Шерхан Мұртаза Қызыл жебе бірінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет123/125
Дата07.01.2022
өлшемі1,34 Mb.
#20913
1   ...   117   118   119   120   121   122   123   124   125
Байланысты:
2 5364181919527341766

Қызыл жебе 
–  А, Наташенька, шефке алған шәкіртіңнің табысы қалай? Не 
оқып отырсыңдар?
–  Пушкинді, папа, – деді Наташа жарқылдап.
Приходько қабағы түйіліп, тұнжырап қалды.
–  Құдай  заңын  оқыт  оған  демеп  пе  едім?  Закон  Божий,  ол 
сабақтан өзің де нашар үлгеріп жүрсің, Наташенька. Жақсы емес.
–  Мейлі,  папа,  үйретейін.  Өзім  де  үйренейін.  Міне,  қазір 
отырайық, – деп Наташа Закон Божий кітабын іздеп бәйек бола 
қалды.  –  Бір  тілек  айтсам,  орындайсың  ба,  папа?  Орындасаң, 
айтқаныңның  бәрін-бәрін  істейін.
–  Ол  не,  айта  ғой,  қызым,  –  деді  Приходько  Наташаның 
ықыласына  риза  болғандай  қабағы  ашылып.
–  Тұрардың  әкесін  каторгаға  айдатпай-ақ  қойшы.  Осында 
бола берсін, сонда Тұрар да бізбен бірге болады. Екеуміз Закон 
Божий  оқимыз.  Жарай  ма,  папа?
Періште  бейнелі  нәзік  қыз  папасының  бұғы  мойнынан 
құшақтап,  оның  сақал  басқан  топырақ  түстес  бетіне  мөлие 
қарады.  Әкесі  қызының  қолын  мойнынан  босатып:
–  Қызым,  мұндай  әңгімеге  араласпа.  Бұл  бала-шаға 
араласатын іс емес. Тұрардың әкесі сотталған адам. Оған менің 
пәрменім  жүрмейді.  Мен  әлгінде  оған  жолығып  қайттым. 
Тұрарды  өзіммен  бірге  ала  кетемін  деп  жоғары  жаққа  арыз 
бермекші. Онысынан түк те шықпайды. Өйткені жасы он төртке 
жетпеген баланың ссылкаға айдалушының соңынан ілесуіне заң 
жоқ. Бірақ әкесі кетсе де, Тұрар біздің үйде тұра береді. Солай 
ма, Тұрарка? Мүмкін, оқуға түсіп кетерсің. Саған құдай әкеңнің 
жолын бермесін. Құдай жолын қалап ал. Қор болмайсың. Оқып, 
адам  болып,  патшаға  адал  қызмет  етсең,  бәлкім,  кейін  әкеңді 
айдаудан босаттырып аларсың. Сен өте зерек баласың. Әйтпесе, 
сені үйге кіргізбес те едім. Ал құдай берген қабілетті қор етпеу 
керек. Аздап сауатың ашылған соң, егер айтқанымды бұлжытпай 
орындап жүрсең, Духовная семинарияға түсіремін. Сонда жабайы 
басурмандарды  шын  құдай  жолына  бастайтын  сен  боласың. 
Әне, адасқан әкеңе сонда қол ұшын бере аласың. Әкеңді жақсы 
көретінің рас болатын болса, оған көмектесіп, оны шыңыраудан 
шығарып алудың бірден-бір жолы осы. Ойлан. Мен саған шын 


247
Қызыл жебе
ниеттен  жақсылық  тілеп  тұрмын.  Құдайға  сенсең,  құдай  сенің 
тілеуіңді береді. Басқаның шарапаты шамалы. Құдайға сен, бала!
–  Тұрарка,  кел,  тез  оқиықшы  Закон  Божийді.  –  Періште 
пейілдес бейкүнә қыз кішкентай досының тұйықтан шығар жолы 
табылғандай, тез-тез Закон Божийді оқыса, Тұрардың әкесі тез-
тез  түрмеден  босанатындай  қуанып,  сеніп  қалды.
Алтын түстес әдемі шашы толқынданып, ақсары жүзі албырап, 
шашыратқы  гүл  көздері  жәудіреп,  бар  ынта-ықыласымен 
жанашыр  болған  періште  пішіндес  қыздың  мына  бір  қызба 
әрекетіне  Тұрар  да  нанып  қалғандай.
Баланың илігейін дегенін көрген Приходько жүзі жылып, түкіс 
қабағы жадырап:
–  Молодцы, – деп бөлмеден шығып бара жатты.
Приходько  –  патша  тәртібінің  құлақкесті  құлы.  Ал  оның 
пәруана  түсінігі  бойынша,  шіркеу  патша  тағының  ең  сенімді 
сақшысы.  Патшаға  қарсы  қастандық  пиғыл  жайлаған  адамдар 
шіркеуге  бармайтындардың,  құдайға  нанбайтындардың 
арасынан шығады. Олардың жүрегіне дию-шайтан ұялаған. Ал 
қазақтың қаршадай баласын, әм зерек баласын христиан дінінің 
насихатшысы  етіп  баули  алса,  онда  оның  қазақтарға  деген 
ықпалы  орыс  попының  ықпалынан  он  есе,  жүз  есе  пәрменді 
болмақ. Татарлардың бірсыпырасы, якут-сахалар, тіпті алыстағы 
жапондардың  едәуірі  христиан  дініне  кіріп,  шоқындырылды 
емес пе? А неге қазақтарды шоқындырмасқа? Бұларды қашанғы 
мылтықтың  күшімен,  найзаның  ұшымен  ұстап  тұрарсың.  Бұл 
да керек, әрине. А дінге, қасиетті православие дініне кіргізсең, 
уысыңда ұстау оңайырақ. Осы саясатты ояз болып, губернатор 
болып, түбегейлі қолға алмайтыны өкінішті. Ничего, православие 
шіркеуінің адал пәруанасы Приходько мырза түбінен ойлайды.
Осындай  ойдың  толғағында  тебіренген  Приходько  өз 
бөлмесінің  төрінде  тұрған  иконның  алдына  барып  қайта-қайта 
шоқынды.  Икондағы  құдай-ананың  қолындағы  нәресте  оның 
көзіне  Тұрар  болып  елестей  берді.  Приходько  шошып  кетіп, 
қайтадан  жұлқынып  шоқына  берді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   117   118   119   120   121   122   123   124   125




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет