Силлабус ќ±рылымы



бет2/16
Дата19.09.2022
өлшемі388,5 Kb.
#39510
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Байланысты:
Дәріс 4-15

Дәріс жоспары:



  1. Әдебиет туралы ғылым және оның салалары. Әдебиет теориясы, әдебиет тарихы және әдебиет сыны. Аталмыш 3 саланың біріншісі, байланысы.

  2. Әдебиеттану ғылымының текстология, историография (тарихнама), библиография секілді жанама тараулары, олардың ғылымдық мәні.

  3. Әдебиеттану ғылымының өзге ғылымдармен/ көркем өнер теориясы, эстетика, философия, тарих, тіл білімі т.б./ байланысы мен ерекшелігі.

  4. Қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының туу, даму тарихына шолу.

  5. Әдебиет, өнер туралы ғылымның даму тарихында кеңестік кезеңде орын алған маркстік – лениндік эстетика мен әдебиет теориясы және оған қазіргі көзқарас.



Дәріс мазмұны

Көркем әдебиет туралы ғылым әдебиеттану деп аталады. Ол әдебиеттің әр түрлі салаларын қамтиды және ғылыми дамудың қазіргі кезеңінде жеке дара дербес ғылыми пәндерге бөлінеді. Олар: әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиет сыны. Бұл әдебиеттану ғылымының негізгі үш саласы бір-бірімен тығыз байланысты, бірлікте болады.


Әдебиет теориясы – көркем әдебиеттің әлеуметтік табиғатын, оның өзіне тән ерекшеліктерін әдеби құбылыстардың, көркем әдебиеттің қоғамдық орны мен маңызын, негізін, әдеби дамудың заңдылықтарын, әдеби әдіс, бағыт, ағым, олардың туу себептерін, әдебиеттің тектері (жанр) мен түрлері көркем шығарманың композициясы, түрі, өзіне тән ерекшеліктері, өлең құрылысы тәрізді теориялық мәселелерді дамытып, қарастырады. Көркем шығармаға тән талдау принциптерін ұсынады.
Әдебиет тарихы – әдеби даму процесін зерттей отырып, осы негізде әр түрлі әдеби құбылыстардың орны мен мәнін, маңызын қарастырады. Әдебиет тарихшылары әдеби шығарманы және әдеби-сыни мақалаларды жекелеген жазушылардың шығармашылықтарын, әдеби әдіс пен әдеби сыншылардың түр мен жанрлардың қалыптасуын, өзіндік ерекшеліктері мен тарихи тағдырын зерттейді. Белгілі бір халықтың әдебиеті қай кезден басталуы, осы ұлттық әдебиеттің әлемдік әдебиетке қосқан өзіндік үлесін, алар биігі мен мақсатын, өзіндік орны мен маңызын, осы әдебиеттің шығармасы мен қос авторлығы сақталған алғашқы ақыны, жазушысы кімдер еді, олардан қандай мұра сақталды, олардың өзара байланысы қалай, қандай жүйеде дамыды, қандай тарихи кезеңде туған, қоғамдық топтардың көзқарасын, тартысын қарастырады.
Әдебиет сыны – белгілі бір кезеңнің әдеби құбылыстарына сирек, белсенді үн қосады. Өз дәуірінің эстетикалық басшысы мен көзқарасын, талғамын білдіреді. Өз кезіндегі әдебиеттің даму жолдарын бақылайды, оның жетістіктерін жұртшылыққа түсіндіреді, жақсыларын үлгі етеді, кемшілігін сынға алады. Қысқасы шын мәніндегі сын өз тұсындағы көркем әдебиеттің дұрыс бағытта ілгерілеуіне жөн сілтеп, жол көрсетеді. Кезінде қазақтың белгілі ақыны, жазушы, әдебиетші С.Сейфуллин дұрыс сынға байланысты «Сын шын болсын, шын сын болсын» деген болатын.
Cынның мақсаты - белгілі әдеби құбылыстарға жан-жақты аналитикалық талдау және оның өз дәуіріне сай идеялық-көркемдік құндылығын, мәнін, бағасын айқындау. Әдеби - сыни еңбектердің талдау нысанасына кейде жеке шығармалар, болмаса бір жазушының шығармашылығын толық тұтас күйінде, әртүрлі жазушылардың бірнеше шығармалары да алынады.
Әдеби сынның мақсаты жан- жақты болып келеді. Бір жағынан әдебиет сыншысы талданып отырған шығарманың құндылығын оқырмандарға дұрыс түсінуге үйретсе, екінші жағынан сыншының міндеті жазушылардың өздерінің де ұстазы, тәрбиелеуші бола білу міндеті жүктеледі. Әдеби сынның мұндай ұстаздық, үйретушілік зор үлгісін орыстың үлкен сыншылары Белинский, Чернышевский, Добролюбовтар көрсеткен болатын. Олардың мақалалары жазушылардың да, оқырмандардың көп бөлігін де шабыттандырды, идеялық тұрғыда тәрбиеледі.
В.Г.Белинский өз кезіндегі әдебиетті бақылап, оның даму жолдарын айқындап отырды. Жетістігіне қуанып, кемшілігіне қынжылып отырды. Кемшіліктерін ашық түрде батыл сынады. Оның дұрыс бағытта ілгері басып дамуына жөн сілтеп отырды. Ол өзінің мақалаларын белгілі бір жылдардағы әдеби есеп деп атады.
Сынның өз дәуірінің, кезеңінің әдеби-көркемдік мәселелерін үнемі сергек, жылдам үн қатуын, динамикалық қозғалыстағы жылжымалық қасиеттеріне баға бере келе «жылжымалы Эстетика» деп айдар таққан.
Әдебиет теориясы, әдебиет тарихы, әдебиет сыны әдебиеттану ғылымының жеке-жеке салалары болғанымен олар өз ара тығыз байланыста, бірлікте болып келеді.
«Бір елдің әдебиет тарихын оқу, зерттеуде теориясыз ешбір көркем шығармаға талдау беру мүмкін емес болса, ал сол елдің фольклорын, әдебиетінің тарихын жақсы білмеген адам өз кезіндегі әдебиеттің даму жолдарын дұрыс танып, басшылық ете алмайды. Өткенді жақсы білмей, келешекті болжау қиын.
Әдебиет теориясымен толық қаруланбаған сыншы, жалпы әдебиеттік процеске жол көрсету, жөн сілтеу былай тұрсын, жеке еңбектерді де талдай алмайды.
Әдебиеттану ғылымының үш саласының ішінде әдебиет теориясының орны өте-мөте ерекше. Әдебиет тарихын тексергенде не жеке шығармаларды талдағанда ең алдымен теорияға сүйенеміз. Мысалы, тіл сабағынан диктант жазу үшін емле ережелері қандай керек болса, көркем әдебиетті тану үшін теорияны білу де сондай керек». (Қ.Жұмалиев, «Әдебиет теориясы», 7 бет)
2) Әдебиеттану ғылымы да басқа ғылымдар сияқты қосымша, көмекші пәндерге, салаларға ие. Әдебиет танудың мұндай көмекші, жанама үш саласы бар. Олар: историография (тарихнама), текстология (мәтінтану), библиография.
Историография (тарихнама) әдебиеттің теориясы, тарихи сынының тарихи дамуымен таныстыратын материалдарды жинап, зерттейді.
Аталмыш ғылымның қол жеткен табыстары мен жолын белгілей отырып, историография сол саладағы игерілген үздік жетістіктерге арқа сүйейді.
Текстология (мәтінтану) белгісіз көркем шығарманың, ғылыми еңбектердің авторларын анықтай отырып, әртүрлі нұсқалардың біткен, бітпегендігін айтады. Белгілі бір шығармалардың канондық нұсқасын, ақтық редакциясын қалпына келтіре отырып, текстология оқырмандар мен зерттеушілерге зор қызымет көрсетеді.
Библиография – әдебиеттануға қатысты еңбектердің көрсеткіші- зерттеушіге, оқырманға орасан көлемдегі әдеби-теориялық, әдеби-тарихи, әдеби-сыни кітаптар мен мақалалар тасқынында керекті бағдардан жаңылдырмайды. Әдебиеттанудың аталмыш салаларындағы бұрынғы, қазіргі, жаңадан пайда болған еңбектерді тіркейді, жалпы және тақырыптық тізім құрастырады, керекті аннотациялар береді.
3) Әдеби шығармашылық пен әдеби дамудың практикасын талдап, жинақтағанда қоғамдық сананың барысындағы қоғамдық өмірдің барша дамуымен ажырағысыз байланыста болатындығын көреміз. Сондықтан да әдебиеттану ғылымы қалыпты жағдайда басқа да ғылыми пәндердің көмегіне жүгінеді. Әдебиеттану ғылымдарының ол байланысатын ғылым салалары философия мен эстетика, тарих, өнертану ғылымдары, тіл білімі.
Әдебиеттану – екі филологиялық ғылымның біреуі. Әдебиет туралы ғылым. Екінші филологиялық ғылым – бұл тіл туралы ғылым – тіл білімі, немесе лингвистика (еіnguа латынша - тіл). Бұл ғылымдарды ортақтастыратын мәселелер мол. Екеуі де сөз, тіл құбылыстарын өздерінше зерттейді. Сондықтан да, соңғы жүзжылдықтарда олар бір-бірімен тығыз байланыста болып, ортақ атаумен «филология» (көне грек phileo – сүйемін және logos - сөз) деп аталды.
Шындығына келгенде әдебиеттану мен линвгистика (тіл білімі) әр түрлі ғылымдар. Олар өздерінің алдына әр түрлі танымдық мақсаттар қояды.
Лингвистика – кез-келген тілдік құбылыстарды, оның ішінде нақтырақ айтқанда адамдардың тілдік қызметтерін зерттей отырып, әлемдегі жазып, сөйлейтін әр түрлі халықтардың тілінің жағдайын, оның даму күйіндегі заңдылықтарын анықтауға күш салады. Әдебиеттану – әлемдегі әр түрлі халықтардың көркем әдебиетін зерттей отырып, оның төл мазмұны мен оны білдіретін формасының (пішін) ерекшелігі мен даму күйін айқындайды. Әдебиеттану мен линвгистика үнемі байланыста болып, бір-біріне көмектесіп отырады.
Басқа да тілдік құбылыстар секілді, көркем әдебиет те белгілі бір халықтардың тілдерінің ерекшеліктерін анықтауда лингвистикалық байқау мен қортыныдылауға өте маңызды материал бола алады.
Көркем әдебиеттің тілдік ерекшелігі басқа ерекшеліктері тәрізді оның мазмұнына тікелей байланысты, қатысты. Әдебиеттану ғылымы да өз кезегінде лингвистикаға көркем әдебиеттің мазмұндық қабатын, ерекшелігін түсінуге, ұғынуға көмектеседі. Ал көркем шығарманы зерттеу барысында әдебиеттану ғылымына көркем шығарма жазылған белгілі бір тілдің ерекшелігі мен тарихын ұсынуда лингвистика көмекке келеді. Әдебиеттану ғылымының нысанасына көркем әдебиет қана емес, ауызша және жазбаша туған әлемнің барлық көркемсөзі жатады. Ғылымда ауызша халық шығармашылығының барлығын «фольклор» (англ. Folk – халық, lore - ілім) деп атайды. Фольклорды ғылыми тұрғыда ақын оқып-үйрену, көркем әдебиетті ғылыми тұрғыда оқып-үйренумен бір уақытта басталып, қалыптасты. Ал фольклорды оқып-үйрену үшін, бұл бізге жеткен әр түрлі нұсқаларды, фольклорлық материалды қағазға түсіру қажет. Фольклорды зерттеу жергілікті диалектілері, фразеологиялары, сөз орамы, ырғағын сақтай отырып, қағазға түсіруді тілейді. Сондықтан да мол әрі терең лингвистикамыз білімсіз, ішінара диалектология білімінсіз, «фонетикалық транскрипцияны» оқи білу дағдысының, ауызша шығармашылықтың мұраларын жинау әрі әдебиеттану ғылымы тұрғысынан оқып-үйрену мүмкін емес.
Ежелгі және орта ғасырлардағы әдеби мұралар қолжазба күйінде болып, қолдан көшірілген манускрипт түрінде тарады. Манускрип (лат. Manus – қол, scribo – жазамын, scriptum - жазылған). Ежелгі және орта ғасырлық әдебиетті ғылыми тұрғыда оқып-үйрену күрделі іс. Қолжазбаларды ескі кітап қорлары мен архивтерден іздеп тауып, оларды әр түрлі тізіммен салыстыру шығарманы редакциялап, қалпына келтіру, шығу мерзімін анықтау қажет болады. Көркем мәтіннің өзіндік тілін автордың тілі, көшірмешінің тілі, жазу мәнері, оның өзіндік ерекшеліктері, фактілер, оқиғалар, міне осылардың барлығын дәл де дұрыс анықтау үшін лингвистиканың көмегі өте қажет. Осы арада және филология пәні (ғылымның бөлімі) палеография қалыптасты (ескі грек. palais – ежелгі, grapho -жазу). Әр түрлі халықтардың ежелгі және орта ғасырлық әдебиеттерін әдебиеттанушылар лингвистиканың және палеографиның терең білімдерінсіз оқып-үйренуі мүмкін емес. Соңғы ғасырлардағы әдеби мұраларды оқып-үйрену үшін де белгілі бір мөлшерде лингвистиканың көмегі қажет. Белгілі бір көркем шығарма туған, белгілі бір кезеңде сол көркем шығарманы туғызған халықтың әдеби тілі де бір орнында тұрмай, тарихи тұрғыда дамып, жетіледі, кемелденеді. Олай болса сол тілдегі кейбір тілдік оралымдар, синтаксистік конструкциялар өзгеріске түседі. Лексикалық құрамы мен грамматикалық құрылымы өзгеріске түсіп, бір сөздер ескіріп, екіншілері жаңа мәнге ие болады. Сонымен бірге өздерінің шығармаларында жазушылар көп жағдайда (негізгі кейіпкерлердің тілінде, әңгімелеушінің баяндауында) жергілікті және әлеуметтік диалектілерді пайдаланады. Ал ол диалектілер сол халықтың әдеби тілінің лексикасы мен грамматикасынан елеулі түрде айырмашылығы бар екендігін ескеруіміз керек. Лингистикалық білімге сүйене отырып, әдебиеттанушы көркем шығармаға баға бергенде осыларды ескеру керек.
Әдебиеттанушылар көп жағдайда белгілі бір мәтіннің аяқталған немесе аяқталмағандығын, оның автордың еркімен сәйкесетіндігін немесе сәйкеспейтіндігін, оның авторға қаншалықты қатыстығын, қатыссыздығыны немесе мүлде басқа авторға тиесілігін анықтау керек.міне осы жағдайда әдебиеттану ғылымының айрықша саласы текстология (мәтінтану) қалыптасты. Егер ежелгі және орта ғасырлардағы әдеби мұараларды оқып-үйрену үшін лингвистика мен палеография ілімдерінің көмегі қажет болса, ал жаңа және қазіргі кездегі әдеби мұраларды танып, талдау үшін лингвистика мен текстология (мәтінтану) көмек қажет.
Міне осындай лингвистика (тіл білімі) мен әдебиеттану ғылымының тығыз, тікелей өзара байланысы бола тұра, олар төркіндес филология ғылымдарының қатарына жата тұра, олар өз алдына өз ерекшелігі бар жеке-жеке ғылым салалары болып табылады. Екеуін ортақтастыратын нысана (объект) сөз болса да, сол сөзге деген олардың ғылыми тұрғыдағы қатынасы әрқилы. Мысалға алсақ, лингвистика әңгімені сөзден бастайды да оның грамматикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік, фонетикалық құрылымдарын, былайша айтқанда лингвистикалық заңдылықтарын тексеріп, талдап кетеді.
Әдебиеттану ғылымы да әңгімені сөзден бастаса да ол сөздің грамматикалық заңдылығын сөз етпей, мүлдем басқа мәселеге , яғни сөздің көркемдік, өнер ретіндегі болмысына ойысып, оның қоғамдық, эстетикалық мәнін талдай отырып, эстетикалық байыптауларға барады. Міне бізге қажеті де әдебиеттану ғылымының осындай ерекшелігі. Осыны түсінбей әдебиеттану ғылымының кейбір өкілдері лингвистиканың соңынан кетіп қалады. Яғни әдебиеттану ғылымының нысанасы – тек қана көркем сөз болу керек. Ал барлық барлық замандарда дүниеге келген тілдік материалдар лингвистиканың объектісі болғанмен әдебиеттану ғылымның объектісі бола алмайды.
Әдебиетану ғылымының басты ерекшелігі – сөзді өнер деп тануынды, соның барысында оның көркемдік қадір-қасиетін бағамдауда. Осы тарапта эстетикалық категорияларға сүйену барысында, ол өнертану ғылымдарымен байланысады. Оның басты ерекшелігі де осында. Өнертану ғылымдары эстетикалық категориялар мен принциптерге сүйене отырып көркем өнерді ғылыми тұрғыдан зерттейді. Ежелгі замандардан бері адам баласының жасаған көркем өнерінің негізгі 5 түрі бар. Қазақ тілінде жарық көрген ең тұңғыш әдебиеттану саласындағ теориялық еңбек 1926 жылы Қызылорда-Ташкент қалаларында шыққан «Әдебиет танытқыш» атты еңбекте Ахмет Байтұрсынов көркем өнерді көрнек өнері деп атапты да оларды былайша жіктеп бағасын береді. «Көрнек өнері бес тарау болады: Бірінші – тастан, кірпіштен, ағаштан, яки басқа заттан сәнін келтіріп, сәулетті сарайлар, мешіт, медресе, үй, там сияқты нәрселер салу өнері. Бұл сәулет өнері болады (европаша архитектура).
Екінші – балшықтан яметалдан құйып, тастан я ағаштан жонып, нәрсенің тұлғасын, тұрпатын, сын-сымбатын келтіре сурет жасау өнері – бұл сымбат өнері болады (европаша скульптура).
Үшінші – түрлі бояумен нәрсенің ісін, түрін, түсін, кескін-келбетін келтіріп, суреттеп көрсету өнері – бұл кескін өнері болады (орысша живопись). Төртінші – әуездің түрлі орайын, шырайын, сазын, сайрамын келтіріп, құлаққа жағып, көңілді әсерлейтін ән салу, күй тарту өнері – бұл әуез өнері (европаша музыка).
Бесінші – нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері – бұл сөз өнері болады (қазақша асыл сөз, арабша әдебиет, европаша литература).
Өнердің ең алды сөз өнері деп саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама-қадарынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп, суреттеп көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді». (А.Байтұрсынов. «Әдебиет танытқыш». Кітапта: Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол. Алматы, «Жалын», 1991)
Ал жалпы алғанда өнер деген сөздің өзі төрт түрлі мағынада қолданылады екен. Өнердің ең кең мағынасы кез-келген шебер біткен істі, өз ісінің майталман шеберінің қолынан шыққан істі атаймыз. Не болмаса өнер деп кез-келген шеберлікті атаймыз. Мысалға айтсақ өз ісінің шебері деп кеншіні, егіншіні, тракторшы мен инженерді, мұғалім мен дәрігерді, мекеме басшысы мен қолбасшыны, суретші мен скрипкашыны, домбырашы мен қобызшыны, шахматшы мен футболшыны атауға болады.
Осылардың әрқайсысы өзінің алдына қойған мақсатын үлкен шеберлікпен, асқан өнермен орындауы мүмкін.
Бұдан тарлау мағынасындағы өнерге сыры мен сымбаты келіскен, асқан талғаммен, нәзіктікпен орындалған жарқ-жұрқ еткен бояуы мен нақышы, келісті реңкі мен зері, өрнегі мен көрнегі қиюласқан, сымбатты болмыс-бітімі бар заттар, туындылар, ғимараттар жатады.
Мұндай заттарға «қолөнерінің» туындылары: «Әсем киім үлгілері, жиһаз, тұрмыстық бұйымдар, әртүрлі зергерлік бұйымдар, түптелген, безендірілген кітап, әртүрлі музыкалық аспаптар; қару-жарақ түрлері жатады. Мұндай өнердің түріне мысалға жеңіл автокөлік, ұшақ, яхта, пәуеске секілді көлік түрлерін жатқызуға болады. Бұлардан басқа аса талғампаздықпен әсем орындалған, жасалған туындылардың қатарына көркем шығармашылықтың түрлері картина, скульптура (мүсін), музыкалық пьеса, театр және би көріністері, әсем сөз туындылары жатады.
Егер бұл шығармалар шеберлікпен жасалса, оның бөлшектері өзара үйлесім, сәйкестік, аса нәзік қиюласқан өрнек, туынды бөліктерінің орналасуындағы мақсаттылық, аяқталғандық, біртұтастық қасиеттеріне ие болады. Осынысымен олар белгілі бір жағымды эстетикалық әсер туғызады.
Өнердің екінші тар мағынасындағы сипаты әсемдік заңына бағынған шығармашылық арқылы айқындалады. Бірақ мұндай эстетика заңдылығы бойынша жасалған шығармалардың міндеттері әрқилы болады.
«Қолданбалы өнер» немесе «қол өнер» адамзат қоғамының материалдық мәдениетіне жатады. Бұл туындылар адамдардың практикалық, материалдық қажетін өтейді. Әсем киім, жиһаз, тұрмыстық бұйымдар, баспананың құрылымы, пәуеске міне осылардың барлығы ең алдымен осы туындылардың практикалық мақсаттарына қызмет етеді, жауап береді.
«Қол өнер» туындыларының негізгі ерекшеліктерін өзінің практикалық мұрат, қажеттерін атқара отырып, өзінен тыс өмірді қайта сомдамайды, оның жинақтаушылық мәні мен бағасын білдіре алмайды.
Мазмұн мен пішіннің сәйкестігі заңдылығы бойынша жасалатын екінші бір туындыларда мақсат, әсемдік мұраттары басқаша рең, түрмен көрінеді. Олар материалдық мәдениет саласына емес, адам қоғамының рухани мәдениетіне жатады. Міне бұлар нағыз көркем шығармашылық (творчество) дүниелерінің аясына кіретін: әдеби музыка, бейнелеу өнері, мүсін өнері шығармалары болып табылады. Олар адамдардың материалдық-практикалық қажеттерін емес, рухани талап-тілектерін, сұранысын, ұмтылысын, аусарын қанағаттандырады.
Осыған байланысты олар өздерінен тыс ақиқат шындықтың образдық болмысын сомдай отырып (адамдардың сыртқы кескіні, қатынастары, оқиғалар, адам өмірінің жай-күйі, адамдардың ішкі әлемі, табиғат құбылыстары) сомдап отырған шындық өмірдің әралуан мән-мағынасын, ой толғамдарын және эмоционалдық бағасын білдіреді. Көркем шығармашылық туындылары қоғамдық сананың бір түріне жатады. (Қоғамдық сананың басқа түрлеріне ғылым, философия, әлеуметтік-саяси теория, құқықтық нормалар, діни ілім. Бұлардың барлығы әртүрлі көзқарастардың жүйесін құрай отырып, өмір шындығын жинақтайды. Олар да өнер секілді жеке емес, өзінің жинақтаушылық мазмұнының арқасында қоғамдық мәнге ие болады).
Міне бұлар өнердің тағы да бір үшінші тар мағынасындағы мәні. Бұған көркем шығармашылықтың барлық түрлері жатады.
Ең соңында «өнер» деп кеңістікке қатысты бейнелеу, мүсін, сәулет өнерлерін атаймыз. Олар туралы ғылымды «өнертану», ал зерттеушілерін «өнертанушылар» деп атаймыз. Бұл осы «өнер» сөзінің ең тар төртінші мағынасы.
Осылайша әдебиеттану көркем өнер, көркем шығармашылыққа қатысты сөз ілімі. Көркем сөзді зерттей отырып, әдебиеттану, өнертану ғылымдары: музыкатану, театртану т.б. ғылымдарының қатарына қосылады. Әдебиеттану көркем шығармашылық (творчество) туралы байқауы мен жинақтау, қорытындылауын өнер турал басқа ғылымдармен байланыспай, олардың тәжірибесін есепке алмай дамып кете алмайды.
Көркем сөз туындылары белгілі бір тілде туған, белгілі бір тарихи кезеңде сол тілде сөйлейтін халыққа тиесілі. Көркем шығарма халықтың тарихи кезең, дәуірінде туып, сол халықтың тарихи белестерінің көркем шежіресі қызметін де атқарады. Ауыз әдебеті, фольклор мұралары халықтың ең ежелгі, көне тарихымен тығыз байланысып кеткен. Әдебиеттану жекелеген халықтардың көркем сөз құбылысы мен үлгілерінің оның тарихи тұрмысымен арасындағы тығыз байланысын естен шығармай, ескеріп отыру керек. Ең бастысы ол бұл байланысты өз зерттеулерінің негізіне алу керек. Осы себептен де әлем халықтарының қоғамдық өмірін әртараптан зерттейтін тарих ғылымы ретінде көрінеді. Әдебиеттану ғылымы осы себептен де тарих ғылымымен тығыз байланыса отырып, көркем шығармада тарихилық принципін қатаң ұстанады.
Сайып келгенде әдебиеттану ғылымы да өнертану, тарих, философия секілді қоғамтану ғылымдарымен тығыз байланыста болып, өзіде қоғамтану ғылымына жатады.
4). қазақ әдебиеттану ғылымы, қазақ тіліндегі әдебиет туралы ғылым өзінің қалыптасу жолдарынан әлдеқашан-ақ өтіп, қазір өзінің өркенді даму күйі үстінде.
Қазақ әдебиетінің тарихына байланысты өткен кезеңдерде тоталитарлық идеологияның талап-тілектерін қанағаттандыратын, соның туына жығылған зерттеу еңбектердегі, оқулықтардағы әдеби мұраларды, әдеби ағымдар мен бағыттарды қазіргі жаңа дәуірге, жаңа шындыққа сәйкес қайта бағамдатып, жазылу үстінде. Жаңа концепциялар жасалып, толығу үсітенде. Олар орта мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарында, зерттеулер мен монографияларда көрініс табуда.
Әдебиет сыны да кеңестік кезеңдегі таптаурын болған идеологиялық догмалар мен көркемдік принциптерін өзгертіп жалпы адамзаттық мәдени, эстетикалық құндылықтарға бет бұруда. Жаңаша байыптау мен талдауға ұмтылуда.
Қазақ әдебиеттану ғылымында олқылау жатқан жеріміз – әдебиет теориясы.
1926 жылы Қызылорда, Ташкент қалларында қазақ тілінде тұңғыш рет әдебиет теориясына арналған Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» кітабы жарық көрді. Бұл кітап – қазақ сөз өнерін ғылыми тұрғыда жүйелеген, шын мәніндегі қазақ әдебиеттану ғылымының бастауында тұрған іргелі еңбек еді. Бұл еңбектің антика дәуіріндегі грек өнерін, әдебиетін жүйелейтін Аристотельдің әлемге әйгілі «Поэтика» трактатынан бір де кем емес. Амал нешік отызыншы жылдардағы Сталиндік репрессия ғұлама ғалымның тағдырын қиып кетті. Ғалымның өзімен бірге оның асыл дүниесі «Әдебиет танытқыш та» сұм заманның жеті қат қара сандығына құлыпталды.
Есмағамбет Ысмайылов пен Зейін Шашкиннің «Әдебиет теориясының мәселелері» деген еңбегі де осы кептің аяғын құшты.
«Әдебиет танытқышта» Ақаң қолданған әдебиет теориясының терминдерін пайдаланып, қазақ сөз өнеріне байланысты ғалым ұстанған ғылыми концепцияның қара ізін әрі қарай жалғастырған қазақ тіліндегі кейінгі дәуірлердегі еңбектер Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы», Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» болып табылады.
Жетпісінші жылдарға дейін жоғары оқу орындарының филология факультеті мен журналистика факультетінің студенттері бірден-бір оқулық ретінде Қажым Жұмалиевтің орта мектепке арналған «Әдебиет теориясын» пайдаланды.
1970 жылы Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздері» деген сөз өнерін теориялық тұрғыдан талдап, таразылайтын, толғайтын монографиясы, оқулығы, кейінірек бірнеше рет өңделіп, толықтырылып «Сөз өнері» деген атпен оқулық, монография ретінде бірнеше рет басылып шығып, қазірге дейін пайдаланылып келеді.
5)Енді біз кеңестік кезеңде үстемдік еткен маркстік-лениндік эстетика мен көркем әдебиетке тоқтала кетсек. Оларды түсіну үшін әдебиеттану ғылым үшін берік қазық болған маркстік-лениндік методология мен көркем әдебиет үшін негізгі тұғыр болған социалистік реалзм әдісінің негізгі сипаттарын білу керек. Ұлттық әдебиетті өзінің тарихи ерекшелігі тұрғысынан қарап зерттеу үшін, әр түрлі елдердің, әр түрлі дәуір мен кезеңдердің, бір ел мен дәуірдің әртүрлі жазушыларының шығармаларын үнемі қатар алып, салыстыра қарау керек. Кейде осындай қатар алып қарастыра зерттеуді әдебиеттануда «салыстырмалы әдіс» деп атайды. бірақ салыстыру бұл әдебиеттану әдісі бола алмайды. ол барлық ғылымдар үшін қажетті өмірді танудың жалпы жай-күйін және ақиқат шындықтың күнделікті практикалық болмысын түсіну, ой-таразысына салу. Бір құбылысты екінші құбылыспен қатар алып салыстыра қараусыз оның ерекшелігін мүмкін емес. Әдебиеттану әдісі – бұл тек қана жай салыстыру емес, бұл белгілі бір дәрежеде әдебиет дамуы мен барша халықтармен адамзаттың жалпы дамуының арасындағы байланысты түсіне білу. Әдіс дегеніміз - зерттеу ақыл-ойының өз материалы, өз пәні арқылы өтетін жолы. Ал әдістеме – бұл әдіс туралы теория, ол туралы ілім болып табылады. Әдебиеттану әдістемесі – бұл белгілі бір халықтың көркемсөз құбылысын, шығармашылығын ғана емес, оның белгілі бір дәуір, тарихи ортадағы туу себептерін, оның сол дәуірдің, халықтың тарихи құбылыстарымен, қоғамдық мәселелерімен тығыз байланыстылығын тарихи дамудың объективті заңдылығымен түсіндіру. Әдебиеттану ғылымының тарихында көркем әдебиеттің табиғатын байыптауда әртүрлі ғылыми мектептер болды. Олар: тарихи –мәдени мектеп, компоративтік мектеп (салыстырмалы), формальдық мектеп, структуралихзм мектебі, постструктурализм немесе постмодернизм мектебі.
Ал бұрыңғы кеңістікте әдебиеттану ғылымында маркстік-лениндік эстетиканы тұғыр еткен методология үстем болды. Бұл методология бұл эстетика, көркем өнер мен әдебиетте социализм мен реализмді ту етіп ұстады. Әдебиеттің позициялылығы деген ұғым үстем болған кезеңде көркем шығарманы, әдебиеттің көркемдік қасиетінен гөрі оның идеялық мазмұнына аса көп көңіл бөлінді.
Әдебиет қоғамды алға сүйреуші, адамгершіліктің принциптерін, гуманизм идеяларын алға апарушы топ бастар күшпен саяси жүйенің тоталитарлық қоғамның жыртысын жыртқан қолғанаты, идеялық руларына, ұраншысына айналды. Партиялық кеңес әдебиетінің басты тұлғасы деп коммунистік партия қоғамы нұсқаған, партияның өзі қалай көрген адамдар болды.
Осыған байланысты кеңес әдебиеті әлемдік мәдениет пен әдебиет көшін түзеген жалпы адамзаттық ұүндылықтарға құлаш ұрудың орнына бірыңғай таптық дүниетанымға негізділген құндылықтарды әуезеледі, әспеттеді.
Осы әдістің өзіндік ипаты жөнінде белгілі әдебиеттанушы ғалым, академик З.Қабдолов былай деп жазады: «Сол секілді, мысалы, социалистік реализм. Бұл –социалистік жүйені нығайту талабынан туған әдеби әдіс. Сөз өнерінің ғасырлар бойғы даму даңқылы егіс-қатар екі әдіс романтизм мен реализм десек, бұлардың біріндегі сыршылдықтан, екіншісіндегі сыншылдықтан сақтанып, екеуін біріктіру, бірлікке көшіру әрекетінен аты шулы социалистік реализм п.б. бұдан шыққан нәтиже, яғни бұл арадағы жол айырғы принципі: сыншыл реализм өз кезіндегі қоғамдық жүйені әлсіретуге қызмет етсе, социалистік реалзм керісінше, күшейтуге қызмет ететінін заңдандыру. Бұл принциптің негіздері жаңа әдістің 3 түрлі «ерекшелігінде» жатты: біріншіден, шындықты, тек қана шындықты суреттеу; екіншіден, шындықты тарихи нақты суреттеу; үшіншіден, шындықты революциялық даму үстінде суреттеу».
Бұл принциптің алғашқы екеуі жалпы реализм әдісінің негізгі белгілері, шынайы болмысы болса, ал соңғы үшінші принципі «шындықты революциялық даму үстінде» суреттеу керек дегені оның негізгі сипаты болды. Бұл принципке бағынған әдебиетшілер қоғамның кемшілігін емес, тек қана жетістігін көздеу керек болды. Барша қаламгерлер өз шығармаларында шындықты осы принципке иіп же әкелу керек болды. Бұл әдебиеттің шынайы дамуына кері әсерін тигізді. Өткен ғасырдың (ХХ ғ.) 20-60 жылдардағы әдебиет, өнер шығармаларының көпшілігінің эстетикалық қасиет-болмысы бәсеңдеп, тапшыл, ұраншыл шығармаларға айналды. Бірақ бұл кезеңдегі әдебиеттің барлығы бірдей сұрқай, сұрықсыз болды деген ой тумай керек. Социалистік реализмнің тар шеңберінің өзінде-ақ, осы әдістің идеялық-көркемдік шарттарына келмей жататын ауқымына сыймай жататын шынайы шығармалар болғанын айтуымыз керек. Мысалға айтсақ орыс әдебиетіндегі М.Булгаковтың «Мастер мен Маргарита», А.Платоновтың «Котлаван», «Чевенгур» романдары, М.Шолоховтың «Тынық Дон» романдары шығып жатты. Қазақ әдебиетінде социалистік реализм дәуірлеп тұрған кездің өзінде-ақ М.Әуезовтың дүние жүзіне әйгілі «Абай жолы» романы дүниеге келді. Бұл роман қазақ көркемсөзінің (проза үлгісіндегі) арғы-бергі тарихындағы ең үздік шығарма, қазақ көркем сөзінің ең биік үлгісі. Бұдан басқа талантты қазақ қаламгерлері Қ.Аманжолов, Ә.Тәжібаев, С.Мәуленов, Т.Айбергенов, М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев.

№ 3 дәріс


Тақырыбы: Әдеби – эстетикалық ойлардың даму тарихы




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет