§5. ПЕДАГОГИКА МЕН ПСИХОЛОГИЯНЫҢ НЕГІЗДЕРІ
Адам өмірінде пайдаланатын кез-келген пәндердің негіздері - өздерінің ішкі мүмкіншіліктерінен тамыр алғанда ғана, өзінің методологиясынан дамитын жүйелері бар ғылыми пән ретінде қалыптасатындығы белгілі. Бұл – қағида, халық педагогикасы пәніне де тән ?! Олай болса, халық педагогикасы мен психологиясының негіздері дегеніміз не? Оны қалай және қайдан іздеуге болады? Өйткені, бүгінге дейін ‑ "халық педагогикасы ғылым емес, оның негіздері мен жүйелері түгіл - методологиялық теориясы да жоқ"- дейтін қалыптасып кеткен пікірлер бар ( Г.Н.Волков, этнопедагогика, 1974).
Жоғарыда айтылған халық педагогикасы мен психологиясының методологиясында көрсетілгендей, адамның тән қуатынсыз оның жандүниесі еселей дамып, жан-жақты жетіле алмай-тындығы түсінікті. Ендеше, халық педагогикасының негіздерін адамның өз бойындағы ішкі қасиеттерінен, нақтырақ айтқанда, оның Тән құрылысының дамуын белгілейтін физиологиялық кезеңдерінен алатындығымыз дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат екен. Себебі, адамның тән құрылысының жетілуі - тікелей физиология заңдылықтарына бағынса, ал жан дүниесінің рухтануы - тәлімдік тәрбиелердің ережелерінен нәр алатындығы анық. Олай болса, адам тәнінің физиологиялық өсу кезеңдері - тәлімдік тәрбиелердің негіздерін - яғни халық педагогикасының негіздеріне нәр беретіндігі аксиомалық шындық. Сондықтан да, адамның ержету жолдарындағы әрбір кезеңдердің өздеріне ғана тән тәрбие әдістері бар. Тіпті, өсу кезеңдерінің уақыт мерзімдері жеке-жеке даралана тұра, үзіліссіз тәрбие тәсілдерінің әсерімен өзінің біртұтас үндестіктерін жалғастыра береді. Енді адамның өсіп жетілуін қамтамасыз ететін оның жеті түрлі физиологиялық кезеңдері - ұрық тазалығы - ана құрсағындағы тоғыз ай - нәресте - балбөбек - сәбилік - балиғат - кәмлеттік – деп аталынатын жеті кезеңіне тоқталып көрелік. Мәселен, кез-келген тіршілік иесі ұрықтан, яки дәннен өсетін болғандықтан шартты түрде адам тәрбиесінің бірінші кезеңін - семья құруға дайындық және ұрық тазалығы - деп бастаймыз да, оны - халық педагогикасы мен психологиясының 1-ші н е г і з і ретінде қарастырамыз. Осы арада, міндетті түрде мынандай заңды сауалдар туындайды. Біз адам тәрбиесін бұлайша реттеуден не ұтамыз? Оның – ғылыми негіздеу мен жүйелеу әдістеріне қосар үлесі қайсы? Жасанды делініп отырған ғылыми педагогикадан айырмашылығы не ?
Бұл тәріздес аса күрделі сауалдарға - халық педагогикасы мен психологиясының ғылыми методологиясы мен екі түрлі жүйесін айқындайтын – психо-физиологиялық жаңа көзқараста ‑ бірсыдырғы тоқтаған едік. Енді, халық педагогикасы мен психологиясының негіздерінің көмегімен адам тәрбиесінің осы күнге дейін жұмбақ болып келген сырларын ашумен қоса, тіпті тісіміз батпай жүрген тылсымдарын да шешуге қолғабысын тигізеріне сеніміміз мол. Мәселен, тек халық педагогикасы мен психологиясының ‑ 1-ші негізі ‑ деп отырған семья құруға дайындық және
ұрық тазалығының өзі, қисапсыз қызық та, аса терең ұғымдардың мәнін ашады. Ең әуелі семья құрудың шын мәніндегі мақсаты мен мәніне жету үшін оған міндетті түрде табиғат заңдылықтарына сәйкес дайындалудың қажет екендігін түсіндіреді. Бұл қажеттілікті өзін-өзі сақтау инстинктісі арқылы, табиғатта жүрген түз тағылары да бұлжыптай орындайтындығын бәріміз де жақсы білеміз. Болашақ ұрпағы үшін олар бір ай бойы арнайы дайындалып, тіпті жандарын қиярлықтай күй кешетіндіктері белгілі. Ал, егер адамдар да ұ р ы қ т а з а л ы ғ ы н сақтау арқылы, қаншама қ а с і р е т пен қ а й ғ ы д а н құтылатындығын түсінсе, келешек ұрпағына ө з і жасап жүрген қ и я н а т т а р д а н тиылар еді.
Сонда, халқымыздың дәстүр-салттарында қалыптасқан тектік қасиеттерімізге қайта оралып, ұрық тазалығының көмегімен бүкіл генетикалық ілімнің ұсынатын телегей терең табиғат т ы л с ы м д а р ы н түгелдей алақанымызға қондырмақпыз. Міне, осынау ұғымдар тек айтқанға ғана жеңіл, әйтпесе көкжиегіне көз жеткісіз, қаншама құдіреттерді бауырына басқан өзі бір жатқан әлем емес пе?!
Ендеше, табиғаттың кешіре алмайтын тұрақты заңын бұзу арқылы, адамдар қатты қателесіп жүргендіктерін мойындайтын мезгіл жетті. Анашаны айтпағанда, тек арақ пен темекінің өзінен-ақ адам ұрпағының қаншалықты азып-тозып жатқанын уақыт көрсетіп отыр. Азғындаудың бұл түрлерін бәріміз де көріп те, күнделікті естіп те жүрміз ғой.
Тіпті қазіргі адамдар арақ пен шараптың қызығына құнығып, ұлдарымыз түгіл қыздарымыз да темекіні жілік майын жұтқандай сорып, бұл аз дегендей анашамен уланып жүрген тірі өліктердің ертеңгі ұрпағынан не күтуге болады? Оның үстіне айналадағы экологиялық апаттардың әсерлері тағы бар. Осылардың зардабынан бүгінгі дүниеге келіп жатқан сәбилердің қасыретінде шек жоқ.
Олардың 2.5% - тіпті тоғыз торқаның ішінде жан тәсілімін беріп өлі туып жатса, ал тағыда 20%-тейі аяқ-қолдары сал болып ақыл-ессіз азаппен күндерін кешуде. Өмірге тірі келді дегендерінің өздері де зейіндері әлсіз, зерделері таяз екендіктерін несіне жасырамыз.
Мінеки, осы қасіреттердің бәріне де алдыңғы буынның жауапты екенін ашық айтатын мезгіл жетті. Ей, адамдар ұрпақ қамын ойлап, ұрық тазалығы мен ана құрсағындағы тәрбиеге бет бұрыңыздар демекпіз. Бұл халық педагогикасы мен психологиясының алғашқы екі негіздері бүгінге дейінгі адам тәрбиесіне қолданылмай келгені өз алдына, сонымен қоса, адамдықтың м ә й е г і мен бекзаттықтың т е г і де, осы кезеңдердің ішінде жатыр. Ендеше, халық педагогикасы мен психологиясының негіздері тек адамның физиологиялық кезең-дерінен тамыр тартатынын ешуақытта естен шығармаған жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |