Шешендік сөздер Шешендік сын Ата тұрып ұл сөйлесе ержеткен болар. І қадірсіз десең халқымнан сұра



бет9/19
Дата10.05.2022
өлшемі41,65 Kb.
#33937
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19
Байланысты:
Шешендік сөздер

ҚҰДА БОЛДЫМ ДАҢҚЫМЕН                          

Сырымның қызын Алаша Байсал би көп мал    беріп  баласын айттырады. Бұдан бірнеше жыл өткеннен соң Байсалдың баласы Сырымның қызын алмайтын болады. Байсал Сырымға кісі жіберіп:
—    Балам қызыңды алмаймын дейді, менің берген малымды қайырып берсеңіз екен,—дейді.

Сырым: «Мен Байсалдың малын бағып беруге алғаным жоқ, алса қызымды берем, алмаса өзі білсін»,— дейді. Сонан кейін екеуі хан алдына барып айтыспақ болады. Жолда келе жатып кеңеседі: «Ханның аулында жақсы да, жаман да жиналған, ел көп болу керек. Екеуміз барып ханға жүгінуіміз жараспас, біз Атақозы батырға барып, соның үкіміне риза болсақ қайтеді?» — деседі. Бұл байлауға келісіп аулына келеді. Жай-мәністерін айтқаннан кейін, Атақозы айтады: «Сіз екеуіңіз белгілі Сырым менен Байсалсыздар ғой, сіздер ұзақ дау айтпай-ақ, екі-үш ауыз сөзбенен қысқаша жұмыстарыңызды айтыңыз»,— депті. Сонда талап иесі Байсал мына сөзді айтыпты:
—    Қозеке, мен Сырымға құда болып едім даңқымен, араласып, сыйласуға халқымен. Бес жиырма мал бердім, бұрынғы ата-бабаның салтымен. Қалы кілем қара нарға жауап бердім, арғымақ жылқының асылын тауып бердім. Алтын дегенім мыс шығып, күміс дегенім жез шығып, сондықтан малымды іздеп келген талапкермін.
Сонда Сырым айтады:
—    Байсалдың менімен құда болғаны рас даңқымменен, араласып сыйласты да халқымменен. Бес жиырма мал бергені рас, бұрынғы ата-бабаның салтыменен. Мұның баласы үш жыл қалыңдық ойнады, құлындай байлады, тайдай жайлады. Бар мақсаты біткен соң, енді алмаймын деген қиял ойлады. Мен онысына көнбедім. Сіздей әділ биді іздедім, осы еді алдыңызға келгенім.
Атақозы диуанды (билікті) Сырымға беріпті. Мұны хан естіпті. Хан ашуланып Сырым мен Байсалға ешнәрсе айта алмай, Атақозыны шақыртады. Келсе хан үйінің алдында жүр екен. Атақозы аттан түсіп: «Бас тақсыр!» — деп қолын алады. Сонда хан қолын ұстап тұрып: «Ойда орысты, қырда қазақты олжалап жүрсең де шыр бітпеген бір қасқа екенсің ғой, үйге жүріңіз»,— депті. Сонда Атақозы: «Тақсыр, тұра тұрыңыз, үйге әлгі сөзіңіздің жауабын беріп кірейін»,— депті де былай депті:
—    Бұрынғыдан келе жатқан бір сөз бар еді: «өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді, қаралысында қатын семіреді, халқының қамын ойламаған хан семіреді. Сіздің семіз болуыңыз халықтың қамын ойламағаныңыздан болар. Мен қайтсем топтан торай шалдырмаймын деп, қазақтың жалғыз тайын жауға алдыр- маймын деп бір түнде тоғыз оянып, тоқсан толғанамын, маған не ғылып шыр бітсін,— депті.
Хан жұмған аузын аша алмай үйіне кіргізіп, қонақ етіп, шығарып салыпты.

* * * * * * * * * * *

СЫРЫМНЫҢ  ҮШ ҚАСИЕТІ


 
Бір топ жолаушы Сырымды іздеп келе жатса, алдарынан әйел шығады. Жөн сұ- расып, жолаушылардың Сырымға бара жатқанын біліп, беріп жіберетін аманаты бар екенін айтып, оны Сырымға жеткізуді өтінеді.
—    Ол не аманат, жеңіл ме, ауыр ма? — деп сұрайды жолаушылар.
—    Қадірін білсеңіз жеңіл де емес, алып жүруге ауыр да емес,— дейді де, әйел басындағы орамалын көтеріп бір тал шашты желкесінен, енді бір тал шашты маңдайынан жұлып алып жолаушыларға береді. Содан кейін оң жақ қолтығынан бір жапырақ шүберек жыртып береді. Тезек теріп жүрген қабының бір бұрышын жыртып алып, оны да Сырымға жеткізіңіз деп береді. Жолаушылар «Мұны кім берді деп айтамыз»,— дегенде, әйел «Сырымның өзі біледі»,— деп жауап қайтарады- Жолаушылар Сырым аулына келіп, болған мән-жайды айтып, аманатын тапсырады.
—    Сендер мұны не деп шештіңдер? — дейді Сырым. Жолаушылар:
—    Шеше алмадық,— дейді.
—    Бұл әйел Байбақты баласы көрінеді, елден ерте кеткен екен. Желкеден шаш алғаны туған жерім, туысқан- елім артымда қалды дегені. Төбеден шаш алғаны — содан бері мына бастан бірталай уақыт етті дегені. Маңдайынан шаш алғаны — әлі жаспын, өмірден үмітім бар дегені. Көйлектің оң жақ қолтығынан шүберек жыртып бергені — қолтықта бауыр бар.— Мен сенің бауырыңмын дегені. Байбақтының баласы екенін осыдан білдім. Қаптың бұрышын бергені үйге тезекпен кіріп, күлмен шығып күң болып жүрмін дегені,— дейді Сырым.
Біраз күн өткен соң Сырым әйелдің аулына келеді. Мұндағылар қонақ етіп, біраз жатқан соң ауылдың бір үлкен ақсақалы: «Не жұмыспен келдің?» — деп сұрайды. Сонда Сырым:

—    Саған арзан, маған қымбат, сенің қолында менің бір сүйегім — қарындасым жүр екен, Бұлын алып бересің бе, құнын алып бересің бе? — дейді.
—    Бұрын сен ол қарындасыңды көріп пе едің? — дейді ақсақал.
—    Жоқ, көргенім жоқ! — дейді Сырым.
Сонда ақсақал: — Бір түсті киінген қырық әйел, қырық еркек қарама-қарсы жүреді. Сол уақытта бір-біріңді танысаңдар бірге ауылдарыңа қайтыңдар, танымасаңдар осында қалады,— дейді. Сөйтіп, қырық еркек пен қырық әйел қарама-қарсы жүргенде көп әйелдің ортасында келе жатқан байбақтының қызы қасында келе жатқан әйелдің құлағына:
—    Анау, қырық адамды бастап, қырық бірінші болып келе жатқан менің ағам Сырым,— деп сыбырлайды. Сырым да Байбақтының қызын тани кетеді Сонда ақсақал:
—    Бір-біріңді қалай таныдыңдар? — деп сұрағанда, Сырым:
—    Қырық әйелдің ішіндегі отыз тоғызы өтіп бара жатқан еркектің бәрінің бетіне қарап санап шықты, ал мына әйел қатарынан асып кеткенше менен көзін аудармады. Содан таптым,— дейді.
Ақсақал әйелден: — Сырымды қалай таныдың? — деп сұрағанда ол:
—    Сырымда ерекше үш қасиет бар: біріншісі—батырға біткен тұлғасы, екінші — өжет мінезі, үшінші — асқан даналығы бар деп еститін едім. Сырым маған қыран топшылы, толық денелі, кең кеуделі, шалқа төсті, жолбарыс бетті болып көрінді. Басы да елден ерек, торсық шекелі екен. Ағамды осыдан білдім,— депті.
Сөйтіп Сырым Байбақтының қызын күңдіктен құтқарып аулына алып қайтқан екен.
 
* * * * * * * * * * * *


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет