Софы Сматаев шахминам – МӘҢгілік махаббатым менің Аса қымбатты Шамшия келінім!



бет16/35
Дата14.07.2022
өлшемі302,94 Kb.
#37662
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   35
Байланысты:
Шахминам

Он екінші тарау. Тойымыз өтті.

Мәскеудегі оқуды жалғастырып, студенттің абыр-сабырлы күндері кейде жылжып, кейде зымырап өтіп жатты. Қайшыалысқан хаттарымызбен Шахмина екеуміз шуақты күндерімізді жоғалтпай, көңілдерімізді көркейтіп жүріп жаттық.


Желтоқсанның бас кезінде Шәкемнің 200 (екі жүз) сом салған перевод қағазын алып, сілейдім де қалдым. Қолымнан келгенше Шахминама бар жақсылықты жасасам деп жүрген маған мына ақшасы артықтау көрінгені ғой. Қағаздың сыртында хаты бар екен. Көз жүгірттім. «Софыян, сен басқаша ойлап қалма. Жатырқанба. Екеуміз бір адамдай болып кеттік қой. Бүгін жалақы алатын мен. Ертең сен табасың. Біріміздің біріміз қолымызды қақпайық. Келісесің ғой».
Терім жазылып, қабағым ашылды. «Бір адамдаймыз». Рас қой. Екеуміз бір адамбыз. Келістім, әрине. Ательеге барып ақ жолағы бар қара матадан тройка костюмге заказ бердім.
Уақыт дегенің – өмір безбені. Бір жағына сүйінішін, бір жағына күйінішін тиеп алып, алма-кезек секіріп отырады. Ал жастық шіркін ақ алмастың жүзі ғой, қайғыңды түйреп тастап, күйінішіңді кесіп түсіп, қуаныш пен сүйініштің шат-шадыманына бөлейді де қояды. Шаттық аңсаған жүректің махаббатшыл сезімі неге сергек болмасын. Содан соң Шахминамның әлгі сәлемдемесін қабыл алып, ал өзін дәл қасымнан тапқандай болғаным.
Бозбала Софы-Софыян еркін еді. Ақынжанды адамға бойжеткендер де елеңдеп тұратыны белгілі. Курста бірге оқыған, көзімен іздер латышка, эстонка, румынкаларға пейіл білдірмей, Шахминамды ғана ардақ тұтқан көңілімнен ауытқыған емеспін.
Біздің «Коммуна үйі» атты Америка архитектурасымен салынған айтулы жатақханамызды пайдаланып «Мосфильмнің» бір айдай жүріп кино түсірген ұжымы соңғы күні ырзалық танытып, би кешін ұйымдастырған еді. Сол кеште болгар, неміс, орыс курстастарыммен «атақты Прохоренкомен билеймін!» деп бәстескем. Шәкемнің ақшасына тіккізген костюмді киіп, ақ жейдеге қызыл бант тағып келіп: «Мадемуазель Жанна! Сізді вальстің бір турын билеуге шақырамын!» деп қазақша айтып, басымды изегенім сол еді, Прохоренко мені шетелдік деп қалды ма, реверанс жасап, қолын иығыма сала берді. Сол-ақ екен басқа жұптар, студенттер ғой, биін тоқтатып, ортада Жанна екеумізді оңаша қалдырып, қол соғумен болған-ды.
Тағы да сол достарыммен «даңқты шахматшы Тальмен сеанста тең ойын көрсетемін!» деп бәс тігістім. Чемпион Миша ағамның көрші тақтада жүрген жүрістерін айнытпай қайталап, он шақты жүріс жасап, «ойланып отырмын!» деумен бес-алты мәрте құр өткізіп діңкесін құртсам керек, «тең ойынға келісемін!» деп жазғанымды гроссмейстердің көз алдына тоса қойып едім. Таль бір жымиды да, қолын қойып бере салды. Сөйтіп ойынымыз «тең» аяқталып, достармен бәсте жеңіске жеткенім бар. Бұның бәрі – албырт жастықтың сол кезде-ақ алғырлығына құлаш ұрған бозбала Софыянның мінез, тіршілігінен көрініс берер деп айтып отырғаным ғой.
Жазғы сессиямды өте жақсы бағаларға тапсырып, өндірістік тәжірибеден өту үшін бір жарым айға Тула қаласындағы металлургиялық зауытқа жүріп кеттім.
Бұл екі ортада Шахминам «Сарысу» совхозындағы бір жылдық жұмыс атқару міндетінен құтылып, Балқаш қалалық білім беру бөлімінен Киікке мұғалім болып орналасу қағазын алып, мені сондай қуантып тастаған еді.
Өндірістік тәжірибе күндерін тәмамдап, тағы да поезбен үш күндік жолға шығып туған жерге, Киігіме тартып келемін.
Дүниеде айырбасталмас қазына, сыйланбас мүлік жоқ. Бірақ туған жер мәңгілік жүректе қалады. Туған топырағыңнан ажырамайсың. Ащы да болса терің тамған төбеңе көктем сайын гүл шығады, қызғалдақ алаулайды. Кермек те болса, бұлақтың тастай суы – шөліңді басып, мейіріңді қандырады. Өткір де болса, аязы бетіңді сүйіп – бойдағы булыққан қанды ду-ду тасытады.
Туған жерім – Киігім, аңсаған балаңды қарсы ал деп үнсіз табынамын. Шахминам, сәулем, аппақ құшағыңды айқара ашып, сағынышын сәлем етіп, дүрс-дүрс соғып атойлап жатқан жүрегімді бауырыңа қысып ал деп елжіреп келемін.
Жүгірші, жүрек!
Жанымды уысқа қысып ап.
Уысқа мықтап
Қысып ап жанды, тоқтама.
Кетер ем өзім
Қос қанат бітсе, ұшып-ақ
Түсердей болып
Шоққа да, алау отқа да.
Туған жерге табанымды тіреп, туған елдің құшағына сүңгідім.
Мамырлай басып масаттанған ата-анамның, дуылдап күліп, шуылдап шұбырған аға-жеңгелер, іні-қарындастардың тағы да қоршауына түстім.
Дүниенің әсемдігі һәм әсерлілігі ақылға нұр, ақынға жыр берері ақиқат. Әсемдікке ынтыққан жүректің шүкірлігі мол дейтін пайымға қанша иланайын десем де, ертеңінде шыдап отыра алмай, жайылған дастарқан жиылар-жиылмастан тұрып кеттім. Аяғымның өзі бастап келе жатқан бағытым – сүйіктім Шәкемнің жасыл желек бүркенген үйі.
Жақындай бергенім сол еді, шарбағының есігінен атып шыққан Шахминам жүгіріп жетіп, құшақтай алды. Күні бойы біздің жаққа қарап тұрғанын сезгенде, жанымның тәнімнен ұшып кетердей безектегенін айтпаңыз. «Ақ некеміз қиылғанша» деген тежегішімді ұмытып, алғаш рет үлбіреген тәп-тәтті ерінге ерніммен құшырлана жабыстым. Дуылдай жүгірген ыстық қанның буына мастандым ба, тіл-көмейден сорған шырынның бал дәміне уландым ба, көзім қарауытып кетті. Ал Шахминам... талдырмаш денесімен бауырыма жабыса кіріп, бір сәт ернін босатып алып, ұз-а-ақ күрсінді. Әлгі албыраған ернін басымды иіп әкеліп екі бетімнен, маңдайымнан шөпілдете сүйді.
Іңкәр сағыныштың ақтарылған тоғанында балқыған екеуміздің емін-еркін сырласуымыз Шәкемнің үйіне кіріп, әке-шешесімен амандық, саулық сұрасып, төргі бөлмеге өтіп, болашақ енем әкелген қымызды ұрттап қойып отырғанымызда да басылған жоқ.
Қаншама жыл тосып, қаншама жыл бірін-бірі аңсай іздеген жүректердің енді бір-бірінсіз жарты сағат та тұра алмасы анықталып еді.
Ертең кешке келіп алып кетіп, қолыма бақыт құсымды қондырам деп мен нығыздап айтып едім, өзі де босаңсып, енді менен бір сәт ажырамауға іштей бекініп отырған Шәкем бас изеп келісімін беріп, қолымды қайта-қайта қысқан еді.
Ертеңінде шай үстінде әке-шешеме бүгінгі кешке Шәкемді келін ғып түсіретінімді айттым.
Шешем еңбектеп келіп, маңдайымнан сүйіп, есі шығып кетті. Көптен күтіп жүрген ынтық хабардың осылай теп-тез жетерін ескермегендей, екі езуі екі құлағында.
Ал әкем... Қоңыр көздеріне жылт жүгіріп, жүзі құлпырып қоя берді. Күректей алақанымен менің арқамнан сипады.

  • Бұның ақыл болды, ұлым. Ойнағанның да ойлағаны тәуір болса екен дейміз де. Сенің қызығыңды көрсет деп құдайдан сұраумен жүргенімізді білесің. Енді ұзағынан сүйіндірсін. Қондыратын құсыңды жүдетпей, түлетіп ұстап, әуелетіп ұшырып, еркелетіп қолыңа қондыра біл, балам. Ескертерім да осы, тәубешіл қуанышпен екеуіңнің келісімдеріңе ырза боп төс көргенім де осы.

Әкем қара домбырасына қол созды. Саусақтары аспаптың өнбойын аралап жүгіріп кетті. Бөлмені күй тербетті. Елжіреген кеудені әрі күрсінте, әрі күлдіре келген қоңыр үн. Кейбіреулердей домбыраның шанағын сындырып жіберердей салдыр-гүлдір қағатын әдет әкемде жоқ. Ұзын саусақтарын еппен қозғап, майда шертіп, нәп-нәзік қоңырлатады. Осы ырғақ, осы саз көпке дейін үзілмейді. Тереңнен сәл-сәл дірілдеп кеудеме әлдебір мұң ұялайды. Әлгі мұң енді тез-тез ыдырап, еркін, ерке тынысты қуаныш толқынымен мені сергітіп, серпілтіп әкетті.
Батысты тегіс қырмызы түске бояп, жарты аспанға қызғылт шапағын жайып, жапсыра салған жалқын күн аласа төбеге иек артқанда, Қасенхан атты туысқан құрдас досты ертіп, Шахминамның үйіне қарай келе жатырмын. Шәкем келісіп отырса да, аяқ астынан жетіп барып, «алып кетемін!» дегеніме әке-шешесі қалай қарайды. Әрине, олардың екеумізді бөлмейтінін, басымызды баяғыда қосып қойғанын білемін. Сонда да көңілде аздаған қобалжу бар.
Әй, Шахминам-ай! Сүйіктім-ай! Келе жатқанымды манадан бағып тұрды ма, алдымыздан шыға келді. Құшаққа құшақ айқасты.

  • Ой, екеуің Қозы мен Баяндай... тіпті олардан да асып барасыңдар ғой. Әу, келінжан, мына біздей қайынағаң тұрғанын көрмей, құшаққа қойып кеткенің қалай? – деп Касенжан қалжыңға басып сылқ-сылқ күлді.

  • Дайынбысың? – дедім.

Шәкем дір-дір етіп басын изеді.

  • Апаң, әтәйің үйде ме?

  • Жоқ. Клубта. Түсте Алматыдан төрт әртіс келген. Біздің үйде болып, қазір клубта концерт беріп жатыр.

Сәттілік деген осы ғой. Үлкен кісілерді әрі-сәрі етпей өзіміз оңаша шығып жүре бермейміз бе енді. Менің шыдамсызданып тұрғанымды неге сезбесін, иығымдағы қолын сусытып түсіріп, Шәкем үйіне бұрылып кетті.

  • Жүрек қалай, батыр, аттандап жатыр ма. Бір ізің енді сәлден кейін екеу боп қатарласып түседі. Сол іздерің төсектен тұра алмай қалғандарыңша үзілмесін, - деп сөзінің соңын батадай қып аяқтаған Қасенхан дос темекісін ерніне қыстырды.

Біз Шәкемді сүт пісіріп күттік. Есік, терезесіне жапақтап қарап тұрғанымызда алқызыл көйлек киген қыз кішкене дорбаны көтеріп шыға келді. Белі қиылған, ұзын жеңінің екі ұшына желбірек салған алқызыл көйлек келешек алқызыл қызығымыздың бейнесіне айналды ма, қылдырықтай белін ерекшелеп қос алмасы шіреп шертіп тұрған төсі, тізесін соққан қос бұрымы алғаш көріп тұрғандай көз құртымды өзіне тартып әкетіп барады. Ұмтылып барып қолынан дорбасын алдым да, білегінен ұстап ілгері ілестіре бердім. Шәкем басын шайқап, кілт тоқтады. Бұрылып артына қимастықпен қарап тұрып лекілдете күрсінді. Сонсоң бетіме бетін тақады.

  • Софыян, оң жақта қыз – қонақ боп өссем де, ата-анамның қара шаңырағынан әке-шешемнің ақ батасын алмай табалдырығынан аттап барамын. Балалық дәуренімнің – бал ұясы еді. Қуантқан күйім де, уантқан үйім де осы еді. Көзімнің жасы тамып, кеудемнен қуанышым ақтарылғанда, терезесінен бірде мөлитіп, бірде елжіретіп өзіңді іздетуші еді. Бұдан былай бұл босағаға қонақ боп сағынып оралармын, – деп сәл бөгелді. Дауыс дірілінен ширыққан жанының егіліп тұрғанын білдім. – Қолыма қолың, жолыңа жолым жалғасты бүгін. Сертке серт айтысқан көз, қабағымыз айнымас. Айнымас-ау. Бердім еркімді саған, Софыяным. Ердім соңыңнан. Қайғыда жасымай, қуаныш-шаттыққа тасымай өтейік.

Шахминам басын кеудеме басып, «Мен сендікпін!» дегенін жариялай құшағыма сүңгіді. Қап-қара жібектей сусыған шаштың жұпар иісін түшіркене аулап мен тұрмын.

  • Ойпырай, Шамшия-ай! Әрі жылаттың, әрі жұбаттың ғой. Айтқаныңның бәрі рас. Рас, ей. Екеуіңнің жалғанған жолыңды онда мен бастап берейін, – деген Қасенхан дорбаны көтеріп, алға түсті.

Шәкем екеуміз қол ұстасып, алқызыл жастықтың алқызыл көйлегін жалаудай жалтылдатып, алқызыл отаудың керегесін кең жаюдың алғашқы адымын бастадық.
Шарбақтың есігінен ене бергеніміз сол еді, шашу боп шашылып қант, кәмпит үстімізді жауып кетті.
Қай жеңгем екенін алакөлеңкеде байқамадым, біреуі аппақ шәліні Шахминамның басына жауып, маңдайынан сүйді.
...Ақ шымылдығы түсірілген кереуетте жатырмын. Бүкіл ой, бүкіл ынтызар Шәкемде ғана. Шәкемнің шымылдықты серпи ашып аппақ денесімен аппақ денеме жанасуын тосуым ғана.
Бір кез... ып-ыстық төсі төсіме қари тиді. Саныма саны жалын боп жабысты. Ерінмен ерін құшырлана табысты.
Мен жаттым тосып түннің сәттілігін,
Аңсаумен бал еріннің тәттілігін.
Сен келдің, ендің ыстық құшағыма
Сақтап кеп ақ тәніңнің пәктілігін.

* * *



Сенбіні артқа тастап, жексенбі күні де жетті. Шағын рудниктің орыс-қазағы, неміс-татары не ұлт болып, не ру болып бөлінбейтін тату-тәтті тұрғындарының көршілік сыйластығы ғаламат болатын. Той-томалақ қай үйде, қай ұлттың от басында өтсін үздік-создық созылатын іздер шұбырып әлгі шаңырақтың астында табысатын.
Соны ескерген әкей бір байтал мен бір тайыншаны сойғызып, бес жер ошақ қаздырып, бес қазанды отқа қойғызды.
«Той... Қандай әдемі де әсерлі сөз. Қуаныш пен қызыққа той, жамағат! Көздегі жылт еткен шаттықтың жап-жасыл нұрына той, әлеумет! Софыжан мен Шамшияның алау жүздеріндегі бақыт таңындай арайланған шуағына бөленіп тойыңдар, жұрағаттарым!»
Ол кезде тамада, асаба дейтін атаулардың исі де жоқ болса да, дәл біздің тойымызды басқарған әкемнің шөбере апайынан туған Әбтікен жиеннің той туралы осылай дегені есімде қалыпты.
Бірде қаздай тізілген самауырлардың оттығына ағаш салып қойып, бірде үлкендерді үйге кіргізіп жіберіп, енді бірде есік алдына, аулаға жайып тастаған текемет, кілемдерге жастарды жайғастырып жүріп:
Бәйшешек гүлдер далада,
Сүйгенім менің қалада.
Сүйемін сені, жан сәулем,
Басқаны қалама, –
деп Әбтікен жігіттің сұңқылдата созған дауысы алты қырдан асып, жеті қырдың желкесіне жетер де еді.

  • Әу, жігіттер! Әу, қаракөз сылқымдар! Тойдың көркін ән енгізіп, күй кіргізетінін ұмытпаңдар. Мынау мәскеулік Софы мықтың мен мынау алматылық Шәкентай ару сендерді көмейінен ән, көкірегінен күй төге алмас можантомпайлар шетінен деп қалмасын. Ал кеттік!

Көңлімде бар түйгенім,
Сенсің, сәулем, сүйгенім...
Әбтікеннің пысықтауы аш өзектеріне түсіп кеткендей жастар әнді де ағызды, күйді де төкті.
Ән-әділет. Күй – құдырет. Екі шекте әлем үні тоғысқан. Боздаған, бебеулеген, уілдеген, уһілеген, ашынған, шамырқанған, елжіреген, емінткен, дірілдеткен, қалшылдатқан, құрсантқан құдырет қос желідей қатар сұлаған шекте.
Тыңдай білген, сезе білген, түсіне білген жанға домбыра қасиеті керемет. Ол – қу қарағай емес, халық тілі, ұлт шежіресі, ел тарихы. Домбыра шанағында ғасырлар тылсымын бауырына басқан қойма бар. Тиегін дұрыс қойып, пернелерін орнына орналастырып, он саусақты жүйткіте білген адам әлгі тылсым қоймаға сүңгіп кетеді. Қазынасына енеді, шежіресін ұғады, тарихын таниды. Әр күй сол сырдың кілті екен. Ақтарылып кетер шешен тілі екен.
Шахминама көз жүгіртем. Екі бетінің ұшы қызарып, шанақ бетіндегі сәйгүліктей безектеген әйгілі күйші Бегімсалдың саусақтарына қадалған жанарымен тылсым қоймаға еніп, сіңіп бара жатқан еді.
Ән мен күй ылғи да әсем. Ал әсемдікке еліккен көңіл әманда сыршыл. Сыршылдықпен шаттанған жүректен өтер шабытты жүрек болмайды. Ән шығарғанның жаны нәзік, жүрегі сырға толы боларына еш күмәнім жоқ.
Ән – өкініш пен қуаныштың перзенті.
Күй – шаттық пен күйіктің сығындысы.
Осы ойға малтығып отырғанымда Әбтікеннің даусы оқыс саңқ ете қалды.

  • Оу, Қордабай! Жарайсың. Құрдасыңа қой әкелсең, тойдың өңі келісетінін білдің-ау, – деп марқаны иығына салып жеткен жігітке қол созды. – Ой, пірім-ай! Маған бір түйсіктің тықырлатып келе қалғанын көрдіңдер ме.

Әбтікен жастарға жағалай көз сүріндірді.

  • Бар екен-ау нар жігіттер! Мынау марқаны иығына салып, бір отырып, бір тұрып қанша көтерсеңдер, соншама сом бәйге бар. Міне, мынау Қалекең нағашым ұстатқан ақша.

Тұр, жігіттер, қалыспа,
Түс қанеки жарысқа.
Жеңіп шығып атыңды
Жіберіңдер алысқа,
Шығыңдар жарысқа, басыңдар намысқа! – деп Әбтікен он шақты жігітті теп-тез іріктеп ала қойды.
Ақ марқаны 20 мәрте көтеріп шатқаяқтап қалғандарға да, 30 рет көтеріп, жер тіреп қалғандарға да бес, он сомнан үлестірген Әбтікен енді Қордабайдың өзіне қолқа салды.

  • Сен тегіннен тегін арқалап келген жоқсың бұл қойыңды. Арқаң қозып, буын-буынның қызып жеттің мұнда. Елу рет көтерсең, бас бәйгі сенікі болады.

Қордабай әрине бас бәйгеге ие болды. Жұрт мәз. Әзіл, қалжың бұл тұстан бір естіліп, ана жақты дуылдатып күлдіріп жатты. Шәкем де бар ықыласымен қарап қапты.
Әбтікен қолын көтеріп жұрттың тынышталуын күтті. Әзіл-қалжың саябырсыды.

  • Уай, халайық! Софыжан мен Шәмішкеннің тойы – айта жүрерліктей болуы үшін әйелдер күресін бастасақ, қайтер деймін?

Жиналған топ тегіс қоштап, дуылдап ала жөнелді.

  • Олай болса жеңген палуанға мына марқаны атаймыз. Келістік қой?

Сол-ақ екен қызыл бәтес дамбалына шолақ көйлегін ышқырлана салып алқақотан жұрттың ортасына Бәдигүлжамал бір тізерледі. Сол қалпының өзі орта бойлы кісімен қарайлас. Түрулі жеңінен жарқ еткен бұлшық етті жуан білектері анау-мынау еркегіңді де тұқыртып жіберердей ауыр. Екі мықынын таянып, айқай салды:

  • Әй, Кәрсөн, қатындарың құрып қалып па еді. Шығар қане!

Жұрт мәз. Лепіріп, екіленіп алған.
Ортадағы Бәдигүлжамалға еш әйелдің жүрегі дауалар емес.

  • Кәрсөн, қатын алмай, отын алған екенсіңдер шетіңнен! – деп Бәдигүлжамал тағы от қосты.

Сол сөз намысы бардың аш өзегіне түссе де, кезекті сөздің есесін қайтара алмай жатыр.
Сол шақта бір жіңішке дауыс шыр етті. Уәсила екен. Ап-арық, талдырмаш әйел, менің жақын жеңгем. Қос білегін сыбанып, төніп барады. Бәдигүлжамал мыңқ еткен жоқ. Жайбарақат қана: «Мұныңмен күреспеймін. Тым кішкентай ғой. Маған уысыма мықыны толатын жуан сан, апай төс біреуіңді шығар. Қарымда қаңбақ боп кетер шөпжелкеңді әрі әкет!» - деп отыр.
Шахминам мүсіркей қарап: – Қабырғасын қаусатып тастамаса, - деп менің иығыма жабыса тсүті.
Уәсила күйіп кетті білем. Екі бүйірін таянып алып өлеңдете жөнелді.
Тахия кидім торлама,
Кішкентай деп қорлама.
Кішкентай адам өспей ме,
Көкейіңді теспей ме! –
Бәдигүлжамал түгіл, құдай болсаң да шықшы бері! – деп тап берді. Бәдигүл де шап берді. Ұстасқан екеуді қалай салыстырсам екен. Бірін тау десек, екіншісі сол таудың тасы ғана. Біреуің қарбыз десек, екіншісі соның ішіндегі бір дәні ғана.
Жаны тызылдаған Шәкем иығымды сығымдап, бүріп барады.
Сөйткенше болмады, Бәдигүлжамал, құдай ұрып, шөге кетті. Уәсила аруағы асып, басынан аттап өтті. (Кейін білсем, Бәдигүлжамалдың дамбалының ышқырбауы үзіліп, кетіп, шөге қалған екен. Рас болса, рас та шығар).
Кешке қарай үйге кіріп, «көрші», «орамал тастау» тәрізді ойындардың біразын өткеріп тастадық.
Ал мен болсам ойын-сауығымыздың тез аяқталғанын күтіп, Шахминамды құшып жатуды армандаумен болдым.
Жүрші, жаным,
Жалыныңмен орашы!
Соқшы, жүрек,
Алай-түлей борашы!
Енші, жаным,
құшағыма өртеніп,
Білсең, жаным,
Махаббат та еркелік.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет