«Қабыл алсаң, қапы қалмассың».
Сарыбала, сен жазушы болам деп жүрсің ғой. Сол болашақ тірлігіңе демеу болар үш тарау ақылымды айтайын. Қабыл алсаң, қапы қалмассың.
Арақты әу баста ем-дом үшін шығарған. Аздап ішсең – дәру, көп ішсең – у. Жөнімен тата білсең, артықтық етпейді ол. Ал қатаң ескертерім: темекіге жолама! Адам ағзасын арылмас дертке ұшырататын кесірлі кеселдің ең зияндысы. Бұл бір.
Жазушының өте бір баға жетпес құндысы – уақыты. Осы құндының аса қас жауы – карта дейтін азарты мол ойын. Ол немең – уақытыңды ұрлаумен қоса, достарыңнан ажырататын зәндемінің өзі. Өйткені, ұтылсаң – ақшаң болмай, бере алмауың мүмкін. Ұтсаң – қолма қол ала алмай, араларың суысып кетуі ғажап емес. Сондықтан картадан аулақ бол.
Үшіншіден, біздің жасаған қателіктерімізді қайталамаңдар. Жоғары оқу орындарында оқып жүргенімізде қазақ қыздары орталау мектепті де бітірмейтін еді. Содан ба, «тең теңімен» дегенге әулекіленіп, «қолымыз жеткеніміз» орыс қызына, одан кейінгілеріміз татарға, басқа ұлт бойжеткендеріне үйлендік. Ұлттың ұлт болып ұюы бесіктен басталарына мән бермеппіз. Ал ұлттың ұлылығын сақтау үшін өз жұртының аруымен бас қосудың аса қажеттігін кешігіп сезіп, сан соғып жүрміз. Сендер елден алыста жүрсіңдер. Бүгінде қазағыңның оқыған қаракөздері жеткілікті. Біздің қателігімізді түзетуге тырысыңдар.
Солай, Софы балам. Кеңесіме құлап түспесе де, құлақ асар ұрпақ болса екен дейтін тілегімнің бір парасы осы.
Мәскеу, 1961 жыл».
Ұлы адамның ұлы пікіріне қалай бас имессің. Әрине қазағымның бүгінде оқыған, оқып жатқан қаракөздері көп қой, көп. Соның бірі емес, бірегейі – менің Шахминам емес пе. Мен оны орыс қызының онына, неміс, француз бикештерінің санына айырбастамас едім-ау.
«Құлдық қып, намаз оқып, тапшы иманды,
Содан соң кәнизакқа тақ бұйдаңды!»
Десе де, он Тахмина ауыстырмас
Өзімнің адал жарым Шахминамды.
Мерейін мейірленіп қиса құрбым,
Ләззаттың құшағына сиса бір күн.
Шәкемнің сырғасына теңемес ем,
Зухрадай сұлуын да Нишапурдың. –
деп жетпістегі жарымның жүзінен он жетідегі сүйіктімнің бейнесін көретінімді, соған құмарлана бас ұратынымды несіне жасырайын. Өйткені сол бір мөлдіреген көздердің маған елжірей қарап, еркелете ертер, еркелей өртер құдыретін басқа ешбір төменетектілерден күні бүгінге дейін көрген де, сезген де емеспін.
Достарыңызбен бөлісу: |