Софы Сматаев шахминам – МӘҢгілік махаббатым менің Аса қымбатты Шамшия келінім!



бет15/35
Дата14.07.2022
өлшемі302,94 Kb.
#37662
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   35
Он бірінші тарау. Сарысудағы ән

Түйемойнақтың разъезіне поезд түнгі сағат бесте келіп, қыбыр еткен бір жаны, шәуілдеп үрген бір иті жоқ меңіреу тыныштықта қап-қараңғы түннің қалың ұйқысында жатқан шағын ауылға мені түсіріп кетті.


Тамыздың он бірі болғанымен түн ауасы суық. Жұқа костюммен тұрған маған түннің салқындығы қыраулы күздің ызғарындай сезілді. Далбасалап жан-жағыма қарап, әлдебір үйшіктен өлусіреген пілтелі шамның жарығын көрдім.
Үйшікке келдім, кірдім. Разъезд кезекшілері отыратын қуықтай ғана бөлме. Қалың пальто киіп, басына темір жолшылар қалпағын төңкере салған кезекші ұйқылы-ояу түрінен сәл серпілді де, бас-аяғыма сүзіле бір қарап алып, үстеліне еңкейген қалпы қорылға басты. Бөлмеде кезекшінің астындағы орындықтан басқа құйрық қоятын ештеңе көрмедім де, шабаданыма жамбасымды тіредім.
Бір суық жел тұлабойымды көктей өтіп, қояр емес. Сөйтсем үйшіктің қисайған есігінен әжептәуір саңлау тапқан жел (сквозняк) кезекшінің ту сыртындағы терезенің сынған бір көзінен зуылдап өтіп жатқан екен. Өкпек желдің өтінде отыра бермейін деп, сыртқа шықтым.
«Қазақпыз ғой, қамшылдап тонған баланы неге аямасқа. Тұра бермей, есік қағып көрейін».
Осы оймен үйшіктің желке тұсындағы еңселілеу үйдің есігін қақтым. Біреу шығып қалар деген үмітпен қақырынып қоямын.
Дыбыс жоқ. Аяқ тықыры да, адам көлеңкесі де сезілмеді. Қашанғы тұра берем, ақырын басып келіп, екінші үйдің қақпасын ұрып-ұрып жібердім. Екі аттап шегініп, терезелеріне үңілдім. Тұтанған сіріңкенің, жанған шамның жарығын көрем деген тілектің керемет тілек екенін басына түспегендер қайдан білсін.
Жоқ. Ештеңе тұтанбады. Туғалы еш адамнан көңілім қалып көрмегендіктен бе, мына Түйемойнақ атауы тозақ отына малынған мекендей менен алыстап бара жатты. «Ең болмаса тозағыңның отына жылытсаңшы!» деген ащы мысқылмен бұрылып кетіп, теміржол бойлап, шпал аттап ерсілі-қарсылы жүре бастадым.
Шығыс көкжиек алдымен ақтаңдақтана белбеу буынды. Сүт пісірімде әлгі белбеу жоғары өрлеп, қырмызы торғын түске ауысты. Сәлден соң жарты аспанда қызыл арай шапағын шашыратып, қып-қызыл жарты қарбыздың қиығындай болған күн кішкене төбешіктің қырқасына жарты шеңберленіп иек қыстырды.
Тісім-тісіме тимей сақылдаған денем кәдімгідей жылына бастады. Теміржолдың қарсы бетіндегі үйдің малқорасы ашылып, он шақты қойын бір топ қойға қосып келген қария маған күн сала қарады. Теміржолдан төмен түсіп, қартқа сәлем бердім.

  • Ақсақал, мына аулыңыздың адамдарының руы қандай еді? Бірақ қай ру болса да, қазақылықтан адасқан тәрізді.

Қария елең етіп, тұлабойымды сүзе қарады.

  • Сұрағың тегін болмады, балам. Темір жолдың бойы емес пе, әр рудан бар ғой. Арғын, найманы, біраз қыпшағы мен тамасы да кездеседі. Екі-үш үй татары да, анау шетте үш-төрт орыс, хахолымыз да тұрып жатыр, – деп сәл кідірді – Балам-ай, қазақылықтан адасып қалған дейтін кінәратыңның себебін айтшы.

Қаттырақ сөйлеп, әлдебір көкірек кірнесін қозғап жібергенімді ұқтым да бас изедім.

  • Ата, апырақтап артық айтып кетсем, айыпқа бұйырмаңыз. Таң қараңғысында поездан түсіп, анау үйшіктен пана таба алмай, денемді суық шалғаны. Содан қазақ аулы ғой, басымды сұғар қуыс табылар деп алдымен анау үйдің қақпасын қанша қақсам да, тырс етіп ешкім белгі беріп, қара көрсеткен жоқ.

Қария қасыма жақындап келіп:

  • Қай үй? Көрсетші, – деді.

Мен үйшіктің желкесіндегі еңселі үйге сұқ саусағымды шошайта қойдым.

  • Е,-е, ол үйдің есігі ашылмайтыны белгілі.

Дүйсенбек деген осы разиездің бастығы тұрады онда. «Жеңіс» совхозындағы Дүйсенбектің қайын атасы қайтыс болып әйелі екеуі жол жүріп кетіп еді. Үйінде он жеті жасар қызы қалған-ды. Жалғыз жатқан қызбала сескенген ғой.

  • Ақсақал, сіздің ныспыңыз қалай?

  • Ой, бәтшағар түптей бастадың-ау. Мен Қалыбек деген атаң болам. Анау разиездегі дежорнай менің балам. Сол шіркінді сағалап көшіп келгеніме үш-төрт жылдың мұғдары өтті. Бұрын Қарсақпай зауытында құюшы болып істегем, – деп бұшпағы сәл қырқылған елтірі бөркін төбесінен бір көтеріп қалып, қайтадан төңкере қойды. – сөзіңнің төркінін бақсам, балам, тағы бір-екі үйдің есігінен ене алмаған сыңайлысың.

  • Ақсақал, менің әкемнің аты да сізбен аттас Қалыбек еді. Жолым болар деп тұрмын. Менің есімім – Софы болады.

  • Софы деймісің?! Өте сирек, өте жақсы ат, Софы, Софыжан балам.

  • Софыжан дегеніңіз, мені бір адамның Софыян дейтініндей боп естілгені-ай, – деп көмейдегі дірілді сездірмей, теріс бұрыла бердім де, оң қолымды екінші үйге тіктедім. – Анау үйден де ешқандай тықыр-дыбыс естілмей, «Бұл ауылда қонақ сыйлап, көрпе жаятын адам қалмапты-ау!» деп өкпе-сызды өңешіме қайта тығып жібергем.

Қалекең жақындап келіп иығыма қолын қойды. Көзіне көзім түсіп кетіп еді, кірпіктері жыпылық қақты.

  • Ол үйдің де қақпасы неге ашылмайтынын айтайын. Ол шатырдың астында жаңа үйленген жастар тұрады. Күйеуі кеше Жезқазғанға кеткен. Келіншегі жалғыз болған соң, ашпаған себебі сол ғой деймін. – Қария күлімсірегендей боп тұрды да, қолын сермеп қалды. – Екі үйдің де үнсіз қалуын жалғыз қыз, жеке келіншектің оңашалығымен орағытып өтті деп қалма, шындығы осы.

Екеуміз станса үйшігіне кірдік. Шабаданымды көтеріп тысқа шығып кеттім. Қалекең баласына әлденені тапсырып жатты.

  • Айтпақшы, бұл жаққа ат басын тіреуіңнің оқыс жағдайы бар сияқты. Софы балам. Жүрісің суыт тәрізді-ау, –деді сыртқа шыққан ақсақал.

– «Сарысу» совхозына қарындасым мұғалім боп кеткен. Кітаптарын арқалап артынан жеткенім ғой.
Қалекең бетімді сенер-сенбес көз қиығымен шарпып өтті.

  • Көргем қарындасыңды. Үріп ауызға салғандай керім бала екен. Әй, алысқа жібермей өздеріңнен бір орын табылмағаны ма?

  • Отработка дегені бар ғой. Институт бітіргендерді осылай жан-жаққа бірер жыл қызметке бөлуге кім қарсы келмек.

  • Жүр, үйге кір. Шай ішіп бой жылт.

Ішке кірдік. Қалекең бәйбішесін нықтады.

  • Әу, бәйбіше, дастарқаныңды жасай бер. Мен қазір келем, – деп Қалекең асығыс шығып кетті.

Екі-үш кесе шай ішіп, ақ тоқашқа май жағып жеп, кәдімгідей бойым жылып отырғанда Қалекең бір жігіт ағасын ертіп кірді.

  • Сәруаржан, төрге шық. Оу, тізе бүксеңші енді Таңғы астан аттама, – деп жігітті еріксіз отырғызып, өзі бәйбішесінің қасына жайғасты.

  • Әу, Софыжан, жолың болады демеп пе едім. Мынау Сәруар дейтін ағаң сәпқозда мұғалім. Осында бір шаруамен келіп, асығыс қайтайын деп отыр. Өзінің «Мәсквиші» бар. Сені ала кет деп шақырып келгенім осы.

Қария мен бәйбішесіне рахмет айтып «Москвичтің» алдыңғы креслосына жайғастым.
Қасқа жолға түскен соң Сәруар маған мойнын бұрды.

  • Мүсірбекова кіміңіз болады?

  • Қарындасым.

  • Туған қарындасыңыз ба, әлде тумаласыңыз ба?

  • Оны қайтейін деп едіңіз? Құда түспексіз бе?

  • Жай, әшейін. Сөз реті келген соң, – деп айдаушым абыржыңқырап қалды. Сонысынан тез айығып, ақсұр жеңіл костюміме, қызыл көйлектің мойнын қылқындыра тағылған Оңтүстік Америкалық қос салпыншақты жіп-жіңішке екі ұшына зер жүгірткен галстугіме көз жүгіртіп өтіп:

  • Қайда оқып жүрсіз? Студентсіз ғой, – деді.

  • Иә, студентпін. Москваның болат институтында.

Одан әрі екеуміздің әңгімеміз онша қиюласа қоймады, енді сұрақты мен жаудырдым.

  • Қарындасымның қайда тұратынын білесіз бе? Жатақхана бар ма?

  • Қайдағы жатақхана. Отгондағы малшылардың балалары жататын шағын интернат қана бар. Қарындасыңыз завучтың үйінде. Мектептің іргесінде.

  • Қарындасымның фамилиясын қайдан білесіз?

  • Мен профсоюздың жергілікті комитетін басқарам. Қарындасыңыз жұмысқа төрт күн кешігіп келген соң жиналысқа салмақшы болғанбыз. Содан әп-әдемі қарындасты аяп, кешірім жасағанбыз.

«Әп-әдемі» дейді. Осы неменің ойында да бір кесек ет бар» дегендей ме қалай?
Өз-өзімнен томсырайып, айдау жолға тесіліп, шала бүлініп келе жатқанымды сезген жігіт иығымен иығымды қағып қалды.

  • Қарындас деп сызылта берме. Қалыңдығың екенін бір көргенде-ақ білгем. Екеуің бір-біріңе сондай лайықсыңдар!

Тар дүнием кеңіп сала берді. Завучтың есігінің алдына түсірген Сәруармен қимай қоштастым.
Шабаданды көтеріп үйге беттедім. «Қазір Шахминамды көрем!» деген ыстық сезім тулабойымды шымырлата тулады.
Есікті жайлап ашып сенекке өтіп, туфлиімді шештім. Жүрегім тарс-тұрс... Ішкі есікке қол соза бергенімде, есік ашылып, бір әйелдің шыға келгені. Бас изеп, амандасқан ниет таныттым.

  • Мен... мен Шамшияның ағасы едім. Кітаптарын әкеліп...

Әйел құрақ ұшты.

  • Ә-ә, кіріңіз. Төрлетіңіз.

Ілгері оздым. Кең бөлме екен. Қараңдаған ешкімнің сұлбасы көрінбеді.
Менің кімді іздеп тұрғанымды сұңғыла келіншек біле қойды.

  • Шәмшия мектепте. Күзгі сынға қалған балалармен сабақ өткізіп жатыр.

Диванға сылқ түстім.
Дайын тұрған шайы болды ма, әйел дастарқанын жайып, қолыма кесе ұстата қойды.
Мен мектепке барғанша шыдамсызданып отырмын. Әйтеуір «болдым, қандым» деп ризалық танытып, күбірлеп бата қайырдым.

  • Қайда асықтыңыз? – деді өзін Дариға деп таныстырған әйел.

  • Мектепке кіріп шығайын.

  • Бір сағаттан кейін Шамшия да, біздің үйдегі кісі де келеді. Диванға қисайып дем ала тұрыңыз.

Қайдағы қисаю. Бар жан-тәнімен Шәкемді көруге асыққаным сондай, Дариғаның сөздері тұсау емес, кісен болып аяғыма түссе де, тоқтамас күйге жеткен едім.
Пиджағымды иығыма іле сала, сыртқа ұмтылдым.
Мектеп пен завучтың үйін ағаш шарбақ бөліп тұр екен. Шарбақтың мектеп жағындағы ашық калиткадан асығыс өтіп, мектеп есігінің алдында сәл кідердім. Жүрегім барабан соғып жаңғырығып кетті.
Ішке ендім. Ұзын дәліздің қатар-қатар есіктерінің терезелерін сүзіп келемін.
Бір кезде... Құдай-ау, менің соншама күннен бері іздеген, сағынған, аңсаған Шахминамның түрегеп тұрған бейнесі жарқ ете қалғанда, барабанды тарсылдата ұрып жатқан жүрегімнің қалай жарылып кетпегеніне таңым бар...
Есікті саңылаулата бас сұқтым. Шәкем жалт қарады. Жалт қараған Шахминамның жанарында от тұтанды ма, шарт етіп найзағай ойнады ма, бір ұшқын шоқ атылып шықты да, іле жалт етіп өшіп жоқ болды. Нарт қызарған жүз құп-қу боп бозарып тұрып, орындыққа сылқ етіп отырған Шәкем бетін үстелге басқанда көрінбей жоғалып кетті. Екі иығы селкілдеп өксіп-өксіп жылаған Шахминамды ұмтылып барып алғаш рет құшағыма қыстым.
Қуанған мен қорыққан бірдей ғой. Шахминамның қуаныш жасы жуған бетін кеудеме басып, ысыған дененің жылуын емірене сезіп, қос жүректің қосыла шыққан дүрсілі – құшағыңдағы құлын дененің «мәңгілік сендікпін» деп табысуы екенін ұқтым. Ұқтым.
Кластағы үш-төрт бала екеуміздің жай-жағдайымызды түсінді ме, әлде осындай кейіпте сабақтың үзілуін пайдаланғысы келдіме, шығып кетті.
Шахминам құшағын босатпаған қалпы сәл шалқая, жас кілкіген бетінің қуаныштан арайланған реңімен бетіме ұзақ қарады.

  • Ке-ел-ді-ің бе?

  • Келдім ғой. Жеттім ғой өзіңе, Шәкем!

  • Ра-ах-мет! Сені тағы бір жыл күтем деп... – иегі кемсеңдеп, бір күрсініп алды. Көзінде әлгіндегі жоғалып кеткен ұшқын жалындап тірілді. – Келдің-ау, көрдім-ау, Софыяным! Қуанғанымды білсең... Кеудемді кернеген рахат күйді айта алмаймын... Жеткізе алмаймын.

Бетін кеудеме төсеп, ып-ыстық құшағымен қысып-қысып қалды да, орнынан тұрды.
Екеуміз ағалы, қарындасты қалпымызды сақтап, завучтың үйіне оралдық.
Кешке маған төсекті кең бөлмедегі диванға салды. Шәкем әлгі кең бөлменің іргесіндегі шағын кабинетте жатады екен. Екеуміз бір қабырға бөліп тұрған екі бөзлмеде жатып, түннің бір уағына дейін ұйықтамап едік.
Ертеңінде Шахмина екеуіміз қол ұстасып ауыл сыртына шығып серуен жасадық. Сөзіміз аз, сүйсінуіміз көп. Сарысу өзенінің жағасында суға қармақ салып балық аулап отырғандардың екеуміздің алақанды алақанмен қысып алып, бір-бірімізге емірене қарап баяу ілбігенімізге әрі таңырқай, әрі жатырқай, әрі күлімсірей қарағанын да елемейміз. Шуақты күннің су бетінде жарыса ойнаған сәулесі де көңіл күйіміздің шаттанған ырқымен билейтіндей.
Кенет Шәкем сондай ашық, сондай әсем, сондай тұп-тұнық, тап-таза дауыспен «Гүлдерайымды» шарықтата, шалқыта шырқай жөнелді. Құдай-ау, қандай үн, қандай нәзік иірім, қандай жүрек лүпілінің жүрегіңе ғана құятын жып-жылы лебі!
Мынау тұңғиық аспан, мидай далаға соншама сырлы, соншама ерекше естілетін ән Шахминамның көмейінен сорғалағанда, сан бұралып, сан толғанып беймарал ауаны жара тіліп өтіп, кеудеме құйылып кеп кетті.
Тал бойын ерекше бір құштарлық билеген жан, ойын ақылдың тәк-тәгімен тұсап қояр пендеден, мүлде өзгеше болады екен-ау. Құштарлықпен ынтыққан жүректің өзінің қалай тұтанып, қайтіп сөнерін елемейтін жанкештілігі дуылдап, лапылдап жанып кететінін қапысыз сезіп, анау әсем сазды үзілдіре созып жатқан үлбірек еріннен көз айырар емеспін. Ал лүпілдеген жүректі шошыту да, тасыту да оңай, басу қиын. Жүрек сезіммен шалқып, сайрап кеткенде, тіл тұсалып, дүниенің түгел сөзі тыйылып қалады. Жүректен шыққан әр лебіздің күн шуағындай мөлдірлігі, тазалығы сондай, өз жүрегің де қосыла шырқап қоя береді-ау. Бүкіл қуаныш, қызығымның ынтығудан, құмарланудан нәр алып, шөлін басып, мейірін қандыратынын бұрын қалай байқамағам.
Әсемдікке, сүйіспеншілікке, тазалыққа талпынуды ғана жырлайтын сенің жүрегіңнің сазын, Шәкем-Шахминам-ау, ести беруге, елти беруге не жетсін.
Әнге толы, Шәкемнің сұлу даусымен сорғалаған «Гүлдерайымға» толы ауаны құмарлана жұттым.

* * *
Бес-алты жолаушысы бар вагонда терезеден сағыныштай сарғайған далаға сарыла қарап отырмын. Жүрегімді артта қалдырып, тәнімді поезбен бірге алға сүйреп келемін. Сұр даланың сұрғылт бедері менің көңіл-күйіммен сондай жараса қалғандай көмескілене бұлдырайды. Қыбырлар жаны, тықырлар тұяқтысы жоқ меңіреу түздің жабайы тірліктен де ажырап қалған көрінісі, қымызы таусылған местей босап қалған менің кеудемнің көшірмесіндей.


Бүгін сәскеде Түймемойнаққа баратын жүк машинасына отырар сәттегі Шәкеммен қоштасуым көз алдыма келе қалды. Үн-түнсіз қол алыстық. Алақанды алақанда жатқызып, бір-біріміздің бетімізге шыққа оранған жанарлармен қимай қарап, тұрмыз. Әлден-ақ мөлдіреп тұна қалған тамшының аңсауын, сағынышын, қимастығын көріп, ернім дірілдеп кетті. Еңкейіп маңдайына дірілдеген еріндерді тигіздім.
Шофер жігіт, қазақшасы кей қазақты адастырып кететін орыс азаматы, қақырынып қалды.

  • Қайран да жайрандарым-ай! Сайрандарың таусылмасын деуге, ажырасып барасыңдар. Өмір өткелегі осы. Амал не, сәл-сәл ширатыңдар. Пойыздан кешігіп қалармыз.

Саусақтар түртінектеген жетім қозыдай сипаласып барып босап кетті. Екеуіміз екі айрылып, мен кабинаның есігін аша беріп артыма бұрылып едім, босағаға иығын сүйеп, бүрісіп бір уыс болып тұрған Шахминамның сол бейнесін қарашықтарыма ұмытылмастай іліп түсірдім...
Доңғалақтарының тарсыл-гүрсілімен ұзақ та бітпес әнін бастаған поезд теріскейге салып ұрып тартып келе жатыр. Менің қаламым ақ қағазға шұбыртып кеудемнің күрсінісінен ақтарылған Шәкеме деген сағынышымның іздерін түсіре бастады.
Сен менің арманы едің өмірімнің,
Міне енді қайта құшты көңілім мұң.
Өксігім өзегімнен төгілетін
Жетер ме құлағына Тәңірімнің.

Болып ек қос аққудай айдындағы,


Жаныма ендің жанды жайдың-дағы.
Қайтейін бүгін міне өзіңді ойлап,
Келемін құр жүтумен қайғымды әлі.

Тұрсаң да оттай лаулап құшағымда,


Жүректі аласұрған тұсадым да,
Құшақтап сені, сәулем, жата алмадым,
Өзімді өзім қинап қышадым да.

Сен менің өксік толы шаттығымсың.


Кіршіксіз періштедей пәктігімсің.
Қан құйсақ алақаннан алақанға,
Алыстап кеткен сайын тәтті мұңсың.

«Қайтейін, қайтейінім!» өртеп ішті,


Жаз кетіп, құшқандаймын ерте қысты.
Кешегі әнің бүгін оралмастан
Аңсаудың көз алдымда ертеңі ұшты.

Жалғызбын. Жүректе тек сағынышым,


Сыртым – мұз. Алай-түлей жалын ішім.
Шәкем-ау, сен жүрген жер ыстық маған
Желпіген орамалдай сағымы үшін.

Серт беріп көз бен көзден, кие алмасқан,


Көңілін екеумізге иеді аспан.
Жүрем ғой ақ некеміз қиылғанша,
Ерніңнен албыраған сүйе алмастан.

Барамын мен алыстап Сарысудан,


Шырқатып жағасында ән ұшырған.
Әнімді мен де айтармын өзіңе арнап,
Құдайым айырмаса табысудан.

Ұшады көгімізге мөлдір әуен.


Көремін көздеріңді мөлдіреген.
Құттықтап тойымызда қол соғады,
Көк аспан, қара далам, зеңгір әлем.
(Осы өлең Шәкемнің сумкасынан табылды. Соншама жылдар сақтап жүрген екен).
Ойыммен болашақ тойымызды аралап кеттім бе, төсімді басқан күйігім босап, кеудем кеңейіп, денемнің құрыс-тырысы жазылып, бойым тазарып шыға келді.
Батып бара жатқан күннің қызыл арайы қоюланып, келешек күндерімнің қызығы молаяды дейтіндей жалаңаш төбенің иығына қонақтауға жақындап қалыпты.
Доңғалақтар тарсыл-гүрсілі енді жағымды әуенге ауысып, әлдилей тербеп, кірпігімді қалап бара жатты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет