Софы Сматаев шахминам – МӘҢгілік махаббатым менің Аса қымбатты Шамшия келінім!


Екінші тарау. Шахмет аға және мен



бет18/35
Дата14.07.2022
өлшемі302,94 Kb.
#37662
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   35
Байланысты:
Шахминам

Екінші тарау. Шахмет аға және мен

Көтерем тап бүгінгі,


Ыстық түн, тәтті күнді.
Көтерем бар қайғыңды
Арқалап шаттығыңды.

Сырлассам – жанымдасың,


Мұңдассам – қанымдасың.
Білемін жан, жүрегің
Басқаға табынбасын. –
деп Шәкемді алақаныма салып ұстайын десем, қайта ол мені алақанына салып аялаудан бір жалыққан емес. Сексеуіл отын базасынан бір күн бойы машинаның кезегінде тұрып, кеш қарая кезегім әрең жетіп, екі тонна көмірді шарбақтың сыртына түсірткем. Іші біліне бастаған жұбайыма: «Ертең жұмыстан ертерек сұранып шығып, өзім тасып кіргізем» деп кеткем. Ертеңінде жұмыстан бір сағат ерте шығып жетсем, көмірімнің орны тып-типыл. Сыпырылып, тазаланып қалыпты.
Келе Шәкеме қабақ түйе, шүйіле түссем, ол шіркінің сылқ-сылқ күледі. «Бәйбішемнің» күлкісі тыржиған қабағымның терісін әрине жазып жібереді ғой.
Әңгімесінің тұздығы мынадай. Көмір салатын екі шелегіне күрегін мықшыңдай көтеріп жатқанын көшенің қарсы бетіндегі он бір, онүштердегі көршінің ұлдары көріп, келіп көмектесе бастапты. Сонсоң әлгі балалардың достары да дүмеп келіп, дуылдап, шуылдап іске кірісіп кеткен ғой. Екі-үшеуі үйлерінен жүгіріп барып шелек әкелген көрінеді. Ал Шәкем ше, балаларға көмір тасуды кәдімгідей сеніп тапсырып, өзі оларға шелпек, бауырсақ пісіріп, шай қайнатып, дастарқанын жайнатып қойыпты.
Шахминам-ай, шахбозым-ай! Үлкеннің де, кішінің де көңлін тапқыш сенің кішіпейілділігің, кейбіреудің кісімсіп кердеңдегенін жеті қырдың астына желкелеп қуып жіберетініне талай куә болдым ғой.
Ауылдан келген шешем қараша айының басында көз институына сол көзіне операция жасатуға жатты. Менің жұмыстан шаршап келіп, кешкі асымды ішер-ішпестен жастыққа бас қойып, қор ете қалып, таңғы бесте оянатын әдетімнен жаңылдырмауға Шәкем барын салатын. Өйткені сағат бестен сегізге шейін терезенің алдында (подоконникте) отырып, қағаз шимайлайтынымды қапысыз қадағалайтын. Өзім «шимайлаймын» десем де, менің керемет шығарма жазып жүргеніме Шахминамның кәміл сенетінін сезетінмін.
Апама да мені жексенбіде ғана өзімен бірге ертіп апарып, басқа күндері енесіне күн құрғатпай ыстық тамағын жеткізумен болатын.
Ауруханадан шығарарда Шевцова дейтін тамаша дәрігер Шәкем екеумізге: «Аналарыңды ауылға жібермей төрт-бес ай қолдарыңды ұстаңдар. Бұл кісіге еңкейіп-шалқаюға болмайды. Еш шаруаға араласпасын» деген.
Соны Шахминамның сақтағаны сондай, шешемді баласындай күтті. Күн сайын өзінің аяғының ауырлай бастағанына қарамай, шешемді жуындырып, шомылдырып, шашын тарап, өріп жүретін.
1967 жылдың 25-ақпанында түстен кейін Шәкемнің мазасыздана бастағанын жұмыстан келген маған шешем айта бастап еді.

  • Апа-ау, менікі жай ыңқыл-сыңқыл ғой, Софыны босқа үркітпейік, - деп күлімсірей дастарқанын жайып, кеселерді жағалата бастады.

Түнгі он бірге таман ет жеп, сорпа ішіп әдеттегідей жамбасымызды төсекке төсеуге дайындалғанымыз сол еді, жұбайымның толғағы қысты да кетті.
Жанұшырып көшенің басындағы телефон-автоматтан жедел жәрдем көлігін шақырып, Шәкемді роддомға ала жөнелдік.
Түнгі үште Шахминамның аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алғанын, өзімнің ұлды болғанымды естіп, Алатауды алып түсердей асқақтағаным есімде.
Тұңғышымыздың атын Сыдық Мұхамеджанов ағай Алмас деп қойды. Ал әкем кейін маған қатты ренжіді. «Сыдық қойды дейсің. Ол менің інім ғана Тұңғышыңның атын мен, атасы қою керек еді».
Тереземнің алдында – подоконникте жазылған пьесама «Елім-ай» деп ат қойып, машинисткаға үш дана етіп бастырып, Жазушылар одағында өтетін жас драматургтердің семинар – кеңесіне қатысу үшін бір данасын одақтың комиссиясына жөнелткем-ді. Бір күні драматургия кеңесінен шақырту алдым.
Семинар екі күнге созылды. Талайлар мақталды. Талайлар сын естіп, иіндері салбырап, еденнен тесік іздеді. Ұмыт қалған – жалғыз мен ғана. Барда да жоқпын. Жоқта да жоқпын.
Үзілісті тоспай шығып кеттім. Фойеде бір адам оңаша отыр екен. Бас изеп сәлемдескен белгі таныттым. Арада екі-үш орын қалдырып, қиралаң етіп отыра кеттім. Көз қиығым әлгі адамда. Неге екенін білмеймін, әйтеуір маған жүзі таныс. Кең маңдай шалқайып барып, төбемен жалғасып, сұйықтау шашы бұрқырап желкеге төгіліп тұр. Мұрын үлкен, әдемі – еркекке тән қыр мұрын. Көзі сәл жұмылған.
Бір тал шылымды ерніме қыстырып, сіріңке тұтаттым. Күкірті қалың жағылған ба, тырс етіп көкшіл жалын анандай жерге ұшып түсті. Әлгі адам жалт етіп қарады.

  • Кел! Бері жақында. Оттығыңды әкел.

Көз ашылғанда таныс бейнені есіме түсірдім. Сократ! Тірі Сократ!
Темекі түтіні араласқан соң әңгімеміз жарасты.

  • Сен қазір маған бір мықты жігітті тауып келші.

  • Табайын. Бірақ мен жазушылардың көбісін танымаймын. Сөйтсе де... Іздегеніңіз кім еді? – деп орнымнан тұрдым.

  • Сматаев...

Аузым ашылып кетсе керек, бетіме ұзақ қарады.

  • Ол мен едім... Ме-ен Сматаевпын...

Қалтасынан шиыршықталып бүктелген қағазды шығарып, қолыма ұстатты. Араб әрпімен жазылған екен. Ежіктеп оқып, «пікір білдіруші «Шахмет Хұсайынов» дегенді құрастырдым.

  • Шаха! Кешіріңіз, мен сізді танымай...

  • Жүр, кеттік, – деді Шахам.

Үйі Одаққа таяу екен. Төртінші қабатқа көтерілдік. Кабинетке кірісімен бір қолжазбаны алдыма жайып салды.

  • Танисың ба?

Неге танымайын. Өзімнің пьесам. Әр беттегі кей абзацтарды қотандап, қоралап үзіп-үзіп алып, сұр жебедей сумаңдаған стрелкалармен байлап, матастырып тастапты.

  • Сен біраз тер төк. Мынауыңнан әдемі пьеса шығады. Маған тілің ұнады. Мен саған Шекспирді берейін. «Юлий Цезарын» оқып шық. Ерінбесең, мына белгі қойылған тұсты аудар. Ал пьесаң шынында жақсы. Тек композиция құруда тәжірибесіздігің білініп тұр.

Шахаңның пікір-кеңесін екі сағаттай тыңдап, үйге жеткенше асықтым. Шахминам менің көңілденіп кіргенімді көріп, қуана елеңдей қалды. Мен үлкен драматургпен қалай кездескенімді, ақыл-кеңесіне қаныққанымды айтып мәз болып тұрмын. Шәкем менен де әрмен асып-тасып, құшырлана сөйлеп кетті.

  • Айтпап па ем, сен мықты жазушы боласың деп, айтқаным келді міне. Шахаңның өзі қолдау білдірсе, онда пьесаң қойылады. Жә, жә, көтерме танауды. Керме кеудеңді. Сені мен ғана оңашада мақтай аламын. Басқалар иығыңды баса береді әлі. Бірақ сен мойыма да жасқанба. Жаза бер. Тек орынсыз масайрама, – деп құшақтап әдеттегісіндей басын кеудеме төседі.

Үш-төрт күнде кітабын әкеліп, жасаған аудармамды көрсеттім. Шахаң мақұлдады.

  • Әу, Бикен! Бері келіп кетші.

Ішке түрі таныс-бейтаныс әйел кірді.

  • Әнеукүнгі мақтаған балам осы жігіт, – деді де маған бұрылды. – Ал мынау жеңгең – Бикен Римова дейтін мықтымыз.

Орнымнан атып тұрып, басымды иіп жатырмын.

  • Рахмет, балам. Бақытты бол! – деп Бикен апай шығып кетті.

Арада ай өтті. Шахаңа жүрексіне телефон шалдым.

  • Ау, бар екенсің ғой. Сені іздеп таппай қалдым ғой. Пьесаң не болды?

  • Бітірдім.

  • Енді неге келмей жатырсың?

  • Уақытыңызды бөлем бе деп...

  • Сөзді қой, дереу алып кел.

Демалыс күні ағаның үйіне жасқана басып бардым. Шахаң бір жарым сағатта жазғанымды оқып шықты. Құттықтап қолымды қысты.

  • Енді біз мұны ұялмай оқытамыз.

Оқытамыз деген талай драматургтың атын атады. Кейбіреуіне дереу телефон соқты. Тілектестік таппай, тауы шағылғандай ренжіп кеп тахтаға қисайды.

  • Қайран Мұхтар аға! Неткен ұлы, неткен кішіпейіл ең! Кішіпейілділік өзіңмен біткен екен, – деді төбеге қарап жатып кейісін жасырмай.

Маусымның басында тағы бір кездескенімде:

  • Сен Райымбек Сейтметов деген жас режиссерді білесің бе? Білмеймін де... Сен соған соқ. Жастар театрында. Мен оған пьесаңды біраз мақтағам. Ол өзі Мәскеуден режиссерлықты таяуда оқып келген. Бір пьеса қойып, көрінсем деп жүр.

Театрға бардым. Пьесамды бердім. Бір жұмадан соң кездестім. Райымбек қолымды қатты қысып жібермей ұстап тұрып:

  • Біз міне табыстық, Софы мырза. Осы қол алысқан достығымыз ажырамасын. Бір жарым айлық гастрольге шығамыз. Сонда жүріп рольдерде бөлем. Дайындала, жаттай береді.

Көңілім – көл, кеудем – дала боп мен кеттім. Менен естіген қуанышты хабарға Шахминам менен де әрмен әсерленді. Көзі жайнап, аппақ жүзі елжірей құлпырып сала берді. Басымды иіп әкеліп маңдайымнан баласын еркелеткен анасындай боп сүйді.

  • Ұзағынан сүйіндірсін! Көтерген танауды менен басқаға көрсетпе. Мақтаннан сақтанды ұмытпайық.

Сол 1968 жылдың шілдесінде демалысымды алып, Киік қайдасың деп бала-шағаммен тартып кеткем.
Апам мен әкем біз келерден бір ай бұрын төргі кең бөлмені әктеп, жуып тазартып қояды. Әкем үш биені байлатып, сабасын тобылғымен ыстатып, соятын қойын дайындап, абыр-сабыры мол көңілді қарбаласпен күтіп алатын бізді. Есік, терезесін жауып, сәске түске дейін ұйықтайтын бізді шешем мен Дуна жеңгем самауырынан от үзбей ызылдата қайнатып отырушы еді-ау.
Жиырма күнді солай өткіздік. Тамыздың тоғызы күні айы, күні жетіп отырған Шәкемнің толғағы басталсын. Әкем:

  • Бүгін кешке пойызбен дереу қайтыңдар, балам. Алматының дәрігерінсіз болмайды, – деді.

Кешкі поездың жалпы вагонына билетті зорға алдық. Буыншақ-түйіншіктерімізді тиеп берген Мейрам ағамызбен қош айтысып, жүріп кеттік. Толғағы қысқан Шәкемді жолсерік әйел өзінің кіреберістегі екі полкалық бөлімшесінің астыңғы орнын босатып беріп, жатқызып қойды.
Бір жастан бес ай асқан Алмасты құшақтап еденде мен отырмын.
Поезд Мойынтыға тоқтады. Жедел жәрдем көлігі дәл біздің вагонның алдында тосып тұр екен. Дәрігер мен медбике кіріп келді. Шәкем басын шайқап, келісім бермей әлгілерді қайтарып жіберді.
Поезымыз Сарышығанда, Шуда, Отарда тоқтаған сайын дәл вагонымыздың алдында күтіп тұрған жедел жәрдем машинасындағыларға Шахминамның «Алматыға жетем!» дейтін екі сөзімен шығарып салып отырдық. Қазір ойлаймын, сол кеңес өкіметі кезіндегі денсаулық сақтау бөліміндегі тәртіптің қатаңдығы қандай мықты болған деп. Бүгінде өліп жатсаң да, керек қылмайтын медицина қызметкерлерінің немқұрайлығына етіміз әбден өліп кеткен.
Хош. Екінші Алматы вокзалында күтіп тұрған жедел жәрдем көлігі Шахминамды салып алды да кетті. Бес-алты жүк пен «сүт, сүт!» деп қыңқылдаған Алмасымды құшақтап перронда мен қалдым. Вокзалдың медбикесі қайнаған су әкеліп Алмасыма ішкізіп әлек. Телефон – автоматтан Сыдық ағамның үйіне жағдайымды айтып телефон шалдым.
Жарты сағат өтер-өтпесте таксилетіп жеткен ағаның үлкен қызы Ләйла бізді таксиге мінгізіп жіберді.
Екі ай бұрын Тастақтағы Строительная көшесінен екі бөлмелі бір үйді бір жылға арендаға алғам. Келсем, бүкіл дүние-мүлкім есік алдындағы аулада шашылып жатыр. Дауласып жатуға уақыт қайда, шашылып жатқан дүниелердің үстіне тағы бес-алты түйіншекті үйіп тастап, таксиіммен Алмас туған роддомға бетімізді тураладық.
Кіріп кезекшіден жедел жәрдеммен алып кеткен жұбайым осында қабылданды ма деп сұрадым.
Кезекші фамилиясын сұрап, тізімін ақтарып шығып, Шәкемнің мұнда түспегенін айтты. Қолымдағы Алмасқа бір қарап қойып, жан-жаққа телефон соға бастады. Бір кезде «Тағы да ұлыңызбен құттықтаймын. Бәрі жақсы болыпты. Жарыңыз жоғары жақтағы роддомда екен. Енді өзіңізді де, балаңызды да шаршатпай, үйіңізге қайтыңыз» деді.
Қайдағы үй... Жетінші шағын ауданда тұратын Саян дейтін досымның үйіне Алмасымды құшақтап жеттім-ау. Саянның шешесі жақсы адам еді марқұм. Жай-жағдайымызды естіген бойда Алмасқа сүт ішкізіп, тамағымызды беріп, жік-жапар болды да қалды.
Ертеңінде Алмасты әжейдің қасында қалдырып, Саян екеуміз Тастақтан үй іздеуге шықтық. Шаршап шалдығып жүріп таптық та. Енді жүк машина жалдап Строительнаядағы үйге келсек, шашылған дүние-мүлкіміз бір түйіншегі де жоғалмай жатыр екен. Тиеп алдық та, жалдаған пәтерімізге әкеп үйіп тастадық.
«Ұл немереңізбен құттықтаймын» деп әкеме жеделхат салдым. Әкем ізін суытпай: «Манас немереммен сендерді де құттықтаймын» деген телеграммасын жолдап еді. Өткендегі ренжігенін енді мына немересіне тездетіп Манас деп ат қоюымен жуып-шайып кеткен-ді.
Қыркүйек түсе жастар театрының маусымы басталып, Райымбек «Елім-айдың» дайындығына кірісіп кеп берді. Жұмыстан қолым қалт еткенде театрдың табалдырығынан асыға аттайтын болып алдым.
Қазан айын да орталадық. Репетиция өтіп жатқанда кей-кейде егде жастағы қаламгер ағаларды көріп қалам да, әлгілердің шығармама көңіл бөліп, ықылас қойғандарына өзімше мәзбін. Ал Райымбек неге екенін білмеймін, бейсауат келушілерді жақтырмайтын. Қазанның соңғы күні Мәдениет министрлігінің қызметкерлері, тағы жауапты орындардың өнер адамдары қатысып прогон өткіздік.
Көрермендер мен комиссия мүшелері қызу құттықтап мені де, Райымбекті де, актерларды да біраз желпінтіп тастады.
Спектакль – қойылымның тұсаукесер – премьерасы 5 және 6 қарашада болады деген афишаның біреуін үйіме алып келіп, кереуетімнің тұсына іліп қойдым.
Қарашаның үші күні төбемізден жай түсті. Мәскеудің Орталық партия комитетіне: «Сматаев дейтін әдебиетке ешқандай қатысы жоқ металлургтың орыс-қазақ достығына сына қағатын ұлтшыл пиғылды пьесасын жастар театры қоймақшы. Соцалистік идеологияға жат, керітартпа ұғымдағы спектакльді сахнаға жолатпаудың жолын қарастыруларыңызды өтінеміз» деген үш жазушының хатын «Шара қолданыңдар!» деп Мәскеу біздің орталық партия комитетіне жолдаған ғой. Мәскеудің ыңғайынан аса алмайтын Имашев Саттар хатшының зіркілімен «Елім-айым» сахнамен қоштасты. Мен күрсінісіммен табыстым. Алматыдағы курстас құрбыларына тұсаукесерге шақырып, мәз-майрам болып жүрген Шахминам маған көрсетпей оңашада өзегінен өксік төккенін әрине қапысыз сеземін.
Кереуеттің тұсындағы «Елім-айдың» афишасын орап алып, кеудесіне қысып отырып Шәкем маған:

  • Сен жасыма да жабырқама. Аяғыңнан шалудың бастамасы ғана бұл. Айтып ем ғой, мықты қаламгер боласың деп. Соның нақты айғағы осы. Нашар жазғыштың соңынан сойыл көтере жүгірмейді. Ал сен ерегіскенде екпіндей бер, қарыштап алға ұмтыл. «Елім-ай» туралы әңгіме жазам деп ең ғой. Сен енді оны повесть не роман етіп жаз. Сол кезде не дейтіндерін көреміз, – деп афишаны оң бүйіріне қысқан күйі басын кеудеме төсеп, арқамнан қағып-қағып қалды.

Қашып едім пендеден түршігіп мен,


Бүршігімді езгілеп сындырғанда.
Безіп кете жаздап ем тіршіліктен
Аяз ұрып гүлімді солдырғанда.

Тарттым, арттым пәнидің күллі азабын,


Алмастырып күнімді түнімменен.
Серт боп жетті ес беріп мұң-ғажабым,
Атой салған бабалар үніменен.

Тұрдым, кеттім қарыштап, күйбеңдемей,


Жерден көкке бой создым аласұрып.
Жыр мен сырды төгуді үйрен, көмей,
Жүргендерге менсінбей баласынып.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет