Сегізінші тарау. Қайғым һәм қуанышым.
Мынау ғажайып жұмбағы мол әлемде нағыз парадокске лайық бір ғаламат нәрсе – өзімнің әрі өкініп, әрі қуанып ғұмыр кешуім. Әр күн сайн қуанып оянып, әр түн сайын өкініп кірпік іліндіруім. Ғаламаттығы – әр сағатты, әр сәтті құр жібермей – кейде күліп, кейде күрсініп өмір сүруім. Тындырғаным біраз деп қодиланып ірілене де алмаймын. Тындыра алмағаным көп деп қоңырайып бүліне де алмаймын. Жеткеніме өз көңілімен барынша ырза болып, көзімен аймалап, арқамнан қағар Шахминам ғана. Ал құдайлығын айтып, бас изер төрелерім жоқ. Жетпегеніме тез жетсін деп тілегіме тілегін жалғастырып, құрақ ұшып отыратын Шәкемнен басқа былайғыларымның ақыл-кеңесіне кенелерім де жоқ.
Әлденені арқалап алғанымды білемін. Ол – қаламгерлік парызым ба, адамгершілік қарызым ба, ажыратқан емеспін. Күн өткен сайын күрделенер күдігім көп. Жыл өскен сайын арқамдағы зілдің ауырлығы арта түседі. Соған қарағанда бергенім азайып, қарызым көбейе беретін тәрізді-ау...
Шахминам, аяулы һәм қымбатты жан жарым о дүниелік боп кеткелі әз тұтарлық жан таппасам, қат-қабат уайымға батпай қайтейін.
Қайғыммен қайғырып қалдым деп қай қамқоршыма күңкілдей алармын. Өмірден енді нені іздеймін деп түңілуден де аулақпын. Келін мен балаңның қонағы бола бермей, бір жақсы күнді кездестірсең, кәрі дүниеңнің әлдебір кетігіне тетік болып қыстырыла қалар ма едің?..
Кәрілікті қойсайшы бұл. Жетім шалдың қияли қыспағынан ана-ау, сона-ау жарық, жарқын ғұмырыңның жаз жайлауына оралайыншы енді.
Жанымды тербеп бал сезім,
Сағыныш баурап оралдым.
Айтармын мүмкін жан сөзін
Өзіңе ғана маралдым, –
деп Мәскеудегі бір жылдық курсты артқа тастап, поезбен үш сөткелік жол жүріп өтіп, аяулы ауылым – Киікке де жеттім-ау. Қайран да сайран ауылым. Кіндік қаным тамған киелі өңір. Ауаң – шипа, суың – бал ғой сенің. Анау жасыл желек көмкерген ақ шаңқан үй – болашақ ғұмырлық жарымның аяулы мекені ғой.
Міне мен сол мекенге аласұрған жүрегімнің дабылды дүрсілін бар әлемге естірте жаңғыртып келе жатырмын. Мен сені сағынып, мен сені аңсап, мен сені күрсіне іздеп, қуана тауып алуға асығып келемін, Шәкем менің!..
Ауласындағы көкөністі суарып жүрген Шәкемнің шешесі ә дегенде состиып тұрып қалды да, іле әлгі қалпынан тез айығып, аттап келіп, шарбақтан ішке өткен мені құшақтап төсіне басты да, маңдайыма ернін жабыстыра қойды.
Оу, Софыжан, өзіңіз екенсіз ғой. Кеше келгеніңізді естіп, бүгін кіріп шықпақ боп отыр едік. Ойбүй, неғып тұрмыз... үйге кіріңіз. Әй-ау, Шәкентай-ау! Қайдасың? Келді ғой... қадірменді қонағымыздың өзі ғой, – деп қауқылдаған шешей иығымнан демеп ішке кіргізе берді.
Осы жерде ерекше бір айтып кетейін деп тұрғаным, осынау маған өзгеше ілтифат білдіріп, құрметін танытып тұратын екінші шешемнің өле-өлгенше маған «сіз!» деп сыпайылық көрсетуден бір жаңылмай кеткені еді. Ол – мүмкін сонау құндақтаулы мені алғаш көтеріп тұрғандағы шын пейілмен ауған көңілінің елжіреуінен бе. Әлде қызы мен менің арамыздағы селкеусіз жақындығымыздың уақыт өткен сайын күшейе түскенін сезетін аналық тілектің іштей сүйіне қол жайып, бата беруге дайындығының көрінісі ме – әйтеуір енемнің үлкен басымен иіліп, еміреніп өткенін ұмытар емеспін.
Есіктен кіріп келе жатқанымды көріп қалған Шахминамның орнынан ұшып тұрған бойы алдымен құп-қу боп өзгерген түсін ілезде қызулы алауға сүңгітіп алғандай қырмызы бояумен нарт қызарғанын көргенде, менің де тілім байланып, аяғым шідерленіп қалғанын қапысыз сезген шешей мені сүйемелдеп орындыққа отырғызды.
Оу, Шәкентайым-ау, созсаңшы қолыңды. Ашсаңшы алақаныңды, – деп самбырлап ала жөнелгені екеумізге де ес жиғызуға себеп болған сияқты. Қыздың сүйріктей саусақтарын алақаныммен аялай сипап, тосып алдым.
Шәкем еріндері дірілдей, ұзақ күрсініп барып, жылу жүгірген қап-қара көздерімен көзіме қадалған күйі еңкейе беріп, маңдайы ерніме тиер-тиместе басын тартып әкетті. Жымиған жүзінен маған деген сағынышын да, лүпілдеген жүрегінің атқақтап соққан дірілін де, ешкімнен жасқанбай да, қымсынбай да өзін іздеп барған маған деген алғыс-ырзалығын да көріп: «Өзімсің! Өзіңмін!» деген ыстық лебізді көмейіме кептедім де алдым.
Әу, Шәкентай, сен дастарқанды жасай бер. Мен помидор әкелейін, - деп шешей сыртқа шығып кетті. Оңаша қалған екеумізде де үн де жоқ, тіл де жоқ, тек бір-бірімізді сағынып табысқан қалпымызда жанарымыз бен жанарымыз айрылмастан байланып қалып еді.
Көзім от шашты ма, білмеймін. Жүзім алаулай өртеніп, шалқыды ма, білмеймін. Білетінім, кеудем ып-ыстық болып, тұлабойым жып-жылы, тәп-тәтті бал көліне шомды да кетті.
Ал Шахминам ше? Ол да дәл сол сәтте дәл мендей тән мен жан ләззатына бөгіп тұрған еді-ау. Екеуміз де тып-тынық ғаламат көлдің тербетілген қайығында қалқыдық.
«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл»,
Хал кешсең өң мен түстегі.
Бүр жарар сонда мұңлы гүл
Ақтарып бәрін іштегі.
Бар әлем сиып жанарға,
Сол болып Дүниең кетпей ме.
Тамсанған құршың қанар ма,
Тұрғанда баурап от бейне.
Шіркін-ай сол бейнені тағы бір көрсетші деп Жасағанға жалынғаныммен, Шахминамды тірілтіп әкеліп, көз алдыма тоса қоятын ешқандай да бір құдырет күштің жоқтығына еріксіз қинала иланамын. Иланамын да жазғы өмірімнің жаңғырығын да таппай, жасыл шөбі қураған күзімнің көзі бітелген бұлағынан нәр тата алмай аңқам кепкенде, аузыма су тамызатын Шахминамнан мәңгілік айрылғанымды біліп, ешкімге байқатпай көз жасымды бір сығып аламын.
Мен емес сені іздемес,
Ғұмырлық ізің үзілді.
Көрінбей бір сәт ізгі елес,
Маламын мұңға жүзімді.
Барамын кеміп, суынып,
Ой, бойды төсеп ызғарға.
Аязбен бетті жуынып,
Жүректі орап мұз қарға.
Достарыңызбен бөлісу: |