34. Сөз тіркесі синтаксисі мәселелерінің зерттелуі
1950 жылдарға дейін қазақ тіл білімінде сөз тіркесі мәселесі жай сөйлемдер мен құрмалас сөйлем синтаксисі аясында қарастырылғаны болмаса өз алдына зерттеу нысаны болған емес.
1967 жылы шыққан “Қазақ тілінің грамматикасында” сөз тіркесіне мынандай анықтама берілген: “… синтаксистің басты, арнаулы объектісі екеу: бірі – сөз тіркесі, екіншісі сөйлем. … екі сөзді тіркестіріп жаңа сөз жасау үшін емес және де бір сөздің грамматикалық мағынасын дәлдеу, толықтыру үшін емес, қосымша, жаңа грамматикалық мағына тудыру үшін тіркескен сөздер тобы ғана сөз тіркесі деп есептеледі.”[40.7].
Т.Қордабаев: “Қазақ тіл білімінің тарихына шолу жасау екі кезеңге бөлініп құралады: бірінші кезеңі – арғы ғасырлардан бастап 1917 жылға дейінгі, екіншісі – Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейінгі кезең,”- деп көрсетеді [37. 10.]
Ғалымның көрсеткен бірінші кезеңінде сөз тіркесі синтаксисі туралы айтылған ой-толғамдар, тұжырымдар кездеспейді. Синтаксис мәселелерінің кең көлемде зерттелуі 20-жылдардан басталады. Бұл кезеңдерде жарық көрген мақалалар мен оқулықтарда көбінесе жай сөйлем мен құрмалас сөйлемге қатысты нәрселер айтылған.
Орта мектепке арналған Қ. Жұбановтың авторлығымен 1936 жылы жарық көрген оқулықта ғалым жай сөйлемдерді мағынасы мен құрылысына қарай жіктейді. 1939 жылы шыққан С.Аманжолов пен Н.Сауранбаевтың “Қазақ тілінің грамматикасы” оқулықтарында атаулы сөйлем туралы айтылып, сөздер тіркесі жөніндегі пікірлер де осы жылдардан бастап айтыла бастады.
1940 жылдары Мәулен Балақаев жай сөйлем синтаксисімен терең айналысып, “Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлем синтаксисінің негізгі мәселелері” деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ғалым тілдік материалдарға сүйене отырып, сөйлем мүшелерінің байланысы ретінде қарастырылып келген сөз тіркесін терең де жан-жақты зерттеп, оны синтаксистің негізгі нысаналарының бірі ретінде көрсетті. Ол кезде сөйлемнің өзін сөз тіркесінің бір түрі деген пікірлер де бар болатын. Орыс тіл білімінің өкілі М.Петерсон синтаксистің негізгі нысаны сөз тіркесі, ал сөйлем сөз тіркестерінің бір түрі деп есептеген. Қазақ тіл білімінде бұл пікірді М.Балақаев қолдады. Қазақ тілі материалдарының негізінде арнайы еңбек жазған Мәулен Балақаев зерттеулерінде сөз тіркесі мәселесі кеңінен қарастырылып, онда сөз тіркесінің құрылысы, өзіне тән белгілері, ерекшеліктері, сөздердің байланысу тәсілдері мен формалары және олардың тіркесу қабілеттері ашып көрсетілді. Сөз тіркесіне толық мәнді ереже шығарып, осы ережеге сүйене отырып, оның негізгі қағидаларын ашып көрсетеді. [3]
Сөз тіркесі синтаксисі М.Серғалиев, Ә.Аблақов, Т.Сайрамбаев, С.Исаев, Р.Әміров, Г.Жаркешова т.б. ғалымдардың еңбектерінде сөз болды.
М.Серғалиев сөз тіркестерінің синонимиясын қарастырды. “Сөз тіркестерінің синонимикасында басыңқы сыңарларды бір түбірлі болу керектігін ескерсек және бағыныңқы сыңар қызметіндегі сөздер де бір түбірлі болып, соңғыларының тұлғалары әр түрлі болатындығына көз жеткізсек, синонимдік қатар жасаушы сөз тіркестерінің мазмұн-мағынасы жақын болатындығы өзінен-өзі түсінікті,-” деп атап көрсетіп, объектілік және пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестерінің синонимдігін мысалдар арқылы дәлелдеп береді [50.3].
Сөз тіркесі туралы құнды пікірлер, ой-тұжырымдар жасап жүрген Т.Сайрамбаев өз еңбегінде күрделі сөз тіркестерінің жасалу жолына жан-жақты тоқталады. Ғалым күрделі сөз бен сөз тіркестерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарының ара жігін ашып көрсетеді. “Сөз тіркестерін құрауда сөз таптары басты элемент, бірақ сөз тіркестерінің түрлерін ажыратуда олардың да арақатынасы бірдей емес. Сөз тіркестерін құрауда зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, есімшелер затқа қатысты өрбісе, үстеу, еліктеуіш сөз, көсемше, сын есім, сан есім т.б, сөздер қимылға қатысты, яғни солармен тіркесуге қабілетті болып келеді. Бұдан қай сөз табының қай сөз табына қатысты екені айқындалады. Жалпы алғанда сөз тіркестерінің әрбір сыңары арқылы жеке сөз табын, оның морфологиялық өзгерісін, құрылымдық жүйесін, тіркесу қабілетін дербес мағынасы бар сөз бен дербес мағынасы жоқ сөздің рөлін т.б. айқындауға мүмкіншілік туады. Мұның өзі морфология мен синтаксистің тығыз байланыстылығын көрсетеді”,- деп, сөз тіркесі синтаксисінің морфологиямен өзара байланысын жіктеп көрсетеді. [51.37]. Сөз тіркестерін диахрондық және синхрондық тұрғыдан зерттеп, әсіресе, меңгеру байланысын жан-жақты қарастырған – профессор Ә.Әбілақов. Меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестерінің меңгеріле байланысқан етістікті тіркестерден өзіндік ерекшелігі барлығын, етістіктердің сөздердің белгілі бір септікте тұруын қажет ететінін, ал есімдердің ондайды қажет етпейтінін мысалдар арқылы дәлелдеп береді. Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестерінің меңгеріле байланысқан есімді тіркестерден бұрын пайда болғандығын көне ескерткіштер тіліне сүйене отырып дәлелдейді [8.34].
Сөз тіркесі синтаксисі туралы жинақталып, теориясы бір ізге түсіріліп соңғы жаңалықтарды сараптап, сұрыптап берген еңбек - Ә.Аблақов, С.Исаев, Е.Ағмановтың авторлығымен 1997 жылы жарық көрген “Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі” атты тарихи-салыстырмалы негізде жазылған оқу құралы. Бұл оқу құралында ғалымдар сөз тіркесінің табиғатын ашып көрсетіп, сөз тіркесінің байланысу тәсілдері мен формалары жөнінде соны пікірлер айтады. Сөз тіркесі синтаксисі төңірегінде болып жүрген әр түрлі көзқарастар мен пікірлерді талдап, тіл фактілері негізінде дәлелдеп, саралайды. “… сөз тіркестері номинативтеніп, лексикалық бірліктер құрамына енуі де мүмкін, не болмаса предикативтеніп, аяқталған ойды білдірудің құралына айналуы мүмкін. Осылардың бәрі адамдар арасындағы қатынасты жақсарту мақсатымен және ойды барынша түсінікті, әсерлі жеткізу үшін тілдік мүмкіншілікті сарқа пайдалану қажеттігінен туындайды”,-деп, сөз тіркестерінің дамуындағы басты тенденцияларды сұрыптап көрсетеді [7.300].
Сөз тіркесін зерттеген ғалымдардың бәрінің де сөз тіркесіне берген анықтамалары бір жерден шығып жатады да, ал оның байланысу тәсілдері мен түрлері, сөз тіркесіне ұқсас тұлғаларға келгенде пікір қайшылықтары кездесіп отырады. Бұл сөз тіркесі синтаксисінің кейінірек зерттелуіне және аталған тіркестердің үнемі даму үстінде болатындығынан болар.