61-тапсырма. Берілген мысалдардағы сөйлемдердің құрылымдық ерекшеліктеріне талдау жасаңыз, стильдік қызметін көрсетіңіз. 1. Мысалы, тұрақты температурада жабық ыдыста су толы болмаса, біраздан кейін су мен буы арасында тепе-теңдік қалыптасады: белгілі мерзімде судың канша молекуласы буланса, судың сонша молекуласы конденсацияланады (Оқулықтан). 2. Мәселен, бөлме температурасында және атмосфера қысымында кышқылдарды сілтілермен нейтралдау реакциясы іс жүзінде лезде өтеді, ал болаттың бетін тат басу үшін (темірдің оттегі және су буымен әрекеттесуінен түзілетін зат) көп тәулік қажет (Оқулықтан). 3. Қазіргі дәуір – әлемдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық терең өзгерістер дәуірі, өркениеттің сақталуы үшін, адамзат өмірінен соғыс атаулыны аластау үшін, басқа да ғаламдық мәселелерді шешу үшін күрес дәуірі, қайшылықтары бар, бірақ барған сайын тұтаса түсіп келе жатқан дүниеде бір-біріне тәуелділік арта түскен дәуір (Оқулықтан). 4. Жарым-жартылай, қырынан көргеніммен (профилі тамаша; мұрны кішкентай болғанымен түзу, иегі балғын екен), бет-бейнесін анық түстей алмадым (М.Мағауин). 5. Мойнын сәл қисайтып маған қарады да, қолымнан ұстап орнынан тұрды. Тартып, мені де тұрғызды. Аралап үй ішін көрсетті. Бұл – қонақжай (біз алғашқы кірген кең зал). Мынау – папам мен мамамның бөлмесі (есігін ашқамыз жоқ). Мынау – асхана (өте шықтық). Мынау папамның кабинеті (кітаптан қабырға көрінбейді). Мынау – Әлішердің бөлмесі. Бауыры. Алдыңғы жылы қайтыс болды. Сегізінші класта оқып жүргенде. Көшеде. Мотоцикл қағып. Папа сол қалпында сақтады. Есебі жартылай шығарылған алгебра дәптеріне дейін стол үстінде жатыр (мұнда сәл бөгелдік). Мынау – менің бөлмем. (Қандай жақсы. Бірақ аялдатпады.) Қонақжайға қайта айналып келдік (М.Мағауин).
Бақылау сұрақтары:
Синтаксистік тұлға-бірліктердің грамматикалық қызметі мен стилистикалық қызметінің арасында қандай айырмашылық бар?
Синтаксистік тұлға-бірліктердің функционалды стильдік ұйымдасуы барлық жағдайда бірдей ме?
Синтаксистік тұлға-бірліктердің (сөз тіркесі, сөйлем, күрделі синтаксистік тұтастық, абзац) және сөзжасамдық тәсілдердің (қосымшалардың, қосарланған, біріккен, тіркескен сөздердің) стилистикалық қызметі мен жұмсалу ерекшелігі туралы өз ойыңызды тұжырымдаңыз.
Синтаксистік құралдар мен сөзжасамдық тәсілдердің контексте қолданылу ерекшелігіне бақылау жасап, өз ойыңызды жинақтаңыз