатынастарды біртіндеп қалыптастыра отырып, ұлттық дәстүрлердің
жаңғыртылған нұсқаларымен жарасты үйлесімін қамтамасыз ету айрықша маңызды.
Кейбір елдердің жуырдағы тарихынан сәтсіз мысалдар баршылық. Әдетте, қоғам қызметінің
тетіктерін алмастыру жүріп, либерализм дәстүршілдікке қарсы қойылған жерлерде процесс не
қоғамдық
35
кері кетуге ұрынды, не оған бастамашы болған күштердің диктаторлық режимге айналуына соқтырды.
Екіншіден, біз өзіміздің ұлттық мемлекеттігіміздің ғимаратын тұрғызуды іс жүзінде тақыр жерден
бастадық.
Мемлекеттілік тарихы ғасырлар бойы үзіліп қалды, ал осы заманғы терминдер мен ұғымдар
тұрғысынан ол болған да жоқ. Еуропада берілген болмыс ретінде көрінетін нәрселерді бізге алға жылжу
барысында аса ауыр экономикалық дағдарыс және әлеуметтік толқудың ұдайғы қатері жағдайында
құрауға тура келді.
Үшіншіден, жоспарлы экономиканы нарықтық экономикаға, жалғыз партиялық саяси жүйені сан
алуандылық жүйесіне өзгерту кезеңінен өту қажет еді» [11].
Сондай-ақ, екі ірі мемлекетпен, яғни Ресей және Қытаймен көрші болу әрі Ислам әлемінің қуатты
мәдени ықпалында болу Орталық Азиядағы қауіпсіздік жүйесін таза өңірлік топты ғана қалыптастыру
арқылы мүмкін емес. Бұл аймақтағы елдер Азия немесе Еуразиядағы күштер үйлесімділігіне ғана емес,
жалпы әлемдік геосаяси балансқа да әсер ете алатын топты құрайды [12]. Батыс пен Шығыс
арасындағы нақты байланыстарды реттеуде Орталық Азия республикалары елеулі маңызға ие болуда.
Сондықтан да Орталық-азиялық қауіпсіздіктің қалыптасып жатқан жүйесі әрбір бөлшегі өңірлік тепе-
теңдік пен тұрақтылықты орнықтыруда және әртүрлі қатерлерлерден қорғауда белгілі бір рөл атқаратын
көпқабатты сипат алып отыр. 2006 жылы Қазақстанның Президенті және ҚР Үкіметінің басшылары
Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркменстан мемлекеттерінің басшыларымен өткізген ірі
басқосулары барысында көптеген мемлекетаралық келіссөздерге қол жеткізілді. Атап айтар болсақ,
2006 жылы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті И. Кәрімов екі ел
астанасында ресми кездесулер өткізу барысында бірқатар құжаттарға қол қойып, екі елдің тату көршілік
қатынастарын одан әрі дамытуға ұмтылысының өңірдегі қауіпсіздік проблемаларын шешудегі
тәсілдердің ұқсастығын және бұл саладағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екендігін
растап, бұл қатынастардың сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерілгендігін айғақтады.
Аймақтағы мемлекеттердің халықаралық жағдайын тұрақтандыру мақсатында халықаралық
қатынастардың жаңа жүйесінің негізгі құрамдас күштерін біріктіру қажет, сондықтан ықпалдастық
жөніндегі өңірлік бастамалардың маңызы ерекше болып табылатындығы даусыз. Бірлесе отырып
өткізілген форумдардың идеялары мен шешімдерінің негізінде Орталық Азия елдерінің қазіргі
заманның өзекті мәселелерін шешудегі бірлескен қадамдары олардың бір-біріне жақындасуына әрі
ықпалдаса әрекет етуіне маңызы зор.
1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және
әл-ауқатының артуы. Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы // Заң газеті. – 1997. – 22 қазан.
2. Байзакова К.И. Государство в условиях интеграции и глобализации (на примере Франции) //
Современные проблемы международных отношений: теория и практика: Сб. материалов
межвузовской конференции, посвященной 10-летию специальности «Международные отношения», 18
декабря 2002 г. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – С. 78-82.
3. Парамонов В. Формирование геополитической ситуации в Центральной Азии – внешние
факторы // Центральная Азия и Кавказ. – 2004. – № 1 (17). – С. 57.
4.Тангян С.А. Сущность глобализации и международные проблемы // Глобализация. Конфликт или
диалог цивилизаций? – М.: «Издательский дом «Новый век». Институт микроэкономики, 2002. – С.
101-109.
5. Щербанин Ю.А. и др. Международные экономические отношения. Интеграция: Учебное пособие
для вузов. – М., 1997. – С. 32.
6. Назарбаев Н.А. Независимость Казахстана: уроки истории и современность // Казахстанская
правда. – 1997. – 17 декабря.
7. Энциклопедический словарь / Под ред. Г.В. Осипова. – М.: ИСПИ РАН, 1995. – 940 с.
8. Панарин А. Философия политики. – М.: Новая школа, 1996. – С. 108.
9. Кушкумбаев С.К. Центральная Азия как геополитический регион // Саясат. – 2005. – № 10. – С.
20-23.
10.Тоқаев Қ.К. Внешняя политика Казахстана: подходы, приоритеты и задачи // Внешняя
политика Казахстана. – Алматы – М.: Русский раритет, 1995. – C. 26.
11. Назарбаев Н. Ә. Жаһандық ауқымдағы қауіпсіздік кілті Азия жерінде жасырылып жатыр //
Егемен Қазақстан. – 2003. – 10 маусым.
36
12. Назарбаев Н.А. Речь на конференции ООН по разоружению, состоявшейся 8 июня 1999 года /
Национальная безопасность: итоги десятилетия. – Астана: Елорда, 2001. – С. 42-50.
Мақалада Қазақстанның Орталық Азия елдерімен халықаралық ыңтымақтасу мәселелері
қарастырылады
Резюме
В данной статье рассматриваются вопросы международного сотрудничества Казахстана со
странами Центральной Азии.
Summary
This article dialed with the matters of the international cooperation of Republic of Kazakhstan and the
states of Central Asia.
УДК 327 (574)
Достарыңызбен бөлісу: |