Синтаксистік парадигмалар


Жай  сөйлемдi  құрмаластырудағы  интонацияның  рөлi



Pdf көрінісі
бет171/374
Дата07.01.2022
өлшемі2,27 Mb.
#17280
түріМонография
1   ...   167   168   169   170   171   172   173   174   ...   374
Байланысты:
Paradigma2015-1

Жай  сөйлемдi  құрмаластырудағы  интонацияның  рөлi.  Бір  кез-
дері  синтаксиске  ғана  телініп  келген  интонациялық  құбылыстар  соңғы 
жылдардағы  зерттеулерде  əуен,  қарқын,  ұзақтылық,  пауза  сияқты  про-
содикалық  компоненттерден  құралатын,  мағына  ажыратқыш  бірліктері 
– интонемалары бар кешенді құбылыс ретінде қарастырылып жүр (З.Ба-
зарбаева, А.Фазылжанова). З.Базарбаева ұсынған интонацияны зерттеу-
дің глобалдық əдісін қолдана отырып, зерттеу жүргізген А.Фазылжанова 
құрмалас сөйлемдегі интонация тиянақты, тиянақсыз, қыстырма сегмент 
– үш интонема арқылы көрінетінін айтады. Құрмалас сөйлем компонент-
тері бүтіннің бір бөлшегі болғандықтан, алғашқы сыңары тиянақсыз ин-
тонемамен беріліп, соңғысымен салыстырғанда кең тоналды диапазонда 
айтылады.  Интонацияның  бұл  түрiнiң  құрмаластағы  қызметi  сол – ол 
құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемнiң басын бiрiктiрiп, оларды 
бiр бүтiн етiп отырады. Тиянақты интонация сөйлемнiң ең соңында бола-
ды да, ойдың аяқталғандығын бiлдiредi.
Интонациялық кідіріс сөйлемді мағыналық топтарға (бастауыш-баян-
дауыштық не тема-ремалық) бөліп тұрса, құрмалас сөйлемде ол предика-
тивтік компоненттердің аражігін ажыратып тұрады.
Тиянақсыз  интонация  құрмалас  сөйлем  құрамындағы  компоненттер 
арасында келедi де, əр құрмаластың қандай компонентке бөлiнетiнiн бiл-
дiредi. Интонацияның бұл түрi өзiнiң тиянақсыздығы арқылы сөйлемнiң 
əлi  аяқталмағанын,  ой  жалғасы  барлығын  бiлдiредi,  сол  арқылы  жай 
сөйлемдi бiр-бiрiмен құрмаластырады. Баяндауыш тұлғалары тиянақты 
тұлғада келетін салаластардың да, тиянақсыз тұлғадағы сабақтастардың 
да алғашқы компонентінің кең, соңғыларының тар диапазонмен берілуі – 
оның өзінен соңғы компонентке тəуелділігінің белгісі. Құрмалас сөйлем 
компоненттерi  арасында  болатын  тиянақсыз  интонацияның  тиянақсыз-
дық шамасы бiрдей болмайды. Оның əртүрлi болуы компонент баяндау-
шының  формасына  жəне  оның  шылау  сөздерге  тiркесу  не  тiркеспеуiне 
байланысты. Себебi интонация сөйлем үшiн қандай қажеттi элемент бо-
лып саналғанымен, ол түгелдей сөйлем мағынасына, сөйлем құрылысы-
на тəуелдi болады. Дегенмен тиянақсыз интонация өзiнiң əркелкi сипа-
тына қарамастан, жай сөйлемдi бiр-бiрiмен ұштастырады жəне құрмалас 
сөйлем  компонентiнiң  аражiгiн  көрсетедi.  Сөйлем  мағыналық  түрлерге
бай,  олардың  интонациялық  көріністері  алуан  түрлі  болғанымен,  абс-
тракт айтылу бірліктері – интонемалардың саны шектеулі болатындығы 
дəлелденген. Интонацияны арнайы зерттеген ғалымдар оның орыс тілін-
де жеті [40, 16 б.], қазақ тілінде сегіз инвариант түрі болатындығын көр-
сетіп жүр [41, 131 б.].
Тіл  білімінде  сөйлем  үшін  релеванттық  тұлғалық  белгілер  ретінде 
етістік  тұлғасы  мен  интонацияны  танушылар  бар.  Интонация,  əдетте, 
байланысқа  түскен  сөйлемдерді  бөлу  құралы  ретінде  пайдаланылады, 
ал етістіктің жеке тұлғасы да, интонация да құрмалас сөйлемдердің бір-
ден-бір белгісі бола алмайды. Ал болмыста барлығы да басқаша. Бірін-
шіден,  сөйлем  тек  етістік  баяндауыш  арқылы  ғана  жасалмайды.  Жай 
сөйлемнің де, құрмалас құрамындағы компоненттер баяндауыштары да 
етістіктен ғана емес, есім сөздерден, үстеу, модаль сөздерден жасалаты-
ны белгілі.
Екіншіден, етістіктің жеке тұлғасын сөйлемдердің басты тұлғалық 
белгісі ретінде танып, интонацияның рөлін көмескілейтін болсақ, жай 
сөйлем  мен  құрмалас  сөйлемнің  аражігін  ажыратпаған  болар  едік.
Жай  сөйлемде  интонация  байланыстырушылыққа  қарағанда  бөлуші
фактор ретінде қызмет етеді. Осылайша А.М.Пешковский интонация-
ның  басты  типтерін  ескере  отырып  (аяқталған,  хабарлы,  сұраулы, 
лепті), “дербес  интонациялық  аяқталған  сөйлемдер” (терминология-
да дəл қазір байланыспаған сөйлемдер деп атап жүрміз) мен “күрделі 
синтаксистік тұтастық құрамына енген сөйлемдер” (яғни байланысқан 
сөйлемдер)  арасындағы  терең  шекараны  анықтауға  тырысты.  Бұл 
жөнінде ол былай дейді: Күрделілердің құрамына енбеген сөйлемдер, 
əрине,  басты  үш  интонациямен  (хабарлы,  сұраулы,  лепті)  айтылады, 
күрделілер  дəл  сол  тектес  айтылады.  Бұл  мұндай  дербес  интонация-
лық  аяқталған  сөйлемдердің  біртұтас  құрмалас  сөйлемдермен  толық 
интонациялық сəйкестігін қалыптастырады да, біртұтас күрделілердің 
құрамындағы  сөйлемдермен  интонациялық  сəйкестігінің  болмауын 
айқындайды [42]. 


188
189
Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар
І бөлім. Дəстүрлі синтаксистік парадигмалар
Сол  себепті  бұл  жерде  байланысқан-байланыспаған  сөйлемдер  деп 
аталып  жүрген  сөйлеу  компоненттерінің  интонациялық  ерекшеліктерін 
есепке  алу  біршама  қорытынды  жасауға  мүмкіндік  береді.  Сөйлемнің 
екі типі де түрлі лингвистикалық бірліктерге жатады. Сөйтіп құрмалас 
құрамындағы  интонация,  бір  жағынан,  компоненттер  жігін  бір-бірінен 
ажыратып көрсетуші, екінші жағынан, компоненттерді бір-бірімен бай-
ланыстырушы тəсіл ретінде танылады. 
Компоненттер  арасындағы  интонация,  интонациялық  пауза  мағына-
лық  қатынасты  ажыратушы  басты  тұлға  болмағанымен,  келесі  компо-
ненттің мағыналық сипатын анықтайтындай ескерту сигналы қызметін 
атқаратындығын көптеген ғалымдар көрсетіп жүр. Сонда құрмалас сөй-
лемнің  интонациялық  ерекшелігі  деп  төмендегідей  тұжырым  жасауға
болады: құрмалас сөйлемдер коммуникативтік бірлік ретінде интонация-
лық жағынан тиянақталған құрылым. Сөйлеуші мақсатына сай ол хабар-
лы,  сұраулы,  бұйрықты  сөйлем  интонациясымен  айтылады.  Құрмалас 
сөйлемнің алғашқы компоненті тиянақсыз интонемамен беріліп, соңғы-
сымен салыстырғанда кең тоналды диапазонда айтылады. Соған сəйкес 
алдыңғы компонент тиянақсыз сипатта болып, ал келесі компонент дер-
бес  жай  сөйлемдерге  тəн  интонациялық  сипатқа  ие  болады.  Құрмалас 
сөйлемнің интонациялық ерекшелігі деген мəселеде бір сөйлемде бірне-
ше  интонациялық  ерекшеліктің  шоғырлануын  көрсетуге  болады  (айта-
лық: бірінші компонентте – хабарлау, екіншісінде – сұрау интонациясы 
немесе керісінше, т.т.). 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   167   168   169   170   171   172   173   174   ...   374




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет