Синтаксистік синонимдер Стилист-ғалымдардың пікірінше, «синонимия – стилистиканың негізгі проблемасы» (А.И.Ефимов) болып табылады. «Синонимді қолдану ситуацияның, экспрессияның, мағыналық реңктің әр түрлі қырларын білдірудің мүмкіндігін жасайды» (Л.И.Скворцов, Б.С.Шварцкопф), «сөйлеушінің тіл мәдениеті неғұрлым жоғары болса, синонимдік қатардағы құралдарды ол соғұрлым кеңінен әрі белсенді қолдана алады» (Г.А.Золотова). Мұндай мәселені қазақ тілі материалдарына да қатысты қолдануға болады. Синонимдер – стилистиканың екінші басты ұғымы дейтін пікірдің де стилистикалық синтаксис ыңғайында ақиқат екендігі дау туғызбайды.
Қазіргі қазақ тіл білімінде «жұрнақтар синонимиясы» (Қазақ тілінің грамматикасы, А.Ысқақов), «фразеологиялық синонимдер» (І.Кеңесбаев), лексикалық синонимдер (Ә.Болғанбаев), «морфологиялық синонимдер» (А.Қалыбаева), синтаксистік синонимдерді жалпы атаумен «синтаксистік конструкциялардың синонимдігі» (М.Серғалиев) деген терминдер қолданылуда.
Қазіргі қазақ тілінде синтаксистік синонимдердің ең басты мынадай екі түрі бар:
1) сөз тіркестерінің синонимдері;
2) сөйлемдердің синонимдері.
Синтаксистік синонимдер – тілдің икемділігі мен оралымдылығын танытатын табиғи амалдар. Бұлардың білдіретін мағыналары бірдей болғанмен, бірақ стильдік өңі, экспрессивтік мағынасы бірдей емес, стильдік елеулі айырмашылық болады, екіншіден, синонимдердің бәрі бірдей етістікпен тіркесе бермейді (көмектессін деп жіберді – көмектескелі келдім). Синонимдер, көбінесе, мағына дәлдігі үшін, кейде жазу стилін түрлендіру үшін де қолданылады.
Сөйлемдердің өзара синоним болу заңдылықтары бар. Мұндайда баяндауыштық ұйымдастырушылық және байланыстырушылық қызметінің мәні зор. Мәселен, хабарлы сөйлеммен берілетін ойды сұраулы сөйлем түрінде де айтуға мүмкіндік бар: туған жерді сағынып келуші едім – туған жерді кім сағынбайды ? Жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің синонимдігі мәселесіне де сақтықпен қарауды зерттеушілер ескертеді: Мен оны бес саусағымдай білемін – Мен бес саусағымды қандай білсем, оны да сондай білемін. Оқуға келдім – оқу үшін келдім – сөз тіркестерінің синонимдігі.
Керегеге кілем ұсталған – керегеге кілем ұстаған – сөйлемдерінің синонимдігі негізінде баяндауыштардың арасында етіс мағынасындағы қатынастар жатуы мүмкін.
Бағыныңқы сабақтас сөйлемдердің баяндауыштары түрліше тұлғада жұмсалу арқылы синтаксистік синонимдер пайда болады: Ол оқыған кезде... – Ол оқығанда...
Сөйлем мүшелерін синонимдік ыңғайына қарап түрлендіруде үлкен мән бар. Болған уақиғаны айтып шықты ... баяндап берді – айтып шықты – түгел хабарлады, баяндап берді – түгін қалдырмай, тайсалмай хабарлады деген мәнде жұмсалып тұрғандығы байқалады.