Қайда жүрсің, аяулым
Оралмасын жүзге мұң,
Көзіңнен сыр үзгемін.
Қайда жүрсің, аяулым,
Сағынышпен, ай, іздедім
Қайда жүрсің, аяулым,
Сағынышпен, ай, іздедім
Жарқ еткізер түнімді,
Сағындым ғой үніңді.
Күміс сыңғыр күлкіңмен
Қуып шықшы, ай, мұңымды
Күміс сыңғыр күлкіңмен
Қуып шықшы, ай, мұңымды
Тауым менен Даламнан,
Сағыныш боп жаралған,
Бір өзіңді, аяулым,
Аңсап, іздеп таба алғам.
Бір өзіңді, аяулым,
Аңсап, іздеп таба алғам.
Мұң мен сырға малына,
Көп қараймын жолыңа.
Құсым болып, аяулым,
Қоншы келіп, ай, қолыма
Құсым болып, аяулым,
Қоншы келіп, ай, қолыма
Мен сазгер дейтін әулиелер аулынан аулақ жүрген қарабайыр пенде екенімді анық білемін. Сонда да сағыныш лебімен желпіп өткен әлдебір толқынның кеудемді дүбірлете жетіп, ән деп айтуға келмес уілді әуеннің туғанын және сезем. Сезем де осынау екі әуен-сазбен емес, қарабайыр уілімді оңаша ыңылыммен Шәкеммен тілдесіп отырғандай баяу ғана созатынмын.
«Қайда жүрсің, аяулым?» деп сағынтып оралатын шағымды қиялдана елестеткенімде, мәре-сәре тірліктің айдын көлінде қалықтап жүзген қос аққудай екеуміздің суретіміз су бетінде шағылыса қаларына сенетін де едім.
Кейде бір ойламаған жерден, күтпеген тұстан жарқ етіп, оқыс тірілетін ғажайып қуаныш болады. Мен сондай қуаныштың құрсауына бөлендім. Сондайда қуанған адамның ақжарқын жүзіндегі ашық нұрға бас иіп, құрмет көрсететіндердің саны көп болар-ау деп ізгілік іздегіш көңілмен арқаланып кететінмін.
Жазғы каникулімде көзіне операция жасатып ауруханада жатқан шешемнің хал-жағдайын білейін деп Алматыға ұшып келдім. Операциясы сәтті өтіп, шешем көңілді жатыр екен. Дәрігерімен сөйлесіп, екі күннен кейін ауылға алып кететін болдым. Қуанышымда шек жоқ.
Осы бір желпінісім Сыдық Мұхамеджановтың үйінде отырғанымда көңіл күйімді тербеп алды ма, түскі тамақтан кейін пианиноның клавишаларын тере бастадым. Ағам елең ете құлақ түргенін көріп, Шәкеме арналған екі уіл әуенімді бар өнерімді салып айтып бердім. Уілімнің соңғы сөзін көмейімнен үзіп шығарып, сазгер ағама көз қиығын жағалаттым.
Бұл әуенің кімдікі?.. Өзіңдікі ме?..
Иә, өзім шығарған болдым...
Әй, інім, мынандай шатпақтауыңмен батпақтауыңды қой. Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетерін ескер. Әрнеге бір жүгірме. Әсіреқызылдыққа салынба босқа. Анау бір әуенің шешеннің «Нохчи вальсіне» ұқсап кеткен. Әртүрлі жамаумен құрақ көрпе жасағандай болыпсың. Ондай жеңілтектіктен сақ бол. Сенің ұлы Мұхаң таныған болашақ қаламгерлік қадамыңнан алшақтама. Әлаулайды маған-ақ қалдыр. Сөйт, Софыжан!
Не дейін. Өзім құдайдай табынатын сазгер ағамның кесігіне келіскендей үнсіз ғана бас изедім де, бөлмеден шығып кеттім.
Ойым он саққа бөлінді. Өзімді бұрын аспан мен жердің арасында ән мен жырдың, тылсым сырдың періштесімін деп шалқып жүруші ем, қара жерге етпеттей құлағанымды сездім.
Қусаң – жете алмайтын, қашсаң – құтыла алмайтын мәстек жылдардың уыс толмас жабағы жалына жармасқан тіршілігімнің күйкілігіне көзім жеткендей, еңбектедім де қалдым. Екі уіл-әуенімнің мәтіні жазылған қағазды төрт бүктеп қалтамның тар қуысына тықтым. Ағамның ескертуі – нағыз адалдықтың өзіндей көрініп, көңілімнің асып-тасуын су сепкендей басты да тастады. Шәкем-Шахминама жамаулы құрақ көрпедей шала-шарпы әлденені ұсынып, махаббат атты ұлы сезімнің пәктігіне дақ түсіре жаздаппын-ау.
Сөйтіп мен бұл жартыкеш жамау-жасқауды Шахминама көрсетпей-ақ қояйын деген пікірге тірелдім.
Ал менің сүйікті жарым өзіне арнап шығарылған кеудемнің екі толқын уілін естімек түгіл, сезбестен дүниеден өтті де кетті.
Келесі бір жинақты құрастыру мақсатымен қағаздарымды ақтарып отырып, әбден сарғайып кеткен, осыдан тура алпыс жыл бұрын жазылған бір парақ қағазды оқығанымда, көзімнен сорғалаған жасты біразға дейін тыя алмадым.
Қағазға жазылған сөздер де, өзімнің өкпемді өшіре уілдей созған саздар да Сыдық ағам айтқандай жамау-жасқау дүние емес екен. Бұл сарғайған сары жапырақ қағаз – сарғайтқан сағыныштың мөлдіреген ып-ыстық тамшысы екен. Сонау алпыс жыл бұрынғы жастық шағымның жасыл жайлауынан көкірегімді тесіп өткен іңкәрлігімнің көкке қанат қаққан көгершіні екен. Алаулап атқан таңға қуана қарайтын жас жігіттің күрсінісінен гөрі күлкісін көбейтіп, сергітіп оятар әуелеген ән мен күмбірлеген күйдің жаңғырығы екен. Түн түнегін түріп ашқан арай таңның боз далаға боздатып салған бозторғайының мөп-мөлдір таза әні де екен. Мөлдірліктің түсінің, тазалықтың әлпетінің қандай болатынында жұмысым жоқ. Бірақ алпыс жыл бойы тұншығып жатқан кәрі кеудемдегі жас уілдің әсем әуенмен серпіліп оянғанын түсіндім.
Енді мен осы екі уіл – әуезді нотаға түсіртіп, көпшіліктің көңіл таразысына тартпақпын. Кім білсін, мүмкін әлдебір құдыреттің нишаратымен кейбір жастардың көңілінен шығып, көкейіне оралар. Оралар да менің уілім ән болып ауада қалықтап, Шәкем рухына дем беріп жетер.
«Қартайдық, қажыдық!» деп үнсіз тынғанда не табармын. Кешегі қыран саңқылынан адасып қалсақ, Аллаң берген дарын ба, талант па – бір қабылетті ұсақтап жүрмейміз бе?..
Сен мендесің, келем сақтап,
Жүрегімнің түбінде.
Аялаумен алғам баптап,
Қос дауысты бір үнге.
Өрт кеудемді сөндірмейді,
Сенің мөлдір қарасың.
Тапқанымды ел білмейді.
Жан мен жаның жарасым.
Қамығып мұңайма, сағынып оралам әлі-ақ қасыңа жатуға, Шәкем – Шахминам...
Достарыңызбен бөлісу: |