БУНАҚТЫҢ ҚҰРАМЫ Сөйлеу кезінде бір бунақ құрап айтылатындар алдымен күрделі сөздер және әр түрлі
жолдармен тіркескен сөздер. Атап айтқанда:
1. Біріккен сөздер:әргім (жазылуы – әркім)‚ әрғашан (әрқашан)‚ әлдегім (әлдекім)‚ әлдеғашан (әлде қашан)‚ бетпұрыс (бетбұрыс)‚ әңғұмар (ән құмар)‚ қаңғұмар (қан құмар)‚ жаңгешті (жан кешті)‚ алтыңғабақ (алтынқабақ)‚ үйгүшүк (үйкүшік)‚ орұмбасар (орынбасар)‚ жыламбас (жыланбас)‚ қозғұйрық (қозықұйрық)‚ көкөйгесті (көкейкесті)‚ шегара (шекара)‚ Дошшан (Досжан)‚ Доспол (Досбол)‚ Сәтпай (Сәтбай)‚ Талдығорған (Талдықорған)‚ Сарағаш (Сары ағаш)‚ Тілебалды (Тілепалды)‚ Қыжжібек (Қыз Жібек). Бірсыпыра біріккен сөздер аралығындағы дауыссыздар айтылуына жуықталып жазылып жүр:
қолғабыс‚ қолғанат‚ жарғанат‚ алағаншық‚ қарағұс‚ қолғап‚ неғып‚ саргідір‚ таңғұт‚ жегжет‚ әнеугүні‚ алагеуім‚ алагөбе‚ алагүдік‚ бүгін (бұл күн). “Қазақ тілінің орфографиясының “негізгі ережелерінің” соңғы вариантындағы (1983) елеулі
өзгерістің бірі мынадай: ә) екінші сыңары к‚ қ дыбыстарынан басталатын кейбір кісі аттары екі
түбірдің үндесуі ыңғайына қарай жазылады... Алдыңғы түбір дауысты дыбыстар мен ұяң‚ үнді
дыбыстарға аяқталғанда келесі түбірдің басқы дыбыстары ұяңдап‚ ғ‚ г болып айтылса‚ ғ‚ г әріптері
жазылады. Мысалы: Амангелді‚ Нұргелді‚ Төрегелді‚ Нұрғожа‚ Есенғұл‚ Қарагөз‚ Ботагөз‚ Айғыз.
Ал қатаң түрде айтылса‚ к‚ қ әріптері жазылады. Мысалы: Әбілқайыр‚ Әбдіқадыр‚ Әбілқасым‚
Қаламқас‚ Бибікамал‚ Шәмшіқамар”. Бұл өзгеріс “екі түбірдің үндесу ыңғайын”‚ яғни олардың бір
ырғақтық топ құрап айтылуын ескеруге негізделгенін аңғару қиын емес. Өйткені жастар жағы
Қаракөз‚ Меңдіқыз‚ Ақмарал‚ Ақмола‚ шекара‚ көкөніс деп‚ жазылуындағыдай айтуды дәстүрге
айналдырды. Бұлай айту‚ әрине‚ тілдің табиғи жарасымына қиянат.
2. Қос сөздер:қорағора (қора-қора)‚ көрөгөрө (көре-көре)‚ беспестен (бес-бестен)‚ етегжең (етек-жең)‚ бірдембір (бірден-бір)‚ қызғырқын (қыз-қырқын)‚ үлкөңгіші (үлкен-кіші)‚ қолмағол (қолма-қол)‚ көзбөгөз (көзбе-көз)‚ қараптаңғарап (қараптан-қарап)‚ көптөңгөп (көптен-көп). Еліктеуіш қос сөздердің құрамындағы қатаң дыбыстар өзгеріске ұшырамайды: жарқ-жұрқ‚ жалп-жалп‚ дүңк-дүңк‚ ыңқ-ыңқ‚ зып-зып. Тез айтқанда қатаңдар ұяңдануы мүмкін.