Софы Сматаев шахминам – МӘҢгілік махаббатым менің Аса қымбатты Шамшия келінім!


Төртінші тарау. «Жұмбақ қыз», Қоныстой



бет20/35
Дата14.07.2022
өлшемі302,94 Kb.
#37662
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   35
Төртінші тарау. «Жұмбақ қыз», Қоныстой

Ертеңінде маған бөлінген төрт бөлмеге Ахат пен Оразбек сығылысып кірді де, мен Ахатқа берілген екінші қабаттағы үш бөлмелі қырқыншы пәтерді иемдендім.


1966 жылым түгелдей Сыдық ағаның «Жұмбақ қыз» операсының либреттосын жазуға кеткенін бүгін айтып отырмын. Либретто жазу деген – қоймалжың батпаққа түсіп кетіп, әлгіден қанша тырбансаң да малшынып шыға алмауың. Таратып айтайын.
Ағай операның бас қаһарманы Адақтың бір ариясын он бір рет қайта жазды. Маған он бір рет арияларға текст-мәтін жазуға тура келді. «Әй, бүгінгі жазғаным нағыз классика болды-ау. Өзім де мықтымын!» – деп аздап бөсіңкіресең де, ішіңнен әлгі мәтінді қатты ұнатып, ағаның қолына ұстата қоясың. Екі күннен кейін арияның жаңа нұсқасы дүниеге келеді де, сенің «шедевр» деген тексің кәкір-шүкір салатын урна-жәшіктен бір-ақ шығады. Енді берілген «рыба» – жобаға дәл кеп түсетін арияның сөздерін іздеп, миыңды шұқылап, ойыңды он саққа жүгіртіп отырғаның. Азап тірліктің ғажап мүмкіншіліктерін түртінектеп жүріп Нәзіктің ариясының он үш вариантын жасап тастағанымды білем. Ақыры мені де шаршатып, өзін де қалжыратқан Сыдық ағаның операсы дайын болып, Орталық Комитеттен, Мәдениет министрлігінен жиналып, бас құраған комиссияның алдында прогоны өтті-ау. Енді қабылдау керек пе, керек емес пе дейтін мәжілістің алғашқы отырысы басталсын.
Ағай маған: «Сен сөзге араласпай, тиыш отыр. Күшігіңнен таланып қалсаң, жалтақтаумен өтесің» деп жанашыр сөзін айтқан.
Мәдениет министрлігінен келген, театрдың өз ішіндегі еврей ұлтының сөзшең әйелдері операның әр жерінен бір ілгек тауып, жұлқына сөйлеп, алқына ентігіп, Сыдықты да, операны жақтап сөйлеген Ермек Серкебаевты да тұқыртты да тастады. Әлгілерді өзіміздің белгілі әйел композитор да желпілдете жел беріп, қоштап ала жөнелгені ғой.
Сонымен алғашқы отырыс ештеңе шешпеді.
Ертеңінде қайта бас қостық. Кешегі бикеш қауымы түнімен әлдекімдердің аударып берген

Жаса, Тәңірім, Абылайды,


Зарды Абылай танымайды.
Күлсе ол, күлер күллі Дүние,
Ол шат,
жаудың жаны қайғы
Жаса, Тәңірім. Абылайды!

деген шумаққа ал кеп жармассын.



  • Жүз адам сахнадан «Жасасын Абылай!» деп сұңқылдауы неткен сұмдық!

  • Орыс-қазақ достығына сына қаққан қанішер ханды дәріптеу – шектен шыққандық!

Төрде отырған Саттар Имашев маған шүйілді.

  • Мынау Сматаев дегенді әдебиет төңірегіне жолатпау керек. Былтыр «Елім-ай» деп пьеса жазып, ұлтшылдығы Мәскеуді дүбірлеткен.

Екінші бас қосуымыз да нәтижесіз аяқталды. Үшінші «ең соңғы ақырғы зор майданды» күтіп үйді-үйімізге тарқадық.
Шәкем қас-қабағыма қарап, мамыр айында ағаштары гүл шашып, бүршік жарып тұрған жалдамалы үйіміздің ауласына алаша жайып, көрпе төсеп, мені жантайтып, екі ұлды бауырыма басты.

  • Сен сөйледің бе?

  • Жоқ. Сыдық ағам күшігіңнен таланба деген.

  • Әй, Софы! Күшігімде таланбайын деп ғұмыр бойы күшік боп өтпексің бе. Болмайды оның. Сен – арлансың. Сенің логикаң мықты. Анау бұйрашаштарды тап бастырмай жеңетініңді білем.

Шәкемнің қайрауы шекемді қыздырмаса да, бүйірімнің бір тұсын бүлк еткізгені анық.
Соңғы отырысымызға мен тас түйін боп оралдым. Жиналғандар бүгін тіпті көбейіп кетіпті. Арасынан Сәбит аға Мұқановты көріп «Уа, тәуба!» дейтін шүкірлікті іштей аулап қалдым.
Тағы бір бұйрабас әдеттегідей суырыла шығып сөйлеп, президиумдағы Имашевқа қарап:

  • «Жасасын Абылай» дейді. Кешегі Сталин жасасын дегендей. Осыған сіздің солқылдағаныңыз жеткілікті болды. Не бар, не жоқ демей бақыраясыз да отырасыз, – демесі бар ма. Саттар аға бір бозарып, бір қызарды. Қолымды көтердім. Имашев бетіме алара қарады да басын шайқады. Бас шайқағанын көргенде қаным қайнап кетті. Орнымнан атып тұрдым.

  • Почему Вы не хотите дать мне слова – деп төпелей ала жөнелдім. – Операның авторы – Мухамеджанов. Ал мен либретто авторымын. Сынның бәрі либреттоға қардай жауып жатыр. Сондықтан баршаңызға жауап беру – менің міндетім әрі құқығым. Саттар Имашевич, сіз Москваға барғанда Үлкен театрдан «Князь Игорь» операсын көрдіңіз бе?

  • Бір емес, екі рет көрдім.

  • Екі рет көрсеңіз, операның екі жүз дауыспен айтылатын «Славься, славься!» дейтін хорын да естіген шығарсыз. Сол екі жүз дауыс «славьсялап» орыс князы Игорьді мадақтайды. Орыстар өз князін ардақтап, аспандатып жатса, қазақтардың өз ханын көкке көтергеніне неге тіксіне қараймыз. Ал «Жаса, тәңірім, Абылайды» мен емес, сіз де емес, (бұйрабасқа қол шошайттым) бұл кісі де емес, өз төңірегі, сол кездегі адамдар ғой.

Қайран Сәбит аға қызып кетсе керек, таяғын серпе көтерді.

  • Әй, рас-ау! Абылайды мақтайтын нөкерлері, свитасы ғой. Әй, Саттар, әлі де қарсы болмақсың ба. Софы-қожа дұрыс айтты. Әділін айтты.

Саттар Имашевтің де операны қабылдауға бүйірі бұрып отырса керек.

  • Иә, солай. Абылайды мадақтайтындар Абылай заманында өмір сүргендер. Осыған келісесіздер ғой, – деп комиссия мүшелеріне назарын тіктеді. Күмілжіген бір-екеуден басқалары бас изеп, операмыз қабылданды-ау.

* * *
Жан жарымның бақытым күлкісінде


Ақтарылған жанының тереңінен.
Таң-тамаша қуанған түр-түсінде
Жұрт білмейтін тылсымды көре білген.

1969 жылдың 5-тамызында Шәкем екеуміздің отау құрып, шаңырақ көтергенімізге тура төрт жыл толған күні жаңа пәтерімізге көшіп келіп, қос тойдың құрметіне аққайнарды атқылап салют беріп, құтты қонысымыздың қуыс-қуысын ән мен күлкінің бақытты сыңғырына толтырып жібердік. Өз үйің, өзіңнің жеке пәтерің, сол пәтеріңде өзіңді аппақ құшағын айқара ашып күтіп отыратын жан-жарыңның бары қандай бақыт! Қос қолтығымның астынан қос қанат тағып алғандай үйіме қарай асыға ұшып келе жатқан іңкәр сезімімді басқаларға да жұғыссын дегім келеді.



  • Қоныстойды жасаймыз ғой, Софыян. Керегесін кең жайып, шаңырағын көтерген алғашқы өз отауымыздың болашақ кең сарайға енуіміздің белгісіндей қоныстойдың кәдесін бұзбаймыз, иә?

Бұл әңгіменің шығуына әкемнің ерекше қуанып, «пәтер берген ағаларыңды, жолдастарыңды шақырып дастарқан жайыңдар. Бір байталды қай күнге әкел десеңдер, сойып, жайғап апарып береміз» деген хаты мен салып жіберген үш жүз сом қаражаты себеп болған еді.
Бас редакторым Сырбай Мәуленовтың шоферы Борис Подобед менімен түйдей құрдас. Сол жігіт мені бірде үйге әкеліп, жаңа қонысымды көріп құттықтау айтқан. «Новоселье жасамақ ойым бар» дегенімде. «Зачем тебе новоселье? Үйің қаңырап бос тұр. Бекер шығынданбай мебель ал» деп ойлантып тастаған.

  • Шахмина-ау, дүние, мүлкі жоқ үйге қалай шақырамыз?

  • Жұрт сенің дүние, мүлкіңе келмейді. Қуаныш, қызығыңды бөліскелі келеді. Сені темір-терсек деп жанына жақындатқысы келмейтін ағаларыңды шақырып батасын алсаң, олар мүмкін басқаша ойланар. Либреттоңды қолдап сөйлеген Сәбит ағаңнан баста, – деп Шәкем әрі-сәрі күйімнен ажыратып, нүкте қойды.

Ауылдан аға-жеңгем мен енем бір байтал мен бір қойды әкелген соң іске кірісіп кеттік.
Алғашқы топқа Сәбең бастаған Әбу Сәрсенбаев, Әлжаппар Әбішев, Сырбай Мәуленов, Жәрдем Тілеков, Өтебай Қанахин, Рахметолла Райымқұлов, Ісләм Жарылғапов, Ғафу Қайырбеков және өз ағам Сыдық Мұхамеджановты енгізіп жақсы отырыс жасадық.
Кешіміздің сәнін Сәбит аға кіргізіп, әңгіменің де майын тамызып айтып, отырған інілеріне кезекпен сөз беріп дастарқанымызды жайнатып жіберді. Ол ол ма, қыза-қыза Мәриам апамызға ән салдыртып таңдайымызды қаққызды. Сол күні Сыдық ағамның ғаламат күй шерткенінің куәсі болдым. Күйдің бірінен соң бірін төккен ағаға Сәбеңнен бұрын өзім өте ырза болып, асып-тасқан едім.
Екінші дүрмекке Сәкен Жүнісов, Тұманбай, Қадір, Сағи, Жайсанбек Молдағалиев, Рамазан Тоқтаровтарды шақырып, түннің бір уағына дейін қоныстойдың думанын дүрілдеттік-ау.
Үшінші күні кезек сол оныншы үйдің бүкіл қазақ көршілеріне жеткен еді. Көршің – туыстан да артық болатынын сол үйден басқа мекенжайға көшіп кеткенше естен бір шығармай, сыйластықпен өткізген кездерді бүгін тек қимастықпен күрсіне сағынамын.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет