28
Қызыл жебе
Нәресте естіп тұр-ау, шешеден жетім баланың жүрегіне дақ
түседі-ау деген не ойына кіріп-шықпайды. Астын-үстін сапырып
тұр. Жанындағы шабарман:
– «Әй, ауылнай, қойсаңшы. Бала тыңдап тұр ғой», –
дейін
деп еді, әкіреңбай немеден қорықты. Бір ерегіссе, қоқыраңдап
қоймайтын ұр да жықтың өзі. Болыстың полицейі сияқты, үстінде
формасы, мықынында наганы жоқ, әйтпесе нағыз полицейдің өзі.
Соларға еліктейді.
Ізбайша жортпаш Түйметайды
қолынан жетектеп ауылдас
отырған Ахат қарияның үйіне кетіп еді. Ахаттың кемпірі аз
ауыл Тау-Шілмембеттің қатын-қалашын асарға шақырып киіз
бастырып жатқан. Рысқұл кепесінің
алдында болыс бастаған
бір топ аттылының тұрғанын бүкіл ауыл көріп отыр. Бәрі де
үйлерінің іргесінен баспалап қарайды. Босқын болып, үрейден
үркек тартқан ауыл «Бұл қалай?» деп үрпиісіп қалған. Ешкінің
қылшығынан бұзауға бұйда есіп отырған жалбыр қас Ахат та,
киіз пісіріп, білектерін сыбанған қатындар да, олардың тасасына
тығылған балалар да әлдебір сұмдықты күтіп, демдерін іштерінен
алып, қаққан қазықтай состиып тұрысып қалып еді.
Шілденің аптабында күзгі
желтоқсанның қара суығы
қалтыратқан жүдеу ағаш басындағы селкеу жапырақтай аз ауыл
болыстың зәуде нөкерлетіп келуінен әрі-сәрі.
«Салық жинап жүр ме?» – деді Ахат амалы таусылып. –
«Әлденеден жазықты болып қалдық па?»
Ахат – Тау-Шілмембеттің ақсақалы, ақылгөйі. Түу
Түлкібастан ауа көшкелі, одан кеткен қадірлі қариясы. Қу
кедейліктің бұғалығынан
қанша бұлқынып құтыла алмай
қойса да, еңсесі түспес, есірік те емес, шап-шақ қана, аршыған
жұмыртқадай әдемі шал. Шаруасы шінжәу болса да, мұнтаздай
таза киініп, аппақ сақалын дөңгелентіп күнде шырпып жүретін
тақуа тақылеттес адам. Шоң мұрын. Қасы жалбырап көзіне түсіп
тұрады. Қысы-жазы қырау басқан тәрізді. Оны жұрт нышанға
жорып, Ахатты өздерінше әулиедей көреді. Тәңіріден басқаға
табынбай, басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген Рысқұлдың өзі
Ахаттың айтқанына тақ тұрады. Ахат та
батыр інісінің жанын
ұғып, бетін жөнсіз қақпайлай бермес еді.