СөЖ 6: «Тиімді оқыту мен оқу»



бет1/6
Дата22.12.2022
өлшемі62,19 Kb.
#59038
  1   2   3   4   5   6
Байланысты:
6-10 сөж қазақ тілі


СӨЖ 6: «Тиімді оқыту мен оқу»
Бүгінгі таңда еліміздің ел болып, көк туымызды биікке желбіретіп, тәуелсіздігімізді шарықтата, егемендігіміздің еңсесін биік ұстай отырып ұлтымызды болашаққа бастар - келешек ұрпақ болып табылмақ. Дана қазақ ежелден бесіктен белі шықпаған балаға халықтық дәстүр мен халықтық өнерді бойына сіңіріп отырған. Бұғанасы қатпаған балаға «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп шешендік өнер мен тұрмыстық тәлім-тәрбие беріп отырған. «Баланы жастан» деп бала тәрбиесін ежелден ерекше назарға алған.
Бүгінде қоғам мен заман дамуда. Соған байланысты осы таңдағы қоғам алдындағы басты мәселе болып отырған – жас ұрпақтың саналы тәрбие мен сапалы білім алуы. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Білімді, сауатты адамдар – бұл ХХІ ғасырды адамзат дамуы көшінен қалмай ілгерілеу күші» деген еді. Білім саласының дамуы көшінен қалмай ілгерілеу басты мақсатымыз. Сол көшке ілесе алмасақ, бізге сын. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында, жас ұрпақты болашақ өмірге сеніммен аттандыру ұстаздың қолында. Ұстаз осы жолда аянбай еңбек етіп, тынбай ізденуі, оқытуға қажетті жаңа, тиімді әдіс-тәсілдерді іріктеп, сұрыптап алуы шарт. Осы мақсатта Тиімді оқыту теориясының «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» модулінің берері мол. «Балалар өзінің түсінігін өзіндік зерттеулері мен әлеуметтік өзара байланысқа сәйкес құратын белсенді білім алушылар болып табылады» [1, б. 12] демекші бала білім беру үрдісіндегі басты тұлға. Біз оған тек дайын білімді беріп қана қоймай, өз сана-сезімімен түсіне отырып алуына мүмкіндік жасауымыз керек. Мұғалім оқушыны оқыту үрдісін бастамас бұрын «Қалай оқыту керектігін» басты мәселе қылып алуы тиіс. Осы мәселені шешуде «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» модуліне жүгінген абзал. Тиімді оқыту теориясындағы бұл модуль «Диалог негізінде оқыту және оқу» (Mercer, 1995; Alexander, 2008), метасана немесе «Қалай оқу керектігін үйрету» (Flavell, 1976; Vygotsky, 1978) деген атаулармен танымал педагогикалық тәсілдер әлеуметтік-сындарлылық идеяларының қазіргі заманғы маңызды түсіндірмелері ретінде қолданылады»[1, б. 12] деп баса айтылған. Бұл модульде оқытудың қозғаушы күші – метатану екендігін, ал метатану үдерісін игертуде мұғалім оқушыға білім міндеті қоятын талаптарды түсінуге жеке ойлау үдерістерін және олардың жұмыс қағидаттарын зерттеуге, міндеттерді орындау стратегияларын әзірлеуге және ойластыруға, нақты міндет үшін сәйкес келетін стратегияларды таңдауға көмектесетінін атап өткен. «Қалай оқу керектігін үйрету» бөлімінде сыныпта оқып үйрететін білім ортасын құру қажеттігін, яғни балалардың оқу үдерісін түсінуін, нені оқу керектігін түсінуін, оқу үдерісін қалай құрылымдау қажет екендігі туралы ұғымның қалыптасуын, оқу нәтижелілігін бағалау мүмкіндігін игеруін қарастырады. Осы кезеңде мұғалім балалардың қалай оқитынын назарда ұстауы, Яғни Чиксенмихайдың «өзіндік мақсат» деп атайтын, Райан мен Декидің «ішкі уәж» деп аталатын қасиеттерінің болуына жағдай жасалуы қажет екендігін айтқан.
Мұғалімнің оқушының оқу үлгерімін ғана емес, түсініп оқуын ескеретін оқу үдерісі материалды терең игеруге мүмкіндік беретін оқыту мазмұнының және тізбектелген сабақтар топтамасын жоспарлау үдерісінің үйлесімділігі де осы бөлімде қарастырылады. Бұнда «Мұзтаумен» салыстырыла отырып, өз пәнінің хас шебері бола білген мұғалімдер оқушыны да пәнге терең бойлатып, метатану қабілеттерін қалыптастыра отырып, пәннің түпкі қазығын игеруіне мүмкіндік жасайтындығы дәйектеледі.
Сыныптағы диалогтың маңызы бөлімінде Мерсер, Литолтон, Выготский еңбектеріне сүйене отырып, сыныптағы мұғалімнің сұрағы, оқушының жауабы, мұғалімнің қолдауы емес, бірлескен сұхбаттың әлдеқайда тиімді екендігі, әңгімелесудің тек сұрақ-жауап ретінде емес, әңгіме-дебат, зерттеушілік әңгіме, топтық әңгіме түрінде жүргізілгенде ұжымдық түсіну мен білім беруге қол жеткізетіндігіміз, оқушыға қарапайым сұрақтар емес, сұрақ қоюдың техникаларын пайдалана отырып, түрткі болу сұрақтарын, сынақтан өткізу, қайта бағыттау сұрақтарын қойсақ, мұғалім тек сұрақ қою арқылы оқушыларды сындарлы сөйлеуге ынталандырып, олардың шынайы қызығушылығы мен сезімдерін анықтайтындығы егжей-тегжейлі қарастырылған.
Білім үдерісінің нәтижелі болуы мұғалімдердің оқушы өздігінен меңгеріп, таныта білген білім дағдылары мен амал, көзқарастарын зейін қойып, зерделей білген білім модельдері аясында ғана жүзеге асырылады. Осы ойды жадымда ұстап оқушылардың алған білімдерін болашақтарына керек екендігін ескеріп, оқушылардың жас ерекшелігі мен, деңгейлерін және сыныптың ахуалын негізге ала отырып, тапсырмаларды мағыналы таңдауға тырысамын. Мәселен, «Сайын Мұратбеков «Қылау» әңгімесіндегі Сатай мен Рабиға бейнесі» тақырыбында өткізілген сабақ. Сабақты «Қылаулап жауған қар» бейнебаянын көрсетіп, түрткі сұрақтарын қойып, бейнебаяндағы бейне немен байланысты екендігі тақырыбында топтық әңгіме жүргізілді. Әңгіме білім алмасу мақсатында жүргізіліп, әр топ мүшелері бір-бірінің пікірлерін төзімділікпен тыңдай алды. Үй тапсырмасын сұрау бөлімінде «Блум кубигі» әдісі бойынша кубтың үш қырына «Не үшін сатай Рабиғаға батыр болып көрінгісі келді?», «Сатайдың Рабиға ауылына қайта бару себебін түсіндір», «Әңгімедегі қазақша мезгіл атауларын атап бер» тәрізді Блум өлшемдеріне негізделген түрткі сұрақтары жазылса, келесі үш қырына «Ал, сіз Сатайдың орнында болсаңыз не істер едіңіз? Өз ойыңызды ұсыныңыз», «Моланың қасынан өткенде қорықпаудың амалын ойластыр», «Сатай мен Рабиғаның мінезі туралы ойыңмен бөліс» тәрізді сынақтан өткізу сұрақтары жазылды. Бефель оқушылардың алған ақпаратты сақтауының орташа пайызын көрсеткенде оқу арқылы тек 10 % түсінеді деген еді, сондықтан сұрақтарды оқыған ақпаратты ары қарай талдап, оның мән-мағынасын түсіну, ой елегінен өткізу мақсатында алдым. Оқушылар бұл сұрақтарға жауап беру арқылы әңгіменің негізгі түйінінің неде жатқандығын, оның тәрбиелік мәнінің неде екендігін түсініп, тілдік-көркемдік ерекшелігін анықтады. Сұрақтарға жауап беруде зерттеуге алған оқушыларымның ішінде М. есімді оқушы «Сатайдың Рабиға ауылына қайта бару себебін түсіндір» сұрағына Сатайдың Рабиғаға жаны ашығандығын, оны қасқыр жеп кете ме деп қорыққанын, Сатай мен Рабиға арасында қылаулап достық басталғанын айтты. Осы жерде оқушының әңгіме мазмұнын жете түсінгендігі, оны өз пікірінше талдай алғандығы көрінді. Ал, А. есімді оқушы «Ал, сіз Сатайдың орнында болсаңыз не істер едіңіз? Өз ойыңызды ұсыныңыз» сұрағына «Сатайдың орнында болсам, Рабиғаға жақсы болып көріну үшін қоспа сөздер айтпас едім, шынайы қалпымда өз-өзімді көрсетесм де, Рабиға дос болар еді. Себебі Рабиға кішіпейіл қыз және Рабиғаны жолайрықта тастамай үйіне апарып тастар едім. Сонда қайтып баруға тура келмес еді» деп, сыни ойлай отырып, әңгіменің шиеленіскен түйінін өз пікірі бойынша шеше білді, өзіндік көзқарасын айта білді.
«Барнс (1971) сыныпта тіл қаншалықты қолданылса, оқушылардың оқуына соншалықты әсер ететіндігін айтады. Барнс оқытудың мұғалімді селқос тыңдағанда ғана емес, вербалды құралдарды қолдану нәтижесінде, яғни сөйлесу, талдау және дәлелдеу барысында жүзеге асатынын көрсетті» [1, б. 39] деп көрсеткендей сабақтың өн бойы оқушы мен мұғалім, оқушы мен оқушы арасындағы диалог негізінде құрылатындығы анық. Сабақтағы тиімді диалог жүргізілген топтық жұмыс жасау барысында көрініп отырды. Топтарға түрлі тапсырмалар берілді, 1-топқа «Әңгіме желісі бойынша постер қорғау» тапсырмасы беріліп, оқушылар әңгіме желісін постер бетіне суретпен бейнелеуге тырысты. Бұл топ оқушылары өз түсініктері бойынша әңгімедегі маңызды деген оқиғаларды суреттеуде жаңылысып жатты. Осы кезде 2-топтағы Д.есімді оқушы «Бір сөйлеммен қамты» әдісімен бағалаған кезде «1-топ бүгін өз постерінде әңгімедегі негізгі ойды аша алмады» деп бағалаған уақытта, «Ал, сіз негізгі ойды қалай ашар едіңіз?» деп Д.есімді оқушыға қайта бағыттау сұрағын қойып, оқушыдан «Бұлардың орнына Сатайдың шанаға кетіп бара жатқанын, Рабиғамен кездесуін, Рабиғаның оқулық сыйлауын суреттесе, әңгіме түйіні ашылар еді» деп, өзінің сыни ойлап, көлемді ойдан өзіндік түйін түйіп, ой жинақтай алатындығын, тақырыпты меңгергендігін байқатты. 3-топ оқушылары «Сатай бойындағы қай сәт сендердің өз бастарыңнан өтті? Әкесінің ақылы Сатайды неге ызаландырды?
Сатайдың мектеп туралы ойлары қандай? Осыған өз көзқарастарың қандай? Сатай Рабиғаға деген балаң сезімін қалай білдірді?» түрткі сұрақтарына жауап беріп, топтағы оқуында кедергісі бар М. есімді оқушы өз еркімен ынталанып, топтық әңгімеге қатынасып, өз пікірін білдіріп жатты. Ал, 3 топтағы жоғары деңгейлі А. есімді оқушы «Әкесінің сұрағы Сатайды неге ызаландырды?» сұрағына әкесі Сатайды жауапкершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеп жатқандығын, Сатай бұл жерде түсіністікпен қарау керектігін айтып, моральдық тұрғыдан пайымдай отырып, өз пікірін білдірді және өз пікірін бүгінгі өмірмен байланыстыра өздерінің де үлкендердің айтқанына үнемі келісе бермесе де, тыңдауы керектігін, себебі олардың балаларына жамандық ойламайтындығын айтты. Оқушылар бір-біріне сұрақтар қоя отырып, пікірлерін дәлелдеді, топ оқушылары ортақ шешімге келе отырып, топта зерттеушілік әңгіме жүрді. Бұдан топ мүшелерінің арасында ынтымақтастық атмосферасының қалыптасқандығын, әркім өзінің және өзгенің пікірін бағалай білуге үйренгенін байқадым. Сабақ соңында «Бүгінгі сабақтан алған әсерің қандай?» түрткі сұрағын қойып, кері байланысқа «Болоб ағашын» ұсынғанымда оқушылардың барлығы дерлік өздерін ағаштың басында отырғандығын бейнеледі. Ал, зерттеуге алынған орта деңгейлі Н. есімді оқушы өзін ағаш маңында шеттен бейнелепті. Оқушының өзін осылай бейнелеуі әрине мені алаңдатты. Бұл менің келесі сабақта әрекет етуіме түрткі болды. Келесі сабақта оқушының назарын сабаққа аудару үшін бірнеше қайтара түрткі сұрақтарын Н. есімді оқушыға қайта бағыттап, оқушыны сабаққа тарттым. Сабақ соңында оқушы белсене араласып, топтық әңгіме жұмыстарына қатысып жатты. Бұдан оқушының алғашқы күнгі өз бағасынан кейін өзіндік бағасы артқанын, келесі сабаққа қызығушылығы жоғарлағанын байқадым.
«Әбділхамит Марқабаев «Ғарыштағы қымыз» әңгімесі» тақырыбында өткізілген сабақта оқушыларға «Фантастика» дегеніміз не? деген түрткі сұрақ қоюдан бастадым. А есімді оқушы өз түсінігі бойынша фантастика туралы айтқан кезде, оның жауабын толықтыру, өз идеясын дамыттыру мақсатында «Қазақ ауыз әдебиетінде фантастика болды ма, болса қандай?» деп сынақтан өткізу сұрағын қойдым. Оқушы халық ауыз әдебиетінде фантастика жанрының болғандығын, оған қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінің Ертөстіктің, Керқұла атты Кендебайдың мысал екендігін айтты. Кейін осы сұрақты басқа оқушыларға бағыттау үшін «Кім өз идеясын қоса алады?» деп қайта бағыттау сұрағын қойып, барлық оқушыларды сабаққа тарттым. Оқушылардың қосқан идеяларынан олардың өткен тақырып пен бүгінгі ақпарат арасында байланыс орната білгендігін, яғни оларда ой жүйелілігінің қалыптасқандығын көрдім. Сабақта оқушылар топта жұмыс жасады. Топта ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырғаннан соң, топ оқушылары белсене қатысатындай тапсырма беруім керек болды. Топтарға түрлі тапсырмалар бере отырып, 1-топқа «Әңгіменің І бөлімін оқып, мазмұнын баянда», 2-топқа «Әңгіменің І бөліміне жоспар құрып, сюжеттік композициялық құрылысына қарай талда», 3-топқа «Уйкипедиямен жұмыс жасау арқылы «Кезбе тілші» әдісімен көрсетілім дайында», 4-топқа «Ақсақалдың монологы» тақырыбы бойынша әңгіме желісі бойынша көрініс қой» тапсырмалары берілді. Топ оқушылары өздеріне берілген тапсырмаға жауапкершілікпен қарап, қызығушылықпен орындады. Әсіресе, топтың ортақ шешімін айту, топпен жұмыла сөйлеу, өз жұмыстарын қорғау барысында әр оқушы ақылға қонымды мәлімет ұсынып, қатысушылар сұрақ қойып, айтқандарын дәлелдеп, зерттеушілік әңгіме жүргізді. Зерттеуге алған оқуында кедергісі бар М.есімді оқушы әңгіме мазмұнын оқып, баяндауда белсенділік танытып, бар ынтасын сала әңгімеледі. «Білімге бағдарланған оқу ортасында мұғалімдер үстірт оқуға емес, терең білім алуға ынталандырады» [1: 33] дегендей оқушы тек түсінгенін баяндауға ғана емес, негізгі ойды айта білуге бағыттап сұрақтар қойдым. 3-топтағы зерттеуге алынған жоғары деңгейлі А.есімді оқушы өзін көшбасшы ретінде танытып, лезде ғаламтордан Оңтүстік Африкаға түскен бөгде ғаламшарлық туралы мақала тауып, оны «Кезбе тілші» әдісімен қойылымдап қоя білді. Бұнда оқушылар еш дайындықсыз бірінің ойын бірі жалғап, сыни ойлай отырып, астастырып сөйлей білді. Бұдан тізбектелген сабақтар топтамасының 3 сабағында зерттеуге алған жоғары деңгейлі А. есімді оқушының өзін көшбасшы ретінде қалыптастыра алғандығын, кез-келген тапсырманы өз деңгейінде орындауға бейімделгендігін байқадым. Сабақ соңында «Сұрақтар шеңбері» әдісі бойынша оқушылар екі шеңберге тұрып, бір-біріне қарама-қарсы тұрып, сабақ бойынша өткен материалдардан түрткі сұрақтарын қойды. Оқушылар сұрақтарға жауап берерде дәлелдер мен дәйектер келтіріп жауап бере алды. Бұдан оқушылардың тақырыпты толыққанды меңгергендігі, яғни менің сабақтан күткен нәтижем өз жемісін бергендігі аңғарылып тұрды.
«Әбділхамит Марқабаев «Ғарыштағы қымыз» әңгімесінің тақырыбы мен идеясы» тақырыбында өткізілген сабақта «Ғарыштағы қымыз» әңгімесінің мазмұнын сұраған кезде «Ыстық орындық» әдісін пайдаландым. Онда тақтаға тірек сөздер жаза отырып, оқушылар бір-бірлеп орындыққа отырып, әңгіме мазмұнын баяндады. Кейін оқушылар тақырып бойынша түрткі сұрақтарын қойып, бір-бірінің сұрақтарына жауап берді. А.есімді оқушыға «Ыстық орындыққа» отыру кіп-кішкентай балаға үлкен жауапкершілік артқанын, оқушы орындыққа отырғанда ойын жинақы, автор тілімен төселе жеткізгісі келгенін байқадым және сыныптағы басқа оқушылар да оған сұрақ қойған кезде оған тілекші боп, орындықтан тез тұруын қалап, сыныптағы ынтымақтастық атмосферасының орныққаны көрінді. Ал, зерттеуге алған орта деңгейді Н.есімді оқушы мен төмен деңгейлі М.есімді оқушылардың сабаққа белсенділігі артып, қызығушылық танытқаны қуантты. М. есімді оқушы ұйымдастырылған әр жұмысқа ықыласпен қатынасып, өзіне жауапты тұлға ретінде қарап жұмыстанды.
Мектептегі тәжірибе кезеңінде оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып көргенде өз тәжірибеме өзгеріс енді. Осы әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы қол жеткізген жетістіктерімнің бірі ретінде оқушылардың сабаққа деген қызығушылығының артуына, оқушылардың өз ойларын жеткізуде едәуір төселіп, жаттығуына, өздерін көшбасшы ретінде қалыптастыруына, өзімнің оқушыға қойған әр сұрағыма, оның берген жауабының бүге-шүгесіне дейін ойлануыма оң әсер етті. Харгривис пен Гэлтон сұрақ қойылғаннан кейінгі кідіріспен қатар мұғалім оқушының жауабын алғаннан кейін де кідіріс жасау керектігін айтқандай сабақта оқушы жауабын байыппен тыңдауға үйрендім. Әрбір сабақты өмірмен байланыстыра отырып өткіздім. Қалай оқыту керектігі жөнінде тынбай іздену бағытында алғашқы қадам жасадым. Осы арқылы белгілі бір қорытынды жасауға жетелей отырып сөздік қорын арттырып, сыни көзқарастарын қалыптастырдым.
Жаңа тақырыпты меңгеру және қайталау, кері байланыс жасау кезінде де сыныптағы оқушылардың бірлескен сұхбаттың тиімділігін көрсететін жеткілікті дәлелдер бар. Олар: өзін-өзі реттеуді, қалай оқу керектігіне жоспар құруды, берілген тақырып төңірегінде ой бөлісуді, бір-бірлерінен әртүрлі идеялар туралы мәлімет алмасуды, белгілі мәлімет жөнінде бір-біріне түсінуге көмек беруді, әр оқушы өз ойын дәлелдеп үйренді және дәлелдеп сөйлеуге дағдыланды. Оқушылар бір-бірімен пікірлесіп жатқанда мұғалім олардың ойлау деңгейі қандай дәрежеде екендігін байқауға мүмкіндік алады. Оқушыларға қызықты және тақырыптың негізгі түйінін ашатындай етіп сұрақтарды қоюға, олардың диалог арқылы тығыз қарым-қатынасқа түсу арқылы сөздік қорын дамытуға әркез бағыттап отырады.
Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диалог сабақта оқушылардың қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қосатындығын атап көрсеткендей сабақта өткізілген диалогтың нәтижесін соңғы сабақтағы тест жұмысына берген оқушылардың жауабынан олардың білім сапасының да артқанын көруге болады.
Ойымды қорыта келе, оқытудағы жаңа әдіс тісілдер арқылы сабақ барысында нәтижелі білімді игерту кепілі дегім келеді. Яғни диалогтік оқыту мен қалай оқу керектігін үйрену және үйрету бір- бірінен ажырамас, бірін-бірі толықтыратын оқу екенін түсіндім. Нәтижесінде оқушылар өз ойларын нақты жеткізуге тырысып, сөздік қорын байытады. Бұдан оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдер арқылы оқытудың мүмкіндіктерінің пайдасының зор екендігін анық мойындаймын. Алдағы уақытта өз тәжірибемде жаңа әдіс-тәсілді енгізу үшін Блум таксономиясын, инсерт әдісін, дебатты жиі қолданамын деп жоспарлап отырмын. Себебі болашақта оқушылардың ойлау қабілетін, диалогқа белсенділігін арттырғым келеді. Қазіргі дамыған ХХІ ғасырда заман талабына сай бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде аталған әдістің берері мол екендігін өткізілген тізбектелген сабақтар топтамасында қолданған әдіс-тәсілдерімнің тиімділігіне көзім жетті. Болашақта жаңа заманға сай жаңашыл ұстаз болу үшін оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді кеңінен пайдалану үшін өзімнің теориялық білімімді одан әрі шыңдап, оны тәжірибеде қолдану бағытында жұмыстанатынымды айтқым келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасы. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші базалық деңгей. ІІІ басылым. «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет