Есімді сөз тіркестер — сөз тіркесінің басыңқы сыңар есім сөз болып келетін түрі. Мұндай сөз тіркесінің ұйытқы сөздері (басыңқылары), негізінен, зат есім және сын, сан есім сияқты есім сөздер болады да, бағыныңқы сыңарлардың қызметін есім сөздердің бірі немес етістіктің есімше түрі атқарады: “қалың тоғай”, “жақсының сөзі”, “екінің бірі”, “оқылған кітап”.
Есімді сөз тіркестерінің сыңарлары қабыса, матаса, меңгеріле байланысады. Байланысу формаларының бір-бірінен елеулі айырмашылықтары болуымен бірге, байланысудың бір формасының да өз ішінде ерекшеліктері болады.
Қабысу түркі тілдерінде, оның бірі қазақ тілінде, өте жиі қолданылатын синтаксистік байлыныс формасының бірі. Егер қиысуда бағыныңқы сөз басыңқы сөздің грамматикалық мағынасына, тұлғасына бейімделе, тиісті жалғауда айтылып байланысса, қабыса байланысқан сөздер ешқандай жалғаусыз, тек қатар тұру арқылы тіркеседі. Яғни орын тәртібі арқылы байланысады.
Қабыса байланысқан есімді сөз тіркестері, зат есім мен зат есімнің тіркестері түрінде (“алтын сақина”, “темір пеш”, “бір үйір жылқы”, “бір үзім нан”, “қалта сағат”), сын есім мен зат есімнің тіркесі түрінде (“жақсы дос”, “сұлу әйел”, “ақ қағаз”, “аласа бойлы азамат”, “ат жақты жігіт”), сан есім мен зат есімнің тіркесі түрінде (“оныншы сынып”, “отыз студент”, “он шақты қой”, “бес-алты дәптер”), есімше мен зат есімнің тіркесі түрінде (“көрінген тау”, “сөйлейтін адам”, “орылған шөп”), есімдік пен зат есімнің тіркесі түрінде (“мына үй”, “ана жол”, “нешінші пәтер?”, “барлық халық”, “өз еңбегі”), үстеу мен зат есімдердің тіркесі түрінде (“қазір осында”, “бүгін көңілді”, “әлі тып-тыныш”) кездеседі.
Матаса байланысқан есімді сөз тіркестері байланысудың табиғатына сай ілік септігіндегі сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің тіркесі болып шығады (“қораның шатыры”, “құстың сұлуы”, “отыздың екеуі”, “менің әкем”).
Меңгеріле байланысқанда басыңқы мен бағыныңқы сыңарлардың септік (барыс, жатыс, шығыс, табыс, көмектес) жалғаулары арқылы тіркеске түсетіні белгілі (“жанға бай”, “жақсылыққа үйір”, “сенімен тұстас”, “сайлауға әзірлік”). Осының барлығынан да сын, сапа, меншіктілік сияқты синтаксистік мағыналар туындап отырады.