Софы Сматаев шахминам – МӘҢгілік махаббатым менің Аса қымбатты Шамшия келінім!



бет3/35
Дата14.07.2022
өлшемі302,94 Kb.
#37662
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   35
Байланысты:
Шахминам

Екінші тарау. Оқудамыз.

1959 жылы екеуміз де Алматыға келіп, мен университеттің филология факультетіне, Шәкем қыздар институтының тіл-әдебиет һәм музыка факультетіне қабылданған едік.


Қыркүйек айында біздің курс студенттері Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданына барып, бір ай мақта теріп қайтқанбыз.
Алматыға келген күннің ертеңінде ЖенПИдің жатақханасына барып, есік көзіндегі вахтершадан Шәкемді шақырып беруін өтіндім.
Біраздан соң бірін-бірі қуалай екі қыз шыға келді. Алдыңғысы – Сағынтай дейтін Мойынтыда Шәкеммен бірге оқып, мына оқу орнына бірге түскен құрбысы болатын. Сағынтайда қысылу, қымсыну дейтін тізгін тартпа әдет онша бола бермейтін.

  • Ой, Софы ағам-ау! Сен екенсің ғой, – деп атқып кеп құшақтай алды.

Ал менің «көзқұртым» Шәкем болса мөлдіреген қап-қара қарақат көздеріне әлдебір сағыныш лебін, әлдебір ризалық реңін енгізіп, күлімсірей қарап, состиып тұрып қалған еді. Маған сол қара көздерде лап етіп жылтыраған қуанышы мен сағынышын қоса ытқытқан көкшіл ұшқыны мені ғаламат сезімге сүңгітіп жіберіп еді. Үнсіз ғана бас изеп, Сағынтайдан әрең босанып, қолымды қолына дірілдетіп создым. Алақаны ып-ыстық екен. Сәл жанасты да, саусақтарымның ұшына қызуын қалдырып, сусып шығып кетті.

  • Әй, сен екеуің... Екеуің екі елдің елшісіндей саусаққа саусақ қана тигізіп... Қане, құшақтасыңдар. О несі-ей. Мен ештеңе сезбейді деймісіңдер. Әй, сары қыз, сен Софы ағаның суретіне ұрлана қарап, үнсіз сөйлесетініңді мен көрмейді, білмейді деймісің. Давай, анау үлбіреген ерніңді ерніне тосс! – деп мені бір жұлқылап, құрбысының қолынан сүйрей тартып, әңкі-тәңкімізді шығарып-ақ жібергені. Бірақ мен Сағынтайдың сол алқын-жұлқын қимылын онша теріс көре қойғам жоқ. Екеумізді бетпе-бет тірестіріп, басымызды басымызға түйістіргенде, Шахминамның дір-дір еткен талдырмаш денесінің арқасын аялай сипағанымды өлсем ұмытармын ба. Өзім өзім болып ес білгелі осы аққұба қыздың ақ маңдайына маңдайымды тақап, ыстық демін ынтыға жұтсам деп қаншама жылдан бері армандап келмеп пе едім. Арқасына сұлаған қос жуан бұрымы алақаныма тигенде, сәл қысып қалып, іле құшағымды ашып, бір аттап шегініп кеткенім ғой. Сол сәт көзіне көзім түсіп кеткенде... ұзын кірпіктердің ұшында төгіліп-төгіліп кеткелі тұрған қос тамшыға кірпігімді қақпай қадалып қалыппын. Мөлдіреген қос тамшының ұзақ жылдар бойы мені үнсіз аңсай сағынған жанның ішкі тебіренткен толқынының лап етіп атылған қуанышының белгісі екенін сезгенде, өз көмейіме де әлдебір ыстық түйнектің лықсып кеп тығындала тұрып қалғаны. Қылғына жұтынып, қысылғанымды сездірмей, басымды изей бердім.

Кірпік ұшындағы қос тамшы үзіліп-үзіліп түсті де, ырзалықпен жайдарылана жарқыраған жанарды тоса қойды.
Көз – адам жанының айнасы екенін сонда алғаш сезіп, шаттанған көңілімнің ақжарқын күлкісімен ақтарылып кеткенімді білем. Анау көз иесінің іздегені мен өзім екенімді ұққанда, рахатты күйдің ұйығына батып бара жатыр едім, тағы да Сағынтайдың шаңқ еткен даусы дүр сілкіндіріп «оятып» жіберді.

  • Әй, сен екеуіңнің Қозы мен Баяндай боп, ешкімді елемей, еш адамды танымастай болып тұрыстарыңды-ай!.. Махаббат шіркін осы ма екен. Екеуіңнің бір-біріңе үздіге қарағандарың қандай керемет еді! – деп маған бір бұрылып, Шахминаға жалт етіп қарап, сақылдап кеп күлгені-ай. Сол ашық, адал күлкісімен бірігіп соққан қос жүректің қуанышты дүрсілін құптап қол соғып жатқандай көрініп, махаббат дүниесінің кіршіксіз тазалығымен бас игендей болып еді-ау.

Шахмина екеуіміз алғаш рет бір-бірімізге тура қарасып, кеуде толы шаттығымызды үнсіз бөлісіп едік. Сол елжірей елтіген халімді, сол мамыражай балбыраған көңіл хошымның әсем күйін міне бүгін жаңғыртып, жырға қосып отырмын.

Қызғалдақ гүлі көктемнің –


Өзіңсің көңлімді аулаған.
Жалынды жұтып,
отты емдім
Шуақтан төмен саулаған.

Жүректен төгіп әнімді,


Жанымды нұрға малынтып,
Аялап сипап жанымды
Жеттің-ау, Шәкем сағынтып.

Жүргенде жүрек тұншығып,


Торлаған жанды шақта мұң.
Өзің боп күліп Күн шығып,
Сен болып атты-ау ақ таңым.

Бұлаңдап жолды көрсетіп,


Жұп-жуан ерке бұрымың.
Махаббат атты өр серттің
Дүрімін,
әрі құлымын.

Кеудемнен көшіп көп мұңым,


Арманым тапты-ау аңсаған.
Қолымды созып көк Күнін
Әперер ем-ау мен саған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   35




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет