Софы Сматаев шахминам – МӘҢгілік махаббатым менің Аса қымбатты Шамшия келінім!



бет14/35
Дата14.07.2022
өлшемі302,94 Kb.
#37662
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   35
Оныншы тарау. Барып қайт, балам

Арада ағарып екі қыс, жаңарып, жасылданып екі жаз өтті.


Шәкем оқуын тәмамдап, Жезқазған жақтағы «Сарысу» совхозының орта мектебіне мұғалім болып баратын болды.
Мен екі айлық әскери жаттығуды Горький қаласының бронетанкілік гарнизонының Еділ жағасындағы палаткалық қалашығында өткіздім.
Мен ауылға барғанша Шахминам қызмет орнына кетіп қалмаса екен деумен әр таңды шыдамсыз атырып, әр күнді шыдамсыз батырумен жүрдім.
Ақыры әскери жаттығуымды аяқтап, поезбен үш тәулік сапарда болып тамыздың 8 күні кешкі тоғызда Киік стансасына жетіп, өзімді қарсы алушылардың құшағына көмілдім.
Бір сәт... әкесінің қасында екі көзі мөлдіреп елжірей қарап тұрған аяулымды байқап қалғаным ғой. Қоршаған құшақтардан әрең босанып, Шәкеме қарай бұрыла беріп едім, қыздың әкесі Жұмекең күліп келіп, мені бауырына баса қойды.

  • Аман-есен оралуыңмен, балам.

«Балам!» дегеніне ырзалық таныта бас иіп, Шәкеме кілт бұрылып, білегінен ұстай алдым.

  • Ша-а-ахминам! – ықылықтаған көмейімнен тағы бір сөзді ытқыттым, - сағынды-ым...

Шәкем білегін ұстап тұрған қолыма еңкейіп келіп ернін тигізді. Ып-ыстық екен.

  • Әу, мырза, сен тіпті бізді байқағың келмейді ғой, – деп бір жеңгем иығыма алақанын қоя беріп еді, Мамыр дейтін адуын жеңгем: – Әй, нашәндік қайным-ау, көзіңе қыздан басқа ешкім көрінбей ме? – деп келіп, білектегі қолымды да, өзімді де жұлқылап босатып алып, екі бетімнен болп-болп сүйді. – Күні бойы жолыңды тосып тұрсақ, бізді көзіңе де ілмей, кірпігің қызда болып, өліп-өше қапсың, нашандік.

Әңкі-тәңкімді шығарып жіберген жеңгемнен әрең босап, Шәкеме алақтап қарасам, әкесіне ілесіп, артына жапақтай қарап кетіп барады екен.
«Ертең, ертең кездесеміз!» деген даусым құлағына жетті ме, жетпеді ме, білмеймін, қауқылдасқан ағалы-жеңгем, іні-қарындастардың қоршауына тағы түсіп, үйге, әке-шешеме асықтым.
Ертеңгі дастарқан басында отырғанымызда Мамыр жеңгем үйге алқын-жұлқын кіріп келді. Көзінің алды, мұрнының үстіндегі тер тамшыларын алақанымен бір сүйкеп өтіп, отырар-отырмастан дабырлап сөйлей жөнелді:

  • Анау төменнен келе жатып, стансаның қасында топталғандарға жақындасам... кімді көрдің дейсіңдер ғой. Әй, нашандік, кешегі «ертең кездесеміз» деген сүйіктің тұр, әке-шешесі қасында. Қолдарында жүктері бар. Пойыз тосып тұрғандарын білдім. «Жұмеке, сіз бір жаққа дайындалдыңыз ба?» десем, «Жоқ, мына баламызды шығарып салғалы тұрмыз» дейді. Сол екі арада пойыз келіп, әлгі қызды енді бәріміз бәгөніне мінгізіп «жол болсын!» айтып, аттандырып жібердік. Әй, нашандік қайным-ау, сен енді қызыңның үйіне барам деп босқа әуре болма.

Көңілім алай-түлей боп кетті. Шай толы кесемді ысырып тастап, тұрып кеттім. Есіктің алдына шығып, шаңытқан аспаннан маңайды сарғайта күйдіріп бара жатқан күнге, сағымы желпіген «Жүндітөбеге» көз тіктім. Қайта айналып келмес кешегі кештен шынымен-ақ айрылып қалдым ба деген ой ащы өксік боп көмейіме көлденеңдеп тұрып қалды.
Лүпілдеген жүректі арпалыстырып, ыстық демді жиілетіп, жалындаған жанарды жоғары көтере алмай, қасымда дірілдеген көлеңкеңнен ұяң келбетіңді танытқан Шәкем-ау, сен екеумізді аялайтын махаббат мекенін қай төбенің астынан, қай бұлақтың жағасынан іздеймін енді?
Күлімсіреп күлген күлкісін аңдып, елжіреген жүректі Шахминамның бұлықси толқындайтын көйлегінің етегіне орап жіберіп, естен танатын күндерімнің елесін қайдан табармын енді?
Тағы бір жыл тосып жүректерде жанған оттың жалынын, Шәкем-ау, сенің қарақат көздеріңде мөлдіреген қуаныш етіп жарқырататын ұялшақ та ибалы жүзіңді көрем бе, көре алармын ба?..
Күйік татып тұрған ауадан ішіме өрт түскендей бүрісіп, үйдің іргесіндегі көлеңкені тасаландым.
«Тән жарасы жазылар-ау. Бірақ жан жарасын жазар құдыретті қайдан табам. Табылар ма маңдайдан сипар, арқамнан қағар алақан? Сол алақанның маңдайыма тағы бір жанаспай, бір ауыз сөзіңе ынтық қылып кете барғаның ба, Шамым-ау?»
Мен саған жетіп ем,
Көлеңкеңді де таппадым.
Ізіңді суытып кетіп ең,
Қап-қара болды-ау аппағым.

Бөрідей Айға ұлып ем,


Қапа боп бүгін қамықтым.
Кеше мен шат боп күліп ем,
Жыладым бүгін, жабықтым.
Қамыққаным да рас, жабыққаным да ақиқат. Бір жыл бойы аңсай іздеп, сағынып жетіп, қас пен көздің арасында, бір сәтке ғана қол алысып, бір-бір ауыз сөзбен ғана дидарласып, ғасырдан да ұзақ тағы бір жылды тосқанымыз ба енді. Төзіміңді тоз-тоз қып, сабырыңды сағынышымен үгіп жіберетін қысыр уақыттың уысынан шырылдаған жаныңды босата аларсың ба?
Үйге кіріп, төрге бөлмеге өтіп, домбыраны алдыма өңгеріп тық-тық шертіп қана біраз отырдым. Сәлден кейін саусақтар қимылсыз қалды. Енді менің қиялымда өзгеше ырғақты, өзгеше әуенді сағыныш па-ау, әлде өксіген жүректің өзін-өзі қамшылай аласұруы ма-ау, бір күй тірілді. Елегзи емірене тыңдауға көштім.
...Міне, міне бес саусақ кібіртіктеп перне қуалады. Іле дүрмек үндер толқындап лықсыды. Дүбірлеп көбейді. Бір сәт безгекті дірілмен шырылдап тұрып алды да, қайтадан қажырлы да құтырыңқы тасқынға ауысты. Әлгіндегі сонар шалыс азайып, тақ-тақ қадалған саусақтардан жүрдек шабысты тілейтін нық-нық қағыс жебеледі. Долданған күйден жаралы аңның ызғарлы ыңырануы есті. Күңіренген даланың зарлы үні жетті. Содан әрі шырылдаған бәйек үнімен «Шәкем-ау! Шахминам-ау!» деп анық естіліп күйік әні төгілді.
Еңкейіп барып, езіліп қалып, ой-бойымды көтеріп алдым. Қиялдағы күйім құлағымда жаңғырды.
Менің домбыраны сөйлете алмай, шабан саусақтардың икемсіз қимылымен тық-тық қағып, оңашалана бергенімді қашанғы көтере берсін. Әкем қасыма келіп отырды. Жайлап қана арқамнан қақты.

  • Ұлым, айдалаға келгендей бола берме. Сағынғаныңды білеміз. Жердің түбіне кеткен жоқ қой. Барып кел, балам. Көңіліңді көншітіп қайт. Жүнжіме босқа.

Ертеңінде Шәкемнің үйіне бас сұқтым. Әкесі жұмысына кетіп, шешесі ғана күтіп алды. Неге келгенімді айтып, Шәкеме барып қайтпақшы болған ниетімді білдіргенде, ана жүрегі елжіреп, көзіне жас үйірілді.

  • Сізді көп тосты ғой, Шәкентай. Кел деген, жұмысқа шық деген күнінен үш күн кешігіп кетті ғой. Өзіңізді көріп қалып, әйтеуір көңілін бір тыншытқандай болып еді. Сіздің үй жаққа қарай-қарай аттанды ғой ақмарқам.

  • Қай жерге, қалай барып, қалай түсерін білмейсіз бе?

  • Анау Жарық стансасынан басқа пойызға ауысып мінетін көрінеді. Сол пойызбен Түйемойнақ дейтін рәзиезден түсіп қалып, әлгі анау «Сарысу» совхозына қатынайтын жолаушыларға мінгесетін көрінеді.

Өзіме керектіні біліп алып, Шахминамның көтере алмай тастап кеткен кітаптары мен пальтосын салған шабаданды көтеріп, жүріп кеттім.
Адамы аз вагонның бір купесінде жалғыз өзім ғана. Бір кез репродуктордың тетігін бұрап қап едім, Шәмшінің «Қайдасың» әні шарықтай есіліп, купе ішін мөлдір саздың толқыны жайлап сала берді.
... Сен жоқсың бірақ та,
Қайдасың қалқажан?»
Тебіренген көңілдің телегей-теңіз қиялына шомып, алыстағы арманын қасындағы үмітімен жобалап балдай созатын Шахминамның әм мұңлы, әм жігерлі әні ғой бұл. Даусындағы сәл діріл, қасында тұрсам да, үнемі үзілмес сағынышымен кеудесінде тұтанатын діріл, сезімтал Шәкемнің маған деген аңсауынан хабар бергендей бүйрімді бүлкілдете соғатын жүрегім дүрсілді жауабын тауып жататын.
Ән шіркін ғаламат қой. Ал Шахминамның жібектей есілген әсем даусы осы әнді өзгеше әсерлендіріп «Қайдасың? Қайдасың?» деп үздіккендей жан дыбысымен сорғалатып созғанда, өзімді іздеген аяулымның құшағына «Мен бармын! Қасыңдамын!» деп құлап түсердей тебіренетінімді Шәкемнің өзі де сезіп қалып, кірпік ұшында жылт еткен ыстық тамшыны өңіріне домалатып жіберетін.
Ойыма қай-қайдағы емес, жан ыңқылының лебімен аяулымның мұңлы кейпі оралды да, мазасыз көңілдің арпалысы басталды. Терезеге бұрылдым.
Қатарласа жарысып, төбе-шоқыларын дөңгелете билетіп дала жатыр. Қалыспайды һәм жеткізбейді. Ұшы-қиыры жоқ сайын сахара туған өлкенің алыптығын, атамекеннің даналығын, кеңдігін осылай аянбай көсіліп, үнсіз ұқтырып тұрғандай.
Ән бітті. Шахминамның күмістей сыңғырлаған даусымен тұлабойымды баурап алатын әні.
Енді поезд доңғалақтарының тасыр-тұсыры мол сан үнді әні кеудемде жаңғырып жатты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет