21-сұрақ
Түйдекті тіркестер, оның құрылымдық топтары
Түйдекті тіркес – сөз тіркесінің бір сыңары қызметінде жұмсалатын тіркестер. Түйдекті тіркес лексика-грамматикалық тұрғыдан өзара байланыста болып, сөз тіркесінің құрамына енеді. Түйдекті тіркес құрамындағы сөздердің лексика-семантикалық дербес мағынасы болмайды. Мысалы, Желідегі екі құлын мен қара ала төбеттен басқа үй маңында жан иесі байқалмайды (Қ.Жұмаділов). Мұндағы үй маңында сөз тіркесі емес, маңы – көмекші сөз, оның дербес мағынасы жоқ. Сондықтан олар сөз тіркесінің құрамында түйдектеліп, сөз тіркесінің бір ғана сыңарының қызметін атқарады. Түйдекті тіркес бір сөз табынан да, түрлі сөз таптарынан да бола береді, көмекші сөздің тіркесуі арқылы да жасалады. Оның құрамындағы сөздердің дербес мағыналарының болу-болмауына байланысты үлкен екі топқа бөлеміз:
1) дербес мағынасы бар;
2) негізгі сөз бен көмекші сөз арқылы жасалған.
Дербес мағынасы бар түйдекті тіркес сөз таптарының күрделі түрлері (қара сұр, он жеті, т.б.) мен тұрақты тіркестер (төбе шашы тік тұру) арқылы жасалады. Түйдекті тіркестің екінші тобы негізгі сөздерге көмекші есімдер (қала іші), көмекші етістік (аға деген), септеулік шылау (сәлден соң),модаль сөздер (дала тәрізді), қосарлы сан есімдер (үш рет), т.б. көмекші сөздердің тіркесуі арқылы жасалады.
Түйдекті тіркестің басты белгілері төмендегідей болып келеді:
а) сөз тіркесі сыңарының қызметін атқарады;
ә) сыңарлары бір-бірімен синтаксистік қатынаста жұмсалмайды;
б) Түйдекті тіркес сыңарларында мағына болуы да, болмауы да мүмкін;
в) сыңарлары ортақ бір сұраққа жауап береді;
г) құрылымы мен мазмұны тиянақсыз келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |