Софы Сматаев шахминам – МӘҢгілік махаббатым менің Аса қымбатты Шамшия келінім!



бет17/35
Дата14.07.2022
өлшемі302,94 Kb.
#37662
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   35
Екінші бөлім. Алматыда


Бірінші тарау. Тастақтағы мекен

Шахминамды әке-шешемнің қолында тағы бір жылға қалдырып, Мәскеудегі соңғы курсымды тәмамдауға жүріп кеттім.


1965 жылдың желтоқсанынан 1966 жылдың мамыр айына дейін Қарағанды металлургия комбинатында, яғни Теміртауда диплом жұмысы практикасынан өттім. Екінші домна пешінде мастер боп істеп, қаншама өмір өткелектерінен өткенімді айтып жатпай-ақ қояйын. Нұрсұлтан Назарбаев бастаған қазақ жігіттерінің өзіме көрсеткен көп көмегін әрине ұмыта алмаспын.
Шәкем-Шахминамды естен екі елі шығармай сол алты айда есебін келтіріп Киікке екі рет барып, сүйіктіммен құшақтасып қауышып қайтқам-ды.
Міне, ақыры дипломды да қорғадым. Еңбектің еш кетпейтіні рас. Темір - таудағы менің тәжірибе өткізген тақырыбым: «Көмір ұнтағын горнға үрлеу» («вдувание угольной пыли в горн») диплом болып жазылып, өзіндік тың көзқарасымен мәскеулік біраз ғалымдарға бас шұлғытқан еді. Біразымен айтысып та қалғам.
Оқуым аяқталды. Қазақстанның қай тұсына баратынымды білуге Мәскеудегі Қазақстан тұрақты уәкілдігіне (постоянное представительство) бардым.
Шәріпов дейтін жасы алпыстан асқан бастығы фамилиямды естіп, оң жағынан орын беріп, көңілдене әңгімесін бастады.

  • Сматаев, сен институтты мақтаулылардың қатарында бітіріпсің. Саған разымыз. Сол себепті сені өз институтыңа мақсатты аспирантураға түсуге біз өз тарапымыздан тапсырыс бермекпіз. Орның дайын.

Көзім қарауытып кетті, құлағым бітелді де қалды. Туған елге асығып, сүйіктімнің қасына оралам дейтін іңкәр ойымды быт-шыт қылатын мынау кеңесін қабылдай алмаспын.

  • Рахмет, аға! Тағы үш жыл құйрығымды партаға жамай алмаспын.

  • Неге келіскің келмейді?

  • Біріншіден, мен қаламгер болуды әу бастан ойлаған адаммын. Металлургия – менің түп қазығым бола алмайды. Екіншіден, мен үйленген, семья құрған жанмын. Жұбайымның қасында болып, өмірдің қызық-шыжығын бірге көрсем деймін.

Шәріпов креслосына шірене шалқайды. Көзін бір ашып, бір жұмды. Қабағы дүңкие көтеріліп, бозарған жүзбен маған сығырая сүзіле қадалды.

  • Солай десең, сен Сматаев, біз былай дейміз. Қазақстанның атынан берілетін тапсырыстан бас тартсаң, Қазақстан да сенен бас тартады.

Сонымен мені институтым екі жылдық отработкаға Туланың металлургия зауытына жөнелтті. Тамыздың басында келіп, жатақханаға орналасып, зауыттың домна цехының екінші пешіне мастер боп кіріп, жұмысымды бастап кеттім.
Шахминама тіс жарып айтуға жүрегім дауаламады.
Зауыт қаладан бөлек, он шақты шақырым жерде. Екі ортасына электричка жүреді. Екінші ауысымға (сменаға) шығу үшін сағат алтыда тұрам. Өйткені сағат жетіде зауытқа жетіп, түнгі сменада істеген мастерден екінші пешті қабылдап алуым керек. Кейде шлак таситын вагонетка (шлаковоз) болмай, шлакты темір жолдың үстіне ағызып тастайтын ретсіздік көп болып жатады. Соны әлгі түнгі сменадағы горновойлардың тазартып кетуі керек. Әйтпесе шлаковоз шлак ағызатын желоб-түтікшеге дұрыс жете алмауы мүмкін.
Сонымен тәуліктің он, онбір сағатын зауытта, қалған мезгілін ұйқы мен тамақтануға ғана жіберіп, тамызды орталадым. Барам – қайтам. Ұйықтаймын – тұрам. Қайта барам, қайта қайтам. Сарсаң тірлік. Сабылыстан сабылыс.
Бір күні сменамды тапсырып, душта жуынып жатқам, жатақханадағы көршім есіктен бас сұғып: «Саша, заводоуправлениенің алдынан бір қазақты көрдім. Мүмкін ол сені іздеп жүрмесін», деді де кетіп қалды.
Шала-шарпы жуынып, киініп, зауыт басқармасының үйіне далақтап келе жатырмын. «Қазақ» деген сөз құлағымды үңгіп, жүрегімді алып-ұштырып дүрсілдетіп жатыр.
Сағат алтыға таянғанда басқарма үйінде ешкім қалмайды. Есіктері тарс жабық. Салым суға кетіп жайдақ орындыққа сылқ етіп отыра кетіп, бетімді қолыммен бүркедім. Дүниеде жалғыздық дегеннің қандай боларын сол жерде анық сезген едім.
Бір кез әлдекімнің қолы иығыма тиді. Жалт қарадым. Жымиып тұрған адамның бет-жүзіндегі жылылықты байқағанымда, әлгіндегі жалғыздық шеккен қалпым жоғалды да кетті.

  • Вы случайно не казах? – деп бейтаныс орысшалап тіл қатты.

  • Да! Қазақпын. Я – казах! – деп орнымнан атып тұрдым.

  • Өзім де біліп едім қазақ екеніңді. Осы зауытта істейсің бе?

  • Иә, домна пешінде мастермін.

  • Дұрыс болды.

Екеуміз қалаға жаяу тарттық.

  • Мен Ұлттық академияның Кен байыту институтында лаборатория меңгеремін. Лабораторияға белгілі құрамда екі тоннадай шлак қажет. Соған заказ бермекшімін.

  • Қағазыңызды, шлак құрамы жазылған қағазыңызды айтамын. Көрсетіңізші.

  • Міне ол, – деп төсқалтасынан бір парақ қағазды шығарып, қолыма ұстатты.

  • Шығарып көрейін. Екі-үш күн тосасыз бірақ.

  • Екі-үш күнде дайын болса тіпті жақсы. Мен он күн болса да тоспақшы боп келгем-ді. Айтпақшы, біз әлі жөн сұраспаппыз ғой. Менің атым Асқар... Қонаев.

  • Сіз... сіз сонда анау... анау адамның інісі емессіз бе? – деп апырақтап жатырмын.

  • Иә, болсақ болармыз, – деп серіктесім өзіне тән жымиыспен қарап қойды.

Маған анау... сонау биік Қонаевтың інісінің әлдебір шлак құрамын іздеп жер түбінен жетуі ойға симастай көрінді ме, қасымдағы жігітке енді бастан-аяқ көз сүздім

  • Ұқсаймын ба? – деп жігіт күлген болды.

  • Әрине. Жасаймын. Тездетіп шлагыңызды шығарып берем.

Түнімен отырып кокс, руда, скрабтардың ара мөлшерін есептедім. Ертеңінде жұмысқа келісімен оциллографтардағы режимді өзім сызған мөлшерлі жобаға ауыстырдым. Үшінші балқымада қажетті шлак құрамы шыға келді.
Асқар аға өзінің екі тонна шлагын контейнерге салғызып тұрып, мені құшақтап арқамнан қағып, ырзалығын білдірді.

  • Маған сен как доменщик өте керексің. Айтып ем ғой. Алматыға барысымен саған запрос жібертем. Академиядан.

Үш домна пешінің обермастері Анофриев дейтін мосқал кісі еді. Мастер будкасына кіріп, мені қарсына отырғызды. Папиросын тұтатып ерніне қыстырды.

  • Былай болсын, Сматаев. Сен қазағыңа көмектестің, түсінем. Мен сенің өзімбілермендігіңді цех бастығына айтпай-ақ қояйын. Сен пешті тездетіп бұрынғы режиміне түсір.

Мойнымнан ауыр жүк түсті-ау. Бір күрсініп қалып, обермастерге алғысымды қас-қабағыммен таныттым.
Арада бір апта өтті. Қазақстаннан хабар жоқ. Он күн ауысты. Еш сыбыс болмай тағатымды тауысты. Күдерімді мүлде үзіп жиырма күн де жетті. Үшінші ауысымға сағат күндізгі үште жұмысқа келсем, обермастер мені директор шақыртып жатқанын айтқаны.
Бардым. Директор кең кабинетінің орта тұсында күтіп алып, қолымды қысты.

  • Жолдас Сматаев, сіздің Қазақстанның кадры екеніңізді білеміз. Академияңыздың шақырту қағазы келген екен. Сіздің баруыңызға біздің ешқандай қарсылығымыз жоқ. Еткен еңбегіңізге рахметімізді білдіреміз.

Төбем көкке екі елі жетпеп еді. Бас шұлғып директордың қолын қыса бердім.
Алматыға құстай ұшып жеттім. Екі-үш күнде Асқардың лабораториясына инженер боп орналасып та алдым.
«Мен Алматыдамын, тез жет!» деп Шәкеме телеграмма жібердім.
«Алматы» мейманханасының іргесіндегі қазір сүріліп, орнына «Қазтелекомның» ғимараты салынған екі қабатты қонақүйде жатқам. Түс кезінде сыртқа шыға бергенім сол еді, Шахминам бас салды. Құдай-ау, қалай сағынғанбыз бір-бірімізді. Құшақтасқан күйі бөлмеге кіріп, әрең-әрең ес жидық.
Менің осы қонақүйде жатқанымды поездан түсе сала Сыдық ағаның үйіне телефон шалып, жеңгейден естіп, таксилетіп жеткен беті екен Шәкемнің.
Содан соң дүкенге барып азық-түлік алып, аққайнарды торға салып бөлмемізге өзімізше салтанатпен оралдық.
Ақ қайнардың пробкасын аспанға атып, көбігін көлкілдете фужерлерге құйып, ал кеп тойлайық. Ал кеп балаша қол шапалақтап ойнайық. Бір-бірімізге аңсаған құштарлықпен қарауға тоймайық.
Айтпақшы, осыдан бір күн бұрын Асқар аға мені шақырып алып; «Саған жас маман ретінде бір айға демалыс бермекпіз. Ертеңнен бастап боссың. Қазір барып, бухгалтериядан ақшаңды ал» деп көңілімді көншіткен.
Ақшаға ақша қосылды.
Ақшаға ақша қосылды дейтін малағамымды түсіндіре кетейін. Екі күн бұрын Жазушылар одағына барғам. Қыста қолжазба күйінде Бердібек Соқпақбаев ағаға қалдырып кеткен «Қызыл дәптер» атты повесімнің тағдыры не боп жатыр екен? Жариялауға тұрар ма, тұрмас па, соны білмекпін.
Бердібек ағаны орнынан таппадым. Содан «Жұлдыз» журналына кіріп, «Бердібек ағаны көрген жоқсыздар ма?» деп сұраған едім. «Ол бұл арада отырмайды. Оның бөлмесі екінші этажда. Өзің кімсің?» деп бір домаланған, ерні салбыраған жігіт ағасы бастырмалата жөнелді.

  • Мен бе... Сматаевпын.

  • Әй, сен шынымен Сматаевпысың? Ойбай-ау, біз сені аспан мен жерден іздеп шарқұрып таппай жүрсек... Әй, сен гонорарыңды осы уаққа дейін алмай ведомосты жаптырмай, қой бағып жүрмісің?- деп әлгі адам түкірігі шашырап дүрсе қоя берді.

  • Гонорар деймісіз?!. Қандай гонорар?!

  • Аспаннан түсе қалғандай сөйлейсің ғой өзің. Қандай гонорар дейді-ау. Журналдағы... «Жұлдыздағы» гонорар. Анау жұрт мақтап жүрген «Қызыл дәптерің» журналға басылған. Бердібек ұсынып...

  • Сіз... сіз кім боласыз?

  • Әй, мынау Сматаев не аспаннан түскен, не есі ауысқан біреу шығар. Мені танымайды, ей. Ал мен журналдың жауапты хатшысы Сарғасқаев Сансызбаймын. Вот так!

Өзімнің қайдан түсіп, қайдан шығып жатқанымда жұмысым қанша. Бердібек ағам-ай!.. Повесімді журналға шықты дегенді естігенде есім шыға қуанғанымды айтып жеткізе алмаймын. Маған аспандағы айдан да алыс көрінетін «Жұлдыз» менің шығармамды басса... мен қалай ұшып кетпей жер басып жүрмін... Кеудем керіліп, иінім тіктеліп, дабдырлаған сөздерді тыңдаудан мүлде қалып есеңгіреп тұрғанымды сезді ме, Сарғасқаев мырза қолыма жарты парақ қағазды ұстата берді.

  • Типографиядағы бухгалтерияның адрісі. Тез барып, ақшаңды алып, ведомосты жаптыр.

Сансызбай ағаның берген адресімен барып, бухгалтердің көңілін көншітіп, өзімді де көкке көтере қомпайтып, ең алғашқы қомақты екі жүз жетпіс сом ақшаны екі қалтама бөліп салып алғам.
Шәкем келгенде мен осы байлығыммен біраз дүрдие мақтанғам.
Ертеңіне ертеңгі асымызды мейманхананың асханасынан ішіп, енді Шахминамның бес жыл бірге оқыған құрбысы Алмагүлге бармақ боп Тастаққа баратын трамвайға міндік. Шәкем осы жаққа жүрерден бір күн бұрын құрбысының хатын алыпты, адресін білетіні содан.
Келдік, кірдік. Шашы дудыраған Алмагүл Шахминамды құшақтай алды. Мен бір жасар ұлын көтеріп тұрған жігітпен қол алыстым.
Сәлден соң-ақ Алмагүл – Сейітжан, Шамшия – Софы болып жарқылдап күліп, мәз боп шаттандық та қалдық. Тап-тар асүй болса да, көңілі кең жандардың ашық жарқын пейілінің шуағына бөлендік.
Шай ішкен соң, ет піскенше «уақыт бар ғой, пәтер беретін үй қарап келейік» деп Шәкем екеуіміз орнымыздан тұрдық.

  • Әй, босқа әуре боласыңдар. Біз осы төңіректі үш қайтара шарлаған шығармыз. Табылмайды, – деп Сейітжан бас шайқады.

Шәкем көз құйрығымен мені «жүр-жүрлеп» тұрған соң қол ұстасып Васнецов көшесімен қиялап келеміз. «Үй іздейміз» деуіміз сылтау ғана. Екеуміздің бір-бірімізге сағынышымыз әлі басылмаған. Шахминам иығыма басын сүйеп, бұрала басып келеді.
Есігінің шарбағына сүйеніп, біздің жаққа қолын көзіне күргейлей қарап тұрған кісіні байқап қалдым.

  • Шам, дәуде болса анау адам бізді күтіп тұр. Рас айтам. Көңілі әрине саған ауған.

  • Сен де айта береді екенсің, – деп күлген Шахминам әлгі адамды енді байқады. – Әй, рас. Шынымен бізді күтіп тұрған тәрізді.

Бұрылып келіп амандастық. Мұртына ақ кіре бастаған көзілдірікті орыс кісі күлімсіреген рай танытты.

  • Сіздер пәтер іздеп жүрген жоқсыздар ма?

  • Иә, дядя!

  • Іздегеніміз рас.

  • Ну, онда оның жарасы жеңіл, – деп есігін айқара ашты. – Бері өтіңіздер. Мен дядя Миша болам.

  • Рахмет, дядя Миша!

  • Жақсы болды-ау...

Дядя Миша тәпелтек бойын тік ұстап алдымызға түсті. Ашық тұрған есіктің тепкішегінен аттап кіріп, қарсы алдындағы есікті ашып, бізге кіріңдер дегенін қолымен ишараттады.
Шәкемді алдымен енгізіп, іле өзім де өтіп әлгі бөлмеге таң-тамаша болып, сұқтана қарап қаппыз. Шамамен төрт те төрт метрлік бөлме тап-таза. Қабырғалары сыланып, едені жалтырап сырланып кәдімгідей көз тартады.
Шахмина екеуміз таңдайымызды тақылдатып болдық та қалдық.

  • Ой, қандай рахат! Қандай керім!

  • Тамаша! Шахмина-ау, алғашқы отауымыз құтты, мерекелі, берекелі болсын!

  • Айтқаның келсін, Софыян! – деп Шәкем маған наздана қарады.

Шат-шадымен түрімізден-ақ пәтерді ұнатқанымызды біліп тұрған дядя Миша менің алақаныма алақанын сарт еткізді.

  • Ну с богом! Жду на новоселье!

  • Ой, дядя Миша! Непременно справим новоселье. Жасаймыз!

  • Бағасы қанша екен? – деді Шәкем мен сұрасын дегендей.

Дядя Миша қазақша түсінетін, төбесінің тесігі бар екен, маған сұратпастан сөйлеп кетті.

  • Басқалардан жиырма сом сұрар едім. Ал сендерге он беске берем. Білесіңдер ме, екеуің анадайдан-ақ маған сондай ұнадыңдар. Көлде сәндене жүзген қос аққудай болып көріндіңдер маған...

(Осы дядя Миша туған ағамдай, тіпті әкемдей болып, біз жаңа үйге көшкенде де келіп, ваннаға жуынып, қонақ боп кететін-ді).
Ертең біржолата келіп кіреміз – деп, дядя Мишамен уәделесіп, Сейітжандарға көңілді оралдық.
Дем арасында пәтер жалдап келгенімізге сенер-сенбестей болған Сейітжан да, Алмагүл де қуанып, құттықтап жатыр.

  • Ой, қандай жақсы! Көрші болдық қой, – деп Алмагүл тіпті мәз.

Ертеңінде мейманханамен есеп айрысып, Сейітжандарға келдік.
Мәссаған! Орыс үй иесінің есек жеккен арбасы бар екен. Сейітжан мен Алмагүл әлгі арбаға бір стол, төрт орындық, бір кілемше, көрпе-жастық тиеп қойып бізді күтіп отыр екен. Тағы да ақкөңілдердің аңқылдақ күлкісіне бөленіп, есекті митыңдатып отырып, Васнецов көшесіндегі қырық тоғызыншы үйдің калиткасына жетіп тоқтадық.
Бізді дядя Миша және бір келіншек пен алты жасар бала тосып алды.
Жүктерімізді жайғастырған соң мен екі терезеге екі газет тұттым. Алғашқы дүние-мүлкіміздің басы осы екі газет болатын. Соны күні кешеге дейін Шәкем екеуміз еске алып, бай, бағлан жастығымыздың кедей һәм тапшылығын да ұмытып кетпейік дейтін едік-ау.
Мен үйдің қасындағы «Тастақ» базарынан бір дорба тамақ, бір шиша арақ, екі аққайнар әкеліп, бәріміз Сейітжан – Алмагүл, дядя Миша, Алла апай (дядя Мишаның қызы), Сережа және Софы - Шамшия болып қоныстойды бастап-ақ жібердік.

* * *


  • Мен Киікке барып келем, Шам!

  • Мен ше?

  • Сен үйімізде мені күтіп отырасың.

  • Жоқ. Жүрсек жолымыз, қонсақ төріміз, терсек гүліміз, ән салсақ үніміз бір болады бұдан былай.

  • Әу, Шахминам, сен менің ғаламатым һәм кереметімсің. Сен менің ең жақынымсың. Сөзі түйдек-түйдек түсетін ақынымсың. Кеттік онда. Арқама қон да, түсір мені жолға.

Ауылда екі күн болып, әке-шешенің, туыс-туғанның сағынышын басып, көрпе-жастық, алаша, кілемшені буып-түйіп алып, қайтадан поезда шайқала тербеліп «өз үйім – кең сарайдай біз үйімізге» таксилетіп оралдық.
Ертеңінде Шәкемнің рухсатымен демалысымның қалған жиырма екі күнін пайдаланып, қазақ-жоңғар айқас-шайқастарының даламыздың оңтүстік қиырында өткен жерлеріне барып, жағрапиясымен танысып, суретке түсіріп алдым. Көнекөз қариялармен кездесіп, талай күдікті тұстарды анықтап, атақты батырлардың күмбездері мен қорымдарынан бір уыстап топырақ алдым. Маған ол кезде қай колхоз, совхоз бастықтары көлік бере қойсын. Бензовозға мініп, мотоциклге жармасып, тай-құнанға бұт артып, есек арбамен шайқалып жүріп біраз жерді аралап шықтым. Жинаған материалым біршама болды. Бұны неге айтып отырмын ба? Менің «Елім-айымның» қалай, қайтіп жазылғанын оқырмандарым сіздермен бөлісуім ғана.
Әріден бастайын.
1960 жылы қазан айында Мәскеулік жастар Қазақстанның 40 жылдық мерекесін тойлау кешін бір асханада қарсы алдық.
«Жиынымызды өз гимнімізбен бастаймыз!» деді басқарушы жігіт. «Гимніміз» дегені – «Елім-ай» әні екен. Әнді 600 ұл-қыз қосылып, күңіренте шырқап қоя бергенде, 600 беттен сорғалаған ып-ыстық жасты тебіренген жүрегімнің «алақанымен» тосып алғандай күй кешкенмін. Ән – құдырет екен. Соны сезгенмін, жан-тәніммен түйсінгенмін. Осы ән туралы бір әңгіме, немесе новелла жазбақ болып бекінгенмін. Талпынысы мен серпілісі бар ғұмырлық мақсат – мұратым солай басталған. Содан сол өлеңге байланысты халқымыздың басынан кешкен тарихын зерттеуге кірістім де кеттім. Ленин атындағы кітапхананың мұрағаттар қорында, Ертедегі актілердің орталық мемлекеттік мұрағатында (центральный госархив древних актов. ЦГАДА) болып, қазақ-орыс, орыс-манғұл, қазақ-ойрат, қазақ-қытай, қазақ-қалмақ байланыстары жөнінде біраз мағлұмат жинадым. Осы мағлұматтарым бір әңгіме тұрмақ үш кітапқа да сыймай, «Елім-айдың» төртінші, бесінші томдарын қажет етіп, ауру мен жасы ендеген менен қаламымды қолыма тағы ұстауымды күтіп жатыр.
«Күтіп жатыр» деп бір күрсініп алып, бүгінгі жетім шал-шауқан қалпымнан сонау бір жастық дәуренімнің жайқалған гүлді жасыл жайлаулы тірлігіме қайта оралайын.
Дядя Мишаның қырық құрақ жамаулы патефоны алғашқы қоныстойдың ырымын жасағанымызда біздің бөлменің бір бұрышын иеленіп еді. Сол бұрышында қала беріпті. Енді осы ескі патефонды ойнатып қойып, Шәкең екеуміздің оңаша вальстетуіміз көбейді.

  • Ох, Шахминам – шарабым, ал ашытқым – тамағың! – деймін билеп жүріп алқына иіскеп.

  • Шарабыңды жұтып жіберіп, ашытқыңды асап қойып, Шахминаңды таба алмай қалып жүрме, - дейді сүйіктім сыңғырлаған күлкісімен.

  • Шам, ән салшы! Дауысыңды сондай сағындым. Кейде өзің қасымда жоқта, көңілімнің өкситіні бар. Басшы сол құрғыр өксік немені.

Шәкем бетіме шалқая қарады. Өзін жоғалтып алардай мұңая төнген түрімнен күрсінісімді анық байқады.

  • Қайдам, күрсінісіңді көбейтіп жібермесем,Софыяным менің!

Шахминам әсем дауыспен бір мұңлы, шерлі «Ақбаянды» аңырата жөнелді. Көзден жас, көкіректен өксік төгіліп жатқандай.

Енді есен бол Баянның қалған елі-ай!


Сен де есен бол Арқаның қоңыр желі-ай!
Ақбаян,
Ақ дидарың көпке аян...

Өзі салған әнге өзі де толқып кетсе керек қара көздерден екі ыстық маржан ыршып шықты. Алақаныммен тосып алдым. Менің де жанарымның жасаурағанын байқап қалған Шахминам кілт өзгеріп, әлгіндегі мұң басқан жүзін құлпырта күліп жіберді.



  • Оләй! Мұңаймасым-ау! Сыңарбасым-ау!

Сен сонау Сарысудың жағасындағы ақ бұлақты есіңе алшы. Сен сол ақ бұлақтың қасынан аққуымды таптым деп едің ғой. Мен сонда сол ақ бұлақтың жағасынан ақ пиджагі ақша бұлттай қалықтаған ақ сұңқарымды таптым деп шаттанғам.

  • Сол ақ бұлақты қайтадан бір жалдасақ...

Шәкемнің дауысы шаңқ етіп естілді.

  • Жо-жоқ, Софыяным! Жалдама! Былғама! Шіркін сол бұлақтың кәусарынан бір-бір жұтсақ. Жұтамыз ғой, ә?

  • Жұтамыз, Шам!

  • Рахмет. Менің жүрегім мәңгілік сенде. Менің жаным сен бар да ғана тірімін деп кеудемде дірілдейді, – дегенде Шәкемнің ерні дірілдеп, көзі боталап кетті. Боталаған көздердің жасын сүйіп құрғата бастадым.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет