53-тапсырма. Синтаксистік құрылымдағы қайталанып келген түбірлес сөздердің және сөз қайталауларының стилистикалық қызметіне баға беріңіз. 1. Қоңыр көлеңке үйдің қоңыр сәулесі Шайзаны да қоңырландырып, сұрғылт қатаңдық түс береді. Үй де қоңыр, көлеңке де қоңыр. Қоңыр үйдегі тұрмыс та қоңыр. Қоңыр үйдегі жандар да қоңыр. Қоңыр ойлы Шайзаның әні де қоңыр. Қоңырлатып, ыңырсып өлең, айтып отырады. Өлең емес, қоңыр күймен ішіндегі зарын төгіп отырады (Ғ.Мүсірепов). 2, Ендеше ұлттар арасына ұнамсыз құбылыстар мен оқиғаларды киліктірмеудің бірден-бір жолы ұлтаралық әділетсіздікке әуел бастан ешқандай мүмкіндік бермейтіндей жарастықты қарым-қатынас орната білу боп қала бермекші (Газеттен). 3. Оның даусы көптің көңілін бөліп, көзі көргендер таңдана қарап, көрмегендер «Ол кім? Қайда?» деп шулап, көрмек боп анталаған жұрт тоғысқан қойдай үйме-жүйме боп, бірін-бірі басып кете жаздады (С.Мұқанов). 4. Экономистердің айтуынша, экспорт тауарларды ұлғайту экспорттық бағаны өсіру арқылы қамтамасыз етіледі де, импорт тауарларының өсуі негізінен физикалық көлемді ұлғайту арқылы жүзеге асырылады екен (Газеттен). 5. Соңғы форум соңғысы емес (Газеттен). 6. Басты міндеті жұртшылық пен кәсіпкерлер арасында кәсіпкерлік белсенділікті арттыру еді, ол мүддеміз орындалды деп санаймыз (Газеттен). 7. Одан кейін Еуропалық техника мен Еуропа елдерінің ұлттық шарттарын қабылдаған бұл дүние еуропалық сипатқа ие болды (Ғылыми оқулықтан). 8. Белгілі бір халықтың мәдениет саласындағы жетістіктері басқа халықтардың рухани байлықтарын қабылдап, жүзеге асырылуымен ғана емес, сонымен қатар сол халықтардың басқа халықтарға тигізген оң ықпалымен де таразыланады (Ғылыми оқулықтан). 9. Сондай қажеттіліктердің бастылары – биологиялық қажетсіну, тарихи дамуда қалыптасатын заттық қажеттіліктері, рухани қажеттердің бәрі де еңбек процесімен, әр алуан іс-әрекет түрлерімен өтеліп отыратыны мәлім (Жалпы психология оқулығынан). 10. Түстің қоюлығы – жарықтығы бірдей сұр түстерден жеке түстердің айырмашылығы (Жалпы психология оқулығы). 11. Ерікті әрекеттер үстінде адам өз еркін меңгеріп, өз бойындағы күш-қуатын қиын жұмыстарды орындауға, бастаған ісін аяқтап шығуға жұмсап, оларды қалайда жүзеге асыра алады (Жалпы психология оқулығы). 12. Көнерген тұрақты сөз тіркестері сөз болып отырған кезеңге дәуірлік сипат беру мақсатымен әсіресе тарихи шығармаларда көбірек қолданылады (Оқулықтан). 13. -Сені жібере ме, басқаны жібере ме, үкімет әйтеуір алатын малын алмай қоймайды ғой (Т.Ахтанов). 14.Тәуелсіз болғысы келген жұрттың тәуекелшіл болмағы шарт.