Екпін.
“Сөз ішінде бір буынның күшті айтылуын екпін дейміз. Қазақ
тілінде екпін сөздің соңғы
буынына түседі”. Бұл – бізге мектептен таныс қағида. Мұның өзі бүкіл түркологияда бір жарым
ғасырдан астам уақыттан бері айтылып‚ қайталанып келеді. А. Байтұрсынов та: “Қазақ
тілінде
екпін буыны сөздің я аяғында келеді‚ я аяғына таяу буын болып келеді”‚ – дейді. Деуін десек те‚
осы құбылыстың шын сырын түсіне алмай жүрдік. “Екінші ана тіліміз” деп жүрген
орыс тілінің
екпінін келістіре алмай қалатынымыз да содан болар.
Қ. Жұбанов “қай буында екпін барлығын белгілеу қиын” (62-б.) дей отырып‚ зерттеулерінде
екпінге көп мән берген.
Ә. Жүнісбек қазақ тілінің фонетикалық жүйесін мұқият зерттеудің нәтижесінде үндіевропа
тілдеріне тән осы құбылыстың орынсыз тықпаланып келгенін‚ түркі тілдерінде сөз екпінінің жоқ
екенін‚ оның қызметін бұл тілдерде сингармонизм атқаратынын дәлелдеді. Бұл әрине‚ түркологтар
тарапынан бірден қолдау таба қойған жоқ. Таяуда ғана жарық көрген елеулі еңбекте (Қазақ
грамматикасы. 2002 ж.) де екпін елеусіз қалмаған. Қазақ тілінде екпіннің
бар екенін және оның
сөздің тек соңғы буынына ғана емес‚ өзге де буындарына түсетінін дәлелдеп баққан. Оны
дыбысталуы бірдей (омоним‚ омофон)‚ бірақ түрлі сөз таптарына‚ түрлі
грамматикалық
категорияларға жататын сөздерді сөйлем‚ бунақ (сөз тіркесі) құрамында айту арқылы анықтайды
(102-б.).
Сөз екпіні бар дейтін болсақ‚ ол белгі сөздің өз бойынан табылса керек. Оны өзге сөздермен
қосып айту арқылы дәлелдер болсақ‚ бұл сөз екпіні болмай‚ тіркес (синтагма‚ фраза) екпіні болып
шығады. Бізше‚ бұл –
бунақ екпіні.