30
Қызыл жебе
* * *
Қара қойдың құны қымбатқа түсті. Болыс бағана «ер мойнында
қыл арқан шірімес» деп еді. Сол қыл арқан қазір Рысқұлдың
мойнына бұғалық болып ілінді де, қылқындыра бастады. Болыс
Рысқұлдың болмашы кінәсін кешпеді.
Қара қойды желеу етіп,
Рысқұлды тағы бір қиын жолға айдап салды. Айтқанын істемесе
айыпты болатын болды.
Ел орынға отырған апақ-сапақта Рысқұл Шабдар шолақты
ерттеп, атқа қонды да, елеңсіз ғана
шілікті сайдың табанына
түсіп, тал-талдың арасымен ылдилап бара жатты.
Бұл жорықты Ахаттан басқа ешкім байқаған жоқ. Қарттың
жүрегі әлденені сезгендей қобалжып қалды. «Мына батырды
болысы түскір тағы да жылқыға жұмсады-ау.
Тағы бір лаңға
қалмасақ нетті. Төңірек біткеннің қыл құйрығын болыстың
қорқау көмейіне тыға-тыға бұл Рысқұл бұрын не береке тапты?
Әрең қойдырып едік, өзі де «енді жылқы алуға бармаспын»
деп серт беріп еді.
Мынау не жорық, қақпанға қайта түсті-ау,
арланым», – деп Ахат іштен тынып, бір күрсініп, Рысқұлды жұтып
жіберген сайдың түбіндегі үрейлі қараңғылыққа үңіле қарады.
Обыр қараңғы түн болыстың өңешіндей үңірейіп міз бақпады.
Шабдар салт атты сай табанындағы жалғыз аяқ соқпақпен ың-
шыңсыз, жолбарыс жүріске салып, сырғанап кетіп барады.
Бірер рет Рысқұлдың інінің астынан жарқанат зу-зу өтті. Қалың
шырғанақтың арасынан көздері жарқ-жұрқ етіп үкі қалбаң ете
қалды.
«Е, шапыраш көзім, – деді Рысқұл үкіге мырс етіп, – екеуміз
де түн қарақшыларымыз. Біздің тіршілігіміз түнде біткен. Қоян
аңдып сорлап отырсың ғой». Бұл жолы Рысқұл осы түнде үйірлі
жылқы алып қайтпас. Бұл жолғы сапар жалғыз аттың әрекеті.
Сол жалғыз аттан гөрі үйірлі жылқы алып қайту әлде қайда оңай
еді. Бұл сапарда болыс Рысқұлды Тұқымбайдың әйгілі Қызыл
Жебесіне жұмсап отыр.
Қызыл Жебе –
арғысы албан, бергісі қаңлы, ысты, жаныс,
жалайыр, шапырашты жайлаған осы өңірдің маңдайдағы
жарқыраған жалғыз жұлдызындай атышулы жүйрік ат.