Ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқытудың арнайы жағдайлары Ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқытудың негізгі міндеттері оқушылардың танымдық қызметіндегі және эмоциялық-ерік өрісіндегі кемшіліктерді барынша еңсеру, оларды өздігінше өмір сүруге, өндірістік еңбекке қатысуға, қазіргі заманғы қоғам жағдайында әлеуметтік бейімделуге дайындау болып табылады.
Жалпы білім беретін мектепте ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқытудың анағұрлым дәл келетін жағдайлары арнайы сынып жағдайы болып табылады. Арнайы сыныптар жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушылар үшін жеке сынып және орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушылар үшін бөлек сынып құрылуы мүмкін. Бұл оқушыларды бір сыныпта біріктіріп оқытуға да болады. Арнайы сыныпта «Олигофренопедагогика» мамандығы бар жоғары білімді дефектолог мұғалім жұмыс істеуі қажет.
Арнайы сынып жағдайында ақыл-ой кемістігі бар балаларды мектепте оқытудың ұзақтығы:
бірінші сатысы – 0 (даярлық), 1-4-сыныптар;
екінші сатысы – 5-9-сыныптар.
Егер мектепте бастауыш кәсіптік еңбекке дайындау үшін жағдай болса, онда 10-кәсіптік сынып ұйымдастырылуы мүмкін.
Даярлық сыныбына ұйымдастырылған мектепке дейінгі даярлықтан өтпеген 7-9 жастағы балалар қабылданады. Даярлық сынып белгілері жағынан ақыл-ой кемістігіне ұқсас басқа да бұзылыстары бар (психикалық дамуының тежелуі, әлеуметтік-педагогикалық қараусыз қалған, сөйлеудің ауыр бұзылыстары) балаларды қате қабылдаудың алдын алу мақсатындағы диагностикалық сынып ретінде де қызмет етеді. Едәуір даярланған оқушылардың оқуды 1-сыныптан бастауына болады.
Жеңіл ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған сыныптардың бірінші сатысында ақыл-ой кем оқушының тұлғасын жан-жақты психологиялық-медициналық-педагогикалық зерттеу, білім беру процесін ұйымдастырудың түрлері мен әдістерін әзірлеу мақсатында оның мүмкіндіктері мен жеке ерекшеліктерін анықтау жүзеге асырылады.
Екінші сатысында балалар жалпы білім беретін практикалық бағыты бар пәндер бойынша білім, әр түрлі бейіндегі еңбек дағдыларын алады. Әлеуметтік бейімдеуге және кәсіптік еңбекке даярлауға назар аударылады.
Оқу процесі оқушыларға сараланған және жеке тәсілдемені қолдана отырып, жүзеге асырылады. Саралау тәсілінің негізіне ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың педагогикалық жіктелуі (В.В. Воронкова бойынша) алынған. Бірінші, екінші, үшінші типологиялық топқа жататын оқушылар бір тақырып көлемінде оқиды, бұл ретте оқыту процесінде оларға сараланған тәсілдеме қолданылады. Ол, мысалы, вариативтілігінен көрінуі мүмкін:
4-ші типологиялық топтың оқушылары көбінесе оқытудың жеке бағдарламасына сәйкес басқа оқу тақырыбының аясында жұмыс жасайды. Педагог жеке-дара сипаттағы тапсырманы және жеке көмек шарасын ойластырады.
Төрт типологиялық топтардың оқушыларын оқытудың маңызды тұсы оқу жетістіктерінің әркелкі болу фактісі болып табылады, яғни әр баланың оқытудағы өз ісі болады. Мұны мұғалім оң нәтиже ретінде бағалауы тиіс.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқыту жеке оқу бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Олар баланы кешенді психологиялық-педагогикалық зерттеу негізінде сынып педагогімен және мектеп консилиумының мамандарымен жартыжылдықтан аспайтын мерзімге жасалады. Оқытудың жеке бағдарламасын іске асыру уақыты өткеннен кейін әрбір оқушының жетістіктеріне талдау жүргізіледі және келесі жарты жылдыққа арналған жоспарлау орындалады. Педагог әрбір оқушының жеке мүмкіндіктерін және оқу жетістіктері мен жеке жетістіктерінің мониторинг нәтижелерін ескере отырып, оқытудың мазмұнын, әдістерін, түрлерін, дидактикалық құралдарын өз бетінше таңдайды.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларды оқытудың мазмұны мыналарды: өзі туралы түсініктерді; өзіне өзі қызмет көрсету және өз тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету дағдыларын; қоршаған орта туралы және ортаға бейімделу туралы қолжетімді түсініктерді; коммуникативтік икемділіктерді; заттық-тәжірибелік және қолжетімді еңбек қызметін; практикалық бағыттылығы бар және тәрбиеленушілердің психофизикалық мүмкіндіктеріне сәйкес келетін жалпы білім беретін пәндер бойынша білімді қалыптастыруға бағытталған.
Бірінші сатыда оқу процесі пәндік емес оқыту негізінде ұйымдастырылады: барлық сабақтар біріктірілген сипатта болады және оқушыларды жалпы дамытуға бағытталған (коммуникативтік, қимылдық, сөйлеу, сенсорлық). Оқушылардың жеке дамуындағы алға жылжуына қарай пәндік оқытуға көшу жүзеге асырылады.
Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушылардың жетістіктерін бағалау кезінде білім беру процесін дараландырудың негізі болып табылатын сипаттамалық бағалау қолданылады (Ақыл-ойы кем оқушыларды критериалды бағалау бойынша әдістемелік ұсынымдарды Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА сайтынан қараңыз (www.nao.kz).
Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған сыныптарда білім алушылардың психофизикалық даму ерекшеліктерін және мектеп ресурстарын ескере отырып, қарапайым еңбек түрлеріне (қолөнер) оқыту ұйымдастырылады.
Еңбекке баулудың бейіні баланың психофизикалық ерекшеліктерін, дәрігердің ұсынымдарын және мектептің мүмкіндіктерін ескере отырып, жеке-дара анықталады. Қажет болған жағдайда еңбекке баулудың бейіні өзгеруі мүмкін.
Контингенттің жеткіліксіздігінен арнайы сыныптарды құру қиындықтары бар өңірлерде 1-2 жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушыны жалпы білім беретін мектептің қалыпты сынып құрамына қосуға болады. Бұл балаларды аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мамандарының немесе психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі мамандарының түзету арқылы қолдауымен қамтамасыз ету керек. Оқытудың кез келген ұйымдастырушылық түрінде, ең алдымен, баланың мүдделері ескеріледі. Ол арнайы педагогтің (олигофренопедагог) көмегін алуы керек, оқытудың арнайы әдістері мен оқулықтары пайдаланылған арнайы бағдарламалар бойынша оқуы керек.
Ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған арнайы сыныптың оқушылары екінші жылға қалдырылмайды. Ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған арнайы сыныптардың түлектері мемлекеттік үлгідегі арнайы куәлік алады.