65)"Сыбайлас жемқорлық" түсінігінің теориялық-әдістемелік негіздері.
Сыбайлас жемқорлықтың даму тарихы ежелгі кезеңнен бастау алады. Атақты француз философы Шарль Луи Монтескье: «Көптеген ғасырлар тәжірибесі көрсеткендей, қолында билігі бар адам, қылмыс жасауға бейім тұрады және де тиісті шекке жетпейінше, сол бағытта әрекет жасай береді», - деп айтқан.
«Сыбайлас жемқорлық» (латынша corruptio) — ақшаға сатып алу және саяси қайраткерлерді, мемлекеттік шенеуніктерді, лауазымдық тұлғаларды сатып алу дегенді білдіреді. Рим құқығында «соrrumpere» түсінігінің мағынасы – жалпылап айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау», «параға сатып алу» және сот процесінде заңсыз әрекеттенуді білдірді.
Сыбайлас жемқорлық құбылысын халықаралық заманауи тұрғысынан түсіну және оған қарсы күрес шараларын іске асыру жолдары қылмыстың алдын алу және құқық бұзушылармен жұмыс жүргізу жөніндегі БҰҰ-дың Сегізінші Конгресінің хатшылығы әзірлеген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша практикалық шаралар» атты нұсқаулықта көрініс тапты (Гавана, 1990 жылғы тамызқыркүйек). Осы құжатты талқылау нәтижесінде әлемдік қауымдастыққа сыбайлас жемқорлықтың мынадай ерекшеліктері ұсынылды:
Осы ұғымның мағынасының сипатына қарай сыбайлас жемқорлыққа жататын барлық құқық бұзушылықтар енгізілуі тиіс, олар: этикалық, тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық-құқықтық бұзушылықтар, бұл сыбайлас жемқорлық жолына түскен субъектінің қызметтік бабын өз басының пайдасына асыра пайдаланып, заңды бұзғандығынан көрінеді.
Мемлекеттік қызметтегі тұлғаларды сыбайлас жемқорлық жолына итермелейтін субъ ектілердің қызмет шеңберін шектеу. Бұған шенеуніктердің артықшылықтарды заңсыз пайдаланғанын жатқызуға болады, осындай қызмет көрсететін субъектілердің шеңберін жеке және заңды тұлғалар толықтырып отырады.
Өз қызмет жағдайын жемқорлық құқық бұзушылықтың субъектісі ретінде заңға қайшы сипатта пайдалану.
Жемқорлықтың көрініс табуының ең қауіпті екі түрі:
- мемлекеттік немесе қоғамдық мүліктерді жемқорлық жолмен ұрлау;
- мемлекеттік қызметкерлердің әрекетінде ұрлық белгілері байқалмаса да, олардың қандайда бір артықшылықтарды заңсыз жолмен алу мақсатында өз қызметтік жағдайын теріс пайдалануы.
1979 жылы БҰҰ-дың Бас Ассамблеясы және сыбайлас жемқорлық мәселелері жөніндегі аймақаралық семинар (Гавана, 1990 ж.) мынадай анықтаманы ұсынды: «Сыбайлас жемқорлық – бұл жеке адамның немесе бір топ адамдардың қызмет жағдайын өз басының мүддесіне қарай пайдалануы және мемлекеттік қызметкерлердің қызмет бабын заңсыз пайда алуға бағыттауы».
Енді бір анықтама 1999 жылғы «Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы» атты Еуропа Кеңесінің
Конвенциясында берілген, онда: «Сыбайлас жемқорлыққа – мемлекеттік, муниципалдық немесе өзге де қоғамдық қызметшілердің немесе коммерциялық не өзге де ұйымдардың қызметшілерінің өз мәртебесін кез келген мүлікті заңсыз алуы, оны иемденуге құқықты болуы, қызметті немесе жеңілдікті пайдалануы, сондай-ақ, аталған тұлғалардың осындай мүлікті, оны иемдену құқығын басқа тұлғаға беру, қызмет көрсету және жеңілдіктер ұсыну жатады.
Кейбір ғалымдардың пікірінше осы анықтама толық емес, себебі, сыбайлас жемқорлық құбылысы құқық ұғымының шеңберінен әлдеқайда кең.
М.О. Нәукенов: «Сыбайлас жемқорлық» және «ұйымдасқан қылмыс» ұғымдарын бір-бірімен байланыстыра қарауды ұсынады. Оның пікірінше, сыбайлас жемқорлықты ұйымдасқан қылмыс өкілдері мемлекеттік органдар жұмысын «бақылау» құралы ретінде пайдаланады, мұндай жағдайда қылмысты әлеуметтік тұрғыдан бақылау бейтараптанады, сондай-ақ, ұйымдасқан қылмыс өкілдері билік органдарын өз мақсатына жету үшін пайдаланады және саяси шешімдер қабылдауда ықпал жасайды.
А.С. Қалмұрзаев сыбайлас жемқорлықты: «кез келген қызметкердің қызмет жағдайын пайдакүнемдік мақсатында пайдалануы», - деп сипаттайды.
Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2-шілдедегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 2-бабына сәйкес: «Мемлекеттік міндеттерді атқаратын адамдардың, сондай-ақ, соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттілігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып, не мүліктік пайда алу үшін олардың өз өкілеттіктерін өзгеше пайдалануы, жеке өзі немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты, бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игіліктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруі арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады».
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев атап өткендей: «Сыбайлас жемқорлық – бұл ғаламдық мәселе, одан әлемнің бірде-бір мемлекеті, бірде-бір саяси жүйе, бірде-бір саяси тәртіп қорғалған емес».
Қазіргі отандық әдебиеттерде: «Сыбайлас жемқорлық (латын тілінен «соrruptio» - пара беріп сатып алу, құқық бұзу, құлдырау деген мағынаны білдіреді) деп қоғамдық және саяси қызметкерлердің, лауазымды тұлғалардың сатқындығын, оларды сатып алуды, яғни, саяси, экономикалық, әскери және тағы басқа да салалардағы қызметкерлердің қолындағы билігінің мүмкіндіктерін және қызмет бабын жеке басын байыту мақсатында пайдалануын айтады».
Достарыңызбен бөлісу: |