Студенттің тақырыпты меңгергенін өзі тексеру үшін қайталау
сұрақтары:
Морфологиялық құрылыстың негізгі стилистикалық белгілері.
Зат есім. Зат есімнің септік жалғауларының стилистикалық қызметі. Септік жалғауларының синонимдігі. Көптік ұғымды білдірудің тәсілдері.
Сын есім. Сын есімнің кейбір жұрнақтарының стилистикалық қызметі. Сын есім шырайларының синонимдес келетіндігі. Субстантивтену құбылысы.
Есімдік. Жіктік, өздік, сілтеу есімдіктерінің стилистикалық қызметі.
Синтаксистік стилистика
Синтаксистік стилистика туралы жалпы түсінік
Тілдік құралдардың стилистикалық жұмсалу мүмкіншіліктері өте кең. Ғалымдардың пікірінше, синтаксистің стилистикалық мүмкіндігі өте мол. Өйткені тілдік қарым-қатынас сөйлем, оның әр түрлі үлгілері, түрлері негізінде жасалатыны белгілі. Сондықтан сөйлемнің құрылымдық, мақсаттық түрлері, сөйлем мүшелерінің әр түрлі қолданысы, инверсияланып жұмсалуы, жай сөйлем, құрмалас сөйлемнің түр-түрі, синонимдік қатарлары – бұлар бай стилистикалық ресурстардың қатарына жатады. Сөйтіп, стилистика синтаксистік тұлғалардың да жұмсалу аясын, экспрессивтік мағынада қолданылу ерекшеліктерін тіл жұмсау шеберлігі тұрғысынан қарастырады. Яғни сөйлеуде не жазуда сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, сөйлемнің құрылысы арқылы берілетін әр түрлі стильдік рең, мағына-бояуларды, оны дұрыс пайдалану тәсілін зерттейді.
Сөйлеу тілінде де, жазуда да ой айқындылығы шарты сақталуы керек, ол үшін сөйлем жатық құрылуға тиіс. Өзара логикалық, әрі синтаксистік байланыстағы сөйлемдерде ой дәлдігі, сөз образдылығы болса, оның эстетикалық әсері айрықша, әсіресе, көркем шығармаларда сөйлем түрлері, инверсия, сөйлем мүшелерінің қайталануы стильдік мақсатта жиі қолданылады. Ал сөз бен сөздің байланысу тәсілдерінен, сөз тіркестерінен, сөйлем құрастырудан жіберілген кемшіліктер стильдік-синтаксистік қате боп танылады (Интернатқа Бораштың апасы келіп, апасы оны көріп, сүйтіп, айқайлап жылап, кұшақтады).
Стильдік мақсатта жұмсалған синтаксистік құрылымдарға назар аударалық:
Мысалы, Алтайдың аязды қысында, суық автобуста тоңып отырған екі жас жолаушының диалогы төмендегідей:
Менің осындай мүшкіл халімді сезді ме, қыз:
– Пима киіп шықпаған екенсіз,-деді.
– Сол құрғырың жоқ қой.
– Не? Ақша ма, пима ма?
– Түрмеден босап шығып па едіңіз? – Әзілдеді ме, шыны ма – айыра алмадым...
– Не десем екен... Алматы жылы болған соң...
– Ә, түсінікті. Бұдан былай есіңізде болсын, Алтай, Алматы емес, қатал.
– Өзің қайдан келесің?
– Мен де Алматыдан.
– Оқисың ба?
– Иә.
– Қайда?
– Қыздар институтында.
– Факультеті?
– Тіл-әдебиет.
– Қайда барасың?
– «Өркен» аулына (О. Бөкеев «Ән салады шағалалар»).
Бұл жерде диалогтің қысқа сөйлемдермен (көбі толымсыз деп аталатын бастауыш, баяндауыш немесе өзге сөйлем мүшелері түсіріліп айтылған конструкциялармен) берілуі, біріншіден, тоңып, берекелері қашып отырған адамдар үшін нанымды болса, екіншіден, әңгімелесушілердің бірі журналист (қысқа сұрақтар қойып, сұхбат алып үйренген) болғандығына байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |