Стамбекова жазира курмангалиевна



бет14/44
Дата14.09.2023
өлшемі6,09 Mb.
#107065
түріДиссертация
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   44
Байланысты:
stambekova-zh-k-phd-s-sp

Білім алу, оқу – адам әрекетінің бір түрі, оның мақсаты – адамның білім алуы, дағдыларды қалыптастыруы екені белгілі. Әрекеттің бұл түрінің зор мүмкіншілігі оның адамның психологиялық дамуына қуатты серпін бере алатындығымен танылады. Оқу әрекеті арнайы ұйымдастырылған модельде немесе адамның өз бетімен білім алуы моделінде келеді.
Тілдік қарым-қатынас жасау – адамның екінші адаммен/адамдармен ой мен сезім-эмоцияларын алмасу әрекеті. Тілдік қарым-қатынас жасау әрекеті тікелей немесе жанама, тілдік және ым арқылы, белгілер арқылы жүзеге асырылатыны белгілі.
Еңбек ету – әрекеттің соншалықты ерекше түрі, өйткені оның мақсаты – практикалық пайдалы нәтижеге қол жеткізу болып табылады. Белгілі бір мақсатты бағыт ете отырып, еңбек әрекеті сол мақсаттың нәтижесі адам өміріне пайдалы болуын көздейді.
Шығармашылық – әрекеттің өзіндік ерекшелігі мол түрі, шығармашылық үдерісінің нәтижесінде бұрын-соңды болмаған жаңаның жасалуы тиіс. Адам баласы өзінің білімі мен дағдыларына сүйеніп, олардың өзара ерекше байланысы негізінде жаңаны тудырады немесе өзінің қиялы мен сезімталдығын алдын ала сезгіш қабілетімен байланыстыра отырып, жаңа білім мазмұнын табуға немесе жаңа нәрсені жасауға ұмтылады.
Осы деңгейден ендігі кезекте педагогикалық әрекеттің табиғатын талдауға көшеміз. Педагогикалық әрекет осы көрсетілген әрекеттің барлық түрін қамтиды деп айтуға болады. Әрине, педагогикалық әрекеттің өзіндік ерекшелігі көп екендігі сөзсіз. Дегенмен, жоғарыда көрсетілген әрекет түрлерінің барлығын педагогикалық әрекеттің құрылымынан табуға болады.
Педагогикалық әрекет – кәсіби әрекет түрі, оның мазмұны оқытудан, тәрбиеден, білім беруден, түрлі оқу орындарындағы білім алушыларды дамытудан тұрады [74]. Педагогтің кәсіби әрекетінің негізгі мақсаты, педагогтерді дайындау стандартында атап көрсетілгендей, баланың оқып-білу қабілеттерін дамытып, ізденім дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Жалпы айтқанда, педагогикалық әрекет дегеніміз – алда келе жатқан ұрпақтың өзінің соңынан ізін басып келе жатқан ұрпаққа мәдени-тарихи тәжірибесін беруге бағытталған, жас ұрпақтың тұлғалық дәрежеде дамуы үшін және Абайдың «Сен де бір кірпіш, дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» дегеніндей, қоғамда белгілі бір әлеуметтік рөлдерді атқаруы үшін жағдайлар жасауға бағытталған әлеуметтік әрекеттің бір түрі.
Педагогикалық әрекет кәсіби және кәсіби емес педагогикалық әрекет болып бөлінетіні белгілі. Кәсіби педагог – арнайы ұйымдастырылған білім жүйесі негізінде оқу орындарында дайындалатын, мамандық иесі болып шығатын педагог болса, кәсіби емес педагогке ата-аналар, қоғамдық ұйымдар, ақпарат құралдары, мекемелер т.б. жатады. Әрекет теориясы тұрғысынан алғанда, педагогикалық әрекет дегеніміз білім беруші субъекті мен білім алушы субъектінің педагогикалық әрекеттерінің біртұтастығы болып табылады. Өмірлік маңызды қажеттіліктер педагогикалық әрекеттің білім алушы субъектісі мен білім беруші субъектісін педагогикалық әрекеттің мақсатын анықтауды және мотивтерін қалыптастыруды қажет етіп, белгілі бір іс-әрекеттерге жол бастайды.
Педагогикалық әрекеттің құрылымын зерттеген В.А. Межериков, М.Н. Ермоленконың ізімен біз де педагогикалық әрекеттің келесі түрлерін қабылдаймыз [75]. Авторлар өз еңбектерінде педагогикалық әрекеттің табиғатын жан-жақты талдай келе, оның құрылымы мен түрлерін келесідей деп көрсетеді.
Педагогикалық әрекеттің құрылымы:

  • әрекеттің мақсаты,

  • әрекеттің субъектісі - оқытушы/мұғалім;

  • әрекеттің субъекті-объектісі / білім алушылар;

  • әрекеттің мазмұны;

  • әрекетті жүзеге асыру тәсілдері;

  • әрекеттің нәтижесі.

Педагогикалық әрекеттің ең басты екі түрі – оқу мен тәрбиенің өзіндік ерекшеліктері мол екені белгілі. «Оқу мен тәрбие – егіз» деген ұлық мағыналы сөздің мазмұнында білім беру арқылы тәрбиелеудің жүзеге асырылатыны және тәрбиелеу арқылы белгілі бір ұғымдар мен түсініктер оқытылатыны білдіріледі. Ғалымдар осы оқу-тәрбие үдерісінде жүзеге асырылатын педагогикалық әрекеттің бірнеше функциясын анықтаған. Олар:

  • диагностикалық;

  • ұйымдық-болжам жасау;

  • конструктивтік-жобалаушы;

  • ұйымдастырушылық;

  • ақпараттық-түсіндірмелі;

  • коммуникативтік-ынталандырушылық;

  • аналитикалық-бағалаушылық;

  • зерттеушілік-шығармашылық [76].

Педагогикалық әрекеттің аталған барлық функциялары педагогикалық үдерісте жүзеге асырылады немесе іске қосылады. Ал педагогикалық үдерістегі орындалатын педагогикалық әрекеттің құрамында биік межелерді көздеген оқу мақсаттары мен ол мақсаттарға жетудің жаңа жолдары, жаңа педагогикалық тәжірибелер орын алатыны анық. Жаңашылдық – педагогикалық әрекетке тән қасиет. Біздің ойымызша, көпқабатты педагогикалық әрекеттің бір қабатында инновациялық әрекет әрдайым бар болып келеді. Өйткені педагогке, мұғалімге, оның педагогтік құзыреттілігіне қойылатын дидактикалық талаптардың бірі білім беру үдерісіне жаңалықты дер кезінде енгізуге даяр болу керектігі екені белгілі.
Педагогикалық үдерістің басты ерекшеліктерінің бірі әрдайым жаңаланып, дамытылып, жетілдіріліп отыратындығында десек, инновациялық үдеріс педагогикалық үдерістің ішкі қуат көзі болып табылуы тиіс.
Жоғары оқу орындарында оқып жатқан болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлаудың педагогикалық орындылығы инновацияның мемлекет тарапынан қолдау тауып отырғандығымен анықталады. Осымен де байланысты, болашақ мұғалімдердің өз педагогикалық әрекеттерінде әрдайым ғылымның жаңа жетістіктері мен жаңалықтарына бетбұрыс жасай білуіне қажетті дағдылар қалыптастыру керек. Бакалавриатта оқып жүрген кезінен бастап қоғамның өзгерістеріне кәсіби сезімталдықпен ден қоя біліп, заман мен қоғамның білім беру салаларына қойып отыратын жаңа талаптарына сәйкес ғылымның жаңа технологиялық жетістіктерін педагогикалық әрекетінде тиімді пайдалануға қалыптасуы тиіс.
Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін инновациялық әрекетке даярлау барысы дайын сүре жол емес, не болмаса анықтап алып жүре беретін бір ғана жол да емес. Аталған мәселе көпқырлы, күрделі педагогикалық жүйенің нақты мақсатқа бағытталған, арнайы ұйымдастырылып, басқарылатын технологиялық-әдістемелік жүйесін қажет етеді. Ол жүйе болашақ бастауыш сынып мұғалімін инновациялық әрекетке даярлаудың анықталған ғылыми-әдіснамалық бастау көздері мен сапалы да оңтайлы әдістемелік ортасынан құралады.
Педагогтің инновациялық әрекеті – кең ауқымды ұғым. Бір қырынан қарағанда, ол жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану шеберлігіне байланысты танылады. Келесі қырынан алғанда, жаңа әдіснамалық зерттеулер негізінде танылған әдістемелерді қолданумен байланысты болады. Ал үшінші қырынан алатын болсақ, ол ескірген білім беру стандарттарын жаңашылдандырумен байланысты танылатын әрекет болып табылады. Педагогтің инновациялық әрекеті – білім беру үдерісін ұдайы жаңартып, жаңа леп алып келетін, тоқырау мен тоқтап қалудан сақтайтын маңызды әрекет.
Бұл тұрғыдан алатын болсақ, әрбір өзінің экономикасының жүйелі дамуына, халқының жағдайын жақсартуға, әлеуметтік күрмеулердің болмауына немесе олардың игілікті шешілуіне мүдделі мемлекет үшін тұтас білім беру үдерісіндегі және жекелеген педагогтің инновациялық әрекеті басым орында тұрады. Инновациялық әрекет ұғымы «инновация» және «инновациялық үдеріс» ұғымдарының туындысы болып табылады. «Инновациялық әрекет» ұғымы өмірдің барлық саласында өзіндік ерекшелігіне сай қолданылатыны белгілі, мысалы ғылымдағы, білім беру саласындағы, экономикадағы инновациялық әрекет, медицинадағы инновациялық әрекет т.б.
«Инновация» туралы теорияны «Экономика дамуы теориясы» кітабында негіздеген Й.А. Шумпетер, инновацияны тек жаңадан енгізілген нәрсе емес, өндірісті дамытушы фактор деп атаған. Негізінде, Й.Шумпетер өз заманында түрлі комбинацияларға сүйеніп қарқын ала бастаған экономиканы одан әрі дамытудың бес жаңа комбинациясын ұсынған [77]. Оны біз келесідей 7 сурет түрінде көрсеттік.
Сурет 7 – Й.Шумпетер ұсынған бес жаңа комбинация

Й.Шумпетерден соң инновацияның неоклассикалық теориялары пайда бола бастады. Жаңа пайда болған теориялар инновациялық теорияны жаңа үдерістер мен басқа құбылыстарға қатысты қолданды.


Соның ішінде атап көрсетіп кетуге болатын мәселе – 1979 жылы С.Кузнецтің инновацияны тек технологиялық қана емес, оның әлеуметтік те мәні зор екендігін айтқандығы. Нәтижесінде, инновацияның жаңа типтері пайда болды. Олар:

  • басқарушылық;

  • серпінді;

  • радикалды;

  • талқандаушы;

  • архитектуралық;

  • үзік және үздіксіз;

  • инкрементті (жоғарылап отыратын);

  • өнімдік және процестік;

  • өнеркәсіптік (техникалық, технологиялық) және т.б.

Инновация шеңберінің бұлай кеңеюі Й.Шумпетердің инновация теориясының алғашқы мағынасынан алыс кеткен жоқ. Тек қана тарихи және экономикалық шарттардың өзгерісі деп қана танылды. Инновациялық үдерістің толық түсінігін XX ғасырда экономист Й.Шумпетер экономикалық жүйенің дамуындағы өзгерудің «жаңа комбинациясын» талдаған және инновация әлеуметтік өзгерістердің жалпы үдерісінің сатысы ретінде қарап, оның негізгі элементтерін атап көрсетті.
Инновация теориясын зерттеушілердің айтуынша, Й.Шумпетердің инновация теориясының орталық өзегі инновациялық парадигма болып табылады, ал ол парадигманың кіндік рөлі кәсіпкерге берілген. Яғни нақты кәсіпкер қоғамның мүшесі ретінде, өндірістің факторларын инновациялық жолмен пайдалана отырып, тұтас экономикалық жүйені, соның нәтижесінде қоғамды дамыта алатын жүйе құра алады. Егер педагогикаға қатысты алатын болсақ, нақты тұлға – мұғалім педагогикадағы инновацияның кіндік орталығы рөлін атқарады деп түсінеміз.
Адам өміріндегі салалардың аралығында қатаң шектер болмағандықтан, бір салада дамыған инновация адам өмірінің басқа салаларына да ауысуы – заңды құбылыс. Бірақ, әр саланың өзіндік ерекшеліктері инновацияның дамуына да өзіндік ықпалын тигізетіні белгілі. Инновация теориясының кең арнаға қарай дамуы, әлеуметтік құбылыстар, оның ішінде педагогикаға да әсер етті. Әлеуметтік және технологиялық инновациялардың өзара тығыз байланысты болуы педагогиканың да мазмұндық-құрылымдық жүйесінің серпінмен өзгеруіне, өзіндік жаңа мән ала бастауына жетеледі.
Сонымен қатар, «инновация» ұғымының пайда болып, қалыптасып, дамуымен бірге «инновациялық әрекет» ұғымының да даму барысы сол жолды өтіп жатқаны белгілі.
Педагогика саласындағы инновациялық әрекет туралы арнайы еңбек жазған ғалымдар инновациялылықты педагогиканың басты ұстанымдарының бірі ретінде қарау керектігін айтады. Педагогикадағы инновациялық әрекеттің ұғымдық болмысы мен құрылымдық-мазмұндық жүйесін танып-талдауда бірнеше көзқарастар бары байқалды. Инновациялық әрекет жайында қарастырған ғалымдар өз еңбектерінде педагогтердің инновациялық әрекетке деген мотивациясын, инновациялық әрекетке даярлығын қарастырады.
Қазіргі кездегі педагогикадағы заманауи инновациялылықтың бір міндеті – енгізіліп жатқан жаңашылдықтарға жіктеме жасау. Ондай жіктеме арқылы мектеп мұғалімдері пайда болып жатқан жаңа педагогикалық технологияларды тани алады. Педагог ғалымдар білім беру саласында жаңа инновациялық үдерістің екі типі бары байқалатынын айтады, олардың:

  • бірінші типіне стихиялы түрде пайда болып, еш жерге қазығы қағылмай, жүзеге асырылуының мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылмаған, педагогикалық жүйеде ғылыми негіздемесімен орнықтырылмаған, эмпирикалық түрде, жағдаяттық талаптар барысында туындаған инновациялар жатады;

  • екінші типіне жататындар – саналы түрде мақсаттылықпен, ғылыми зерттеліп, нәтижелері айқындалған педагогикалық инновациялар.

А.И. Пригожин жаңашыл педагогикалық жүйелерді үшке бөліп қарастырады:

  • жаңашылдығы бойынша;

  • іске асырылу тетіктері бойынша;

  • инновациялық үдерістің ерекшеліктері бойынша [78].

Жаңа идея мен жаңашылдық үдеріс белгілі бір адамның еңбегіне тікелей байланысты. Оларды еліміздің педагогикасында жаңашыл-мұғалімдер, новаторлар деп атап, көптеген идеялардың жүйесі қалыптасқан кезеңдер ерекше кезеңдер болғаны белгілі. Қазақстандық білім беру жүйесінде жаңашылдық, инновациялық үдерістердің қарқынмен басталған Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарын ерекше атап өту керек. Кеңестік педагогикалық жүйеде ХХ ғасырдың 80-жылдарының ортасында қарқын алған жаңашыл идеялар Ш.А.Амонашвили [79], С. Лысенкова [80], В. Шаталов [81], Е.Ильин [82] т.б., жаңа педагогикалық идеялардың теориялық жүйелерін зерделеген Д.Б. Эльконин [83], В.В. Давыдов [84], В.П. Беспалько [85], М.В. Кларин [86], В.В. Краевский [87], Г.К. Селевко [88] т.б. ғалымдардың зерттеулері қазақстандық педагогика жүйесінде жаңашыл педагогтер қатарын көбейте бастады.
Білім беру жүйесіне нақты жүйесі бар, қалыпқа түсірілген жаңашыл идеясын алып келу – шығармашыл, ізденімпаз мұғалімдердің тәжірибесінде қалай да туындайтын құбылыс. Бірақ ол идеяны көптеген жылдар бойы авторлық эксперименттер мен ізденістерден, тәжірибелерден өткізіп, өзінің терең ой-талқысында және әріптестердің, ғалымдардың көзқарасының сыни пікірлерінің талқысынан әбден қорытылған қалып етіп алып шығу – көптеген мұғалімдердің қолы жете бермейтін нәтиже. Күнделікті педагогикалық үдерісте соншалықты күрделі жолды өтуге уақыт табылмай қалатыны анық. Сонымен қатар, өзінің жаңашыл идеясын басқа пікірлердің санын түсіруге де педагогикалық тұрғыдан батыл шешім қабылдау керек. Педагог-новатордың барлық ерік-жігері мен интеллектуалдық білім қуаты инновацияны білім беру үдерісіне енгізерде жасампаз қуатқа толы болуы керек.
Жаңашыл педагог дегеніміз – оқыту және тәрбиелеу үдерісіне жаңаны енгізуші тұлға. Осындай педагог тұлғаны жылдар бойы күтетін уақыттың қазіргі кезде мерзімі өткенін көріп отырмыз. Қазіргі ғасыр және алдағы ғасырлар – инновацияны тануға, талдауға, жасауға және тәжірибеден өткізіп, білім беру үдерісіне енгізуге дайын тұлғаларды университет қабырғасында дайындауға кірісетін заман. Болашақ бастауыш сынып мұғалімі студент кезінен бастап-ақ өзіне дейінгі инноватор педагогтердің тәжірибесін, еңбек жолын және, әсіресе, инновациялық әрекетінің қалыптасуы мен жасампаздық нәтижеге алып келген табысты сәттерін терең педагогикалық-психологиялық талдау жасай отырып, жүйелей алатын болуы тиіс. Сол танысқан инновациялық тәжірибелерді талдау логикасы мен тану «аспаптарын», инновациялық педагогика мен инновациялық әрекеттің құрылымы, оның сапалы нәтижелерге жетелейтін әдістерінен тұратын әдістемелік қазынаны жақсы меңгерген студенттің, болашақ кәсібіне кіріскен сәттен бастап, инновациялық үдерісті де бірден бастайтынына сенімді болуымыз керек.
«Инновациялық әрекет» болашақ бастауыш сынып мұғалімінің сезімтал қабылдағыш қасиетінен басталады. Осы тұста Абайдың 43-қара сөзіндегі: «Үшіншісі, орысша, «впечатлительность сердца» дейді. Яғни жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық – бұл төрт нәрсемен кірлетпей таза сақтаса, сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық рәушан болып түседі. Ондай нәрсе тұла бойыңа жайылады, тез ұмыттырмайды», – деген даналық сөзіндегі қасиет бастауыш сынып мұғалімінің әрбірінде болуы тиіс. Өйткені бастауыш сынып оқушыларының болмысындағы тазалық – адам өмірінің барлық қалған кезеңінде санасына қуат беретін таза қуат. Сондай таза шәкірттермен бірге жүріп, оларға білім беретін бастауыш сынып мұғалімдерінің инновациялық әрекетке барлық уақытта бейім болып, жаңалықты қабылдауға дайын тұратындығы да ерекше дидактикалық үдерістің субъектісі болуы себебінен. Ы.Алтынсарин [89], С.Көбеев [90], В.А.Сухомлинский [91] т.б. көптеген инновациялық идея авторлары бастауыш мектеп мұғалімдері екендігі де осы ойымызды бекіте түседі.
Инновациялық әрекеттің құрамында «жаңашылдыққа деген бейімділік» қасиет болуын Э.Роджер «инновациялық потенциал» немесе «инновациялық әлеует» қалыптасуының ерекшелігі ретінде таниды [92]. Адамның жаңалықты тауып, талдап, танып, оны меңгеруге дейінгі жолын Э.Роджерс мынадай ішкі бес кезеңге бөліп қарастырады.



  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   44




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет