Іштей қарама-қайшылық. Баланың жанын жаралайтын психологиялық жаман әсерлер үнемi жалғаса берсе, оның iшкi қарсылығын оятып, бiрте-бiрте тұрақтанған қарама-қайшылыққа толы мiнез-құлқын қалыптастырады. Бұдан кейiн ол ешқашандай психологиялық хабарларды қабылдамайтын күйге ауысады.
Жалпы iшкi қарама-қайшылықтары мол адамдар ашуланса да, өкпелесе де, өрекпiп қызынса да өзiн-өзi тоқтата алмай ұзақ әуреленедi. Мұндай сәттерде ол мақсатты ой, елеулi қайырымдық жасау қаперiне де кiрмейдi. Қайта қолындағысын лақтырып, айналасындағысын сындырып, шамасы жеткендi талқандап жiберуге ұмтылады. Осы тұста жанындағы адамдардың бәрiне де тiл тигiзуден де тайынбайды. Мiне, ашулы адамдардың күйлерi осындай болмақ.
Ал, адамның көңiл-күйi екiншi бiр жайсыз жағадайда болғанда да, мәселен, қызғану мен көре алмаушылықтың күйiне ауысқанда да, жанындағылардың бәрiне сенiмсiздiкпен қарап, өзiнен-өзi секемденiп сергелдеңi мол iштей қарама-қайшылыққа ұшырайды. Бұндай жайсыз жағдайлар, адамды физиологиялық «әффектiлiк» күйге де түсiредi. Ол мұндай күйде өзiнiң не iстеп, не қойғанын байқамай да қалады.
Сондықтан адам атаулы ол үлкен бе, жоқ әлде кiшi ме бәрiбiр, өзара қарым-қатынастарында аса ұстамды да, мейiрiмдi болуға ұмтылу қажет. Адамды ашуландырып көңiл-күйiн бұзу қаншалықты оңай болса, ал оны жадыратып қайыра жақсы жағдайға түсiру, соншалықты қиын екенiн естен шығармаған жөн.
Әр адам осындай әдiлетсiздiктiң бар екенiн iштей түсiнiп, оған саналы түрде қарсы шаралар жасауды ұмытпаса, түптiң-түбiнде үлкен жетiстiктерге жетiп, өзiнiң адамдық күш-қуатын да сезiне бастайды. Бiрте-бiрте ол жаман көңiл-күйдiң құлы болудан да құтыла алады. Өзiнiң барлық iс-әрекеттерiн ашудан бұрын ақылға жеңдiретiндей жағдайға ауысады. Мiне, дер кезiнде жүргiзiлген психогигиенаның құдiретi мол шарапты да осы болса керек. Оның үздiк жақсылықтарға қол жеткiзер тұсы, бүкiл ел болып мәдениеттi тiршiлiктiң негiздерiне ұмтылумен жасалынатынын ұмытпауымыз керек. Сонда ғана өмiрiмiз өркендi де көңiлдi болмақ. Керек десеңiз қоғамға қажет бақыт жолы да осы.